210. Арықтағы қасқыр. Ойыншылар саны: 10-30 адам. Өткізетін орын: спорт зал, спорт алаңы.
Ойынға дайындық: Алаң ортасына қос сызық сызылады. Ол қос сызық «арық» болып есептеледі. Арықтың екі жағына екі үй орны белгіленеді. Ойыншылардың арасынан «қасқыр» сайланады. Ол «арық» ішінен орын алады. Қалған ойыншылар «ешкілер» бірінші үйге орналасады.
Ойын мазмұны: белгі бойынша «ешкілер» жүгіріп арықтан секіру арқылы келесі үйге өтулері қажет. «Қасқыр» арықтан секірген «ешкілерге» қолын тигізіп ұстап алуы керек. Ұсталғандар ойыннан шығып шетте демалады. Ойын осылай жалғаса береді. Ұсталмаған ойыншы жеңіске жетеді.
Ойын ережесі: Ойын жетекшінің белгісі бойынша басталады, оған көмекші 1-2 қараушы сайланады; арық сызығын басып өтуге болмайды; «қасқырдың» арықтан шығып кетуіне құқығы жоқ; ойыншылар жүгіріп келіп арықтан бір немесе екі аяқпен секірулері қажет.
Ойынның басқа нұсқасы: ойыншылар санына қарай ұсталған ойыншылар арасынан екі немесе үш қасқыр сайлауға болады.
Әдістемелік нұсқаулар: ойынға қатысушылар саны көп болған жағдайда ойыншыларды бірнеше топқа бөліп өткізген тиімді. Арықтың қашықтығын мейілінше ұзартуға немесе қысқартуға болады.
Ойынның педагогикалық маңызы: ойын оқушылардың жүгіру, ұзындыққа секіру қабілеттерін дамытып, жетілдіреді.