211 Алға және кері секіру Ойыншылар саны: 10-30 адам. Өткізетін орын: спорт зал, спорт алаңы.
Ойынға дайындық: алаң ортасына үш метр сызық сызылады. Ойыншылар теңдей екі топқа бөлінеді. Жетекші қай топ бірінші бастайтынын жеребе тастау арқылы анықтайды.
Ойын мазмұны: жетекшінің белгісі бойынша бір ойыншы сөре сызығында тұрып қос аяқпен барынша алға секіреді. Жетекші секіріп түскен ойыншының өкше тұсынан сызып белгілейді. Сол белгіленген сызықтан қарсы бағытқа келесі топтың ойыншысы секіреді. Барлық ойыншылар секіріп болғанша ойын жалғаса береді. Ең соңғы ойыншы сөре сызығынан асып секірсе, сол топ жеңіске жетеді.
Ойын ережесі: сызықты басып секіруге болмайды; ойыншының секірген ұзақтығы сөре сызығына ең жақын жерден белгіленеді; әрбір ойыншының тек бір рет қана секіруге құқығы бар.
Әдістемелік нұсқаулар: ойынды жұмсақ жерге өткізген дұрыс. Спорт залда өткізгенде төсеніш құралдарын пайдаланған жөн. Ойын басталар алдында орында тұрып секіру тәртібін қайталаған дұрыс. Ойында өлшеуіш құралын қолдану керек.