5. Ақсерек – көксерек (1 түрі)
Бұл ойынға қатысушылар аттасу, ат жасыру арқылы екі топқа бөлінеді. Ашық алаңда ұл-қыздар аралас ойнай береді. Аралары 50—60 метр қашықтыққа екі топ бір-біріне қарама-қарсы қолдарынан ұстасып тізбектеліп тұрады. Екі жақ «қолға түсетіндер» үшін арнайы шеңбер сызып қояды. Ойын жеребе бойынша басталады. Ойын бастайтын жақ барлығы бірге қосылып:
Ақсерек, көксерек,
Бізден сізге кім керек? –
деп сұрайды.
Ал оған қарсы жақ:
Тебінгіден тер өткен.
Қанжығадан қан өткен,
Қараған басын қайырған,
Жаудан жылқы айырған
Ай керек-ау, ай керек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Ақсерек пен көксерек,
Шауып алдым бәйтерек,
Сонау тұрған Айнабектің өзі керек, –
деп қарсы жақтың бір ойыншысының атын айтады. Тақпақты өзгертіп айтуға да болады, мысалы:
Елден-елден ел шабар,
Айнабек деген ер шабар.
Аты аталған бала қарсы жақ ойыншылар қатарына жүгіріп келгенде, қарсы жақтың ойыншылары түгел қолдарын алға созып, алақандарын жайып тұруға тиіс. Келген ойыншы қатардың алдынан кесіп өтіп, өзі қолын ұратын адамды тандайды. Тізбектің алдын үштен артық кесіп өтуге болмайды. Егер үш рет өткенде де ешкімнің алақанына ұрмаса, ол ойыншының өзі «қолға түседі». Қолды ұратын ойыншы өзі таңдаған біреудің қолын ұра сап өз тобына қарай тұра қашады. Жеткізбей өз қатарына қосылса, қуған ойыншы «қолға түскендер» шеңберіне барып тұрады. Егер қуған бала жетсе, қашқан ойыншы «ұсталады» да шеңбердің ішіне барып тұрады. Сөйтіп, қай топ ойыншылыры көп «қолға түссе», сол жақ жеңіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |