Дәріс жоспары:
Сын есім, оның лексика-грамматикалық сипаты.
Сын есімнің мағыналық түрлері.
Дәріс мақсаты: Студенттерге сын есім, оның мағыналық топтары, аталмыш сөз табына тән негізгі белгілер жайлы теориялық мағлұмат беру.
Сын есім – семантика-грамматикалық мағынасы жағынан да, морфологиялық ерекшеліктері мен сөз тудыру, сөз өзгерту амалының жүйесі жағынан да, синтаксистік қызметі мен қолданылуы жағынан да қазіргі қазақ тіліндегі өзіне тән ерекшелігі бар сөз табының бірі.
Сын есімнің табиғи қызметі ешбір өзгеріске түспей-ақ зат есіммен тіркесіп, заттың алуан түрлі қасиетін, сындық белгісін білдіру болып табылады. Сын есімді басқа сөз таптарынан ажырататын өзіне тән әр алуан белгі бар. Атап айтсақ: қазақ тіліндегі сын есімдер өз мағыналарында септелмейді, оларға көптік, тәуелдік жалғаулары да қосылмайды. Егер бұл қосымшалардың бірі сын есімге қосылса, онда ол заттанып, субстантивтеніп кетеді. Сын есімнің бұл ерекшелігі оны зат есімнен бөлек, дербес сөз табы екенін айқындайды.
Мысалы: Жақсыға асық бол, жаманнан қашық бол. Ақтар мен қызылдардың алысып жатқан кезі еді. Қызылға қонған қарғадай.
2. Қазақ тіліндегі сын есімнің өзіне тән ерекшелігінің бірі – олардың морфологиялық формаларының, шырай жұрнақтарының болуы. Бұл формалар тек сын есімнің жеке өз басына тән де, сын есімнің бұл ерекшелігін көптеген түркологтар оны дербес сөз табы ретінде тануға басты критерий етіп ұсынады.
Көкше көктен гөрі көгірек тау екен.
Бұл -рақ,- рек формасы негізінен сапалық сын есімдерге ғана жалғанады, басқа сөз таптарында қолданылмайды, сондықтан да ол сын есімнің жеке бір белгісі болып саналады.
Сын есімнің тағы бір ерекшелігі – түркі тілдерінде олардың қап-қара, сап-сары тәрізді күшейтпелі формаларының болуы. Бұл күшейткіш форма сөз таптарының ішінен тек сын есімге ғана тән. Сондықтан күшейтпелі үстеме буын сын есімді басқа сөз таптарынан ажырататын белгінің бірі боп есептеледі.
Жап-жас бала екен. Тастай қап-қатты.Сап-сары екен.
4.Сын есім өзінің семантикасы арқылы да басқа сөз таптарынан ерекшеленеді. Заттың сынын білдіре отырып, сын есім кейде қимылдың сынын көрсететін үстеумен астасып келеді. Бұл жағдайда бұл сөз табының бір ерекшелігі – сын есім үстеу қызметінде жұмсала отырып, өз мағынасын жоймайды.
Жақсы бала жақсы оқиды - деген бірінші жақсы бала деген зат есімнің сапасын анықтаса, екінші жақсы қимылдың сапасын білдіреді.
Осы екі жерде де жақсы өзінің негізгі мағынасын сақтап, сын есім болып тұр.
Күшейтпелі мағынаны білдіретін өте, тым, аса, тіпті, орасан, ерекше, қас, керемет тәрізді үстеу сөздер сын есімдермен тіркеседі.
Сосын барып: соңғы кезде тым тәтті, тым жеңіл жазудан арылып келесің деп маңдайынан сипады. Сол жылдары ауылға ең бірінші болып келген солдат осы Атшыбай еді.
Семантикалық мағыналары мен грамматикалық ерекшеліктеріне қарай қазақ тіліндегі сын есімді сапалық және қатыстық сын есімдер деп бөлеміз.
Сапалық сын есімдер семантикалық жағынан заттың әр алуан сын-сипатын, сапалық белгілерін, түр-түсін білдіреді, шырай тұлғаларымен түрлене алады.
Сапалық сын есімдер қосымшасыз тұрып, семантикасы жағынан тікелей заттың сынын білдіреді.Сапалық сын есімдердің морфологиялық сипаты - шырай тұлғаларымен түрлене алуы.
Қазіргі қазақ тілінде қатыстық сын есімдерге бір заттың белгісін басқа бір заттың, қимыл іс-әрекеттің, сынның қатысы арқылы білдіретін сөздер жатады. Қатыстық сын есімдер көбіне-көп әр түрлі жұрнақтар арқылы басқа сөз таптарынан жасалатын туынды сөздер болады да, сол затқа, қимыл, іс-әрекет, құбылысқа қатысын білдіреді.
Мысалы : Желсіз түнде жарық ай, сәулесі суда дірілдеп(Абай).
Қатыстық сын есімдер морфологиялық құрамы жағынан сөзжасам қосымшалары арқылы жасалған туынды немесе күрделі сөздер болып келеді.
Мағыналық жағынан қатыстық сын есімдер заттың сынын білдіре отырып, белгілі бір сапалық заттың екінші бір затқа, я ұғымға қатысын немесе сондай сапаның жоқтығын, яғни заттың түрі мен түсіне, сыры мен сынына, я ішкі қасиетіне, сол сияқты мезгіл мен мекенге тағы басқа сол тәріздес белгілеріне қатысты сындық ұғымдарды білдіреді. Сөйтіп, қатыстық сын есімдер басқа сөз таптарынан жасалған туынды сөздер болып келеді.Қатыстық сын есімдердің бір тобы бір сөзде заттық белгінің бар екенін көрсетсе, екінші бір тобы керісінше оның жоқ екенін, ал үшінші тобы бір затқа, құбылысқа бейімділікті, икемділікті, төртінші тобы қимыл, «с-әрекетке, амалға, мекенге, мезгілге қатыстылықты білдіреді. Бұл мағыналардың қай-қайсы болсын морфологиялық көрсеткіштер арқылы беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |