Морфология – грамматикалық категориялар мен грамматикалық тұлғаларды зерттейтін тіл білімінің саласы. «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы»



бет10/80
Дата16.02.2022
өлшемі290,73 Kb.
#131958
түріБағдарламасы
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   80
Байланысты:
морфология дәрістер

А.Ысқақов: «Сөздің лексикалық я грамматикалық мағыналарын білдіретін бөлшектер морфемалар деп аталады»,-деп көрсетеді.. Морфема деп сөздің өзіне тән мағынасы бар ең ұсақ бөлшегін айтамыз. Морфемалар түбір морфема және қосымша морфема болып екі салаға бөлінеді.
Түбір морфема – сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең түпкі негізі.
Қосымша морфемалар деп түбірге қосылып, оған қосымша мағыналар үстейтін морфемаларды айтамыз. Қосымша морфемалар өз ішінде жұрнақтар, жалғаулар және қосалқы сөздер деген үш топқа бөлінеді. Бұл қосымшалардың жұрнақтар деп аталатын түрі жалаң сөздерді жасау үшін қолданылады да, қосалқы деп аталатын түрі сөз тіркестері мен құранды сөздерді жасау үшін қолданады. Ал жалғаулар деп аталатын түрі жұрнақтар мен қосалқы сөздер арқылы жасалған жалаң және күрделі сөздерді бір-бірімен байланыстыру үшін қолданылады. Қосымша морфемаларда мағыналық дербестік те, тұлғалық дербестік те болмайды. Өйткені қосымша морфемада жеке тұрғанда өзіне тән арнаулы дербес мағына болмайтындықтан, ол (қосымша) түбірдің қатысынсыз жеке-дара қолданылмайды. Сондай-ақ қосымша морфема жеке-дара қолданылмай, тек түбірге (сөзге) тіркестіріліп қана жұмсалмағандықтан, оның тұлғасы жалғанатын түбір морфеманың әуеніне еріп, өзгеріп, түрленіп отырады. Осы себептен бір морфеманың дыбыстық бірнеше түрі (варианты) болуы мүмкін.
Мағыналары мен қызметтеріне қарай, сөзден сөз тудыратын және сөзден жаңа форма тудыратын қосымшалар (морфемалар) жұрнақтар деп, сөз бен сөзді байланыстыратын қосымшалар (морфемалар) жалғаулар деп аталады. Сөз тудыратын жұрнақтар өзі қосылып айтылған сөздерінен жаңа туынды сөз жасайтын болғандықтан лексика-грамматикалық категория қатарына жатады, форма тудыратын жұрнақтар өзі қосылып айтылған сөзінің белгілі бір сөз табына тән грамматикалық қызметін анықтау үшін қолданатын болғандықтан, функционалды-грамматикалық категория қатарына жатады. Ал жалғаулар сөйлем ішіндегі сөздерді бір-бірімен байланыстыратын категория болғандықтан таза грамматикалық категорияға жатқызылады.
Түбірге сөз тудыратын жұрнақ жалғанғаннан кейінгі форма туынды негіз туынды түбір деп аталады. Форма тудыратын жұрнақтарды мағыналары мен қызметтері жағынан сөз тудыратын жұрнақтар мен сөз байланыстыратын жалғаулардың екі арасындағы, екеуінің ерекшеліктеріне жуықтайтын категория деп қарауға болады. Дегенмен форма тудыратын жұрнақтар сөз байланыстыратын қосымшалардан гөрі сөз тудырушы қосымшаларға жақынырақ. Өйткені форма тудыратын қосымшалар (жұрнақтар) да өзі жалғанған сөзге (түбірге я негізге) сәл де болса жаңа мағына үстейді. Бірақ ол жаңа мағына сол сөздің барлық формасына өзек болатын негізгі лексикалық мағынасын өзгертпейді, оған нұсқан келтірмейді.
Жұрнақтар дыбыстық құрамы жағынан бір дыбысты да, көп дыбысты да бола береді. Мысалы: тілек, сына, міне немесе тырнауыш, жергілікті.
Құрылымы мен құрамы жағынан жұрнақтар жалаң жұрнақтар және құранды жұрнақтар болып екіге бөлінеді.
Жалаң жұрнақ деп мағына жағынан да, форма жағынан да, бөлшектенбейтін бір бүтін жұрнақты айтамыз. Мысалы: білім, кеспе, ұшқыш. Мағын ажағынан бір бүтін бола тұрса да, құрамы жағынан кемі екі я онан да көп жалаң жұрнақтардан құралып жасалған жұрнақтар құранды жұрнақтар деп аталады. Мысалы: жайшылық, тұрғылықты, басыңқы. Құранды жұрнақтарға -ымды, -імді, -ынды, -інді, -улы, -улі, -малы, -мелі, -ыңқы, -іңкі, -қылықты, -кілікті, -нікі, -дікі, -ымпаз, -імпаз, -даған, -деген, -мсақ, -мсек, -қыншақ, -кіншек, -ыншақ, -іншек, -шылық,- шілік, -сымақ, -сімек жұрнақтарын және олардың өзге де дыбыстық варианттарын жатқызуға болады.
Сөз – күрделі тілдік единица. Ол (сөз) әрі лексикалық мағынаны, әрі грамматикалық мағыналарды білдіреді. Сөз білдіретін грамматикалық мағыналар бір я бірнеше морфологиялық бөлшектен тұрады. Сонда әр бөлшектің өз мәні болады. Сонымен, белгілі грамматикалық мәнді (мағынаны) білдіре алатын сөздің құрамды бөлшегін морфема деп аталады .
Тіл білімі тарихында әсіресе 50- жылдардан бері қарай морфема деген атау өте жиі қолданылды.
Алғаш И.А.Бодуэн де Куртене негізін салған бұл ұғым бертін келе тұтас сөзді де, оның бөлшектерін де, аффикстердің түр-түрлерінің қай-қайсы болса да морфема деп атай беретіндей жағдайға жетті. Сондықтан да “Жалпы тіл білімінде” кейбір мамандар бұл терминді қазіргі лингвистикалық әдебиеттердегі ең шатасып кеткендердің қатарына қосып жүр(Общее языкознание: Внутренная структура языка. М.,1972,с 236).
Прагалық лингвистика ағымының өкілі В.Скаличка морфема терминінің қолдануындағы осындай тиянақтауды керек ететін жақтарына көңіл бөліп: “ Грамматика – белгілі тілдік жүйе, сондықтан оның кіші единицасын табу қажет”,- деді. Морфема дегенді тиянақтай отырып, грамматикалық қызметтерін нақты көрсету мақсатымен сема деген термин ұсынды.
Л.Блумфильд “Язык” (-М.,1960) тап осы атауға балама ретінде морф дегенді қосты. Бұл екі ұсынысты тиянақтаған Ч.Хоккектің пікірі мамандар назарын аударды. Ол морф дегенді қостап, оны өз алдына морфеманың нақты бір функциялық көрінісі есепті, ал тап сол арадағы мағынасын морфосема деп тиянақтаған. Осыдан барып, дескриптивтік структурализмнің бұрыннан дәстүрлі сипаттамасына айналған : “ Морфема фонемалардан тұрады”,- деген қағидасына : “ фонемалардан тұратын морфема емес, морфтар” деп тиянақтау енгізілді. Ал, морфема болса, морфтар жүйесін қамтитын жалпылауыш атауға айналды.
Қазақ тілінде морфема түбір морфема және қосымша морфема деп бөлінеді. Бұлай бөліну морфема түрлерінің өзіндік ерекшеліктерінен туады. Түбір морфеманың басты ерекшелігі – оның жеке тұрып -ақ белгілі бір мағына бере алатындығында. Сөздің лексикалық мағынасы түбір морфемаға байланысты.
Қазақ тілінде қосымша морфемамен салыстырғанда түбір морфеманың бірнеше ерекшелігі бар:

  • Түбір морфема мағыналық дербестігі арқылы ерекшеленеді. Түбір морфема жеке тұрып әрі лексикалық мағынаны, әрі грамматикалық мағынаны білдіре алады. Мысалы : жер,су, тау,адам.

Ал қосымша морфема жеке тұрып, ешбір мағына бере алмайды, жеке қолданылмайды. Мысалы : -лар,-ға,-ып.
Қосымшалардың мәні тек түбір морфемамен бірлікте ғана ашылады.

  • Түбір морфема басқа жаңа сөз жасауға да негіз бола алады. Ал қосымша морфемада ондай қасиет жоқ (Балалық, балалар).

  • Түбір морфема мағыналық дербестігімен бірге тұлғалық дербестігі арқылы да ерекшеленеді.Соның арқасында түбір даралық сипатқа ие болса,қосымшада тұлғалық дербестік болмай, түбірдің сыртқы дыбыстық көрінісіне қарай түрленіп отырады да, жалпылық сипатта болады.

Түбір морфема ең негізгі морфема болып саналады, ол жеке тұрып -ақ белгілі
(лексикалық мағына) білдіре алады, кейде сол түбір күйінде немесе қосымша морфеманы жалғап та, екінші бір түбір морфемамен бірігіп,қосарланып, тіркесіп те қолданылады.
Қосымша морфеманың мағыналық сипаты да, қызметі де түбір морфемаға жалғану арқылы ғана айқындала алады. Түбір морфемаға қосымша морфеманың үстелуі белгілі грамматикалық заңдылықтарға сүйенеді.
Қосымшалар жеке сөздердің лексикалық мағынасынан айрыла бастап, белгілі бір топтағы сөздердің шылауында қолданылып, соның нәтижесінде абстракцияланып қалыптасқаны белгілі. Осындай процестің нәтижесінде өзі жалғанатын сөздер тобының жалпы грамматикалық сипатына байланысты сол қосымшаға белгілі бір грамматикалық немесе лексика -грамматикалық мағына білдіру тән болып қалыптасады.
Қазақ тіл білімінде қосымшалардың морфеманың бір түрі ретінде мағыналық ерекшеліктері мен қызметі жағынан жалғау және жұрнақ болып екіге бөлініп жүр. Сөздің морфологиялық құрамды бір бөлігі ретінде және сөздің мағыналы дербес бөлшегі болып табылатын түбірден, бір жағынан бөлек морфема, екінші жағынан, түбірмен бірлесіп барып сөз құрап, бірлікте тұру арқылы оны сөйлеу процесінде басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсіріп тұратын морфема ретінде, немесе сөздердің “ синтетикалық жолмен жасалған формаларының түрлері” ретінде және “ олардың ішкі категориялық мағыналары мен қызметтеріне қарап қосымшаларды сөз тудыратын формалар , сөз түрлендіретін формалар және сөз жалғастыратын формалар деп үш салаға
бөлу дәстүрі бар (Қ.Т.Г).
Ал түркологияда қосымша деген ұғымы “ аффикс” терминімен белгіленеді де,ол көбіне өз ішінде әрі қарай жіктелмей, өте кең мағынада қолданылады, сөйтіп
“аффикс” деген термин , бір жағынан қазақ тілінің грамматикаларда қолданылып жүрген қосымша мәнінде, екінші жағынан , әрі жалғау , әрі жұрнақ мәнінде бірдей жұмсалады. Сондықтан да түркологиялық әдебиеттерде аффикс сказуемости, аффикс множественного числа, аффикс падежа, аффикс залого деп беріледі.
Сонымен қатар “ аффикс” термині мағынасы мен қызметтік ерекшеліктері жағынан кейде сөз түрлендіруші, сөз тудырушы және форма тудырушы болып бөлінеді.
“Қазіргі қазақ тілі” оқулығында “өздеріне тән мағыналары мен қызметтеріне қарай сөзден сөз тудыратын қосымшалар жұрнақтар деп, сөз бен сөзді байланыстыратын қосымшалар жалғаулар деп аталады. Әдетте жұрнақтар лексикалық категорияға, жалғаулар грамматикалық категорияға жатқызылады. Мағынасы мен қызметіне қарай жұрнақтарды сөз тудыратын жұрнақтар және форма тудырушы жұрнақтар деп екі салаға бөлуге болады- деп көрсетіледі (А.Ы).
“ Сөз тудыратын морфемалар, сөз түрлендіретін морфемалар және сөз жалғастыратын морфемалар болып бөлініп, соған лайық әрқайсы сөз тудырушылар, сөз түрлендірушілер, сөз жалғастырушылар болып бөлінеді (Қ.Т.Г).
Ал Ы.Маманов: “ қазақ тіліндегі қосымшаларды орыс тілінің үлгісімен сөз түрлендіруші, сөз тудырушы және форма тудырушы деп үшке бөліп қарастырудан гөрі қазақ тілінің тілдік материалы оларды жаңа мағыналы сөз тудыру және сөздің грамматикалық формасын тудыру қызметіне сәйкес сөз тудырушы және форма тудырушы деп екіге бөлуді қуаттайды және ол жайында : ” қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалдарға сәйкес сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады деп тұжырымдаған.Оның үстіне Ы.Маманов сөз түрлендіруші жұрнақтар мен жалғаулар деп аталатын қосымшалар түрін бір топқа енгізіп, қасиет қызметтері бірдей тұлғалар деп қарайды.
Өйткені бұл қосымшалардың қызметі сөздің – әр түрлі грамматикалық формаларын тудыру. Әрине, септік, тәуелдік, көптік, жіктік формаларының тілде алатын орны қолдану өрісі етістіктің есімше,көсемше, рай формалары мен сын есімнің шырай формаларына қарағанда әлдеқайда күрделі. Бірақ бәрінің де атқаратын қызметі – сөздің грамматикалық формасын тудыру. Сондықтан бұларды жалғау және жұрнақ деп екі топқа бөлмей, грамматикалық форма тудырушы қосымшалар деп біріктіріп қарау дұрыс болар еді – деп көрсетіледі Ы.Мамановтың “Қазіргі қазақ тілі” еңбегінде.
С.Исаев:“Қосымшаларды сөзжасам қосымшалары және форма тудырушы қосымшалар деп екі үлкен топқа бөлудің ғылыми ғылыми да, практикалық мәні бар. Өйткені одан бір жағынан , қосымшалардың басты грамматикалық қасиеттерін, мағыналық ерекшеліктерін айқындау арқылы бұл морфемалардың мәні мен қызметін , тілдік қабаттардан алатын орнын анықтаймыз. Екіншіден, соның негізінде сөз тудыру қатарының үлгісі ретінде лексикалық құбылыстың грамматикалық мәнін, олардың ара-қатынасын ашып,сөз тудырушы қосымшалардың грамматикалық мәндегі категориялық сипаты жоқ, парадигмалық түрлердің көрінісі емес және сөз формасы бола алмайтынын , ал форма тудырушы қосымшалар керісінше сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, оған грамматикалық мағына үстеумен бірге сөз тудырудың тәсілі емес, белгілі бір сөз табына қатысты болып, соның бір грамматикалық категориясының немесе семантикалық түрлерінің тұлғалық көрсеткіші, демек сөз формасын тудырудың көрінісі болатынын айқындаймыз.
Сондықтан сөз тудыруға байланысты қазақ тілі грамматикаларында беріліп жүргендей жұрнақ терминін атамай, оның орнына сөзжасам қосымшалары деп берген жөн болар еді. Бірақ сөзжасам қосымшаларының ерекшеліктері бұнымен ғана шектелмейді.Ол қосымшалардың құрамдық (жалаң, құранды),
мағыналық (моносемиялық яғни бір мағынамен байланысты болғандықтан мәселен -сыз, -сіз қосымшасы түбір білдіретін ұғымның жоқтығын көрсетеді немесе кейбір қосымшалар екі я одан да көп мағынамен байланысты боп келеді.Мысалы : -лық,-лік қосымшасы1) зат атауына қатысты абстрактілік мәнде кісілік, достық 2)сынға қатысты абстрактілік мәнде батылдық,жақсылық 3)нақты зат атаулары орындық, төстік 4)санға қатысы ұғым атаулары үштік, бестік 5) затқа қатысты сындық мән аудандық комитет, балалық шақ.-ғыш,-гіш қосымшасы қимылды білдіретінтүбірлерге жалғанып 1) сол қимылға бейімділікті білгіш, жазғыш 2)қимылды жүзеге асыратын зат атауын сыпырғыш,көрсеткіш мағыналарын білдіреді.Сол себепті мындай қосымшалар полисемиялық қосымшалар деп аталады. Мағыналас (ұйқышыл,тершең,шайқор),омоним(-ды,-ді)т.б ерекшеліктері мен қолданыстық тілде өмір сүру сипаттарына байланысты ерекшеліктерін былай қойғанда, бір сөз табының аясында ғана және бір сөз табынан екінші сөз табын тудыратын қасиеттері мен кейбір функциялық сипатын да атаған жөн.
Мысалы : Шіркін, айтушы мен болғанда, үнемі ұқтырушы сен болсайшы Абай, - деді (М.Ауезов).Баласы аталап соңынан қалмады. Жарыста алматылықтар басым түсті.
Осы сөйлемдерде берілген айтушы, ұқтырушы,болсайшы, аталап, алматылықтар дегендерді сырт тұлғасына қарап қосымша арқылы жасалған жаңа сөз деуге болар еді. (Айту-шы, ұқтыру-шы ). Бірақ бұл қосымшалы сөздер сырт тұрғысы жағынан болмаса, сөз жасам тұрғысынан шын мәнінде жаңа сөздер, туынды сөздер, жеке лексемалар емес. Өйткені бұлар сөздік құрамға енген лексикалық бүтін , сөздіктерде жеке берілетін реестрлік сөздер емес, белгілі бір контексте ғана қолданылатын және сол контексте ғана түсінілетін тұлғалар: олардың жасалу шегін, жұмсалу шеңберін туынды сөз ретінде айқындауға болмайды. Сол сияқты итті қонақ жарыспас, сүт пісірім уақыт, бір қайнатым шай, таяқ тастам жер, бір көйлектік мата, костюмдік мата тіркестеріндегі итті,пісірім,қайнатым,тастам,көйлектік,костюмдік сияқты сөз тіркестерінде ғана қолданылады. Сондықтан ондай форманттарды функциялық форма деп таныған дұрыс -деп көрсетеді Ы.Маманов.
Бұндай қосымшалардың қатары -ғы,-гі сияқты қосымшалармен толығады.
Мысалы : айғайлаушы, жинаушы, көкшелік,ақсайлық,орбиталық,апалап, Әсеттеп,үйдегі,ішіндегі.
Ал форма тудырушы қосымшалардың басты белгісі, негізгі ерекшелігі өзі жалғанған сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, туынды сөз жасамай, өзі жалғанған сөзге тек қосымша грамматикалық мағына үстеп, белгілі бір сөз табының грамматикалық категорияларының тұлғалық көрсеткіші, парадигмалық түрлену жүйесінің немесе семантикалық түрінің көрінісі боп табылады. Сондықтан бұл қосымшаларда лексикалық сипат болмай, олардың ерекшеліктері таза грамматикалық немесе лексика-грамматикалық қасиеттері арқылы айқындалады.
Сөйтіп, форма тудыратын қосымшалардың белгілі бір жиынтығы парадигмалық түрлену жүйесінің сыртқы көрінісі мен соған сәйкес ішкі мазмұны жағынан грамматикалық мағына білдіруі арқылы грамматикалық категория құрайды, енді бір тобы белгілі бір сөз табының ішінде семантикалық топтарын жасайды. Қосымшалардың бұл негізгі мәні мен грамматикалық сипаты грамматикаларда форма тудырушы жұрнақтар және жалғаулар деп аталатын қосымшаларға тән. Соның арқасында олар қосымшаның бір тобына енеді.
Форма тудыратын қосымшалардың сөз байланыстыру қызметін атқаратын түрін жалғау деп, сөз байланыстыру қызметін атқара алмайтын категориялық грамматикалық мағына ғана тудыратын түрін жұрнақ деп беруге болады. Тілдің грамматикалық құрылысында жұрнақтар өзі жалғанған сөзге грамматикалық мағына ғана үстеп, белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының немесе семантикалық тобының тұлғалық көрсеткіші болғанмен, олардың грамматикалық сипаты, түбірге жалғану аясы, қолданылу табиғаты бір емес. Сондықтан олардың бір түрін модификациялы немесе лексико-грамматикалық жұрнақтар, екінші таза грамматикалық жұрнақтар немесе категориялық жұрнақтар деп бөлген жөн.
Модификациялық жұрнақтар жаңа мағыналы сөз тудырмағанымен , түбірге қосымша грамматикалық мағына үстеумен бірге түбір сөздің лексикалық мағынасына семантикалық реңк қосады, сөйлеу процесінде қолданылуы жағынан түбірдің грамматикалық сипатын сақтап қалады, сөйтіп бір сөздің шеңберінде жасалатын туынды түбірге ұқсап кетеді. Модификациялы қосымшаларға зат есімнің реңдік мәнді жұрнақтары,сын есімнің шырай жұрнақтары, реттік сан есім жұрнақтары, етістіктің етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік жұрнақтары жатады.Модификациялы жұрнақтардың кейбірінің түбірге жалғану шеңбері шектелген. Оларға қазақ тілі зат есімнің реңдік мәнді жұрнақтарын, сын есімнің шырай категориясына еніп жүрген -ғылт,-ғылтым,-шыл,-шылтым,-ша,-ше жұрнақтарын жатқызуға болады. Сол себепті модификациялық жұрнақтар арқылы жасалатын категория лексика-грамматикалық категория деп аталады.
Ал грамматикалық немесе категориялық жұрнақтар өзі жалғанған түбірге таза грамматикалық мағына үстеп, грамматикалық категория жасайды және ол категорияның грамматикалық сипаты сөздің түбір тұлғасынан өзгеше болады. Мысалы : есімше, көсемше,рай, шақ, тұлғалары етістіктің таза грамматикалық категорияларының парадигмалық жұрнақтары түбір тұлғаларды жіктеуге және етістіктің негізгі қызметі – предикат қызметін атқаруға дәнекер және негіз болып табылады.
Форма тудырушы қосымшалардың жалғаулар тобына тәуелдік және грамматикалық септік, көлемдік септік және жіктік жалғаулары жатады.
Форма тудырушы қосымшалардың сөзге жалғану тәртібі : әдетте ең алдымен модификациялық, одан кейін грамматикалық, ең соңында жалғаулар қосылады.
Жалғаулар – сөйлемдегі сөзді өзгертіп, түрлендіру арқылы оларға белгілі грамматикалық мағына үстейтін морфологиялық формалар.Жалғауларда мағыналық дербестік те, тұлғалық дербестік те болмайды. Өйткені жалғаулар, біріншіден, жеке қолданылмайды, екіншіден, жеке тұрғанда ешқандай мағынасы да болмайды.Ал мағыналы сөздерге қосылғанда, олардың атқаратын қызметі де зор және ол сөздерге тиісті грамматикалық мағыналар да жамайды.Жалғаулардық қолданылу өрісі кең. Қазіргі қазақ тілінде жалғаулардың төрт түрі бар. Олар: көптік жалғау, тәуелдік жалғау, септік және жіктік жалғау.Осы төрт түрлі жалғаудың әрқайсының өзіне тән грамматикалық мағыналары, сол мағыналарға орай, арнаулы грамматикалық формалары және сол грамматикалық мағыналары мен формаларына сай, олардың өзді-өздеріне тән ерекше қызметтері бар.
Бақылау сұрақтары:

  1. Морфема, оның түлері.

  2. Қосымша морфема, оның түрлері, жіктелуі жайындағы көзқарастар.

  3. Қосымшалардың мағыналық жағынан ерекшелігі.

  4. Жұрнақтар, оның түрлері.

  5. Жалғау, оның түрлері.

Пайдалынатын әдебиеттер:


1. Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.
2. А.Ысқақов : « Қазіргі қазақ тілі » . – Алматы : Ана тілі. 1991 .
3. С.Исаев : « Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты». -Алматы:Рауан , 1998.
4. Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы : Білім. 1967. 1 том.
5. Аханов К.Грамматика теориясының негіздері. –Алматы: Мектеп, 1972.
6. Исаев С.Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. – Алматы: Ана тілі, 1992.
7. Сыздыкова Г. Қазіргі қазақ тілі морфологиясы. –Алматы, 2012
8. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. – Алматы, 2007 .
9. Момынова Б., Саткенова Ж. Қазақ тілінің морфологиясы. Есімдер. – Алматы: Арыс, 2007.
10. www.yandex.kz
11. www.google.kz
12.www.rambler.ru
Дәріс


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   80




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет