Дәріс жоспары
1.Сөздерді лексикалық мағынаның мәніне қарай бөлу.
2.Сөздердің лексика-семантикалық, лексика-грамматикалық мағынасына қарай сипаты. Семантикалық принциптің сипаты .
3.Сөздердің грамматикалық сипатына, түрлену жүйесіне қарай ерекшеліктері .
4.Сөздердің синтаксистік сипаты.
Дәріс мақсаты: Студенттерге сөз таптарын қалыптастыруға негіз болған семантикалық, морфологиялық, синтаксистік принциптерді теориялық тұрғыдан таныту.
Сөз табы деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздердің тобын айтамыз. Ендеше, сөз табының мазмұны осындағы лексика-грамматикалық деген қос сөз арқылы айтылған екі компоненттің бірлігінен құралады. Бірақ мұндағы бірінші бөліктің мазмұнынан таза лексикалық семантикасы ғана емес,грамматикалық семантиканы, яғни заттық, амалдық, сапалық, сандық .. деген тәрізді тым жалпы мағынаны білдіретін семантиканы қабылдау керек. Грамматикалық семантика деген ұғымға сөздің материалдық я лексикалық мағынасы емес, заттың атын, заттың амал-ісін, заттың сапалық, сандық я басқа да солар сияқты материалдық ерекшеліктерді білдіретін семантика-грамматикалық мағыналар енеді. Ал, қос сөздің екінші бөлігінің (грамматикалық) мазмұнына белгілі бір сөзге тән грамматикалық категориялардың және олардың жасалу, түрлену формалары енеді. Бұл арадағы грамматикалық мағына деген ұғымға белгілі бір сөздің жаңадан сөз тудыру, сөз түрлендіру, сөз байланыстыру жүйелерінің мағынасы мен формалары, демек, бүкіл морфологиялық белгілері(сыр-сипаттары) және сол сөздің сөйлемдегі қызметтері, өзге сөздермен тіркесу қабілеттері, демек, бүкіл синтаксистік белгілері енеді. Қысқасы, сөздің лексика-грамматикалық белгілері деген термин белгілі бір сөзге, сөз табына тән бүкіл лексикалық(семантикалық) морфологиялық және синтаксистік сыр-сипаттарды түгел қамтиды.
Сөздерді семантика-құрылымдық топтарға бөлудің грамматикалық ілім ретінде тым ерте замандарда пайда болуы , сол дәуір ойшылдарының тіл табиғатын тани түсу үшін сөздерді осылайша жіктеудің де қажеттігін түсіне білуі – морфологияның өзекті мәселе болғандығын дәлелдейді.
А.Байтұрсынов « Тіл құралы» атты еңбегінде қазақ тіліндегі сөздерді әуелі атауыш сөздер, шылау сөздер , одағай деп үш топқа бөледі . Ғалым атауыш сөздер тобына зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, ал шылау сөздер тобына үстеу, демеу, жалғаулықты жатқызады. А.Байтұрсынов қазақ тілі сөздерін үш топқа жіктегенде негізінен сөздердің лексикалық мағынасын басшылыққа алады, яғни сөздердің лексикалық мағынасы негізінде қаншалықты дербес, дербес еместігін ескереді. А.Байтұрсынов осы үлкен үш сөз тобын әрі қарай іштей жіктеп, қазақ тілінде тоғыз сөз табы бар деп көрсетті. Олар : зат есім , сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, демеу, жалғау, одағай. Одағайды ғалым еліктеуіш және лептеуіш деп екіге бөледі , бірақ әрқайсысы жеке сөз табы ретінде танылмаған.
Профессор Қ.Жұбанов өзінің « Қазақ тіліндегі сөз таптары » атты еңбегін жарыққа шығара алмай кеткен, кейіннен бұл еңбек жоғалып кеткен.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетіндегі « Жұбановтану» зертханасы қорынан ғалымның бұрын-соңды баспа бетін көре алмаған еңбектерін зерделеу кезінде сөздерді семантика- құрылымдық топтарға бөлу ісіне тікелей қатысты ой – тұжырымдар ұшырасқан. Қ.Жұбанов сөздерді тапқа айырғанда үш түрлі негізге сүйенеміз деген:
1. Лексикалық қасиеттеріне
2. Морфологиялық қасиеттеріне қарай, қандай қосымша, қандай қосалқы еретіндігіне қарай
3.Сөйлемде қай мүше болатындығына қарай, қай орында тұратындығына қарай – деп үш принципті шегелей атайды. 1934-1935 жылы Қ.Жұбанов айтып көрсеткен бұл принциптер бүкіл түркология үшін үлкен жаңалық еді .
Қ.Жұбанов қазақ тілі сөздерін түбір, шылау, одағай деп үш үлкен тапқа жіктейді. «Түбір тапқа » зат есім, сын есім, сан есім, мезгіл-мекен есім( үстеу),орынбасар, етістікті жатқызса,«Шылаулар» тобына үстеуіш(септеулік), жалғаулықтар(+демеуліктер), одағайды жеке топ ретінде қарайды . Қ.Жұбанов қазақ тілі сөздерін зат есім, сын есім, сан есім, мезгіл-мекен есім, орынбасар, етістік, шылау кейде қосалқы, одағай деген таптарға бөлді.
Академиялық грамматика (1967) қазақ тіліндегі сөздер семантикалық және морфологиялық белгілеріне қарай, ең әуелі атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деп аталатын үш топқа бөлінеді деп көрсетілсе, А.Ысқақов еңбегінде де осы аталған атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер көрсетіледі .Атаушы сөздер деп өмірде кездесетін ұғымдар мен түсініктерді не тікелей, не жанай білдіріп, олардың атаулары ретінде қабылданатын және жұмсалатын, өздеріне тән толық лексикалық мағыналары бар, соған лайық , қалыптасқан өзді-өздерінің дыбыстық құрамдары мен екпіндері бар дербес сөздерді атайды. Атаушы сөздер , өздеріне тән дербес мағыналары болатындықтан, адамның қатынас құралына негізгі арқау я таяныш есебінде қызмет етеді де, өзге сөздермен тіркесіп те, тіркеспей жеке-дара тұрып та керегінше қолданыла береді . Олар тілдің грамматикалық заңына лайық түрленіп те, түрленбей де жұмсалып, сөйлемге өз алдына мүше бола алады және олардан тілдегі қалыптасқан тәсілдер бойынша басқа да туында атаушы сөздер жасала береді. Сөйтіп, атаушы сөздер дегеніміз лексикалық та, грамматикалық та дербестігі бар, өзге сөздермен тиісті байланыс-қатынасқа түскенде, әр алуан қосымша мағыналарды білдіре алатын сөздер.
Көмекші сөздер деп дербес лексикалық мағыналары я солғындаған, я жоғалған жәрдемші сөздерді атаймыз. Көмекші сөздердің кейбірі дыбыстық жағынан тұрақсыз болады да, әдетте өз алдына екпіні болмайды . Дербес мағыналары болмайтындықтан, көмекші сөздер тек атаушы сөздермен тіркесіп жұмсалады және соған орай сөйлемде өз алдына мүше бола алмайды, немесе күрделі мүшенің құрамына енеді, немесе сөйлемдердің я сөз тіркестерінің дербес мүшелерінің араларын байланыстыратын дәнекер есебінде қызмет етеді.
Одағай сөздер деп адамның әрқилы сезім күйімен байланысты айтылатын сөздерді атаймыз. Өздерінің шығу ерекшеліктеріне қарай одағайлардың өзге сөздермен,атаушы сөздермен де, көмекші сөздермен де семантикалық байланыс қатынасы болмайды, сондықтан сөйлемнің мүшесі болмайды, бірақ олар бүтіндей сөйлемнің орнына балама есебінде жүреді.
Сөздерді грамматикалық топтарға яғни сөз таптарына жіктеуде , топтастыруда ұсынылатын басты принцип – семантикалық принцип(грамматикалық-семантикалық). Екіншіден, осындай грамматикалық топтарға белгілі – белгілі өзіндік түрлену жүйесі, өзгеру, тұлғалық парадигмасы немесе бұған қарама-қайшы түрленбеу, тұлғалық өзгеріске түспеу тән болып келеді. Сондықтан түрлену жүйесіне негізделген категориялық грамматикалық мағына жүйесі мен грамматикалық категорияларының болу-болмауы сөздерді топтастырудың екінші негізгі морфологиялық принцип сөздердің түрлену жүйесі болып табылады. Мысалы: зат есім мен етістік түрленетін сөз табы болып есептелсе, сын есім мен үстеу түрленбейтін сөз табына жатады. Сөздерді топтастырудың үшінші синтаксистік принципі сөздердің сөйлемде өзіне тән белгілі қызмет атқаруымен және сол сөздермен тіркесу сипатымен яғни қандай топтағы сөздермен қалай тіркесе алуымен байланысты.Осы көрсетілген принциптер негізінде атаушы сөздерді мынадай сөз таптарына бөліп қарауға болады: зат атауын білдіретін – зат есім, заттың әр түрлі сынын , қатыстық белгісін білдіретін – сын есім , заттың сандық мөлшерін білдіретін – сан есім, сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер – есімдік, қимыл іс-әрекетті білдіретін – етістік, қимыл іс-әрекеттің әр түрлі сипатын (амал, мезгіл, мақсат, себеп) білдіретін – үстеу, дыбыстарға, қимыл-қозғалыстарға еліктеп аталатын – еліктеу сөздер болып бөлінеді. Осы атаушы сөздерден басқа көмекші сөздердің бір түрі шылау және одағай сөздер мен модаль (С.Исаев) сөздер де жеке-жеке сөз табы болып қаралады, өйткені олардың жеке лексикалық мағыналары болмаса да өзі қатысты сөзге я сөйлемге қосымша грамматикалық мән үстейді немесе ойға қатысты(көңіл-күй я модальдылық) мәндер қосады. Сөйтіп, қазақ тілінде А.Ысқақов, Қазақ тілі грамматикасында тоғыз сөз табы көрсетілсе, С.Исаев оныншы сөз табы ретінде модаль сөздерді қосады. Ғалым модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде қатарға қосып отыр. 2002 жылғы Қазақ грамматикасында модаль сөздер жеке сөз табы ретінде қаралған.
Бақылау сұрақтары:
1.Атауыш сөздер, негізгі белгілері, мағынасы мен қызметі.
2. Көмекші сөздер, қалыптасуы, грамматикалық ерекшелігі, түрлері.
3.Сөздерді таптастыру қағидаттары, олардың сөз таптарындағы сипаты.
4.Лексика-семантикалық қағидат, ерекшелігі, көрінісі.
5.Морфологиялық қағидат, сөз таптарындағы көрінісі.
6.Синтаксистік қағидат, сөз таптарына қатысы, көрінісі.
7.Қазақ тіліндегі негізгі сөз таптары, түрлері.
Пайдаланатын әдебиеттер:
1.Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.
2.А.Ысқақов.Қазіргі қазақ тілі . – Алматы : Ана тілі. 1991 .
3.С.Исаев .Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты . -Алматы : Рауан, 1998.
4.Т.Қордабаев .Қазақ тілі білімінің қалыптасу , даму жолдары . – Алматы : Рауан . 1995.
5. МұхтаровС. Қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының қалыптасуы. КДА. - Алматы. 1999.
6. Сыздыкова Г. Қазіргі қазақ тілі морфологиясы. –Алматы, 2012
Достарыңызбен бөлісу: |