Морфологиялық ерекшеліктері. Күнбағыс астра тұқымдасына жатады, барынша кең тараған түрі — мәдени күнбағыс. Күнбағыстың бұл түрі шекілдеуігінің мөлшері, майлылығы мен қабықтылығы бойынша 3 топқа бөлінеді: майлы, шағылатын жөне аралық. Өндірістік маңызға майлы топтың сорттары ие.
Мәдени күнбағыс — кіндік тамырлы бір жылдық өсімдік, көптеген ұсақ бүйір тамыршаларының арқасында Қазақстанның құрғақ далалы аймағында ойдағыдай өсіріледі. Күнбағыс сабағы тік өседі, қуатты, тікенекті түктермен көмкерілген, майлы сорттары бұтақтанбайды, биіктігі 0,6-2,5м. Жапырақтары ірі, сағақта, сабақта кезектесіп жөне қарама қарсы орналасқан, сопақ, жүрек пішінді, түкті. Гүл шоғыры — диаметрі 15-20 см және одан да жоғары себет. Оның негізін гүл тұғыры құрайды, шеттерінде жыныссыз тілді, ал ортасында, қосжынысты түтік тәрізді гүлдер орналасқан. Себеттің гүлдеуі созалаңқы және 7-10 тәулікке созылады. Жемісі — шекілдеуік, ол жеміс қабығынан және тұқымнан құралады. Майлы сорттардың 1000 шекілдеуігінің массасы 40-80 г және қауыздылығы (қабықтылығы) 28-35%.