МҰстафа шоқай еңбектеріндегі тәуелсіздік идеясы және мәҢгілік ел



Дата21.04.2017
өлшемі81,33 Kb.
МҰСТАФА ШОҚАЙ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ТӘУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ МӘҢГІЛІК ЕЛ

Утепова С., Социал Ж.

Ғылыми жетекші: т.ғ.к., доцент Карсыбаева Ж.А.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті


"Мәңгілік ел" ұлттық идеясының мақсаты – ұлттың ұлттық болмысын сақтап қалу болып табылады. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық идеяның өзекті болуы да осыдан. Қазақ елі еркіндікке жету үшін қаншама қиын - қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған жылдық тарихы бар Қазақстан армандаған егемендігіне қол жеткізді, ендігәрі оны ұстап, мемлекетті әрі қарай дамыту керек. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – "Мәңгілік ел" біздің өз қолымызда. Ол үшін біз, қазақ жастары, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.

Керегесі мықты, тәуелсіз, бәсекеге қабілетті мемлекет құру қазақтың түпкі арманын меңзеп отыр. Халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат-мұрат керек. Сондай идеяның бірі "Мәңгілік ел" идеясы болып табылады.

Көне түрік дәуірінен бастау алған "Мәңгілік ел" идеясы бүгінгі күні елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ел билігіндегі болашаққа бағдар стратегиясына айналды. "Мәңгілік ел" идеясы барлық түркілердің бір тарихи кезең – VII ғасырда, бір шаңырақ астында тұрғанда қабылданған және жарияланған идея болатын. Жалпы, "Мәңгілік ел" идеясының үш негізден тұрғаны анық. Біріншісі – Түркі қағанаты билеушілерінің (Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк) саяси акт – «манифест» ретінде әзірлеп, тарих сахнасына шығаруы; екіншісі – әл-Фарабидің философиялық шығармасында идеяның теориялық-философиялық тұрғыдан негізделуі және үшінші – Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дидактикалық дастанында құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларының, яғни Ата Заң іргетасының қалануы. Ендеше, тарих сынынан өткен бұл идея бүкіл Түркі дүниесі үшін ортақ болары анық.

Ел ұранына айналған түркі дәуірінен бері келе жатқан "Мәңгілік ел" идеясы көрнекті қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың тұтас Түркістан идеясымен жалғасын тапты. Түрік дәуіріндегі Тоңыкөк абыз мен Мұстафа Шоқайдың мемлекет тағдыры жолында атқарған қызметтері ел есінде. Бұл екі тұлға екі дәуірде өмір сүрсе де, мақсаттары ұқсас болған- тәуелсіз, мәңгі ел құру. Ұлы тұлға Тоныкөк түркі халықтарын басын қосып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын Ұлы мемлекет негізін қалауды мақсат етті. Мұстафа Шоқайдың да түркішілдік идеясы бұнымен сабақтас келді. Ол Ресей отарында болған күллі мұсылмандарды бір шаңырақ астына жинауды қалады. Бұл азаматтар қойған мақсаттарына жету үшін талмай еңбек етті, шайқастар өткізді, талай қиыншылықты бастан кешірді.

ХХ ғасырдың басында әлем таныған қазақ қайраткері Мұстафа Шоқай қазақ тарихына ғана емес, бүкіл әлем тарихына үлкен із қалдырған тұлға. Мұстафа Шоқай Қазақстанның және Орта Азияның тәуелсіздігі үшін күрескен ірі қайраткер. Әлемге аты мәлім саясаткер, ақиқат жолына бас тіккен, азаттық үшін тағдырдың азабы мен мазағын көтерген, әділеттен басқа досы жоқ, адалдықтан басқа жолы жоқ Мұстафа Шоқайдың біртұтас Түркістан мемлекетін құрудағы қызметі, қайғысы, қасіреті, мақсат – мүддесі кешегі кеңес үкіметі кезінде құлып астындағы құпия болды. Күллі түрік миллетінің туыстық бірлігін сақтап, Түркістан автономиясын құру тұрғысындағы М.Шоқайдың жанкешті қызметін кеңес идеологтары жаулық әрекет сипатында көрсетті. Сол себепті ол шетелге кетуге мәжбүр болды. Мұстафа Шоқай Отанынан безген емес, алыста жүрсе де түрік ұлтының тәуелсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген даңқты тұлға.

Мұстафа Шоқай өмірінің соңғы күніне дейін қоғамдық-саяси күрес жүргізумен болды. Оның есімімен тығыз байланысты тұтас Түркістан идеясы 1917 жылғы төңкерістер тұсында жүзеге аса бастады. Ол Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады [1, 72 б.]. Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстайды. Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алғашқы сиезде «Шора-и-ислам» жұмысына қатысатын 8 қазақ өкілінің бірі болып сайланады. Екінші сиезде Алашорда үкіметі - Ұлт кеңесіне Сырдария атынан кіреді. 1917 жылы Жаңа Марғұланда өткен өлкелік мұсылмандар кеңесінде қайраткер Бүкілтүркістандық мұсылмандардың құрылтайын Қоқан қаласына шақыру туралы бастама көтереді. Қарашада Қоқанда Түркістан автономиясын жариялау шарасына бастан-аяқ қатысады. Түркістан автономиясының Халық кеңесі үкімет жасақтауды қолға алды. Мұны олар «уақытша үкімет» деп белгіледі. Сонымен Түркістан үкіметінің мүшесінің бірі – Мұстафа Шоқай - Ұлттық кеңес төрағасы және сыртқы істер министрі болды. Осы кезде М.Шоқай бастаған зиялылар азшылық ұлт өкілдері көшбасшыларына ғасырлар бойы азаптанған Түркістан тағдырына және шөре-шөре болып қалған өз тағдырына ақыл көзімен қарауды сұрады. 1918 жылы қаңтарда Түркістан автономиясының алғашқы үкімет басшысы М.Тынышбаев өз еркімен жұмыстан босағанда, М.Шоқай осы қызметке сайланады. Большевиктер бұл автономияны ақпанда қанды қырғынмен таратты. Туған жері үшін қойған мақсаттарына жету үшін Мұстафа Шоқай бүкіл әлемді айналып өтеді. 1918 жылы қыркүйекте қайраткер Самарада бас қосқан Ресейдің азаттық жолындағы күрескерлерінің Құрушы мәжілісіне (Комуч) қатысады. 1919 жылы ақпанда Түркістан мемлекеті бағдарын одан әрі қозғау үшін Бұхар әмірлігі мен Закаспийдегі ағылшын корпусы басшылығымен келіссөзге Ашхабатқа келеді. Сол жылы Баку мен Тифлисте сәл аялдап, Ыстамбұлга аттанады. Ресей үкіметі Мұстафа Шоқайдың бар еңбегін жоққа шығаруға тырысты, оны халық жауы деп те айыптады, туған жерінен,халқынан бездірді. Алайда оның Отандастарына, ісіне, кіндік қаны тамған жеріне деген сүйіспеншілігін ештеңе де өзгерте алған жоқ. М.Шоқай Түркия арқылы алғаш Германияға, сонан соң Францияға барып орнығады [2, 14 б.]. Эмиграцияда «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, кеңестің озбыр саясаты туралы зерттеулер жазады. Патшалық отарлау саясаты дәл Түркістандағыдай еш жерде қатыгез болмаған. Сол себепті шетелде жүрген Мұстафа Шоқай газет-журналдар шығарып, мақала жазу арқылы қазақ жеріндегі өзекті мәселелерді әлем қауымдастығына мойындатуды қалады, көрші мемлекеттерден қолдау іздеді. Қайраткер 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болады. М. Шоқайдың бүкіл өмірінің мәні мен мағынасы, арманы осы егемендік, өлмес рух елімен қайта табысты.

Мұстафа Шоқайұлының біртұтас Түркістан идеясының генезисін қарастырғанда бұл мәселеге ықпал етті деген бірнеше факторларды атап өткеніміз дұрыс болар. Бұл жерде ең алдымен ойға келетіні-оның туып өскен ортасы, тектілігі болады. М. Шоқайдың анасы да, әкесі де текті жерден болғандығы белгілі.

Екіншіден - ол М. Шоқайдың туған өлкесі Түркістан өңірінің сан ғасырлық тарихы, оның ішінде Ташкент пен Ақмешіт қалалары Түркістан идеясының қалыптасуына әсер еткен. Себебі, 1837-1847 жж. К. Қасымұлының көтерілісі, 1856 жылғы Сыр бойындағы Ж. Нұрмұхамедұлының көтерілісі, 1870 жылғы Маңғыстаудағы қазақтардың көтерілістерінің ұшқыны М.Шоқайдың еліне деген сүйіспеншілігіне, оның тарихына деген қызығушылығына әсер етпеуі мүмкін емес. І тарауда қарастырғанымыздай, М. Шоқайдың орыс отаршылдығын жастайынан сезінуі, өлкедегі саяси оқиғаларға ертеректеу араласа бастауы оның түрікшілдігінің бастамасы болды деуге болады. Үшіншіден- Мұстафа Шоқайдың түрікшілдігі, «тұтас Түркістан» идеясының қалыптасуы мен бастау көздерін алып қарастырғанда жәдидшілдік қозғалыс туралы айтпай өту мүмкін емес. Жәдидшілдік қозғалысының пайда болып, Түркістан өңіріне таралуы туралы түркітанушы ғалым Сәбит Шілдебайдың еңбектерінен кең мағлұмат алуға болады. Ресей жәдидтерінің атасы Ш. Маржанидің жолын ұстанған баспагер Каюм Насыри мен Исмағұл Гаспралы орыс езгісінен құтылу жолында бүкіл ислам әлеміндегі рухани тұтастықты пайдалана отырып тарихи тұтастыққа қол жеткізу үшін күрес жүргізді. Яғни түрік халықтарын оятуға, өткен тарихы арқылы өзін танытуға, ортақ мүдде жолында тұтас түрік қозғалысын ұйымдастыру жолында тер төкті. Осылайша, түрік қағанаты дәуірінде Қытайға қарсы қорғаныстық сипатта пайда болған «тұтас түрік елі» идеясы – ХІХ ғасырдың аяғында түрікшілдікті туғызды. ХІХ ғасырдың 90 жылдарында жәдидтік мектептер мен медреселер Қырым, еділ және Орал татарлары, башқұрттар мен ноғайлар арасында мойындалып, қазақ даласына бұндай мектептер туралы хабарлар екі бағыт арқылы- Орынбор және түркістан өлкесі молдаларының (жәдидшіл мұғалімдердің) мәден ағартушылық қызметі арқылы тарала бастады. Әсіресе, қазақ даласына жәдидшілдік идеяларын таратуда Түркістан өлкесінің түрікшіл жәдидтері үлкен қызмет атқарды [3, 52 б.]. Түркістан өлкесіндегі жәдидтік мектептердің бірін 1893 жылы қыркүйек айында көпес Хұсайыновтың қаржысына И. Гаспралы Самарқанд қаласында ашады. Жәдидтер дегеніміз – мәдениет түрікшілдері болды. Бір сөзбен айтқанда, ХХ ғасырдың басындағы жәдидшілдік патша үкіметін қатты үрейлендірген философиялық идеологиялық, рухани-мәдени һәм тарихи біртұтастықты көтерген, қазақ қоғамына ерекше ықпал еткен әрі тарихында терең із қалдырған мәдени түрікшілдік болатын.

Түрікшілдік идеясының идеологтары (И. Гаспралы, Ж. Акшора, А. Ибрагимов, А. Топшыбашоғлы, М.-Э. Расул-Заде , З. Көкалып, М. Шоқай және т.б.) түрікшілдікті түрік халқының санасына сіңіру үшін жан-жақты әрекет жасаған. Бұл туралы М. Шоқайдың: «Біз Түркістанды бөлшектеуді қабылдамайтын, Түркістан және түркістаншылдық сезімін жоғалтпаған жерлестерімізбен бір пікірдеміз. Түркістанның болашағы «тәуелсіз Түркістан» ұраны астында Ресейден бөлініп шығып, Түркістан мемлекетін құратын халық бұқарасының қолында. Түркістанның рухани, саяси болашағы Түркістан түріктерінің бірлігінде жатыр. Біз бүгін ұлтты құтқару күресімізде, ұлттық құрылысымызда түркістандықтарды ру, ұлыстарға бөліп, іштен іріткі салатындарды Түркістан ұлтшылдық идеясы мен мұраттарының жаулары деп есептейміз. Қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен....- бәрі бір кісідей жұмылып Түркістанның ұлттық ұраны астына топтаспайынша, Түркістанның болашағын қамтамасыз ету мүмкін емес» [4, 82 б.].



Елбасының бүгінгі "Мәңгілік ел" құрудағы мақсаттары Шоқайдың түркішілдік идеясының мақсаттарымен мазмұндас десек қателеспейміз. Жалпы "Мәңгілік ел" мен “түркішілдік” идеялары тұтас мемлекет құруды, құрамындағы ұлттардың еркіндігі мен туыстастығын қамтамасыз етуді, халықтың өмір сүру жағдайын арттыруды мақсат етеді.

Ата-бабаларымыз, Алаш қайраткерлері көзі тірісінде қол жеткізе алмаған бостандықтың, тұғырлы мемлекеттің иесі болып отырмыз. Біз, жас ұрпақ, қараңғылықты көрмей өсуіміздің басты себепкерлері: есімдері мәңгі тарихты қалап кеткен шамшырақтардың елеулі еңбектері.

Қорытындылай келе, М. Шоқайдың пікірінше, Түркістандық мемлекеттер одағын құру-саяси мәселе болып табылады. Оны жүзеге асыру көп жағдайға байланысты. Егер түркі әлемінің бірігуін геосаяси тұрғыдан қарастырсақ, бұл идеяның жүзеге асыру қиындығын оп-оңай көруге болады. Бұл одақты құруға тек Түркістанның геосаяси жағдай қолайлы, себебі онда кең географиялық және экономикалық территорияда көпсанды түрік халықтары тұрады. Басқа аудандар бұл жағынан кемшіліктерге ие. Мысалы, Әзірбайжан Кавказ халықтарымен тезірек одақтасуы керек, географиялық оранласуы мен басқа жағдайлардың салдарынан әзірбайжандар кавказдықтармен тығыз байланысты. Басқа жағынан түрлі бірлестіктерге кіретін түркі халықтары саяси коньюнктурамен шартталған, бір-бірін рухани тұрғыда қолдаулары керек [5, 6 б.]. М. Шоқай Түркістан өңірін мекендеген түркі тектес халықтардың рухани, мәдени, тарихи, ең алдымен саяси бірлестігінен кеңес үкіметінен азаттық алатын тәуелсіз Түркістанның болашағын көрген. Оның бұл ойылар бүгінгі таңда Қазақстанның сыртқы саясат мәселесінде де маңызын жойған жоқ.

Қазақ халқының, жалпы түркі халықтарының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың өмір жолы бүгінгі таңда бірқатар тарихшылардың зерттеу жұмыстарына арқау болып отыр. Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңнен бері қайраткердің азаттық күрес жолындағы сіңірген еңбегіне әділ баға беру мүмкіндігі туып отыр.

Мұстафа Шоқай дүниеге келген Түркістан өңірі ХХ ғасырдың басында орыс отаршылдығының барынша қыспағын көріп отырған еді. Бұл жергілікті халықтың шаруашылық, әлеуметтік, саяси жағдайынан көрінді. Бұндай әділетсіздікке халықтың қарсылық көрсететіндей күш-қауқары болмады. Осының бәрін жасынан көріп-сезінуі қайраткердің ұлтшылдық, түрікшілдік, азаттық идеяларының қалыптасуына негіз болды.


Әдебиеттер:

1. Қара А. Мұстафа Шоқай, өмірі, күресі, шығармашылығы.-Алматы: Арыс, 2004.-247 б.

2. Шоқай М. Таңдамалы.- Алматы: Қайнар.-Т.1.-1998.-14 б.

3. Тұрсын Х.М. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы және Түркістан Мұхтарияты.-Алматы:-«Нұрлы Әлем», 2006.-105 б.



4. Қыдыралиев Д. Мұстафа Шоқай.-Астана: Фолиант, 2007.-243 б.

5. Оралтай Х. М. Шоқай және оның шет елдердегі ізбасарлары. //Қазақ тарихы. -1997.- №2.-6 б.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу