3.Ән саалу 3.1. Ән салудың тәрбиелік маңызы Көптеген алдыңғы қатарлы қоғам қайраткерлері әншіліктіңадам өміріндегі ролін жоғары бағалап келеді. Н. Г. Чернышевский әншілікті «жоғары, жетілген өнер» қатарына жатқыза отырып, «Ән айту сөйлеудің әуелгі және елеулі негізі іспеттес» деп атап айтқан». Ән тыңдаушыға жарасымды музыка мен сөз арқылы әсер ете отырып, айтушының өзіндік сезімін білдіруге мүмкіндік туғызып қана қоймайды, сонымен қатар өзгелерді де эмоциялық ұғу, түсіну сезімдерін оятады. Оның балалардың қабылдауына айрықша оңай болатыны да осыдан. Адам даусының әсерлі ырғақтары мен бет-бейнесінің тиісті жерде құбылып отыруы бүлдіршіндерді елітіп әкетеді. Балалар бүлдіршін шағында-ақ, әннің мазмұнын толық түсінбесе де онан әсер алады. Ойы мен сөйлеуінің жетілуіне қарай жинақтаған жаңа ұғымдарының молаюына байланысты баланың толғаныстары күрделіленеді, сөйтіп, ән айтуға талаптанғаны сияқты оның айтылуына да ынтасы артады.
Коллектив болып ән айту кезіндегі қарым-қатынас айрықша қуаныш сезімін туғызады. Мұны К. Д. Ушинокий: «Әнде, әсіресе хормен айтылатын әнде, адамды көңілдендіріп, сергітіп ала жөнелетін және сонымен қатар еңбекке жұмылдыратын ұйымшыл әншілерді ортақ іске құштарландыратын бір ғажап нәрсе бар... мектепке әнді енгізу керектігі де сондықтан; ол бірнеше сезімдерді күшті бір сезімге, бірнеше жүректерді сезімі күшті бір жүрекке біріктіреді; ал мұның өзі мектептегі оқудағы қиыншылықтарын жұмыла күш-жігер жұмсау арқылы жоюда өте-мөте маңызды. Әнде мұнан басқа жан дүниені, әсіресе сезімді тәрбиелейтін ғажап бір нәрсе бар», Осының бәрі ән арқылы өздерінің көңіл күйін білдіруі тән мектеп жасына дейінгі балаларға да түгелдей қатысты. Баланың бөлме ішінде жүріп, ыңылдап марш әуенін айтатынын, қыз баланың қуыршақпен ойнай отырып, оны бесік жырын айтып ұйықтатуға әрекет жасайтынын жиі көруге болады. Баланың даусы — оның нәресте кезінен қалыптасқан табиғи құралы. Сондықтан да ән баланың өмірлік серігі, оның бос уакытын толықтырушы, творчестволық, сюжеттік ойындар ұйымдастыруына көмекші. Ән айту арқылы музыкалық қызметтің: би, хоровод, балалар музыкалық аспаптарында ойнау сияқты түрлері де сирек орындалмайды.
Ән — төңіректегі шындықты терең түсінудің жарқын, бейнелі формасы. Ән айту баланың әсемдік атаулының бәріне, ізгілікке деген дұрыс көзқарасын, ықылас-ілтипатын туғызады, ал кейде оған басқа информациялардан гөрі өзгеше қуатты сенімге бөлейді. Отан туралы, Ленин туралы, бақытты балалық шақ туралы, Москва туралы әндер аса бір асқақтықпен орындалады.
Ән айтуға үйрету процесі баладан үлкен белсенділікті және ой қуатын талап етеді. Ол өзінің ән айтуын басқалардың ән айтуымен салыстыруды, фортепианода орындалып отырған әуенге зейін бөлуді, музыкалық фразалардың, жаттығулардың әр түрлі сипаттарын салыстыруды, әннің орындалу сапасын бағалауды үйренеді.
Ән айту бала организміне жайлы тиіп, сөйлеу қабілетін жетілдіруіне, тынысын тереңдетуіне, дауыс аппаратын шынықтыруына көмектеседі.
Ән айтуға үйрету процесінде баланың негізгі музыкалық қабілеттері: эмоциялық әсер алғыштығы, музыкалық есту қабілеті, ырғақты сезінуі айрықша тез дамиды.
Хормен ән айтудың тағы бір ерекшелігі—оның бұқаралылығы мен оңайлығы. Музыкалық өнердің бұл түріне балалар бақшасында, яслиде, мектепте, көптеген үйірмелерде, студияларда, хорлар мен ансамбльдерде үйретіледі. Композитор Д. Б. Кабалевский әнді, маршты және биді бейнелі сөзбен музыка мәдениетіне тірек болып тұрған «үш кит» деп атады