зәм-зәм. Нанның тәуірін, жегенінше майды ауруларға, әлсіздерге береміз. Су да кейде бар, кейде жоқ. Сауларымыз шөлдеп, кеуіп отырғанымызда азғана зәм-зәм суды ауруларға сақтаймыз (С. Сейфуллин);
зәмзем — ауыс. Тәтті сусын, арақ-шарап (әзіл, қалжың ретінде айтылады). Ғалияның қолынан қымыз тату, бозбалаларға,— Меккеге барып, «хасиетті» зәм-зем ішуден кем көрінген жоқ (С. Мұқанов);
зәмзәмдай — 1) зәмзәм сияқты; 2) ауыс. емдік сусындай, шипалы сусындай. Зәмзәмдай қымыздан сол тазарар қан. Айығар ем дарымас жарадар жан. Мың піскен сабадағы қымыздай боп Далада кұлан иек ағарар таң! (Т. Әлімқұлов);
زناء (зина’ун) зина — 1) тұрақсыздық, неке бұзушылық, бұзықтық, азғындық, 2) жезөкшелік. Мұғалім зина да қылады, — деді ол (I. Жансүгіров);
зінә. «Зінәдан жаман — ғайбат» — деген, Хадисінде ол ғазіреттің, Аңғармаған адам емес. Өкпелейтін орным жоқ па, Інім Жүсіп надан емес? (Даңмұрын). «Даналық» — бізге қайда, данышпандық? Келемеж бұл сөзіңіз, кәміл сарас... «Әл ғайбат әшәду мінә-зінә» деген, Шығуға бұл сөзіңіз емес жалас (Әбдікәрім).
зинашы — тұрақсыз, бұзық, азғын, бұзылған. Зинашы хатұнлар ерлерді аздырар, жалғаншы жандар ізгіні аздырар деген,— деді Қуанай қазірет. (X. Есенжанов).
زهرة (зуһратун) зуһрә — 1) астр. Шолпан (Венера) жұлдызы; 2) мифте, аңызда сұлулық пен махаббат иесі; тәңірісі, жерден ең жарық көрінетін Күн жүйесіндегі екінші аспан денесі (планета). Қараңғы үйдің іші болар жарық, Бірі хор, бірі пері — ай мен күндей. Иісті отқа жақты ләгіл шамдал, Мүштәри Зуһрә жұлдыз екі сандал («Ғашық-наме»).
زوال (зауалун) І зауал — 1) түс, кез; 2) бату (күн). Күн екінділікке барыпты, зауал ауып, кешкі самал да түсіп қалыпты (Қ. Жармағамбетов). — Құдай өзі берген жанын өзі алар. Соңырағы күні, зауал шағымда менің жан аларым Қаратаз боп келсе, пешенемнен көрермін (Ә. Нұрпейісов).
II зауал — 1) жоқ болу, ғайып болу; 2) апатқа ұшырау. Әр нәрсеге бір зауал (мақал). Неміске де сол зауал Ажал жақын оларға (Жамбыл). Аңдысқан екі жағының біріне пана, біріне зауал сияқтанып найзаның ұшындай өткір аран астар (Ғ. Мүсірепов). Қалмақтан шошыныпсың есің кетіп, Бастарыңа тұр екен зауал жетіп («Достан батыр»).
зауалды — опасыз, апатты. Басына бақыт қонды,— деп, Кем емеспін енді, — деп, Зауалды жалған дүниеге, біле-білсең таспаңдар (Ы. Шөреков). Төнгенде екінші оғын құсынғалы, Зауалды ақ қайшыдан құтылмады (Ә. Сәрсенбаев);
зауалдай — апаттай. Рысқұл мына зауалдай сұм жағдайды көріп: — Ә, болыс, қан шеңгелдеп қалдың ба?! — деді (Ш. Мұртазаев).
زول (заулун) зәуіл — 1) форма, түр, келбет; 2) елес, рух. Жұрт деген киіз туырлықты қазақтың атам заманнан бергі зәулісі емес пе? (М. Әуезов).
زيادة (зйадатун) зияда — 1) ұлғаю, көбею, арту; 2) қосу, үстеу, үстеме, 3) артық. Мысалы: ғиззали (степенный), зияда (высоко), ағзам (ұлы)... кітаби лексика болып табылады (I. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев). Ғизатлу, бек зияда уа хұрмәтлу, Мәгәрки көрсем сізді көңілім шатлу,— деп жазған бір өлеңінде Жүніс (С. Мұқанов);
зияд — көп; өте, аса, тым жақсы. Жаппастың тиын берген мырзалығын, Мақтапсың, білгеніңше беріп зияд. Мәселен, уақыты болмай қалса бірі, Жазып сөз жамандайсың деп: «бейаманат» (Қаңлы Жүсіп);
зият. Ерден зият әйелдер, Әуелде болған жұмыскер, Еңбек ері ежелден (С. Керімбеков). Оқушым, айтушыдан болсын зият, Ақыл менен ғылымның білсін парқын (Ақан сері);
зиятты — тым жақсы, аса қадірлі. Жағалауға қонып қана кетіңіз, Дос едің ғой зиятты.— Деп жеті өзен, Жетісулық жеті қыз, Іздеп жүрген сияқты (К. Салықов);
زيارة (зйаратун) зиярат – 1) бару, қатынау, кіріп шығу, келіп кету, визит, 2) қажылық. Зират (зиярат) деген сөз араб тілінде діни ұғыммен байланысты қасиетті жерлерге бару, қатысу, болу (визит) деген ұғымда қолданылған болса, қазақ тілінде мола, қабір деген мағынада айтылады (Ә. Болғанбаев). Сұлтанға зиярат қылып жылында бір, Аттанып қойын айдап және шығар. Нәзірге берген теңгең есеп емес, Апарған ат пен түйе қарасы бар (Мансұр);
зират— 1) зияраттың қысқа түрі; 2) еск. белгілі, қасиетті орын (мола, Мекке, Медине сияқты). Қазірет бабасының басына дұға оқуға зират жаққа кеткен екен (Д. Әбілев). Сонда әке, шеше қабірін Тапты қарап жазуына, Қылды зират топырағын (А. Пушкин). Дариядан артық ақылың, Төбең биік «Ғарыштан». Қартайғанда бір көріп, зират етіп қайтуға, Жамбыл келді алыстан (Жамбыл);
зираттық — бейіттік. Жоқ, зираттық екі құлаш жер оларға Қыпшақ даласынан да табылатын еді,— деді (І. Есенберлин).
زيتون (зайтунун) зәйтүн — бот. жылы жақта өсетін сарғыш түсті жемісті ағаш және оның майлы жемісі (оның бұтағы — бейбітшілік белгісі). Зәйтүн майы, зәйтүн ағашының ұрығынан алынады (С. Сұбханбердин). Шәкірт бала бір күні инжир сатып алып, мектебіне барады. Мұғалім инжирді байқатпай алып, сәлдесінің ішіне тығып қояды. Сол күні құранның «инжир» сүресі жаттауға тапсырылған екен. Бала «зәйтүн» деген сөзден оқи бастағанда, мұғалім: — Балам, неге зәйтүннен бастадың? Инжир қайда? — дегенде: — Ол сіздің сәлдеңіздің ішінде,— деп жауап береді бала («Бұ Адам»);
зайтун. Тунисті «жасыл ел» деп атады, өйткені бұл елде ұшы-қиыры жоқ зайтун және пальма ағаштары өседі (И. Мякишев);
зайтын. Зайтын — ағаштың бір түрі («Қ. Т. Т. С.»);
зейтін. Бір қызыл алтын беріп, зейтін деген жемістен кәрзеңкесі толғанша салды («М. Б. Т.»).
زيج (зижун) зидж — 1) астрономиялық жылнама, мәліметші: 2) астрономиялық кестелер. Ұлықбек обсерваториясының ең басты еңбегі — «Зидж Гурганидің» («Ұлықбек зиджі») жасалуы болады. «Зидж Гургани» төрт бөлімнен тұрады: календарьлар туралы, уақыт өлшеу жөнінде, планеталардың қозғалысын анықтау жайында, астрономиялық басқа мағлұматтар туралы (А. Көбесов).
زينة (зйнатун) зейнет — 1) әдемілеу, безеу, әшекейлеу, 2) иллюминация (әр түсті жарықпен жайнату). Бейнет, бейнет түбі — зейнет (мақал). Көл шайқап қаздан тоят алған шақта, Талай жан сұхбатына құлақ салсаң. Қызмет қыл да, зейнет тап деген сөз бар, Жігітке еш жол емес бекер қалған (Жүсіп қожа). Зейнеті болып еңбектің, Алтын жұлдыз парады. Сәулеті болып жер-көктің, Жарқыратты жиһанды (С. Мәуленов);
зейнеттену — әдемілену, әсемдену, көріктену, көркемделу, әшекейлену. Бұл заманның дайын тұрмас басында, Зейнеттенген ділдә жақсы жасыңда. Соның үшін ғашық болдым мен сізге, Аз-кем өмір болайын деп қасыңда (Нұржан). Адамзат зейнеттенген екі көзбен, Естумен екі құлақ, тілге сөзбен (Иса);
зейнеттеу — әдемілеу, әшекейлеу, көркемдеу. Аралап алтын орда отау тігіп, Еншіңді Түркістаннан бөліп бердім. Зейнеттеп, отауыңды құлпыртар деп, Келешек жеміс күтіп, сеніп бердім (Көпбай);
зейнетті — әдемі, көрікті, әсем, көркем. Өнері мол ел зейнетті, Өнімі мол жер зейнетті (мақал). Еркін алдындағы кішкентай кірпіш үйге жеткенше, «Мәскеу» барағының зейнетті көрінісіне қуанып келе жатты (Ғ. Мұстафин). Бейнетқор басың — зейнетті,— деді ол (М. Сатыбалдиев);
зейнетсіз — көріксіз, көркем емес. Еңбек адамының зейнетсіз, рақатсыз тіршілігі ақынның қырағы көзіне ілікпей қалмайды (Р Бердібаев).
س
س ~ سين (сйнун) — араб алфавитінің он екінші әрпі; сандық мағынасы — 60.
ساعة (са‘атун) сағат — 1) бір тәуліктің жиырма төрттен бірі; 2) уақытты көрсететін құрал. Бір бейғамдықтан бір сағат ой артық (мақал). Міне, бұл көрініс екі сағатқа созылып, тамашаға батамыз деп жиылған желбуаздар кірерге есік, шығарға тесік таппағандай болды (С. Торайғыров). Жансын жүрек жаныммен бір соғатын, Көмейге үн, көңілге жыр салатын. Жансын, жансын, сөнбесін Ильич шамы, Өтпек емес Ильичсіз бір сағатым (М. Мақатаев).
ساعة (са‘атун) сәт — 1) сағат; 2) уақыт, кез. Ауру жүрек ақырын соғады жай, Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай, Кейде ыстық тағы да қан басады, Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай (Абай). Сол сәтте Сармолланың басына бірінің шоқпары, бірінің кестегі зілдей тиді (М. Әуезов);
сағаттау — уақытты үнемдеу. Қанафия Телжановтың сағаттап жиналған тәжірибесі толыса келе, ой жүлгесі - Ата-баба мекеніне ұласты (Т. Сатышев).
сағаттық — уақыттық. Қарғасбаевтың баяндамасын талқылау төрт-бес сағаттық уақытқа созылды (С. Мұқанов). «Одақ» атты он бес сағаттық арнаулы телевизиялық программада Совет Одағының құрамындағы республикалардың жетістіктері жайлы айтылды (Қ. Үсебаев);
сағатшы — сағат жасайтын, жөндейтін адам. Бокиннің пәтері Эрмиш деген сағатшының үйі еді (3. Шашкин);
әп-сәтте — жылдам, тез, көзді ашып-жұмғанша. Адам әп-сәтте өзгереді екен (Ғ. Мұстафин). Үлкен аңғар әп-сәтте алай-түлей болды да кетті (Ғ. Сланов);
киловатт-сағат — энергия единицасы (бірлігі), бір киловаттық қуаты бар машинаның бір сағатта жасайтын жұмысы. Екібастұз комплексінің басты міндеті - Қазақстанның өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын электрмен және отынмен қамтамасыз ету. Осы мақсатқа барлық энергетикалық қуаттың үштен екісі пайдаланылады, ал мақсатқа барлық энергетикалық қуаттың үштен екісі пайдаланылады, ал қалған 42 миллиард киловатт-сағат электр қуаты еліміздің европалық бөлігіне беріледі (П. Изьящев). Ермак мемлекеттік аймақтық электр станциясының бірінші блогы іске қосылғаннан бері қырық миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндірді («С. Қ»).
ساقى (сақййун) сақи — шарап құюшы, шарап үлестіруші. Шираздағы түрік қыз сүйсе мендей бейшараны, Қияр едім меңіне Самарқанд пен Бұхараны. Толтыр, сақи, шарапты, таппаймыз ғой жұмақтан біз Жағасында Рукнабад гүл жайнаған Мусәлланы (Хафиз). Сақи айтты: «Ұйқымда бір түс көрдім, Түсімде үш бау жүзім сығып жүрдім. Қызыл алтын кесеге суын құйып, Ішіп қойды — Рияға беріп едім» («Ғашық-наме»).
سالك (саликун) сәлік — 1) жүруші; 2) жолаушы; 3) діни. құдайдың жолына түскен.
سامع (сами‘ун) самиғ – 1) тыңдаушы, естуші; 2) оқушы (тыңдаушы). Адамның екі көзі көрер ғайни, Сәмиғын ғана рәіси уәл үзнәйни... (Ақан сері).
سامى (самййун) сами — 1) семит; 2) семиттік (тіл); Сами — көне еврей тілінің сөзі. Сами (семит) тіліне: 1) эфиопия; 2) араб; 3) арқад (бабылдық, ассириялық); 4) хананей (көне еврейлік, финикиялық); 5) арамей (Сирияда болған) тілдері кіреді. АБЖД — барлық семит тұқымдас елдерге ортақ алфавит деседі (А. Машанов).
سائس (са’исун) сайыс — 1) басқарушы, әкім; 2) саясатшыл; 3) атшы, ат бағушы, ат баққыш; 4) ауыс. соғыс, ұрыс, тартыс; салт аттылардың бәсеке ойыны, ат үстінен найзамен аударыспақ. Сайыс қызу, бақастық жоқ, жаттық жоқ, Бәрі де маман, бәлсініп тұрған бастық жоқ (К. Салықов);
сейіс. Керуенмін, түйем арық, келіп ем кез, Кездестік жол үстінде сізбенен біз. Өзіңдей нағыз сейіс қолға түссе, Кәрінің жасармағы — бір сұлу қыз (Ешнияз). Ер белгісі — құнында, Зер белгісі — пұлында, Шын сейістер — ат қояр Желіде тұрған құлынға (Шораяқтың Омары).
سب (сабба) сеп — сөгу, ұрсу, балағаттау, қорлау, тіл тигізу. Ендігі бар арман — бір ұйқы. Тек осы тұрған жерге құлай кеткендей боп тұрмын! — деп, Абай біржолата титықтағанын айтты. Сол уақытта бұларды Байдалы келіп, Бөжей үйіне шақырды. Астың әлі аяқталмаған арты бар. Осыны Бөжейдің тұлдаған аттарын сою, үй ішінде былтырдан жиналған септі тарқату, қаралы теңді бұзу (М. Әуезов).
سباب (сибабун) сыбау — балағаттау, сөгу, тілдеу. Біреуі түгін қалдырмай, үрім-бұтақтан бері қарай сыбап балағаттағысы келсе, қазақ «жеті ата», «жеті мұсты (мұстан)» немесе «жетпіс жеті атадан» келеді (І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев). Шақырды бір былдырлап зәңгілерін, Арабша сыбап алды бар білерін.— Рақымсыз сен тәкаппар, Медғат залым,— Деді,— міне, болды ғой өлер жерің (Мағауия).
سبات (субатун) сұбат — 1) дамыл, тыныштық; 2) ұзақ ұйқы, ұйқышылдық; 3) орамсыздық; 4) ұйқы ауруы; 5) мед. талма ауруы; 6) мед. сіреспе ауруы.
سبائى (саба’ййун) сабай — сабалық. IV ғасырда арабтарда жазу өнері шыққан. Жазу екі түрлі болған: нәбетей жазуы және сәбей (дұрысы: сабай — Н. О.) жазуы (М. Ысқақов).
سبب (сабабун) себеп — 1) сылтау, дәлел; 2) жол, тәсіл, құрал; 3) зат, бұйым, нәрсе; 4) жіп; 5) байланыс... Мысалы: мал қыратын түрлі аурудан себеп тапсам, еш зиян келмес болса (С. Торайғыров). Әрбір дастан, эпостық жырдың шығуының тарихи, қоғамдық себебі бар (Е. Ысмайлов);
сәбәп. «Жездем» деп айтқан болсаң, мен жиенің, Білмеймін, жүрсің тулап не сәбәптан? Дағбыртпен шыдай алмай шығарсаң сөз, Дегендей «ашу — кәпір» ауалатқан (Шораяқтың Омары);
себепті — себебі бар, сылтауы бар, дәлелі бар. Туысқанның, достардың — бәрі екі үшті, сол себепті досыңнан дұшпан күшті. Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған. Бұл не деген заманға ісім түсті? (Абай). Сол себепті ауыз әдебиет өкілдерінің шығармалары «Барлығы майдан үшін!» деген ұлы ұранмен әр уақытта бірге үндесіп, үйлесе қабысып жатады («Қ. Ә. Т»);
себептілік — себебі, сылтауы, дәлелі барлық. Омар Хаям дүниенің ақиқаттығына шүбә келтірмейді. Алладан басқа табиғат құбылыстары мен заттары арасында себептілік (детерминизм) бар екенін көрсетеді (А. Көбесов);
себепсіз — сылтаусыз, дәлелсіз. Күлімсіреп аспан тұр, Жерге ойлантып әрнені. Бір себепсіз қайғы құр Баса ма екен пендені? (Абай). Кемесіз суға кетер арандаған, Себепсіз ешбір нәрсе жаралмаған (Әріп);
себепші — себепкер. Кенеттен кездескен бір оқиға осыны жазуыма себепші болып отыр (Ә. Әбішев). Осы әсерлер Мүлқаманның «Желіс» атты күйінің жазылуына себепші болды (Ә. Айдаров).
سبحان (субханун) сұбхан — діни. мақтау (құдайды), даңқты (жаратушы). Мұнысын жаратпады қадір сұбхан Көк бұзылып, жер жүзі болды топан. Байлаулы бала жайға қала берді, Кемемен әуре болды көп ант ұрған (Абай). «Бақырған» кітабынан: «Бағырғанден сафар қылсам, Тауаф қылғалы Кәғбани... Хатим диуәрни көрсәм, хәмді уә сәнә айтсам Сахар уахида сұбхани» (С. Мұқанов);
субхан. Дүңқ етіп күн күркірей ме? Субхан Алла! — деді хажы (X. Есенжанов);
субыхан.— Тәубе!... Субыхан Алла!— деді (Ә. Нұрпейісов);
сұбқан. Бұл сөзге шамданбады шахы сұлтан, «Айттырып тұрған шығар»,— деді, сұбқан (Шораяқтың Омары). Сұбқан алла, қорықпа! — деді Сүлеймен Бержабайға (I. Жансүгіров);
сұбықан. Қожахмет, тап сенің, Жақында көрген түсіңнен, Сұбықан Алла, шошындым, Түсіңде көрген ісіңнен (Әбубәкір). Ел биледім неше жыл, Бергеніңе мың шүкір, Қылдым тәубе-ай, сұбықан! Жемқор болыс, жалмауыз! — Деген сөзді бір ауыз Естігем жоқ халықтан (С. Дөнентаев).
сұбыхан. Е, сұбыхан Алла, тағы не шығарғансың?— деп кәрі әже жағасын. ұстады (Ә. Нұрпейісов). Сұбыхан Алла,— деді Қадес (X. Есенжанов);
сүбіхан. Жұпаргүл келді, «и-и, байғұс-ай», - деп біреуінің мені мүсіркей, ернін сылп еткізгенін де сүбіханым сүймеді (М. Сатыбалдиев);
сұбхан-алла — діни. Құдайды мақтау, оның даңқы арта берсін деген мағынада. Әйда-ай! Бүгін түнде әне жерде шарта жүгінген жыбыр-жыбыр далайып қайрот, мына жерде сарт-сұрт еткен таспиқ пен сұбхан-алла су жағала дей ме, немене, көзін жұмып, дамығып кеткен мүридтер (С. Торайғыров). Күркіресе ашулы күн, «Сұбхан алла», - дейді шал (Ә. Тәжібаев). Кемпір қолына таяғын алып, аяғын басқан сайын «сұбхан-алла» деді («М. Б. Т.»);
субхан алла. Дүңк етіп күн күркірей ме? Субхан Алла! — деді қажы (X. Есенжанов);
субыхан Алла. — Тәубе!... Субыхан Алла! Саған дауа жоқ,— деді (Ә. Нұрпейісов). Субыхан Алла,— деді Қадес (X. Есенжанов);
сұбқан-алла. — Сұбқан-алла, осындай да адам болады екен!— деді (I. Жансүгіров);
сұбықан-алла. Қожахмет, тап сенің Жақында көрген түсіңнен, Сұбықан-алла, шошындың, Түсіңде көрген ісіңнен (Әбубәкір);
сұбыхан алда. Сұбыхан алда!— десті шалдар, сап-сап боп сақалдарын сипаласты (X. Есенжанов).
سبحة (субхатун) сұбхат — 1) намаз, Құдайды еске түсіру; 2) таспиқ; 3) ауыс. әңгіме. Дәл мынадай мүсәпір ана кейпіңмен бәйбіше құсап күллі дүниенің көңкілін құлағына ілмейтін ұлы әміршінің назарын тоқтатар салихалы ақылды қайдан табасың, салауатты сұбхатты қайтып құрасың? (Ә. Кекілбаев). Сосын нағашымның әлдекімнен жата-жастанып әңгімелескісі, тізелесіп отырып сұбхат құруды аңсайтынын аңғардым (О. Бөкеев);
сұбқат. Әншейінде сырт көзге суықтау, тұйық көрінетін жазушының (Ә. Нұрпейісов туралы — Н. О) жақын тартқан кісімен үлкен-кішісіне қарамай ұзақ сырласып, сұбқат құратыны жиі кездеседі (О. Сәрсенбаев);
сұбқаттасу. Бір көргеннен-ақ іш тартып, әп деп сұбқаттасқаннан-ақ бауыр басып, жете түсінісіп кететін адамдар болады (Д. Қанатбаев);
сұбхаттасу — әңгімелесу. Ғалымның әлгі ойын лабораториялық зерттеулерін ортаға салып, сұбхаттасып отырған ғылым докторы Ғазиз Тәшенов те бірден аңғарды (Т. Қаупынбаев);
سبيل (сабйлун) себіл – 1) жол; 2) мүмкіндік; 3) қоғамдық құдық, бұлақ; 4) ауыс. молшылық; 5) тәсіл, жол, амал; 6) діни. қайыр, садақа, үлестіру. — Ыстық темірді жалап-жалап алды. Ерніне, мұрнына ине сұқты. Қандай шыдамды! Неткен жан себіл! (Ғ. Мұстафин). О уәзірдің егінін егіп, малын бағып, жұмысын өгіздей еңсеріп, жапыра істейтін бір жан себіл болатын («М. Б. Т.»).
ستار (саттарун) саттар — 1) панашы, қамқоршы; 2) кешіруші (Құдайдың теңеуі); Саттар хақ еді хақтың бір есімі... Ағына зор тауқымет қыстырыпсың, Күлсін деп есіткен ел желе-жорта-ақ (Ерімбет).
سجد (сажада) сәжде — 1) діни. Тәжім, сәлем, бас ию; 2) бас ұру, тәжім ету, Басында сәжде еткен болып жүріп, Сөзінен жүре-жүре танғандығы... (С. Торайғыров). Хадистің тәржімасын өлең қылып, Құраннан хат көшіред дүмше молда-ай. Әзәзіл періштеге сабақ айтып, Ғаршыда сүрген дәурен неше жылдай. Адамға сәжде етпеген себебінен, Ақыры болып еді оның қандай? (Ы. Ержанұлы). Құбылаға қарай бас қойып, Мұнажат айтып аллаға, Сәждеге басын салады («Қыз Жібек»);
саждә. Бесеу емес, бір бөлек, Рухы жоқ, саждә жоқ, Тамамдауға ер керек (Қожахмет);
сәжда. Қалың қазысы алдын тіреп, сәждаға басын жеткізбейтін халінде, басын төмен шұлғып қана ырымын жасайтын Айғаным (С. Мұқанов). Оранған ақ бұлтқа Алла тақты Арсының ар жағында нұрға ұласты. Жарқ етіп, ақ мұнардан Алла шықты Сәждаға періштелер қойды басты (А. Пушкин);
сәждә. Дүние ойнап-күлсе, ол мұңайып, Жатырқап жұрт сөзінен шетке тайып, Халықтың сәждә қылған құбыласына Имейді ол менмен басын ерге лайық (І. Жансүгіров);
шажда. Биыл сексеннің сегізіне шығып отырған жасым бар. Мен - дінге сенбейтін атеист адаммын. Маған тетелес ағайындар ішінен: «Басыңызды шаждаға тигіз, діннің әдет-ғұрпын сақта, өйтпесең ертең өлгенде молдалар жаназаңды шығармайды», — деп мені үгіттейді де, үрейлендіреді (Ө. Мұсин);
шәжда. Намаздың әрбір рәкәғаты сайын түрегеле беруге жалыққан кезде, шәждаға жүресінен отырған қалпында барып, бірталай уақыт тоңқаңдайды (С. Мұқанов). Қылғанда хаққа шәжда қара жерге, Сүртпеген топырағын маңдайынан (Әріп);
Достарыңызбен бөлісу: |