Н.Д.ОҢДАСЫНОВ
?
АРАБША-ҚАЗАҚША
ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДІК
(қазақ тіліндегі араб сөздері 1том)
Толықтырылып және түзетіліп екінші басылуы
Жалпы редакциясын басқарған
Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі,
филология ғылымдарының докторы,
профессор Ә.Т.Қайдаров
Алматы «Мектеп» 1984
Алматы «Білім» 2010
КІРІСПЕ
Тіл қасиетін айтып жеткізу қиын. Тіл — адамға ғана біткен ырыс. Тілсіз адамзат қоғамы өмір сүре алмаған болар еді. Тіл — адамдардың бір-бірімен қатынас жасайтын, пікір алысатын, өзара түсіністің құралы. В.И.Лениннің тіл — адамзат қатынасының ең маңызды құралы дейтіні де сондықтан. Олай болса, тілдің дамуына, оның жетілуіне жан-жақты назар аударып отыру — бәрімізге ортақ міндет. Ол үшін ана тілімен қатар басқа халықтардың тілдерін де қадірлеу, оларды ерінбей ықылас қойып үйрену — қасиетті іс. Халықтар тіл арқылы тезірек жақындасады, бір-бірінен тіл үйрену — халықаралық достықтың сарқылмас бұлағы.
Совет Одағының басқа халықтарының тілдеріндей қазақ тілі де Ұлы Октябрь* революциясынан кейінгі дәуірде адам айтқысыз дамыды. Сөйтіп, бұрын өзінің жазу емлесі болмаған қазақ тілі енді әлемдегі бай тілдердің біріне айналды. Бұл өзінен-өзі пайда болған жоқ, ол — Ұлы Октябрь социалистік революциясы жеңісінің, ұлы Абайдың орыс тілін үйреніп, білім ал, өнер тап деген өсиеттерін жүзеге асырудың жемісі. Тіліміздің бай қоры, сан алуан асылдары Октябрь революциясынан кейін жаңа дәуірдің талабына сай кең пайдаланылып, халық мұқтажын өтеу нәтижесінде, тез қарқынмен өсіп-өркендеді. Мұндай тарихи құбылысты еш уақытта ұмытуға болмайды. Сондықтан да қазір СССР халықтарының ортақ игілігі үшін қызмет етіп отырған орыс тілін де үйрене береміз. Тілдердің бір-бірімен қарым-қатынасын жетілдіріп, оны жан-жақты байыту арқылы, халықтардың өзара түсінігін кеңейту мен олардың ынтымағын күшейту елімізде сәулетті коммунизм сарайын барынша тезірек орнатуға көмектеседі.
Халықтардың әр түрлі себептермен бір-бірімен үнемі араласып келгені адамзаттың сонау көне тарихынан белгілі. Мұның өзі олардың тіл байлықтарын арттыра түсуге үлкен әсер етіп отырған. Бұған барлық халықтың тілі, оның ішінде қазақ тілі де куә. Демек, «таза» тіл деген жоқ, ол болмақ та емес. Ондай тілді іздеп, арам тер болудың тіпті қажеті де жоқ.
«Қазақтың өткен бір дәуірінде оның тіліне әсерін көбірек тигізген араб пен парсы тілдері деуге әбден болады. Бұл — заңды қорытынды. Бірақ, бұл жерде айта кететін бір жағдай, мұндай процесс бір жақты болмаған. Араб-парсы тілдеріне түркі тілінің де ықпалы аз болған жоқ. Мәселенің осы жағымен қызығушылар ізденсе, араб-парсы сөздіктерінен жүздеген түркі сөздері мен оның элементтерін тауып алады.
Арабтың қазақ тіліне біраз сөздері енген. Олар көбінше исламның ертерек тараған, бізден гөрі мешіт-медреселері көбірек болған отырықты көршілес елдер — бір жағынан Орта Азия, екінші жағынан татар және башқұрт тілдері арқылы келген. Сондықтан болар, түркі тілдес елдердің ішінде араб сөздерінің ең аз кірген тілі — қазақ тілі екен. Осылай бола тұрса да, қазақ тілінде және оның жазбасында кездесетін араб сөздерінің бәрін қамтып, олардың әрқайсысының ана және қазақ тілдеріндегі мағыналарын толық түсіндіріп айтып беру оңай жұмыс емес екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, бұл халыққа керек-ау деген ой жетелеп көп жылдар бойы осы еңбекпен шұғылдануға мәжбүр болдық. Оған өкінбейміз, Бұлай деуіміздің себебі: бұл еңбек қазақ тілін пайдаланушыларға, оны зерттеушілерге, атап айтқанда, оқытушылар мен оқушыларға, жазушылар мен журналистерге, тарихшылар мен этнографтарға, үгітшілер мен насихатшыларға, жалпы интеллигенцияға, араб тіліне қызығушыларға пайдалы көмекші бола алатынына кәміл сенеміз.
Кейінгі жылдары Совет Одағының араб елдерімен қарым-қатынасы, достығы күшейіп келеді, келешекте одан да күшейе бермек. Бұл жағдай осы еңбектің қажеттігін талап ете түсетін болады.
Бұл ұсынылып отырған еңбек — арабша-қазақша жалпы сөздік емес, түсіндірме сөздік. Сөздіктің негізгі міндеті — қазақ тіліне енген және жұртшылық ең көп қолданатын, әйтеуір бір қазақ жазбасында кездесетін, ол жазбаның ұшан-теңіз беттерінде тарыдай шашылып жатқан араб сөздері мен оның элементтерін мүмкіндігінше бір жерге жинап, қадари-хал түсіндірме беру. Сонымен қатар олар пайдаланушылардың жағдайын мейлінше жеңілдете түсу үшін бұл сөздерді де бір сөздік ретінде оқырмандарға жеткізу. Оның басқа сөздіктерден ерекшелігі осында.
Сөздіктің атауы жөнінде әр түрлі пікірлер болды. Оның мазмұнына дәл кең атау табу да қиынға соқты. Сондықтан жоғарыда аталған жағдайларды ала отырып, сөздіктің атауын шартты түрде бұрынғыша «арабша-қазақша түсіндірме сөздік» деп қалдыру басқа варианттардан дәлірек көрінді.
«Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» бірінші рет 1969 жылы жарық көрді.
Осы тақырыптағы қазақ тілінің тарихындағы тұңғыш еңбек еді. Сөздік тез тарaп кетті. Оқырман қауымнан түскен хаттардың мазмұнына қарағанда, көпшіліктің көңіліне жол тапқан сияқты. Рас, сөздіктің бірінші басылымының көлемі шағын және негізгі тақырып қысқаша баяндалған болатын. Халықтың осы тұрғыдағы қажетін толығырақ өтеу мақсатымен, баспа орындарының рұқсаты бойынша сөздік қайта қолға алынып, түзетіліп, мейлінше кеңейтіліп, жаңа басылымға енді. Сөздіктің жаңа вариантының бірінші басылымға қарағанда біраз айырмашылығы бар. Бұрын қазақ тілінде кездесетін арабтың шамалы ғана түбірлері берілген болатын. Енді, олар едәуір толықтырылды. Сонымен қатар, олардан жасалатын туынды сөздер, қазақ тілінде жеке қолданылмайтын, бірақ қазақтың кейбір сөздерімен немесе жұрнақ- қосымшалары-
* Еңбек автордың көзі тірісінде шыққандықтан, қалпын бұзбай сол күйінде жіберуді жөн санадық.
мен (әріп — әріптес сияқты) бірге айтылатын араб сөздері, сөздікте кездесетін керекті араб жұрнақтары берілді.
Қазақ тіліне жат кейбір араб дыбыстары (әсіресе нүктесіз әріптері) тіліміз ала-құлалығының көбеюіне күшті әсерін тигізген. Жазбадағы ала-құлалық — тіл мәдениетінің үлкен жауы. Біздің елімізде мәдениет революциясы іске асты. Енді үлкен мәдениетті ел болдық, оған нағыз мәдениетті тіл лайық, оның аттың төбеліндей айқын жазуы болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, орыс тілінің үлгісін жатпай-тұрмай пайдалану, одан үйрену қажет. Орысша әрбір сөздің тайға басқан таңбадай бір-ақ белгісі бар — оның бір әрпін өзгертуге болмайды. Қазақтың жазуын осындай дәрежеге көтеруге бола ма? Әбден болады, ол үшін іздену керек, ізденіс — табыс кепілі.
Біз қазақ тілінде кең өріс алған 400-ден астам араб сөздерінің қазақша жазылу түрлерін анықтап шықтық. Олардың шұбарлығы соншалық, оның себебін ашуға кісінің ақылы жетер емес. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Оқылған әдебиеттерде: тясбих сөзінің — 20, ижтиһаттың — 12, ілтипаттың — 8, ғибраттың — 7, әрекеттің — 6, қауіптің — 5, ұжданның — 4 варианты кездесті. Әрқайсымыз күніне жүз рет айтатын «рақметтің» (ауызекі айтылуы өз алдына) баспада: рақмет, рақымет, рахмат, рахмет, рахымет сияқты 5 түріне кездестік. Бұл жағдай тіліміздің берекетін қашырып келе жатқаны сөзсіз.
Жоғарыдағы айтылғандарды еске ала отырып, сөздікте көп таңбалы сөздердің варианттары берілді. Мұндағы мақсат - бірінші жағынан, ондай сөздермен кездесетін оқырмандарды қиыншылықтан құтқару, екінші жағынан, тиісті мекемелер мен ғалымдардың назарын аударып, жазуымыздағы ала-құлалықтың тезірек жойылуына нақты шаралар белгілеп, тіл мәдениетін бұдан да жоғары көтеруге септігін тигізіп, оны ғылыми даңғыл жолға салар ма екен деген тілекті үміт.
Қажеттігін еске алып, сөздікте қосымша ретінде арабтың екінші түрлі цифрлары мен абжад туралы қажетті деректер берілді. Қазіргі өзіміз қолданып жүрген цифрлардан (1, 2, 3, 4, 5) басқа араб және бірқатар мұсылман елдерінде осы уақытқа дейін арабтың екінші түрлі цифрларын пайдаланады. Бұл цифрларды арабшадан латын алфавитіне көшкенше біз де пайдаланып келгенбіз. Араб әріптерімен жазылған қазақ тіліндегі кітаптарда өткен заманнан қалған ескерткіштердің, бейіттердің, ғимараттардың жазуларында арабтың ескі цифрлары кездеседі. Сондықтан мұны білудің керек екені өзінен-өзі түсінікті сияқты.
Екінші томда Құранның 114 сүресінің арабша аты мен қазақша аудармасы беріледі.
Орта ғасырда Шығыс ойшылдары мен ақындары, ғалымдары мен саяхатшылары араб алфавитімен жазылған дүниежүзілік маңызы бар қаншама құнды шығармалар қалдырып кетті. Олардың ішінде әлемге әйгілі біздің жерлестеріміз Әбунасыр әл-Фараби, Юсуп Баласағұни, Махмуд Қашғари, Әбурайхан Бируни және тағы басқалар бар еді. Тіпті алысқа сілтемей-ақ, өзіміздің қазақ халқын ғана алатын болсақ, ол ұзақ уақыт араб алфавитін пайдаланып келді. Демек, араб жазуын білген кісілерге отызыншы жылдарға дейінгі қазақ тілінде шыққан кітаптарға ғана емес, араб алфавитін қолданған түркі тілдес халықтардың әдебиеттеріне де жол ашық.
Қазіргі совет азаматтары жан-жақты болулары керек. Оқуға, ізденуге жағдай да баршылық. Араб жазуын, араб тілін оқып үйреніп, соған машықтанған адам Шығыстың алуан түрлі әдеби бұлақтарынан сусындап, ләззат алары хақ. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл еңбек иненің жасуындай болса да халық игілігіне жараса екен деген тілектеміз.
Осы еңбекті әзірлеуде ғылыми тұрғыдан достық ақыл-кеңесімен қолғабыс еткен және оның жарық көруіне қамқорлық жасаған қадірлі азаматтарға автор шын жүректен алғысын жолдайды.
Автор.
АРАБ ЖАЗУЛАРЫНЫҢ КЕЙБІР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖӨНІНДЕ
1. Араб жазуы әдетте оңнан солға қарай жазылады. Араб графикасында 28 әріп бар (алфавитті қараңыз). Сөздің басында, ортасында, аяғында немесе жеке жазылуына қарай әріптің жазылу кескіні де өзгеріп тұрады. Олар қай жағдайда қалай өзгеріп, қалай жазылатыны алфавитте көрсетілген. Арабша жазудың ең бір қиындығы осында. Сондықтан әріптердің жазылу түріне айрықша назар аударудың зор мәні бар.
2. Араб тілінде кейбір дыбыстардың бірнеше белгілері бар. Мысалы, біздіңше қазақ тіліндегі т дыбысы араб тілінде ت және ط әріптерімен беріледі. ت дыбысы көбінесе қазақ тіліндегі т дыбысына ұқсас айтылса, ط дыбасы қатаң айтылады, оның транскрипциясы астында нүктесі бар т-мен берілді.
С дыбысы арабша әр түрлі айтылуына байланысты, үш түрлі белгіленеді: ث س ص Олардың ішінде арапша әріп ث (с) мен ص (с) әріптері тек араб сөздерінде ғана жазылады. ث тіс арасынан шығып дыбысталады, сондықтан оны тіс дыбысы немесе сақау дыбыс деп атайды. ص — қатаң дыбыс.
з дыбысы да арабша әр түрлі айтылуына байланысты, ظ زذ түрінде таңбаланады. ظ — қатаң, дыбыс, ол тек араб сөздерінде ғана жазылады. ذ — сақау дыбыс болып есептеледі. ض — қатаң дыбыс, оны арабтар дад дейді, бірақ кейбір араб алфавитін пайдаланатын елдер оны зад деп атаған.
Алфавиттегі ج әрпінің транскрипциясы ж түрінде беріледі. Себебі, араб сөздері қазақ тіліне енгенде орысша және басқа сөздіктерде дәстүрге айналған «дж» емес, ж болып естіледі. Мысалы: жұма, Жамалбек, Жәмила және т. б. Сондықтан біз ح дыбысы қазақ тілінде өзгешелеу айтылатынын ескеріп, осылай таңбалауды жөн көрдік.
Нүктесіз ح х әрпі тек араб сөздерінде ғана жазылады. Ол нүктелі خ х дыбысынан жұмсағырақ айтылады. Нүктесіз ح дыбысы қазақтың байырғы төл сөздерінде кездеспейтіндіктен, осы дыбыспен келетін араб сөздері әр түрлі айтылып кеткенін сөздіктегі осы әріппен келетін сөздерден айқын көруге болады. Мысалы: حاجة — әжет, қажат, қажет, хажат, хажет, حرام — арам, қарам, харам, رحمة — рақмет, рақымет, рахмат, рахмет, рахымет. Арабтың حاكم (төре, басқарушы, бастық), حكيم (дана, данышпан) сөздері қазақ жазуында (сөйлеуінде де) әкім, кәкім, хаким, хакім, хәкім болып келеді, сондықтан сөз тіркестерінде болмаса, жеке сөзден оларды айыру мүмкін емес. Арабтың осы нүктесіз ح әрпі — қазақ тілінің ала-құлалығының көбеюіне себеп болған дыбыстардың бірі. Кейбір сөздіктерде бұл дыбыс кейде х, кейде һ әріптерімен алынады. Бұл жерде мықтап ескеретін нәрсе — бұлар әр түрлі дыбыстар, һ дыбысынан қатаңдау айтылады, сондықтан оларды еш уақытта шатастыруға болмайды.
ع әрпі де тек араб сөздерінде ғана жазылады. ع араб тілінде қатаң айтылатын дыбыс. ع әрпінің транскрипциясы кері үтір (,) түрінде берілді. Қазақ тілінде мұндай дыбыс та, әріп те жоқ. Сондықтан ع әрпі кездесетін араб сөздері қазақша әр түрлі айтылып, әр қилы жазылып келеді. Ол – қазақ тіліндегі сөздердің жазылуында ала-құлалықты күшейткен әріптердің бірі.
ع. Өзінен кейінгі дауысты дыбыстардың ықпалымен сөйлеу кезінде дыбысталғандығы онша байқалмайды, бірақ ол дауыстылар жай емес, ауыз қуысының артқы бөлігінен, яғни көмейден айтылады. Мысалы: عالم (алам ун) қазақшасы — әлем, ғалам; علماء (улама у) — ғұлама, ұлама; (илим) — ғылым, ілім; عمر (умр ун) — ғұмыр, өмір. Егер, әрпі тұйық буынды сөздің аяғында келсе, ол түсіп қалады; شمع (шам ун) — шам, ربيع (раби ун) — раби.
Арабтың و әрпінің транскрипциясы түрінде алынды. Ол — қазақ тіліне басқа тілдер арқылы келген дыбыс. Мысалы: دور (даур ун) — дәуір.
Арабша сын есім жасайтын қосарланған ىّ транскрипцияда йй түрінде берілді. Мысалы: ادبى (адабий ун) — әдепті, әдебиеттік.
3. Араб әріптерінің бәрі дауыссыз болады, қысқа дауысты дыбыстар хатта жазылмайды, олар сөйлегенде ғана естіледі. Бұл — араб графикасының тағы бір ерекшелігі мен өзіне тән қиындығы. Осы жағдай арабша жазу мен оқуды өте киындата түседі. Ол қиындықты жеңілдету үшін сирек кездесетін көне кітаптарда, сөздіктерде әріптердің асты-үстіне диакритикалық белгілер (харакеттер) қойылады. Олар мыналар:
а) қысқа а дыбысын белгілейтін фатха жазуда өзінің алдындағы әріптің үстіне көлбеу сызықша түрінде (—) жазылады. Қысқа а сөз ішінде қазақ тіліндегі ә дыбысына ұқсас айтылады, бірақ жалпы транскрипцияда а болып қалыптасқан. Мысалы: قلم (қалам ун) — қалам;
ә) қысқа и дыбысын белгілейтін кәсра жазуда өзінің алдындағы әріптің астына көлбеу сызықша түрінде (—) жазылады. Қысқа и транскрипцияда и әрпі арқылы берілді. Мысалы: فكر (фикр ун) — пікір; كتاب (китаб ун) — кітап;
б) қысқа у дыбысын білдіретін дамма жазуда өзінің алдындағы әріптің үстіне үтір (’) түрінде белгіленеді. Қысқа у транскрипцияда у әрпі арқылы берілді. Мысалы: دكان (дуккан ун) — дүкен;
в) дауыссыз дыбыстан кейін дауысты дыбыстың жоқ екенін білдіретін дөңгелекше белгіні сукун деп атайды. Мысалы: دفتر (дафтар ун) — дәптер, مجلس (мажлис ун) — мәжіліс.
г) әріптің үстіне қойылатын ташдид белгісі (در) өзінің астындағы дыбыстың косарланып айтылатынын білдіреді. Мысалы: در (дурр ун) — дүр; تكبر (такаббара) - тәкаппар;
ғ) мадда белгісі (آ) қатар келетін екі алифтің орнына біреуі ғана жазылып, мадда оның үстіне қойылғанда, сол дыбыстың созылып айтылатынын көрсетеді. Ол араб тілінде آدم (адам ун) — адам, القرآن (ал-қуран у) — құран сияқты сөздерде кездеседі;
д) араб тілінде созылыңқы а, и, у дыбыстары бар. Сөздікте олардың транскрипциясы былай берілді: ا – а созылыңқы, ى - й созылыңқы, созылыңқы و – у.
4. Араб тілінде екі грамматикалық тек (род) бар. Ер тегі مذكر (музаккар ун) — музәккар, әйел тегі مؤنث (му аннас ун) — муәннас деп аталады. Әйел тегіне жататын сөздердің көбінің көрсеткіші сөз аяғында келетін тамарбута — ة . Оның транскрипциясы т әрпі арқылы берілді. ة сөз аяғында жазылып, бірақ көбінше оқылмайтындығы мына мысалда айқын байқалады: مكة (макка тун) — Мекке.
5. Араб әріптері “күн” әріптері және “ай” әріптері болып екі топқа бөлінеді. “Күн” әріптерінің алдында келетін ال артиклінің құрамындағы ل дыбысы оқылмай, оның орнына сөз басындағы “күн” әрпі қосарланып айтылды. Мысалы: ألدﱡنيا (ад-дунна) — осы дүние. «Ай» әріптерінің алдында келген ال артиклі өзгеріссіз айтылады: ألماس (ал-масу) —алмас.
6. Араб тілінде сөздердің көпше түрін жасаудың түрлі жолдары бар, солардың сөздікте кездесетін түрлері мыналар:
а) сөздің «сынық» көпше түрі қалай жасалатынын төмендегі мысалдардан көруге болады: طرف (тараф ун) тараптың «сынық» көпше түрі, أطراف (атраф ун) — атырап, حق (хаққ ун) — хақы сөзінің көпше түрі, حقوق (хұқұқ ун) — хұқық.
б) сөздің «бүтін» көпше түрі сөздің аяғына ات (ат) қосымшасының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: معلمة (муаллимма тун) معلمات (муаллимат ун)
Ер тегіне жататын сөздердің көпше түрі сөздің аяғына وُن (уна) қосымшасы қосылу арқылы жасалады. Мысалы: مسلم (муслим ун) — мұсылман сөзінің көпше түрі, مسلمون (муслимуна) — мұсылмандар.
СӨЗДІКТІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
1. Сөздіктегі негізгі сөздер араб әрпімен жазылып, араб алфавитінің тәртібімен берілді. Әрбір араб сөзінен кейін сол түбірден өрбіген қазақ тіліндегі варианттар және соның негізінде жасалған сөздер тобы енгізілді.
2. Түбір араб сөздері мен олардың қазақ әріптері арқылы жазылған транскрипциясынан кейін бұл сөздердің қазақша аудармасы берілді. Алайда аударма қазақ тілінде пайдаланылып жүрген туынды сөздердің мағынасымен әрқашан сәйкес келе бермейді. Мысалы: نقد (нақд ун) — нақты, ақша.
3. Сөздікке енген етістік, үстеу және күрделі сөздерден басқа зат есім сөздердің транскрипциясы барлық жерде атау септігінің көрсеткіші -ун жалғауымен берілді.
4. Егер араб сөзі қазақ тілінде көп вариантты болса, түсінік сол варианттардың біреуіне (не араб тілінен өзгертілмей алынған вариантына, не қазақ тілінің әдеби нормасына ең жуық вариантына) ғана берілді, ал басқа варианттары өз мысалдарымен бірге жеке абзацтар арқылы көрсетілді. Сонымен бірге басқы атау сөздің негізінде пайда болған туынды сөздер де сол варианттарға жалғастырылып абзацтан берілді. Дәлірек айтқанда, бір араб сөзінің негізінде өрбіген қазақ сөздері сол сөздің соңына, яғни бір ұяға топтастырылып көрсетілді. Мысалы: حيلة (хила тун) айла 1) қулық, амал, әдіс; 2) ойлап шығарылған ептілік, бұлтарыс; 3) нәтиже, қорытынды, ақыр, соң (істің). Айла ақылдан аспас (мақал). Жүруден не мағына текке айла ғып, Қадірің болып тұрсаң халыққа жағып (Н. Наушабаев). Орынын немен болсын толтыруға Жұмсады барлық ақыл, айла-күшін (С. Торайғыров). Жүрек бейне жалаудай Қолдан-қолға ауысты, Іші күйіп алаудай, Айласын жау тауысты (С. Мәуленов).
ила. Шарқан қыздың ила қылмай адал көңіліне сеніп күлді («М. Б. Т.») Айырып алар дәрмен жоқ, Ажалға ила, жазса не (К. Дәрібаев). Балам салды ағашқа кеулеп жерді, Алалық деп иламен мұнша зерді (Майлықожа);
қайла. Электрді тауып аспаннан, жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай кызметтер істетіп қойды (Абай). Бұл сөзімнің мәнісін ақылменен білетін, Қайласы асқан сұм кайда? (Қожахмет);
хайла. Қазақ жоқ бұ хайлаға алдырмаған, Пары өгіз, майсыз арба салдырлаған (Әбубәкір). Қатты дзот көкіректе болды пайда Рекелеп алар сізді заман қайда? Өзіңіз бір ақылды таппасаңыз. Құрбыңыз таба алмады ешбір хайла (М. Сералин);
хәйлә. Жүністің бір өлеңінде былай деп жазылған екен: «Хұрметлу хат язамын сізге арнап, Хәйләсі бұл дүнияның неше тармақ».. (С. Мұқанов).
айла-тәсіл — айлалы әдіс. Жауды ескермеу дұрыс емес, оның әскерін, айла-тәсілін, мықты, әлсіз жақтарын зерттей біл (В. Суворов);
айла-тәсілшіл — айлалы, әдісшіл. Аманкелді - көтерілісті ұйымдастыру ісінде байсалды, ақылды, қажет жерінде айла-тәсілшіл, сөйте тұра баладай сенгіш (М. Жұмағалиев);
айла-әрекет — қулық әрекет, сұмдық қимыл. Баю үшін нелер сұмдық айла-әрекет қолданған зымиян Жантық қазақ әдебиетіне өзіндік ерекшелігі мол, жаңа образ болып, тиянақты кірді («Қ. Ә. Т.»).
айласыз — амалсыз, лажсыз. Айласыз бір іс болмас деген сөз бар («А.Ш.»). Тақатсызбын, айласызбын баладай (М. Әуезов);
айласыздық. — амалсыздық, лажсыздық, шарасыздық. Амалсыздық, айласыздық діңкені құртқан тәрізді (М: Әуезов);
қайласыз. Бір нақыл сөз өрнек бар, «Ерде он түрлі ерлік бар, Бірі күш, тоғызы тәсіл» деп, Қара күштен қайласыз... (Н.Баймұратов);
хайласыз. Пайдасыз тақыл, Хайласыз ғафыл (I.Жансүгіров);
айла-шарқы. Сірә, мысық тышқандарға жыртқыштық жасаудың айла-шарқысымен әуре шығар (М. Сатыбалдиев). Осыдан кейін-ақ ол үйінде жападан-жалғыз қалып, күрестің айла-шарықтарын зерттеді («Л. Ж.»);
айла-амал — қулық, амал, айла-тәсіл. Айла-амалы құрыған Баймырза: «Қалампыр!»— деп бақыра берді (С. Мұқанов). Нұрғалық деген кісі дәулетті адам, Байлардың айла-амалы қандай қиын (К. Әзірбаев);
айлалау — тәсілдеу, лаждау. Әлде... қызда қырық есекке жүк болатын айла бар дейтін еді, айлалап жүр ме екен? (Ғ. Мүсірепов). Кездескен соң қиындық, Шыдау керек айлалап (С. Бегалин);
айлалы — айлакер, айлашыл. Көзсіз ерліктен, айлалы батырлық жақсы (мақал). Славяндар соғыста өте ептейлі және айлалы («СССР тарихы»). Құсы да, иесі де қоразданар, Алпыс екі айлалы түлкі алғанда (Абай);
қайлалы — айлалы. Тәсілді күшке сенетін, Жау емес оңай жеңетін, Қайлалы қақпан қанды ауыз (Н. Баймұратов);
айлалық — айлакерлік, айлашылдық. Оның мәнісінің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалылығынан жетерсің деген сөз (Абай);
айлашы — амалшы, әдісші, қу, айлакер. Айлашы екен кәрілік, Бірге түнеп, бір жүріп, Сыр білдірмей сұмырай, Мүшеңді алған біртіндеп (Жамбыл);
айлашыл — амалшыл, әдісшіл, айлакер. Кейде қартаң, сырдаң айлашыл бұқпантай адамдар да кезігеді (М. Әуезов). Өрт сөндіруші - дүниеде ең батыр, ең айлашыл, ең қайратты адамдар (М. Сүндетов).
5. Араб сөздері араб алфавитінің тәртібімен берілгендіктен, бір түбірден өрбіген тұлғасы әр түрлі сөздер сөздіктің әр бөлігінде кездесе береді. Мысалы: طرف (тараф ун) — тарап, اطراف (атраф ун) — атырап.
6. Араб сөзінің кейбір көпше түрі қазақ тіліндегі қолданылу ерекшелігіне қарай жекеше түрде берілді.
7. Қазақ тіліндегі туынды сөздерге түсінік соған сәйкес синоним немесе сипаттама сөздер арқылы көрсетілді.
8. Реестр сөздің қазақ тілінде кейде қолданылмайтын мағыналары да ескерілді. Қазақ тілінде қалыптасқан мағыналарын ашуда реті келген жерде автор «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен» (1959-61) пайдаланды. Егер сөздің мағынасын толық анықтау үшін айтылғандар жеткіліксіз болса, онда жақша ішінде оның синонимдері беріліп, түсіндірілді. Мысалы: аза тұту (қайғыру).
Реестр сөздің мағынасын ашуға дәл келетін синоним сөздер табыла қоймаған жағдайда, сол сөздің сипаттамасы беріледі.
9. Реестр сөздің қазақ тіліндегі қолданылу аясын айқындай кету үшін мақал-мәтелдер мен әр кезде басылған әдебиеттерден мысалдар келтірілді. Берілген мысалдар кей жағдайда жазылу орфографиясы жағынан бұрынғы басылымындағы қалпын сақтады.
10. Бірен-саран сөздердің шекесіне (араб әрпімен жазылған сөздерге) жұлдызша қойылды. Бұл «сол сөздің араб сөзі екендігі талас» дегенді аңғартады.
11. Егер араб сөзінің қазақша варианты көп мағыналы (омоним) сөздер болса, олар 1, II... деп рим цифрымен ерекшеленіп көрсетілді. Бұл әдіс осы тұрғыдағы араб сөздеріне де қолданылды.
12. Сөздікті пайдалануды яғни одан іздеген сөзді тез тауып алу үшін осы кітаптың аяғында индекс берілді. Онда реестр сөздердің қазақ тілінде айтылуы алфавит тәртібімен көрсетіліп, әрқайсысының тұсына ол сөз кітаптың нешінші бетінде екені нұсқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |