Қола дәуірі. Этносаяси тарихы. Қола дәуіріндегі Қазақстанның тұрғындары қандай да бір монғолоидтық элементтердің қоспасынсыз протоеуропалық (көне еуропалық) нәсілдегі ортақ антропологиялық типте болып келеді. «Біздің материалдарымызға жүгінсек, көнееуропалық нәсілдің андрондық компоненті Қазақстанның жергілікті тұрғындарының арасында елеулі болды. Сондықтан да ол Қазақстанның этникалық тарихында ұзақ уақыт бойы жергілікті тайпалардың нәсілдік-гендік үрдісіндегі аса маңызды негізгі қызметін атқарды» деп жазды белгілі антрополог О. Смағұлов. Қола дәуірі халқының этникалық тарихы жайында қызықты мәліметтер «Авеста» деген атауға ие болған зороастризмнің /яғни зәрдүш дінінің/ қасиетті жазбасында айтылған. Көптеген ғасырлар бойы абыздар арий, тур тайпаларының тұрақтарында зәрдүш ілімінің қасиетті мәтіндерін жаттап, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізіп отырған. Солтүстік Қара теңіз жағалауларынан Алтай мен Шығыс Түркістанға дейінгі, Орал тауларынан Парсы (Иран) таулы қыратына дейінгі орасан зор кең далада мал (сиыр, түйе, қой, жылқылар) баққан бұл тайпалар Еуразия өркениетінің негізін салды. Арийлердің арғы отаны деп кітапта Арианам Вайджа-арийлер кеңістігі, яғни, Еділден (Ранха) шығысқа қарай созылып жатқан азиялық ұлы дала аталады. Датья мен Ардви (Сырдария мен Әмудария) терең өзендерімен суарылып жатқан Арианам - Вайджа жері тек арийлердікі ғана болмаған. Мұнда арийлердің дұшпандары турлар да мекендеген. Арийлердің басқа да қас дұшпандары – хьона (қиян) тайпаларының да Ариана Вайджаға қатысы бар. Қазақтың кең даласында бірдей ежелгі құдайларға - құдайлар пантеонына табынатын, бір жерде туған, сол жерді отан деп аңсаған арий, тур, хьоналардың тайпааралық соғыстарының қым-қиғаш тарихы өрледі. Бірақ бұл үзік-үзік мәліметтер күрделі этнотарихи үрдістердің бейнесін толық ашып бере алмайды. Ұлан-ғайыр дала кеңістігінде, этностардың нығаюымен және гомогенденуімен жалғас, малшы тайпалардың аңшылар қауымдарын ассимиляциялауы жүріп жатты. Осы тарихи кезеңде әскери және шаруашылық қажеттілігі бойынша күрделі тайпалалық одақтар қалыптасты.
Б.з.б. ІІ м.ж. тұрғындардың өсуі мен өндірістің дамуы арқасында шамадан тыс тығыздылыққа әкеліп соқтырған бірқатар қарама-қайшылықтар пайда болды. Бұл қола дәуірінің тайпаларын оңтүстік пен батысқа, Иран, Үндістан және Еуропаға қоныс аударуға мәжбүр етті. Сол революциялық өзгерістер кезеңінде, дала пайғамбары Заратуштра (Зәрдүш) ілімі пайда болса керек. Орталық Азияның малшы тайпалары алғашқы әлемдік дінге бастама жасады. Бірақ Зәрдүш ілімін турлар (туран) қабылданған жоқ. Оның көсемдері Африсияб пен Арджаспа арийлерден Зәрдүштен бас тартуды ұсынды. Осы қарама – қайшылық арийлердің жер аударуының басты шартының бірі болды. Арийлердің қоныс аударуы көп сатыдан өтті, сондықтан Оңтүстік Азияда және Еуропада арийлік және түрлі жергілікті этномәдени дәстүрлердің синтезі қалыптасты.
Алайда арийліктер жаңа жерлерге келген соң, ұзақ уақыт бойы дәстүрлі әлеуметтік құрылымның, отбасылық және құқықтық қатынастардың, рухани мәдениеттің, діннің ерекшеліктерін сақтап, осы аймақтардың әрі қарайғы тарихына шешуші әсер етті және Орта Азияның, Иранның, Үндістанның және т.б. ұлы өркениеттерінің пайда болуында үлкен рөл атқарды. Далада қалып қалған тайпалар кейінірек өзіндік шартты түрде скиф-сақ мәдениеті аталатын үлгі жасады.
Қола дәуірінде қоныстар кішігірім өзендердің, көлдердің жағалауларына орналасты. Бұл шаруашылық мүдделеріне байланысты болды, мал үшін қаулап өскен шөпті жер, егіншілік үшін ыңғайлы қара топырақ қажет болды. Қоныстар әдетте 10 - 20 тұрғын-жайлардан-көлемі 300 шаршы метрге жететіндей жартылай жертөлелерден тұрды. Олар ортақ қорғаныс орларымен және бөрене қоршаумен қоршалған болды. Тұрғын жайдың төбесін бірнеше тіреулермен тірелген екі жақты шатыр жауып тұрады. Құрылыс кезінде адамдар ағашты пайдаланған, ал ол болмаған жерлерде үйді тастан салған. Қоныстарға таяу ру қорымдары орналасты. Қабір іргелері ретінде тас плиталардан құрастырылған жәшіктер қолданылады. Олардың айналасына қырынан және жерге қазылып қойылған тас плиталардан қоршаулар жасалады. Мұндай қабір зираттар қазақ арасында «мықтың үйі» деп аталған. «Семей, әсіресе, Зайсанда, Жетісу облысында, Верный уезінде, қорғандар көбінесе «мық» немесе «муг» әлде «мықтың үйі» деп аталады" деп атап көрсетті белгілі өлкетанушы-тарихшы И.А. Кастанье ХХ ғасырдың басында. Қазақ қариялары «мық» деген Қазақстан территориясын мекендеген және қола дәуіріндегі қорғандарды тұрғызған ежелгі халықтың атауы деп есептейді.
Б.з.б. ІІ мыңжылдықта халықтың өсімі мен өндірістің дамуы кейбір қайшылықтардың қалыптасуына, яғни халықтың тығыздығына әкеп соқты. Жердің мүмкіндігі мен кәсіп арасында алшақтық пайда болды, оның негізінде халық тығыздығы көбейді, көшу мен қозғалыс үрдісі басталды. Тайпалар оңтүстік және шығысқа көшті. Турлар мен хьондарға күресте арий тайпаларының бір бөлігі Иран, Үндістан, Еуропаға көшіп кетті. Мүмкін б.з.б. ІҮ - ІІІ мыңжылдықтарда да мұндай көші-қон үрдістер орын алған болар. Себебі кейбір тарихи деректер сол заманда үндіеуропалық тайпалардың батысқа жылжығанын көрсетеді. Олардың алдында Ұлы даладан оңтүстікке қарай шумер, хет, гиксос тайпалары жылжуы әбден мүмкін. Азиялық мал шаруашылығымен айналысатын халықтар алғашқы дүниежүзі дініне бастау беріп, жер жүзіне сонымен үлкен әсер етті. Осылайша, адамзаттың өркениеті басталды. Тарих өзінің бастауын ойлау мен салыстырудан, алғашқы малшылардың дүниетанымынан алады. Енді осыған дәлел ретінде Таурат аңызынан мысал келтірейік:
Қабыл мен Әбіл:
1) Әзіреті Адам мен Хауа кездескен. Арғы әжеміз Хауа жыл сайын бір ұл, бір қыздан туа берген;
2) Хауаның бірінші ұлын Қабыл деп атаған. Қабыл егінші болып, жер баптады. Екінші туған ұлын Әбіл деп атайды. Әбіл бақташы болып қой баққан;
3) Күндердің-күні Қабыл жерден өнген өнімді Тәңірі құдайға сый деп алып келеді;
4) Әбіл болса өзінің баққан қойынан, оның өнімінен сый ұсынады;
5) Құдай тағала болса, Әбілдің сыйын қабылдап, Қабылдың сыйын қайтарып жіберіпті. Қабыл қатты ренжиді;
6) Сонда Құдай тағала Қабылға: «Неге өнің түтігіп кетті, неге ренжіп тұрсың?»;
7) Егер де жақсы іс жасап тұрсаң неге басыңды көтермейсің? Ал егер жақсы іс жасамасаң, босағаңда күнә жатыр; ол сені өзіне шақырады, бірақ сен одан биік болуың керек;
8) Қабыл мен Әбіл далада жалғыз қалғанда Қабыл Әбілді өлтіреді;
9) Құдай тағала Қабылдан сұрайды: «Ағаң Әбіл қайда? Ол: «Білмеймін, мен оның күзетшісімін бе? ». – деп жауап берді;
10) Сонда Құдай тағала: «Сен не істедің? Ағаңның қанының үні маған жерден естіледі»;
11) Сен өміріңнің соңына дейін жерден лағынет аласың;
12) Келесіде сен жерді өңдегенде ол саған күш-қуат бермейді: Сен өмір бойы жерде жалғыз қаңғып жүресің.
Б.з.б. ІІ мыңжылдықтың ортасы – І мыңжылдықтың басында оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыттағы екі ірі миграциялық толқын байқалады. Уақыт бойынша бұл қозғалыс Иран үстіртінде, Орталық Азия және Үндістанда болған ежелгі протоқалалық және қалалық орталықтардың дағдарысымен сай келеді. Археологиялық және жазба деректер бойынша болып жатқан үрдістерге Ұлы дала да өзінің әсерін тигізеді. Мұсылман ренессансының ұлы ғалымдарының бірі Абу Райхан Бируни өзінің «Хорезм тарихында» екі дәуірді бөліп көрсетеді: «мемлекетті алғаш қоныстану Александр Македонскийдің жорығына дейін 980 жылға ерте болды» (б.з.д. ІҮ ғ) және «Кейхусрау және оның ұрпақтарының билігінің бастауы 92 жылға бірінші көрсетілген мерзімінен кейін болды». Осылайша оңтүстікке арийлердің көшуі бірнеше кезеңнен тұрды. Арий тайпалары басқа автохтонды халықтарды ассимиляцияға ұшыратады және көп уақыт бойы өздерінің әлеуметтік құрылысының, отбасы және құқықтық қатынастарының, діни мәдениетінің, дінінің негіздерін сақтап қалды. Сол қызықты да күрделі дәуірден Иран, Тұран сияқты ұлы атаулардың қалғанын атап кетуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |