Сыр бойындағы күйшілік өнер. Қазақтың күйшілік өнерінің айрықша саланың бірі - Сыр бойында қалыптасқан. Сарыны бөлек, тартысы ерекше Сыр бойының күйлерінде ұлттық саз өнерінің інжу-маржаны түзілген. Бастауы әріден келе жатқан бұл күйшілік дәстүрдің бүгінгі ұрпаққа жеткен үлгілерінде мазмұндық тереңдік, орындаушьшық шеберлік, рухани даралық, көркемдік құндылықтар анық байқалады. Бұл күйшілік дәстүр көрнекті күйшілер Үсен Төре, Шал Мырза, Жалдыбай Елеукеұлы жэне Қазанғаптар өнерімен даму кезеңін өткізіп, Әлшекей, Қүрақтың Досжаны, Жаңаберген, Теңізбай, Нартай, Көнек тағы басқа өнер саңлақтары арқылы қазіргі ұрпаққа жетіп отыр. Бұлардың ішіндегі өз алдына жеке күй орындаушылық мектебін қалыптастырған Қазанғаптың күйшілік тәлімі де Сыр бойының үрдісінен бастау алғаны анық. Оқшау сарынды Сыр бойы күйлерінде әсіресе адамның ішкі эмоциялық шақтары, сезім-түйсік ерекшеліктері барынша көрініс таба білген. Жалпы күйшілік дәстүрлерде тұрақты қалыптасып, аспапты музыкада жанрлық дәрежеге көтерілген "Аққу", "Қоңырқаз", "Ақжелең", "Шалқыма", "Терісқақпай", "Ілме", "Қара жорға" үрдістері де Сыр бойы күйлерінде барынша даму қарқынын тапқан. Бүған мысал ретінде Мырзаның "Ілмесін", Досжанның "Қоңырқазын", "Шалқымасын", Әлшекейдің "Терісқақпайын", Жалдыбайдың "Қара жорғасын" атап өтуге болады.
Сыр бойы күйлерінде "Сыбызғы күйлері" деп аталғанымен домбырада жиі орындалатын көркем күйлер көп кездеседі. Сыбызғы аспабы сирек кездесетіндіктен, ондағы орындалатын көне күйлер саздарын кэнігі күйшілер домбыраға салып тарта білген болуы керек. Бұл күйлердің көркемдік деңгейі өте жоғары. Арғы тегі аты аңызға айналған Қорқыт бабадан өрбіген Сыр күйлері небір тума таланттар қолынан түлей ұшып, ұрпақтан ұрпаққа асыл мұра ретінде беріліп, мұқият сақталып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |