Бақылау әдiстерi – оқытудың жетiстiгi, оқу процесiнiң тиiмдiлiгi туралы мағлұмат алу мақсатында оқыту процесiнде қарама-қарсы байланысты қамтамасыз ететiн мұғалiм мен оқушылардың бiрiздi, өзара байланысты диагностикалық қызметтерiнiң жүйесi. Бақылау әдiстерi оқыту процесi туралы жүйелi, толық, нақты және жылдам ақпарат алуды қамтамасыз етулерi керек. Бақылаудың мынандай әдiстерi бар: ауызша бақылау әдiстерi, жазбаша бақылау әдiстерi, тәжiрибелiк бақылау әдiстерi, дидактикалық тестер, бақылап-зерттеу. Кейбiр зерттеушiлер нәтижелердi зерттеудiң басқа да әдiстерiн ұсынады.
|
Ауызша бақылау әдiстерi – бұл сұқбат, оқушы әңгiмесi, түсiндiрме, текстi оқу, технологиялық карталар, сызбалар, тәжiрибе туралы хабарлар. Ауызша бақылаудың негiзiн оқушының монологиялық жауабы (қортынды бақылауда бұл толығырақ, жүйелi баяндама) немесе мұғалiм сұрақ қойып, оқушыдан жауап алатын сұрақ-жауап формасы – сұқбатты құрайды. Ауызша бақылау әр сабақ сайын жеке-дара, жаппай немесе құрастырылған формада жүргiзiледi.
|
Жазбаша бақылау әдiсi (бақылау жұмысы, мазмұндама, шығарма, диктант, реферат) бiлiмдi меңгерудiң терең әрi жан-жақты тексеруiн қамтамасыз етедi, өйткенi ол оқушының бiлiмi мен бiлiгiнiң тұтас жиынтығын талап етедi. Жазбаша жұмыста оқушы теориялық бiлiмiн де, оларды нақты бiр мiндеттер мен мәселелердi шешуде қолдана алуын да көрсетуi керек. Сонымен қатар, бұл әдiс арқылы оқушының жазба тiлiн игеру дәрежесi, мәтiндi мәселеге сай, қисынды етiп сөйлем құрап, баяндай алуы, шығармаға, экспериментке, мәселеге баға бере алуы көрiнедi.
|
Тәжiрибелiк бақылау әдiстерi көбiнесе кәсiптiк мектептерде (техникалық, медициналық, педагогикалық бiлiм беретiн) қолданылады, өйткенi бұл әдiс негiзiнде оқушылар лабораториялық сынақтар жүргiзедi, бұйымдар жасайды, аппарат монтаждайды.
|
Дидактикалық тестер оқыту нәтижелерiн тексерудiң ең жаңа әдiсi (амалы) болып табылады. Дидактикалық тест дегенiмiз – белгiлi бiр материал бойынша оқушылардың оны меңгеру дәрежесiн анықтайтын стандартты тапсырмалар жиынтығы. Тестердiң артықшылығы оның шынайылығында, яғни бiлiмдi тексеру мен бағалаудың мұғалiмге байланысты еместiгiнде.
|