Негізгі сұрақтар



Дата19.03.2022
өлшемі29,15 Kb.
#136111
түріСабақ
Байланысты:
Дуниетану-9 апта


Тақырып-9. 1.Табиғат мүйісінде ұйымдастырылатын сабақ типтері. 2.Тірі табиғат бұрышындағы сабақ-сыныптан тыс білім берудің формасы Сабақтың мақсаты: осы тақырып бойынша бағдарламалық материалды бекіту, нақтылау және толықтыру.
Негізгі сұрақтар:
1. Табиғат мүйісінде ұйымдастырылатын сабақ типтері.
2.Тірі табиғат бұрышындағы сабақ-сыныптан тыс білім берудің формасы
2. Бастауыш сынып оқушыларына арналған ОӘК көрнекі материалды қолдану тұрғысынан талдау.
3. Сіз қалай ойлайсыз: өлкетану негізінде коллекциялар жасаудың мәні неде?
Тапсырманы орындауға арналған әдістемелік нұсқау: «Ақылдың алты қалпағы» көмегімен талдау жасаңыз Қолданылатын әдебиеттер: 1. Бровкина Е.Т. и др. Ознакомление с окружающим миром. Природоведение: Методика преподавания в начальной школе. Учебное пособие для студентов среднего и высшего педагогических учебных заведений. – М.: Академия, 2000. 2. Пакулова В.М., Кузнецова В.И. Методика преподавания природоведения. – М., 1990. Интернет көздері: http://www.universalinternetlibrary.ru/book/53732/chitat_knigu.shtml

Топсаяхатты сабақ ретінде қарауға бірнеше себеп бар. Топсаяхатты серуенмен шатыстыруға болмайды. өйткені, жолда кездескен объектілерге көңіл бөлінгенімен, серуенгеалдын-ала тақырыптық жүйелі мақсат қойылмайды. Көптеген авторлар топсаяхаттың атын атап, оның өтілу ретін, ұйымдастырылу шартын айтқанмен, мұны білім берудің түрінен гөрі оқыту әдісіне жатқызса, енді бірі - сыныптан тыс ұйымдастырылатын оқу-тәрбиелік жұмысқа жатқызады. Осындай пікірдің бірінде “... экскурсия как форма обучения решает целый комплекс образовательно-развивающих и воспитывающих задач”, - дей келіп, білім беру мақсатына қарай кіріспе, ағымдағы және қорытынды түрлерінің болатыны айтылады /91,б-150-152/. Осы сияқты бастауыш сыныптағы білім берудің түрін (формасын) сөз еткен әдістемелік әдебиетте “Экскурсия содействует развитию позновательных сил и способностей учеников - внимания, восприятия, наблюдательности, мышления, творческого воображения моторики. Они во многом способствуют овладению учащимися методом работы, в часности методом наблюдения”- десе /91,б-112/, енді бірінде “Экскурсия -это форма организации учебно-воспитательного процесса, котороя позволяет проводить наблюдения, а также непосредственно изучать различные предметы, явления и процессы в естественных или искусственно созданных условиях”, - дейді /91,б-150/. Топсаяхатта білім берудің формасы ретінде мойындайтын әдіскерлер де баршылық. әсіресе, бастауыш сыныптардағы оку процесін өздерінің түбегейлі зерттеуіне айналдырған Р.А.Мавланова мен Г.Д.Клепенина топсаяхаттың білімдік және тәрбиелік жағын баса көрсетеді. Осы пікірлердің бәрінде де топсаяхаттың білімдік, тәрбиелік мазмұнын жоққа шығарылмайды, қайта оның табиғи жағдайда, әр объектіні өз ортасында көретіні айқын айтылған. Бірақ, олар топсаяхатты сабақтың жеке түрі ретінде бөлмейді. Сабақта талап етілетін бүкіл педагогикалық, дидактикалық, психологиялық талаптардың топсаяхатқа да тән екендігі жайында сөз қозғалмайды.


В.М.Пакулова мен В.И.Кузнецовалар табиғаттан білім беруде топсаяхаттың алатын орнының жоғарылығын және оның білім мен тәрбие берудегі маңызын айқын көрсетеді. Олар “Экскурсия - это увлекательная форма работы учителя с классом, в ходе которой дети учатся ориентироваться на местности, наблюдать, сравнивать, находить примеры взаимосвязи организмов друг с другом, с явлениями природы, с условиями окружающей среды. Следовательно, как форма обучения решает целый комплекс образовательно-развивающихся и воспитательных задач”, -дейді /91,б-150/. Бұл пікірден байқалатыны - авторлардың топсаяхатты білім берудің түрі ретінде ашып көрсеткендіктері. Мұндай пікірді В.Ф.Гетмен мен Л.Ф.Мельчаков та қолдайды. Л.Ф.Мельчаков табиғатты танытатын көптеген тақырыптарды табиғатқа ұйымдастырылатын топсаяхатсыз оқыту мүмкін емес деп айтып, айрықша атап көрсетеді, яғни топсаяхаттың дүниетану бойынша білім беру түрі (форма) екенін мойындайды. Алайда автор топсаяхаттың мәнін білім берудің түрі ретінде көтергенмен, оны сабаққа материал жинап әкелу үшін ұйымдастырылатын жұмыс түрі есебінде ғана қарайды.
Біздің пікірімізше, сабақ үстінде, немесе топсаяхат кезінде алған білімді келесі сабақтада қолдануға болады. Сол сияқты топсаяхаттың нәтижесінде, барысында меңгерілген білімді, жиналған деректер мен табиғи материалдарды келесі сабақтарға қолдануға мүмкіндік мол. Бірақ, топсаяхат тек деректі материалдарды жинаудың құралы ғана болып қоймай, білім беру түріне айналуға тиіс.
Топсаяхат бағдарлама белгілеген тақырып пен мазмұнды қамтып, өткен сабақпен де, келесі тақырыптармен де байланысын жүзеге асыра отырып, әр уақытта жаңа ұғым береді. Топсаяхат белгілі бір тақырыпқа арналып, жаңа ұғым беру бағытында немесе оқылып кеткен тақырыптарды қайталау, қорытындылау мақсатымен өткізілуі мүмкін. Табиғат аясында өтуіне байланысты топсаяхаттың білім беруде бірнеше ерекшеліктері бар. Топсаяхат кезінде алатын білім нақты объектілер мен құбылыстарға негізделеді. Табиғи ортаның да бүкіл басқа объектілермен бір тұтастықта бақылау арқылы олардың бір-бірімен байланысы анықталады. Соның нәтижесінде оқушылардың білімі нақтылана түседі, бақылап көру арқылы теориялық ұғымдарын іс жүзінде тексеріп, бақылау дағдылары қалыптасады. Сөйтіп, көріп, бақылап, сезіп меңгеру кезінде алған білімнің саналылығы жүзеге асады.
Топсаяхат оқушылардың теориялық білімдерін практикада қолдануға да жағдай жасайды. Философтардың пікірінше практиканың маңыздылығы оның заттылығында (материалдылығында) және мақсаттылығында. Мәселен, оқушылар топсаяхат барысында сыныпта алган мағлұматтарының негізінде өсімдік топтарын анықтайды.
Топсаяхат кезінде бақылап көрген заттары мен құбылыстарының негізінде оқушылардың бүкіл ойлау операциясын (нақтылау, абстракциялау, топтау, жіктеу, қорыту) жетілдіруге, дамытуға мүмкіндік туады.
Білімдік - танымдық процесс мұғалім мен оқушының еркін қарым-қатынасының нәтижесінде, қолайлы көңіл-күйде, оқушылардың дербестігін құндау жағдайында өтеді. Психологиялық зерттеулерге қарағанда әр балада шығармашылық қабілет бар. Оны дамытыу білім мен тәрбие арқылы жүзеге асады. Топсаяхат кезінде оқушының ұғымды саналы меңгеруі, мақсатты іс-әрекеті ұйымдастыру, бақылау, зерттеу арқылы танымға жетеді. қоршаған ортаның заттарын. құбылыстарын таниды, олардың басты белгілерін ажыратуға жаттығады. Олардың практика жүзінде қолданған іс-әрекеттері таным негізін қалап, біртіндеп білім қалыптасады.
Табиғатқа шығатын топсаяхат кезінде басқа сабақтарда қайталанбайтын эстетикалық сезім оқушыға үлкен әсер етіп, эмоциялық жағдай жасайды. Табиғаттың әдемілігі, сұлулығы қайталанбайтын, ешнәрсемен, басқа көрнекіліктердің ешбіреуімен алмастыруға болмайтын сұлулық болғандықтан бала сезімін қуанышты күйге бөлейді. өйткені, өсіп тұрған өсімдік, тау-тас, өрмелеген құрт, елпектеген көбелек, ұшқан құс, жүгірген аң - осының әрқайсысы өз алдына жеке зерттеуді керек ететін көрніс. Атақты ғалым-педагог В.А.Сухомлинский бастауыш сынып оқушыларына арналған сабақтардың көпшілігін табиғат аясында өткізгендегі әсерін айта келіп, былай дейді: “... зор эмоциялық өрлеу кезеңдерінде бала ойы ерекше айқын, ал есте сақтауы неғұрлым интенсивті түрде болатынына көз жеткіздім” .
Сабақтың түрлері сияқты топсаяхаттың да бірнеше түрі бар. Олар: кіріспе, ағымдағы және қорытынды топсаяхаттар және әрқайсысының мақсаты да, мазмұны да бір-біріне ұқсамайды. Бұлардың барлығында да білім беру мен дағды қалыптастыру, тәрбиелеу, дамыту міндеттері жүзеге асады.
Жалпы білімді меңгеру үшін бірқатар дағдылар оқушы бойында қалыптасқанда ғана ол жаңа ұғымдарды өздігінен іздену арқылы меңгеруге тырысады. “Оқуға дағдылану білімді меңгеруге байланысты бірқатар дағдыларды: оқи, жаза білу, қоршаған дүниені бақылай, ойлай білу, өз ойын сөзбен жеткізе білу дағдыларын қамтиды. Бұл дағдылар, бейнелеп айтқанда, бұларсыз білімді меңгеру мүмкін болмайтын құралдар болып табылады” .
Топсаяхат нәтижесінде меңгерілетін дағдылар: бақылай білу; бақылағаннан керекті ұғымды ала білу; ой қорытып, көргенін салыстыру, әңгімелеп айту шеберлігі; әр объектінің ұқсастығын, айырмашылығын тауып, топтауға, жіктеуге төселу, жаттығу. Осы дағдылар арқылы оқушыларда заттық-бейнелік ойлау қабілеті дамиды. Ол кейін ойда, санада қалған бейнеге негізделе отырып абстрактылы ойға көшу мүмкіндігіне жетеді. Мәселен, жыл мезгілінің табиғат көрінісін бақылау үшін топсаяхатқа шығып білім алған оқушы кейін бұл өзгерістің себебін іздеуді абстракты оймен жалғастырады. Күннің суынғаны, жылудың азайғаны өсімдіктерге қолайсыздық туғызатынын ұғыну оған қиынға соқпайды. өсуіне қажетті жағдайдың жетіспеуінен өсімдіктің қурайтынын, сарғаятынын түсінеді. Осы сияқты бір-бірімен байланысты туатын ұғымдар жиынтығы оқушыны белгілі табиғат заңдылықтарын түсінуге жетелейді.
Топсаяхаттың білімдік мақсаты - табиғат объектілерінің түр-түсімен ғана таныстырып қоймай, олардың әр қайсысының қасиетін, табиғаттағы орнын, бір-біріне тигізетін әсерін ұғындыру. Табиғаттың бір бөлігінің өзгеруі, оның екіншісінің өзгерісіне әкеліп соғатынын да топсаяхат кезінде ұғындыру қиынға түспейді.
Білім жүйелілігі, өлкетану, эстетикалық тәрбие беру талаптары да топсаяхатта жүзеге асады. “Дамыта оқыту балаларды ойлануға, ой қорытуға, керекті білімге өздігінен іздену арқылы жетуге үйрету” - деп түсінсек, топсаяхат оқушыларды дамытудың көзі.
Қазіргі таңда оқушының тұлға ретінде қалыптасуына көңіл бөлу, оларға экологиялық білім мен тәрбие беру талабы қойылып отыр. Жоғарғы сыныптарда оқушыларды “биологиялық және экологиялық сауатты тұлға” ретінде дайындау мақсаты көзделсе, соның бастапқы негізі бастауыш сыныпта қаланады.
Табиғатқа ұқыптылықпен қарау топсаяхат кезінде іс жүзінде орындалады. өсімдікті бүлдірмеу, құстың ұясын бұзбау, жүрген жолына кез-келген затты шашып тастамау, өсімдіктерді (шөпті, гүлді) керексіз жұлмау, құмырсқа илеуін бұзбау, осының бәрі - оқушылардың өміріне керекті білім. Табиғатқа қамқорлықтың пайдасын дәлелді түсінген оқушы әр табиғи объектіні қорғаудың маңызын біліп, ол білімдерін іс жүзінде қолдануға тырысады.
Кіріспе топсаяхаттың мақсаты жаңа ұғым беру болғандықтан, ол белгілі бір нақты тақырыпқа арналады. Мәселен, ерте гүлдейтін өсімдіктер, көктем көрінісі, көкжиек тұстары, жергілікті жердің сұлбасы, шөп өсімдіктері, күздегі жануарлар тіршілігі, жер бедері т.б. тақырыптар бойынша топсаяхат кезінде жаңа білім беріледі. әрине, әр сыныптың оқу бағдарламасының мазмұнына қарай тақырып та айқындалады. Кіріспе топсаяхаттың дайындығы мұғалім үшін өте жауапты іс. Ол топсаяхаттың өтетін орнын анықтаудан бастап, оның білімдік, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттарын жүзеге асырудың қандай әдіс арқылы орындалатынына дейін қарастырады. Топсаяхаттың жүретін жолы, оқушылардың демалатын орны, жолда жүргенде, демалыс кезінде өздігінен атқаратын жұмыс түрлері, көңіл аударатын объектілері, оның білімдік, тәрбиелік мәні - осының бәрі де алдын-ала ойластырылады.
Топсаяхат білім берудің арнаулы түрі ( формасы) болғандықтан, оның мақсаты айқындалып, оқушыларға хабарланып, түсіндіріледі. Сонымен қатар, топсаяхат жүйесі неден басталып, қалай аяқталу керектігі оқушылардың өздігінен атқаратын жұмыстары (бақылау, қорыту, материал жинау, сурет салу т.б.), мұғалімнің беретін түсінігі, саяхатты қорытындылау барысындағы іс-әрекеттері т.б. мұғалімнің дайындығына енеді.
Топсаяхат барысында оқушыларға берілетін тапсырма, біріншіден, сол маңайдағы объектілерге байланысты, екіншіден, нақты және айқын. түсінікті, үшіншіден, оқушылардың жас ерекшелігіне лайықты болуға тиіс. Мәселен, 1-сынып оқушысына 3-сыныпта қамтылатын ұғымдарды ұсыну орынсыз.
Топсаяхатта оқушының жекебас ерекшеліктерін ескеріп, оларға берілетін тапсырманы бөлшектеп, мөлшерлеп қолданған жөн. Объектілерді салыстыру, талдау, жұптау, топтау, қорыту кезеңінде оқушылар түгел, еркін қатысуға тиіс. Бірін-бірі толықтыру, өз пікірлерін еркін айту, болжамдарын ортаға салу үшін оқушылар біраз психологиялық кедергілерден өтеді. Осы психологиялық кедергіден өте білген оқушының келешекте өзіне деген сенімі күшейеді, шығармашылық қабілеті артады.
Оқушылардың шығармашылық дағдысын күшейтуге табиғат ортасы бірден-бір құрал. Ретті жерінде оқып берген өлең, айтып берген ертегі, мақал-мәтелдер оқушылар эмоциясына үлкен әсер етеді. Ал, эмоция бала қиялын шарықтатып, оның шығармашылығын дамытады. Ең ұстамды, тұйық оқушының өзі мұндайда көңіл-күйін сыртқа шығаруға тырысады.
Көптеген авторлар қорытынды топсаяхатқа үлкен мән береді. Бірақ, оқушылардың дағдысы мен білімін тиянақтауда, біздің пікірімізше, кіріспе топсаяхаттың мәні зор. Себебі, ең алғаш жаңа берілетін ұғымды бүкіл сезім мүшелеріне (көру, есту, ұстау, бақылау т.б.) әсер ете отырып, табиғи ортада өткізу тиімді.
Топсаяхаттың психологиялық тұрғыдан алғанда қиын жақтары да жеткілікті. Ең басты кездесетін кедергі оқушы зейінін тұрақтандыру. Бастауыш сынып оқушыларының зейінінің тұрақсыздығын ескеріп, тапсырманы, орындалатын жұмысты үнемі түрлендіріп, оқушыларды шағын топқа бөліп, әр топқа тапсырманы бөлшектеп беру арқылы мұндай қиындықтан шығу жағы қарастырылады.
Сонымен топсаяхат ұйымдастырылу жүйесі дидактикалық талаптарды орындауы, білім беру, тәрбиелеу, дамыту мақсаттары тұрғысынан дүниетанудан білім беру формасына жатады.
Топсаяхаттың сынып-сабақтан ең басты айырмасы сабақтағыдай нақты мөлшерлі (45 мин.) уақытпен шектелмейтіндігі. Бірақ, ол топсаяхаттың білім берудің формасы ретіндегі құнын төмендетпейді, керісінше, оқушыларға ғылыми ұғым беру, ойлау қабілетін дамыту, сөз қорын молайтып, ойын тұжырымдап қорыту, түрлі оқу әрекеттеріне жаттықтыру мақсаттарын түбегейлі қамтамасыз етеді. Топсаяхатта берілетін білім жүйесін көрсету мақсатымен бір сабақ үлгісін келтірейік.
Тақырыбы: Көктем басталды.
Міндеттер: Ерте көктем табиғаты жайында ғылыми түсінік беру. Табиғатты бақылау, көру, тыңдау. өлі табиғат пен тірі табиғаттың байланысын айқындай түсу. Оқушыларды бұрын алған білімдерін іс жүзінде қолдана білуге үйрету. Табиғат күнтізбесімен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.
Базалық білім: Табиғатта болған өзгерістер (өсімдік, бунақденелер, құстар, аңдар тіршілігінің өзгерісі), өлі табиғат өзгерісінің тірі табиғатқа тигізетін әсері.
Тірек білім: Күнделікті бақылаулар нәтижесі, оқушылардың өмір тәжірибесі.
Құралдары, ұйымдастырылуы, әдістері
Мұғалім топсаяхаттың кіріспе бөлімінде оның мақсатын, окушылардың атқаратын жұмыс түрлерін айтып түсіндіреді де, олардың көңілін аудару мақсатымен бір шумақ жұмбақ өлең оқиды:
Қар су болып жөнеледі,
Қалды дала жалаңаш.
Күн нұрына кенеледі,
Бүршік атып бар ағаш.
Бұл қай жыл мезгілі? Неге олай ойлайсыңдар? өлеңнің әр жолының мағынасын жеке талдау арқылы оқушылардың көктем табиғатын бақылаулары керек екендігі ұғындырылады. Оқушылар табиғатты бақылап, онда болған өзгерістерді байқау керек деген тұжырымға келеді. Мұнан кейін мұғалім бақылау барысында әрбір құбылысқа саналы көзқараспен қарау үшін көктемнің өлең жолдарында айтылған бірнеше ерекшеліктеріне оқушылардың көңілін аударады.
Не себептен қар су болып жөнеледі? “Қалды дала жалаңаш” дегенге қалай түсінесіңдер? Дала қандай жабындысынан айрылды? “Күн нұрына кенеледі” дегенді қалай түсінесіңдер? Осыдан кейін мұғалім оларды үш топқа бөліп, жеке-жеке тапсырма береді.
Бірінші топқа өлі табиғатта болған өзгерісті бақылау, оның тірі табиғатқа тигізетін әсері туралы ойлану;
Екінші топқа өсімдікке бақылау жүргізу, онда болған өзгерістің себебін анықтау;
Үшінші топқа жануарлар: (бунақденелілер, құстар, аңдар) бақылау жүргізу, олардың тіршілігіндегі өзгерістерді байқау, себебін анықтау тапсырылады.
Осы тапсырмаларды орындау үстінде оқушылар табиғатты бақылап, бір-бірімен пікір алысады, көздеріне түскен ерекше тартымды құбылыстарға көңіл аударады. Жекелеп берілген тапсырманы орындау оқушылар арасындағы (бір топпен екінші топтың) жарысқа айналады. Олар тез және нәтижелі жұмыс істеуге тырысады.
Бақылау нәтижесін әр топ жеке-жеке қорытады. өлі табиғатты бақылаған топ топырақ жылуын, ылғалын, күн көзінің қызуын, аспанның қалпын т.б. өлі табиғат ерекшеліктерін айтып, оның өсімдікке тигізетін пайдасына тоқталады (өсімдік қажеттілігін оқып келеді).
Ауа райын бақылағандары (аспанның қалпы, желдің бағыты т.б.) байқағандарын бақылау күнделігіне белгілеуге кіріседі. Келесі топтағы оқушылар өсімдік топтарының атын атап (шөп, бұта, ағаш), оларды қыстағы қалпымен салыстырады, шөптің көгеруі, ағаштың бүршіктеуі, жылылық пен ылғалдың жеткіліктілігінен екенін дәлелдейді. өсімдіктің топырақ арқылы қоректік заттар алатынын да естеріне түсіре (оқып кеткен) кетеді. Көздеріне түскен жануарларды қандай жерден көргендерін (жерде ме, ауада ма, шөп арасында ма т.б.), оның себебін және жануарлар тіршілігінің өзгеруіне күннің жылуының тигізген әсерін анықтау тірі табиғатты бақылаған оқушылардың бір тобының үлесіне тиеді.
Оқушылардың жауабын тыңдап, оны толықтыруға бүкіл сынып қатысады. Олардың ойлау қабілетін дамыту және алған білімдерін саналы меңгеру мен білімдерін жаңа жағдайда қолдану дәрежесін байқау мақсатымен “өсімдікті тап” ойыны ұйымдастырылады. өсімдікті ауызша жалпы сипаттау бойынша, не жапырағының пішіні, түсі арқылы оқушылар тез тауып, анықтауға жаттығады. Мұндай ойындар олардың эмоциялық жай-күйіне, білімінің тиянақталып, білікке айналуына әсерін тигізеді. өсімдік, жануар, жалпы алғанда табиғат жайында жұмбақтар айтып, оның шешуін іздету оқушылар дүниетанымын кеңейтуге, олардың ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі.
Оқушылардың топсаяхатта бақылағандарына сүйене отырып, және олардың бұрын алған ұғымдарын естеріне түсіру, оны жаңа түсініктерімен байланыстыру, сөйтіп олардың дүниетанымдық деңгейін кеңейту мақсатымен түрлі сұрақтар қойылып, тапсырмалар беріледі. қанқызы қоңызын тауып, түрі-түсін, пайдасын айтыңдар. қанқызды құс неге шұқымайды? Ең жебір бунақденеліні ата (шегіртке). Ең күшті бунақденеліні тауып, көрсет, атын ата. Тағы қандай пайдалы бунақденелілерді білесің? Ағаш басында отырған құс өзіне төнген қауіпті сезгенімен, неліктен ұшып кетпей отыр? ұя салмай басқа құстарға жұмыртқасын бастыратын қандай құс? Көктемде ең алғаш қай құс ұшып келеді? Неліктен? т.б. Бұл сұрақтар мен тапсырмаларды орындау нәтижесінде оқушылардың білімдік, біліктік деңгейі көтеріледі.
Экологиялық білім мен тәрбие мақсатын жүзеге асыру үшін көктем бүкіл тіршіліктің өсетін, өзгеретін, көбейетін кезі екендігі, сондықтан табиғат аясында мұқият болудың керектігі оқушыларға ескертіледі. құс ұясын бұзбау, маңайды таза ұстау, өсімдікті таптамау сияқты жұмыстарды оқушылар өздігінен орындайды.
Саяхат кезінде кездескен объектіге байланысты экологиялық тәрбиенің тақырыбы өзгеріп отырады.
Саяхаттың қорытынды бөлімін еркін әңгімелесу, ойын ұйымдастыру, көктем туралы өлең, ән айтқызумен аяқталады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет