178-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы бастапқы және қайтадан куәліктер беру 1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркегеннен кейін өздеріне қатысты акт жазбасы жасалған адамдарға құжатты берген тіркеуші орган бастығының қолтаңбасымен және елтаңбалы мөрімен бекітілген, белгіленген үлгідегі азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беріледі.
Бастапқы куәлік жоғалған немесе пайдалануға жарамсыз болған жағдайда мұрағаттық акт жазбасының негізінде азаматтық хал актісін тіркеу туралы куәлік қайтадан беріледі.
2. Өздеріне қатысты ата-ана құқықтарынан айрылған ата-аналарға, оны қалпына келтіргенге дейін баланың туу туралы куәлігі қайтадан берілмейді.
Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзған ерлі-зайыптыларға және некесі (ерлі-зайыптылығы) жарамсыз деп танылған ерлі-зайыптыларға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік қайтадан берілмейді.
3. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер қазақ тілінде немесе орыс тілінде толтырылады.
Азаматтар (ата-аналар, ерлі-зайыптылар, бала асырап алушылар) туралы мәліметтер олардың жеке басын куәландыратын құжаттарға сәйкес толтырылады.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер нотариатта куәландырылған сенімхат бойынша берілуі мүмкін.
179-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүргізетін органдар 1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар жүргізеді.
2. Мұндай бөлімдер жоқ жерлерде ауыл, кент, ауылдық округ әкімі өздерінің аумағында тұратын азаматтардың азаматтық хал актілерін тіркеуге арналған құжаттарды қабылдауды және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу және оларды осы Кодексте көзделген мерзімдерде Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқорға мәліметтер енгізу үшін ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың тіркеуші органына беруді, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктер беру мен тапсыруды жүргізеді.
3. Ауыл, кент, ауылдық округ тұрғындарының азаматтық хал актілерін тіркеуді ұйымдастыру тәртібін ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының келісімі бойынша аумақтық әділет органдары айқындайды.
4. Тіркеуші органдардың лауазымды адамдары өздеріне, өздерінің жұбайларына және жақын туыстарына қатысты азаматтық хал актілерін тіркеуді жүргізуге құқылы емес. Мұндай жағдайларда азаматтық хал актілерін тіркеуді тіркеуші органның басқа да лауазымды адамы немесе басқа тіркеуші орган жүргізеді.
Ескерту. 179-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.