189-бап. Баланың тууы туралы өтініш беру мерзімдері Баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар тіркеуші органдарға ол туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс, ал бала өлі туған жағдайда, босанған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы өтінішті береді.
Бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде туған жағдайда баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне оның туған күнінен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс.
Ескерту. 189-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
190-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш 1. Баланың тууын мемлекеттік тiркеу туралы өтінішті ата-анасы немесе олардың бiреуi, ал олар қайтыс болған, науқастанған немесе өзге де себептермен өтініш жасау мүмкiн болмаған жағдайда – мүдделi адамдар немесе бала туған кезде анасы жатқан медициналық ұйымның әкiмшiлiгi бередi. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішке, егер ата-анасы немесе олардың біреуі шетелдік не азаматтығы жоқ адам болса, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың, егер неке Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде қиылса (ерлі-зайыпты болса), неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәліктің көшірмесі қоса беріледі.
Егер баланың тууын мемлекеттік тіркеуге ата-анасы емес, басқа адамдар өтініш жасаса, онда осы адамдар өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ баланың тууын тіркеуге оның өкілеттігін растайтын құжатты ұсынуы тиіс.
Екі немесе одан да көп баланы мемлекеттік тіркеу кезінде өтініш әрқайсысына қатысты бөлек беріледі.
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өтініш берушінің таңдауы бойынша проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жүзеге асырылған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті ұсыну талап етілмейді.
Басқа мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын шетелдік, азаматтығы жоқ адам жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетумен қатар, олардың мәтінінің нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын ұсынады.
Шетелдіктің, азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттары мәтіні аудармасының дұрыстығы шетелдік азаматы болып табылатын мемлекеттің немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде не сыртқы саяси ведомствосында куәландырылуы мүмкін.
2. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына не "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы өтініш жасаған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіге сәйкес беріледі.
Ескерту. 190-бап жаңа редакцияда - ҚР 2013.01.08 № 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.