Немат Келімбетов Үміт үзгім келмейді


—  Көке, қонаққа барасыз ба? — дедім өзімше пайымдап. —



Pdf көрінісі
бет6/18
Дата30.11.2023
өлшемі1,09 Mb.
#194265
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Байланысты:
Үміт үзгім келмейді

— 
Көке, қонаққа барасыз ба? — дедім өзімше пайымдап.
— 
Жоқ, о.
— 
Əйтпесе неге?.. — деп күмілжіп қалдым. «Əйтпесе неге сонша сəнденіп
жатырсыз?» демекші едім. Аузым бармады. Айтар ойымды өзімше
жонып, жұқалай түскен болдым:


— 
Көке, бүгін мереке емес қой, — дедім
— 
Бүгін мереке, Ержан! Үлкен мереке. Біздің үйде, əрине. Жеңгеңнің
туған күні ғой.
Мына гүлдерді кімге əкелді дейсің? Жеңгеңе! Ұқтың ба, балақай?
— 
Ойбай-ау, маған бір ауыз айтсаңыз ғой. . Сізді сонша əуреге салмай-ақ
қызғалдақты мен теріп келмес пе едім?
— 
Жоқ, Ержан. Есіңде болсын. Ең жақсы көретін қызыңа сыйлайтын гүлді
тек өз қолыңмен үзіп алатын бол. Сонда ғана гүлден махаббат иісі
аңқитын болады. Тер сіңбеген бұйымның көк тиындық құны бола ма?'
Сол ағамның осы бір сөзі бүгін есіме түсіп, өзімнен- өзім
қысылдым. Мүгедек ағам жеңгеме бір минуттық қуаныш сыйлау үшін
қаншама тер төкті десеңізші! Ағамның сол жолы малмандай боп
терлегені, өкпесі өшіп шаршағаны, алақандарының күлдіреп, қабарып
кеткені бір сəтте көзіме елестеп кетті
Тегінде, адам бір-біріне қуаныш сыйлау үшін өмір сүрмей ме? Ал,
мен сені қуанту үшін не істедім, Гауһар? Мен мүгедек емеспін. Он екі
мүшем түгел. Сенің туған күніңді,


сірə, ескермеппіз де ғой. Жылына бір-ақ рет келетін өз мерекемізді
де жадымыздан шығарып алғанбыз ба?
Рас, бір-екі рет саған бұл жөнінде айтқансыдым. Тойлайық та дедім.
Бірақ сен керегі не деген соң біржола ұмытып кетіппін. Өжеттігін
жетпеді.
Койшы, соны.' Туған күн де сөз бе екен? Мен одан үлкендерін де
істегем жоқ қой Тіпті сенің кейбір өтініштерінді де əлгі күнге сөз
бұйдаға салып, орындамай келем ғой. Иə, Гауһар! Саған қуаныш
сыйламақ түгілі, өзіңе қиянат жасап жүр екем-ау
Соның бəрін кештеу ұққаныма өкінем. Өз қолыммен гүл үзіп, саған
сыйламағаныма қынжылам. Күн сайын өзңіе қуаныш сезімін сыйлай
алмағаныма қиналам.
Мүмкін, əлі де кеш емес шығар. Өзңіе əлі де талай гүл, талай қуаныш
сыйлармын. Ол үшін бүгін операциядан қалайда тірі шығу керек. Өлмей
қалу менің мүмкіндігін ғана емес, міндетім де екен ғой. Міндетке алған
істі қалай да орындау қажет емес пе? Ол үшін соңғы демім біткенше,
беріспей алысып, арпалысып, өмір үшін күресті бір минутқа да
саябырлатпауым керек.
Гауһар! Мұндайда қай-қайдағы бір ойларға шырмалып қалады екенсің.
Меніңше, адам атаулының бəріне тəн бір кемшілік бар. Мүмкін, ол
кемшілік емес, қайта адамның артықшылығы шығар. Əйтеуір анық-
қанығына жете алмадым. Мен айтайын. Сен өзің сосын бұл жөнінде бір
түйінге келерсің.
Қашанда біз алыстағыны, биіктегіні, қиындағыны армандаймыз ғой.
Асыл арман қашанда қол жетпестей, орындалмастай, іске аспайтындай
боп көрінеді. Əйтсе де, соған жету үшін жанымызды саламыз. Жатпай-
тұрмай ізденеміз. Үйқыдан беземіз. Күресеміз. Күні-түні армандаймыз.
Аңсаймыз. Үздігіп кете жаздаймыз
Бір қызығы — сол арманға қолымыз жетсе-ақ оны енді бұрынғыдай
қадір тұтпаймыз.
Оған жай нəрсе сияқты онша менсінбей қарайтын боп қаламыз.
Оның бір кезде қиял жетпес арман болғанын, талай түндер
зарықтырып ұйқы бермегенін бара-бара ұмыта бастаймыз.
Гауһар' Бір кезде сенің əрбір сөзің, əрбір қимылың, əрбір кірпік
қаққаның мені есімнен тандырып жібере жаздайтын. Əр сөзіңді тыңдап,
əр қимылыңды тамашалап, кірпіктеріңді қызықтап тұра бергім келеді.
Маған бұдан артық еш нəрсе керек емес тəрізді еді.


Қазір неге өзіңді көргенде жүрек туламайды дейсің гой? Сені
бұрынғыдай сүймейді деп ойлайсың ба? Жоқ. Олай ойласаң —
қателескенің. Мен сені қазір бұрынғыдан мың есе артық сүйем. Онда неге
мен бір кездегідей қас-қабағыңа қарап, ойыңдағыны айтқызбай-ақ өзім
тауып отыруға əрекет жасамаймын? Неге өзіңе бұрынғыдай өлең
жолдарын оқымаймын? Махаббат хикаяларын неге айтпай қойдым? Неге
алғашқы кездегідей күн сайын сенің көңіл-күйіңді сұрап жатпаймын?
Осыны білесің бе, Гауһар?
Ал, мен білем. Бұрын білмеуші едім. Ауруханаға түскелі бері ғана
ұққан сияқтымын. Адам жақсыға да, жаманға да үйренеді. Иə, үйренеді,
көндігеді, дағдыланады, əдетке айналдырады. Айдың жартысы жарық,
жартысы қараңғы ғой. Жамандыққа көндігу кейде
керек те шығар. О жағын білмедім.
Ал, адам жақсылыққа неге үйренеді?! Пайымдап қарасаңыз, бұл
барып тұрған қылмыс қой. Бір минутқа өзің- ақ ойлап көрші, Гауһар Сені
əлемдегі ең бақытты адам дейік. Сен бара-бара өзіңнің бақытты екеніңе
əбден үйреніп, оған көндігің кеттің. Өзіңе əбден үйреншікті боп қалған,
қашаннан-ақ əдетке айналып кеткен бақыт сезімінің енді саған қызығы
бола ма? Басқаша айтқанда, өзіңе үйреншікті боп кеткен нəрсе сені
қуанта ала ма? Жалпы, бақытты болуға көндігу керек пе? Жоқ, əрине.


Ғұмыр дегеніміз қанша оқып жатсаң да, мəңгі-бақи таусылмайтын
ғажайып қызық дастан емес пе? Күн сайын сол дастанның бір бетін оқып
тастаймыз дейік. Ертеңгі оқылатын бетте қандай оқиға болары бүгін
бізге беймəлім. Сондықтан ертеңгі күн де бəрімізге қызық көрінеді.
Ертең де сол келген жерімізден бастап, тағы да тамсана оқимыз. Сөйтіп
күн сайын жаңа, бұрын өзімізге беймəлім хикаялар оқып, лəззаттана
береміз.
Меніңше, ерлі-зайыпты адамдар да біріне-бірі нақ осындай ғұмыр
бойы оқыса да таусылмайтын, кереметтей қызық жыр-дастан бола
білуі керек. Ғұмыр бойы оқып рахаттануға болатын сұмдық үлкен
дастанды бірер күнде асығып, аптығып, парақтап шыққаннан не
пайда? Біз қайда асығамыз?
Міне, енді өзің айтшы. Қолыңдағы бақытқа үйреншікті нəрсе ретінде
қарауға бола ма?
Жоқ, əрине. Егер үйреншікті десек, онда ол бақыт емес.
Бірақ біз жақсылыққа, бақытқа, қуанышқа тез көндігіп
аламыз. Оны əдетке айналдырып жібереміз. Сондықтан бірте-
бірте 
жақсы 
хабарға 
қуана 
алмайтын, 
жамандыққа
қайғырмайтын тас мерез боп шыға келеміз.
Күн сайын көкжиектен көтеріліп Күн шығады. Бүкіл əлемге шұғыла
шашады. Таң атады. Біз мұны күнде көреміз. Сондықтан күннің əр жолы
қалай шығып, қалай батып жатқанына жөнді мəн де бермейміз. Оған
қарамаймыз да. Өйткені біз: бүгін де Күн құдды кеше өзіміз көргендей
боп шығады, кешегідей боп ұясына батады деп ойлаймыз. Солай екеніне
тіпті күні бұрын кəміл сенімде боламыз.
Ал, шындығында, ертең де Күн тура бүгінгідей боп шыға ма? Жоқ!
Өмір қайталанбайды дейміз. Əрбір секунд өмірдің ешқашанда
қайталанбайтын өзіндік ерекшелігі бар емес пе?
Демек, ертеңгі шығатын Күннің де онша-мұнша көзге шалына
коймайтын өзіндік ерекшелігі бар. Олай болса, ертең Күн бүгінгіден
өзгешелеу, басқашалау шығары хақ. Міне, сондықтан да адамзат сан
мыңдаған жылдар бойы бұл киелі құбылысты тамашалаудан жалықпай
келеді. Күннің шығуын əрбір тарихи ұрпақтың суретшілері əр түрлі етіп
бейнелеуі де тегін емес шығар. Тіпті бір күнде салынған құдіретті
Күннің екі суреті де бір-біріне ұқсамайды ғой.
Иə, сен бүгін мен үшін кешегі Гауһар емессің. Сəл де болса
кешегіден гөрі өзгешелеусің. Бірақ мен көбіне ішкі жан дүниеңдегі


кейбір өзгерістерді байқай алмай, қызықтай алмай, одан лəззатана
алмай жүрмін бе деп қорқам. Бұл — сезімнің тоза бастауынан емес,
адамның қашанда жақсылыққа тез үйреніп, жаттығып кетуінен туатын
құбылыс. Сондықтан күнделікті күйбеңге əбден мойынсұнып, көндігіп
алмай, қайта оқтын-оқтын сілкініп тастап, жылдар бойы бұйығып
қалған, ұйлығып қалған ой- сезімдерді оятып отыру керек шығар.
Əйтпесе əлемдегінің бəрі бірте- бірте көзімізге үйреншікті көрініп,
өзіміз еш нəрсеге таңданбайтын боп қаламыз ғой. Таңданбау —
қызықпау деген сөз. Еш нəрсеге қызықпай ғұмыр кешудің керегі не?
Табиғаты сезімтал жандар қашанда əрбір Күннің, əрбір секунд
Уақыттың өзіндік ерекшеліктерін мүлт жібермей, жазбай таниды.
Мұндай жандар басқалардан гөрі көбірек көре біледі, жақсырақ ести
біледі, айқынырақ сезіне біледі. Сондықтан оларға бəрі қызық. Бəрі
тамаша. Бəрі əдемі. Зерікпейді. Торықпайды. Ешқашан да сары уайымға
салынбайды.
Бүгінгі операциядан аман шықсам, нақ осылардай адам болуға
тырысам, Гауһар. Бұл жай уəде емес. Солай боларына ешбір шүбəсіз
сене бер, сүйіктім.
Міне, бейне бір ақша қарға көміліп қалғандай-ақ аппақ гүлге
оранып алған алма бағына аурухана терезесінен қарап тұрып, мен
қазір осыларды ойладым, Гауһар.


6
Ақыры түн түндігі де түрілді. Жұрт дəлізде əрі-бері жүре бастады.
Қазір ғана профессор біздің палатаға келіп кетті. Есіктен кірген бойда-
ақ ол:
— 
Қалай, дайынсың ба, Ержан? — деді бір түрлі мығым дауыспен. Оның
даусындағы сенімділік, батылдық пен өжеттік қолма-қол профессордан
зып беріп маған өтіп кеткендей еді. Дəрігердің сенімді даусы əп-сəтте
мені де жігерлендіріп, қайраттандырып жібергендей болды. Арқамнан
ауыр жүкті алып тастағандай-ақ заматта өзінен-өзі тынысым кеңіп сала
берді.
Байқадың ба, Гауһар? Профессор менің фамилиямды емес, атымды
айтып сөйледі. Онда тұрған не бар дейтін шығарсың. Мынадай
қысылтаяң шақта түймедей жақсылық көзіңе түйедей боп көрінеді екен.
Ол «Ержан» дегенде ішім жылып қалды. Мені өзіне сəл де болса жақын
тартқан сияқтанып кетті.
Өзінің ұлық басын кішігік етіп, алдыма кеп тұрған профессорды
көргенімде, өзімнен- өзім сасқалақтап, қапелімде аузыма сөз түспей
қалса керек.
— 
Əрқашанда 
дайынмын, 
Елена 
Андреевна! 
— 
деппін. 
Бірақ
профессордың есіктен шығуы мұң-ақ екен, өзіме де беймəлім бір
қорқыныш сезімі тұла бойымды қайта билеп, төстеп, еріксіз əлдеқайда
дедектетіп əкетіп бара жатты. Сонда мен неден жүрексінем?
Неден тайсалам? Мен қауіптенетіндей не бар?
Мүмкін, операцияға баруға жүрексініп, батылдығым жетпей тұрған
шығар. Жоқ. Оған баяғыда-ақ бекем бел буып, тас түйін шешімге келгем.
Мүмкін, мен жаңағы профессордың қабілетіне сенбей тұрған шығармын.
Жоқ. Оған шəк келтірмеймін Иманымдай нанам. Онда өзіме-өзім сенбей
жүргенім бе? Өз күш-қуатыма, қайрат- жігеріме күдік келтіргенім бе?
Жоқ, əрине Бүгінгідей мен ешқашан да осыншалықты өзіме-өзім берік,
мұндай сенімді болып көрген емеспін. Көңілімде күдіктің көлеңкесі де
жоқ.
Бірақ жүрегі құрғыр əлденеден шошитын сиякты. Неден? Əдетте адам
белгісіз, өзіне түсініксіз нəрсеге ұшырап қалса да қорқады ғой. Жас
балалар қараңғы бейуақтан зəрелері ұшып, қалай қорықса, ересек
адамдар да өздеріне белпсіз нəрседен солай үрейленеді. Мен үшін қазір
белгісіз нəрсе не? Əрине, өлім қатері. Тірі қалам ба, жоқ па деген сауал


бір минут та есімнен шықпай отыр, көкейімде «мен мұндалап» сайрап
тұр ғой.
Бірақ қорқақтық емес, Гауһар Қорқыныш — табиғи сезім. Ол
тіршілік иесінің бəріне де тəн қасиет. Өмір сүру үшін қажетті қасиет. Еш
нəрседен қорықпаса, тиісті жерінде сақтанбаса, көзсіз батыр бола берсе,
онда жер бетінде тірі жан қалмас еді.
Ол, қорқақтық — адамға біткен табиғи қасиет емес қой. Ешкім
анасынан сужүрек боп тумайды. Ол өсе келе пайда болады. Демек,
қорқақ болу — адамның дүние танымына, тіпті əлеуметтік көзқарасына
байланысты туатын үғым емес пе? «Қорқақ адам — ең қауіпті адам»
Мұны айтқан неміс жазушысы Карл Берне. Неге олай деген? Себебі
қорқақ адам қашанда опасыз келеді. Ал, опасыз, қорқақтар өз жанын
аман алып қалу үшін бүкіл əлемді сатып кетуге əзір.
Үрей сезімі барлық адамға тəн табиғи қасиет. Одан ешкім қашып
құтылган емес. Қорқыныш сезімінің ең күштісі — ажал үрейі. Ажалдың
қыл арқаны мойынға түсіп, қылғындыра бастағанда ғана адамды ажал
үрейі билей ме? Жоқ. Сау-саламат шапқылап жүргенде-ақ бойымызда
азды-көпті қорқыныш сезімі болатын шыгар. Əйтпесе неге өлікті
көргенде төбе қүйқамыз шымырлап кетеді?
Əйтсе де, өлім қаупі ұдайы төбемізден төніп тұрмайды. Көбінесе
оны өз басымызға қатер төнген сəттерде ғана еске аламыз. Өйткені
«адамның ақыл-ойын үрей сезіміне билетіп қоюға болмайды». Көне
заманның ұлы ақыны Данте Алигьери осылай депті.


Бір қызығы — адам бойындағы қорқыныш сезімшіңтабиғатын,
əсіресе, ажал үрейінің ішкі сырын ғалымдар көптен бері-ақ зерттеп келеді
екен. Орыстың ұлы ғалымы, атақты физиолог И.И. Мечников бұл салада
бүкіл əлемдік ғылымға қыруар үлес қосқан жан саналады. Алаида ол
«қорқыныш сезімін зерттеуге, оның құпияларын ашып көрсетуге, ажал
үрейінің бейнесін жасауға» ғалымдардан гөрі, ақын-жазушылар көбірек
еңбек сіңірген деп мойындайды.
Өз шығармаларында қорқыныш сезімі, ажал үрейі хақында мейлінше
ғылыми дəлдікпен жаза білген бірнеше жазушының есімін ұлы физиолог
зор ілтипатпен атап көрсетеді. Олар: ағылшын ақыны Джордж Байрон,
француз жазушылары Альфонс Додэ мен Эмиль Золя, орыстың ұлы
жазушысы Лев Толстой. Мəшһүр ғалым солардың ішінде, əсіресе,
Толстойды айрықша жоғары бағалайды. Жазушы логикалық ойлану
əдісімен-ақ сол кезде ғылымның күші жетпеген сырларды ашқан екен.
Адам бойындағы қорқыныш сезімін өз басына сан рет ажал үрейі
төнген жазушыдан артық кім бейнелеп жазбақ? Сол сұмпайы сезімді
бейнелеп көрсетудің керегі не дейсің ғой.
Гауһар! Өзің-ақ айтшы, төрелігін. Егер бір тас қараңғы меңіреу
түндерді ғүмырымызда бір рет те көрмеген болсақ, онда күллі əлемге
шуақты шүғыла шашып, арайлап таң атқан сəтте мына жарық дүниеге
соншама қатты қуана алар ма едік? Сары шұнақ аяздың не екенін
білмейтін, өмірінде тоңып көрмеген адам пеш жанып тұрған жып- жылы
үйдіңрақатын жан-тəнімен сезе ала ма? Шілденің шыжыған ыстығында
өкпесі аузына тығылып, тандыры кеуіп шөлдеген жан ғана саялы бақ пен
салқын судың лəззатын өзінің жан-жүрегімен толық сезе білсе керек
Дəл сол сияқты үрей сезімінің бар қаһарын көкірек кезімен көріп,
жан-тəнімен айқын сезе білген адам ғана жер бетінде өмір сүріп, тірі
жүрудің өзі ұлы бақыт екенін толық ұға алады ғой. Мұны ол тек ақыл-
оймен ғана емес, өзінің жан-жүрегімен сезінетін болады Өмірдің
ұлылығын, өзінің шексіз бақытты екенін басқалардан гөрі, əлде- қайда
тереңірек түсінудің өзі бақыт қой.
Лев Толстой нағыз қорқыныш сезімімен тұңғыш рет жиырма алты
жасында бетпе-бет ұшырастым дегі жазады. Севастополь соғысы кезінде
жау қоршауында қалып қойған жиырма алты жастағы орыс офицерінің
жан шошырлық, үрейге толы көңіл-күйін суреттейтін жолдарды оқыған
сəтте қалай арқаң мұздап, ішің қалшылдап кеткенін өзің де сезбей
қаласың.


Бірақ мұндай үрейлі сезім бірте-бірте сейіліп, кейінірек тіпті жазушы
оны ұмытып кетеді. Тек ширек ғасырдан кейін ғана, Толстой елу жасқа
тақап қалған шағында сонша жыл бойы білінбей, бұғып жатқан өлім
бейнесі оқ жыландай басын қақшаңдатып, ұлы жазушының алдынан
шыға келіпті. Кəрілікпен бірге өзіне жақындай түскен ажал бейнесі енді
ғана оған бұрынғысынан жүз есе үрейлі, аса қорқынышты, мейлінше
жексұрын боп көрінеді.
«Өмірдің қызығына мас боп жүргенде, — деп жазады ол, — біз еш
нəрсеге мəн бермейді екенбіз-ау. Əйтпесе түбінде бір ажалға душар
боларымды о баста қалай сезбегем? Бұл сұмдық баяғыдан-ақ жұрттың
бəріне мəлім нəрсе ғой. Тап қазір болмаса да, ақыры бір науқасқа
шалдығарың, өлерің хақ. Менің ең жақын, ең жақсы көретін
адамдарымды атың өшкір ажал талай мəрте арамыздан алып та кетті ғой.
Бір күні кезек маған да келеді. Осының бəрін көре тұрып, біле тұрып,
қалай ғана өмір сүруге болады екен?! Міне, ғажап деп осыны айт!»


Барлық адамға тон ажал үрейінің табиғатын өз туындыларында
мейлінше сенімді етіп көрсете білген жазушылардың бірі Альфонс Додэ.
Ол өзінің бір досына жазған хатыңда ағынан жарылып, былай депті:
«Осы бір ажал үрейі өзегімді өртеп бітті. Қанымды қақ қылды. Жанымды
жай таптырмай қойды. Əсіресе, пəтер ауыстырғанда зəрем кетеді. Жаңа
үйге көшіп келгенде табалдырықтан аттай бере-ақ жаман ойға келем: мен
өлгенде табытым осы үйдің қай жерінде тұрады екен деп көзіммен
бөлмелердің ішін тінткілеп, табыт қоюға ыңғайлылау деген жердің бəрін
дереу қарап, көріп шығам».
Виктор Гюго өз үйіне қонаққа келген атақты адамдардың бəріне
міндетті түрде тек жалғыз ғана сауал береді екен. Жазушы өз қонағына
қиыла қарап отырып: «Сіз, сірə, ажалым жақындап келе жатыр деп
үрейленбейсіз бе?» — деп сұрайтын болған. Сонда əлгі қонақтардың бəрі
шетінен: «Қорқам» яки «Қатты қорқам», — деп жауап қатқан екен.
Бұл аталған жазушылардың бəрі өлім емес, өмірдің ұлылығын бүкіл
əлемге паш еткен жандар. Олар тылсым ажал үрейін жасырмай бейнелеу
арқылы бізге өмірді сан түрлі қырынан көрсетеді. Өмірге деген
қүштарлығымызды арттыра түседі.
Міне, көрдің бе, Гауһар! Ажал үрейі барлық жанға тəн табиғи қасиет
екенін енді ұқтың ба? Менің осындай күрделі, нейрохирургиялық
операция алдында онша- мұнша қобалжығанымды сен қорқақтық деп
ойлама. Мұның бəрін сен дұрыс түсінсін деп əдейі əңгімелеп отырмын.
Қазір бойымда қорқыныш сезімі барын сенен жасырғым да келмейді.
Бірақ үрей сезімінің жетегіне еріп кете беретіндей-ақ күйреуік, бос
белбеу емеспін. Бүгін жымысқы сезімдерден гөрі, ақыл-парасатқа
көбірек ерік беру керектігін білем.
Енді бірнеше минуттан кейін мені операция столына алып кетеді.
Соңғы минуттарымда не істесем екен? Саған хат жазып қалдырсам ба
екен, Гауһар? Үлгірем бе? Жоқ. Кешелі бері бұл қалай ойыма келмеген?
Бірақ не деп жазам? Мен айтатын нəрсенің бəрін өзің-ақ білетін
сияқтысың ғой, Гауһар. Балаларымызды жақсы адам етіп тəрбиелеу
керектігін менен жақсы сезесің. Бірақ оларды ренжітпеші. Есі болса өсе
келе бəрін өздері- ақ түсінеді. Əйтеуір жасытып алма. Жасық адам —
жарты адам. Екеуінде жөнге салу үшін бір-екі шапалақтап жіберіп едім.
Соған қазір өлердей өкініп отырмын Ал, өзіңе не демек едім? Қолыма
қалам алып қанша оқталсам да, бəрібір саған еш нəрсе жаза алмадым.
Айтар ойым көп сияқты еді. Бірақ қағазға түсіруге арзитындай пікірім


жоқ боп шықты. Неге?
Адам қашанда қиялға бай, сөзге кедей демекпін бе? Жоқ Ой елегінен
өткен сөздерді ғана адам сыртқа шығарады. Əйтсе де, ешбір кіршіксіз,
аппақ қағазға тек терең ойдың түңғиығынан теріп алынған маржан
сөздерді ғана жазуға болатын шығар деген пікірге келдім. Ал, ондай сөз
менде жоқ сияқты боп тұрады
Оның үстіне, хат жазып қалдыру — операциядан тірі калатыныма
сенбеу деген сөз ғой. Ал, мен тағы да талай жыл бақытты ғұмыр
кешетініме иманымдай иланғым келеді. Міне, жан жүрегім соған
кəдімгідей нанып та тұр. Онда несіне саған хат жазам, Гауһар? Тіпті ол
жөнінде ойланудың өзі ұят емес пе?
Сонда қазір не істеуім керек? Операция бөлмесіне əкетер алдындағы
ең соңғы минуттарын басқалар қалай өткізетінін білгің келе ме? Оны да
күнде көріп жүрмін. Айтайын.
Бұл өзі операцияға түсетін адамның өміріндегі ең ауыр, ақырет-
минуттар деуге болады. Мұндайда сағат тілі бір нүктеден тапжылмай,
мелшиіп тоқтап қалғандай болады. Əр минут уақыттың өзі мəңгі-бақи
таусылмайтындай сұмдық ұзап кетеді.
Міне, сол азапқа толы соңғы минуттарды неғұрлым тезірек,
жеңілірек, жанға жара салмайтындай етіп өткізіп жіберу үшін əркім əр
түрлі «əдіс» қолданады.


Кейбіреулер ең соңғы минуттарын өзінің отбасымен, бала-шағасымен
əңгімелесіп тұрып өткізгенді ұнатады. Осындай қиын-қыстау, алмағайып
сəттерде ең жақын адамдардың жаныңда болғанға не жетсін. Бұл өоңілге
зор демеу ғой. Бірақ мұның жаман жағы да бар. Көзбен көріп тұрған соң
оларды қиып тастап, бірден операцияға кету сұмдық қиын болады екен.
Жақында бір егделеу ер кісі жігіт болып қалған баласымен операция
алдында осылайша қоштасып тұрып жүрегі қысылып, есінен танып
қалды.
Операцияға түсетін күні өзінің жақын туыстарын аурухана маңайына
жолатпай, тек ең жақын достарын шақыртып алатындар да бар. Бұлар
көбінесе достарымен бірге өткізген қызықты күңдерін, бастан кешірген
күлкші оқиғаларын бір-біріне айтып, соңғы минуттарда мəз-мейрам боп
масайрап күліп жатады екен. Бұл «əдістің» де бір кемшілігі бар. Сəл
іштей қобалжып, қорқып тұрғаныңды əлгілерден біреу-жарымы сезсе-ақ
көрер көзге бəріне мазақ боласың. Кейде олар өздерінше «қамқорлық»
жасаған боп, барша жұрттың көзінше саған «қорықпа» деп кеңес бере
бастайды. Өзі үрейі ұшып тұрған науқасқа бұдан артық қиянат жасау
мүмкін емес.
Бізбен көршілес палатада бір жігіт жатты. Ешкіммен ашық-жарқын
сөйлеспей, өзінше оқшау жүретін, тымырсықтау адам көрінген еді. Өткір
көздерін адамға қадағанда өңмеңіңнен өтіп кете жаздайды. Не керек, сол
жігіт ең соңғы минутына дейін палатада өзімен бірге жатқан
науқастармен шахмат ойнап отыра берді. Оны операцияға алып кетуге
дəрігерлер келгенде ойын əлі біткен жоқ еді. Əлгі жігіт өзімен шахмат
ойнап отырған кісіге жуан даусымен бұйыра сөйледі:
— 
Ей, мына позицияны бұзбай, шахмат тақтайын күйінде алып қой. Мен
қайтып келген соң ойынды жалғастыра береміз. Сен мені ұдайы жеңіп
келдің. Бірақ түбінде мен сені бір рет жеңбей қоймаймын! — Бұл сөзді
ол өзін жүгіртек-арбаға жатқызып, операция столына əкетіп бара
жатқан ең соңғы минутта айтты. Даусы мығым, аса сенімді боп естілді.
Меніңше, ең мықты, жүйкесі берік жандар осылар болса керек. Олар
ауыр минуттарда ешкімнің колдап, қолпаштауын, демеуін, мүсіркеуін
қажет етпейді. Қандай дауыл соқса да, қасқиып жалғыз өзі қарсы тұруға
əзір.
Ал, мен ше? Менің не істегенімді білгің келе ме? Міне, операцияның
басталуына он бес минут қалды. Мен əлі кітап оқып жатырмын. Уақыт
өткізу үшін емес. Бұдан үш-төрт күн бұрын осы бір кітап қолыма түсіп


еді Бастаған кітапты аяқтап шығу керек қой.
Ақырына дейін оқып үлгерем бе, жоқ па? Мүмкін, үлгерермін. .
Осындай ауыр минуттарда серік болған қандай кітап дейсің ғой. Бүл
өзі қанша рет оқысаң да, қайта-қайта қолға ала бергің кеп тұратын
ғажайып бір жыр-дастан. Ерлік дастаны деуге болады. Қиын-қыстау
сəттерде оқу үшін жазылған сияқты.
Бұл — Войничтің атышулы «Бөгелек» романы. Тегінде, ажалды
тəрік қып, өлімді менсінбейтін, жаужүрек жаннын сағын сындыру
мүмкін емес екен ғой. Адамның жаны болаттан да берік пе деп
қалдым.
Міне, арайлап алтын таң атып, күлімдеп күн шыққан сəтте. Артурды
қараңғы қапастан жарық дүниеге, аулаға шығарды. Жоқ. Күннің жанға
шипа, дертке дəру шуағына бөлеп, рахаттандыру үшін емес, қайта сол
таңғы шапаққа ғашық, қүштар жан Бөгелекке күннің нұрын мəңгі-бақи
көрсетпей қою үшін — оны атып тастау үшін далаға алып шықты.
Күннің көзі күлімдеп көрінген сəтте ғана Бөгелек өз дұшпандарымен
бетпе-бет ұшырасты. Жауларын көрген бойда-ақ қайтадан зығырданы
қайнап, жігерленіп кетті. Енді ол күреске тайсалмай шығуға əзір еді.
Басқалар сияқты ол өзін атар алдында көзін орамалмен байлатқан жоқ.
Арандай аузын ашқан жалмауыз ажалдың жүзіне қаймықпай,


тік қарап өткісі келді өмірден. Бір топ солдат оған қарап мылтық кезеп,
«атыңдар» деген каһарлы бұйрықты күтіп, мелшиіп тұр. Өмірінде тауы
шағылып, тауаны қайтып көрмеген ер жүрек жігіт өз жендеттерінің
алдында еңсесін биік ұстап ұнжырғасын түсірмей, ажалды менсінгісі
келмей, өзіне қару кезеген солдаттарға, шайдай ашық аспанға күлімсірей
қарап тұр. Не деген қайсарлық десеңізші!
Міне, «Мен де өз науқасыма, ажал үрейіне нақ осындай өжеттілікпен
қарсы тұра білуім керек» деген ой келді. Қайраты қара тастай қайсар
жанға іштей тағзым еттім. Тап қазір маған жетіспей тұрған қасиет те осы
табандылық, өжеттік екенін жан-жүрегіммен сездім. Осы бір жаныма
жақын қаһарманның өр мінезі, тəкаппарлығы табанда-ақ менің де
бойымды ширатып жібергендей еді.
Сол сəтте бір ақынның мынадай өлең жолдары өзінен- өзі ойыма кеп
орала берді: Жанбырдың тамшылары жер ширатар,
Тағдырдың камшылары ер ширатар.
...Жер емес тамшыдан соң жатса
езіліп, Ер емес қамшыдан соң
кетсе үзіліп*
Рас, қаныпезер жендеттер Богелекті өлтірді. Бірақ қайсар жан
жеңілген жоқ. Ажалды мойындамай, өлімді менсінбей кетті. Өзінің ажал
үрейінен əлдеқайда жоғары тұрғанын, əрі мəңгі-бақи сол өлімнен еңсесі
биік күйінде қала беретінін дəлелдеп кетті.
Иə, ол биік мақсат, асқақ арман, ізгі мұраттар жолында өзін құрбан
етті. Бірақ өмірдің қиын-қыстау өткелінде бойына медеу, жанына демеу
іздеген əрбір адамға сол бір от жүректі жігіттің қаһармандығы өнеге емес
пе?! Демек, тағдырдың қамшысынан қаймықпаган қайсар Бөгелектің
рухы бүгін мені де қолдайтыны хақ қой.
Рас, бүгінгі операцияда өмір мен өлімнің қайсысы жеңері əзірше
беймəлім. Əйтсе де, менің өмірден үміт үзгім келмейді. Тірі
қалатыныма, профессор қолының жеңілдігіне, өзімнің кұлан таза
сауығып, қатарға қосылып кететініме, өзіңе əлі де талай-талай
куанышты күндер сыйлайтыныма, екі бірдей ұлымның алдында əкелік,
елімнің алдында азаматтық борышымды қалайда өтейтініме кəміл
сенгім келеді. Басыма бұлт айналса, жанымда сенің болатыныңа
иманымдай иланғым кеп тур, Гауһар,
Міне, мені операция столына əкетуге дəрігерлер келді. Нақ сол сəтте
жалғыз сенің бейнең ғана қараңғы түнгі жарық жұлдыздай арман


аспанында жарқырап тұрды. Сол жалғыз жұлдыз тап казір өмірге деген
үміт сəулесін менің жан-жүрегіме аямай құйып жатқандай еді.
Міне, операция бөлмесіне əкетіп
барады... 7
Қалкашым, мен тірімін,
қатардамын, Өмірімнің тағы
көрдім атар таңын. Ажалмен
айқастым да өлмей қалдым,
Бар екен əлі менің татар дəмім,

деген жолдарды Əбділда ақын менің дəл осы сəттегі көңіл- күйімді
білдіру үшін жазған сияқты.
Бір рауаятта наркоздан оянғандай болдым. Өзіме-өзім келіп, есімді
жинай бастасам керек. Көзімді ашсам өз палатамда жатыр екем.
«Тірімін, елмей, операциядан тірі шығыппын ғой». Ең алдымен
ойлағаным осы болды. Əйтеуір тірілердің қатарындамын.


Басқа жағын ойланып, толғануға қазір мұршам да жоқ. Ойлағым да
келмейді. Ең бастысы
— тірімін, Гауһар.
Бар сезгенім — тынысым тарылып, біреу алқымымнан қылғындырып
тұрғандай-ақ ауа жетпей, деміккен үстіне деміге түстім. Қаным кеуіп,
аузымнан демім от боп шығады. Еріндерім кебірсіп, бір-біріне желімдей
жабысып капты. Тілім аузыма сыймай, таңдайым қақырап, шөлдеп
барам
Есімді жиған алғашқы секундта-ақ өзіме де беймəлім бір дүлей күш
мені жан тылсымға такап, қас қағымда əңкі- тəңкімді шығарып
жібергендей еді. Біресе шала-шарпы есімнен танып, талықсып, біресе
өзіме-өзім келіп, жаным жарға таянып, барып-келіп жаттым.
Қазір күннің қай мезгілі екен деп ойладым Күндіз бе, əлде түн іші
ме? Қанша тырысып бақсам да көзімді ашуға дəрменім жетер емес.
Кірпіктерім құдды шойыннан қүйылғандай зіл батпан боп, ауырлап
кетіпті. «Пəленшенің қатты ауырғаны сондай, бейшараның кірпік қағуға
шамасы келмей жатыр», — деген сияқты сөздерді талай мəрте естігем.
Бірақ адам басы ауырмай, балтыры сыздамай жүргенде мұндай сөздің
терең тамырына онша үңіле бермейді ғой. Мүмкін, онысы дүрыс та
шығар. Сау-саламат жан қайдағы-жайдағы жымысқы ойларға беріліп,
басын катырып неғылсын.
Əйтсе де, жауырынынан жел өтіп, азап-бейнет шегіп жатқан науқас
адамға кірпік қағудың өзі шынында да мүң екен. Қаңтардағы мұздай
сіресіп қатып қалған жансыз кірпіктерді бір рет қана тербеп жіберу
үшін сонша көп күш-жігер керек деп кім ойлаған, сірə.
Көзімді аша алмай діңкем құрыды. Жан дəрмен қып жатып, ақыры
бір кезде көзімді ашып алғандай болдым- ау. Бірақ енді жанарым
жабылмай қинады. Кірпік қозғалмай, мелшиіп қалса бар ғой, өлген
қойдың көзіндей бақырайып тұрған қос жанар құдды біреу тұз құйып
жатқандай дуылдап ашып кетеді екен.
Палатаның іші ала көлеңке тəрізді. Қалың тұманды күндері айнала-
төңірек осылайша бұлдырап, күңгірт тартып, еміс-еміс қана сағымданып
көрінеді. Əлде кешкі апақ- сапақ ақшам шак па екен?
Бүкіл денем күйіп, жанып барады. Барша əлем алаулап өртеніп
жатқандай боп кетті. Тіпті мынау үстімдегі жұп- жұқа жамылғыш та
денеме шоқтай тиеді. Аузымнан шыққан деміме дейін от-жалынға
айналып кеткен сияқты.


Көзіме шалынған нəрсенің бəрі — есік те, терезе де, палатаның төрт
қабырғасы да, Ақылбек пен Қайсар жатқан кереуеттер де дөңгеленіп,
шыр көбелек айналып тұр боп шығады. Наркоз тарқарда адамның басы
айналады деуіш еді. Сол шығар деген ой келді.
Құлақтарым шыңылдап, палатаның іші жан-төзгісіз у- шу боп
кеткендей. Бейне бір жүздеген ұсталардың балға, төстері дəл менің
жастығымның астында үздіксіз соғылып тұрғандай. Оқтын-оқтын шаң-
шұң дауыс шыққандай болады. Мен мына күйімде еш нəрсенің анық-
қанығына көз жеткізе алмасымды сездім.
Мұның бəрі аздық қылғандай-ақ белгісіз бір зіл батпан салмақ
үстімнен басып, жанымды жаншып, еңсемді езе түскендей еді.
Əйтеуір есімді жиғалы бері көңілге демеу қылғаным: «Тірі қаппын
ғой» деген жалғыз ой болды. Осы ойдың өзі- ақ маған жанды жанитын
құдіреттей əсер едгі. «Ең бастысы — тірі екенмін! Ендігі қиындығына
қалайда тозу керек» деп түйдім.
Төзбегенде қайтесің? Басқа түссе, баспақшы. Əйтсе де, адамның жаны
сірі екен ғой.
Мұндайда тəн азабы мен жан қасіретіне шыдай алмай күңірене
күйзеліп, байбалам салып жүретіндер де болады «Өлдім-талдым,
қүтқарыңдар!» — деп бажалақтап, безек


қаққанда жұрттың бəрін аяғынан тік тұрғызады. Əсіресе, туған-
туысқандары қатты əбігерге түседі
«Бас жарылса, бөрік ішінде» деп дымыңды шығармай, іштей тас-түйін
боп, қарысып жата беру де жеңілемес. Мұндайда адам қайта аһлап, уһлеп,
жиі-жиі күрсініп алып, мұңын шағып жылап жатса, азабы азайғандай,
бойы жеңілдегендей сезіледі екен.
Əйтеуір ағыл-тегіл боп жылап алғың кеп тұрады. Бірақ біз мұндай
сезімді парасатқа жығып бергенді жөн көреміз ғой. Сондай жылауық
сезімге берілмей, тек санаға ғана мойынсұнып, сыртқа сыр шашпай
жатқан жандарды жұрт: «Төзімі темірден жаралған екен» деп аспанға
шығара мақтайды емес пе? Мұндайлар басына түскен азаптың бар
салмағын жалғыз өзі көтеруге тырысады. Тірі жанға, ең жақын адамына
да мұңын айтып, шешілмейді. Сыртқа сыр бермейді.
Бірақ таудай тауқыметті, жан төзгісіз азап-бейнет пен зəбір-жапаны
сыртқа шығармай ішке бүгіп қалудың керегі не? Өзгелерге төзімді адам
боп көріну үшін бе? Əлде: «Мен мына жылап-сықтап жатқан жандар
сияқты емеспін, обаста басқаша, бұлардан гөрі беріктеу жаралғанмын»,
— деп өтірік айту үшін керек пе?
Одан гөрі ішіне беріік боп қатып, жанын жауратып жатқан мұң-зарын
көз жасымен жуса да сыртқа шығарып, аз да болса бойын жеңілдетіп
алғаны жөн емес пе? Мұндайда ағыл-тегіл жылап, тас боп қатқан көңілді
азды- көпті жіпсітіп, жуасытып алғанның несі айып?! Іштей қайғыдан
қан жұтып жатса да, тісін тісіне қойып, сыртқа сыр бермей, көлгірсіп
жүретін жандарды жақсы адам деуіміз керек пе? Əлде ішіне инедей сыр
бүкпей, өзінің ішекқарнын алдымызға ақтарып салып, достарынан тіпті
көз жасын да жасырмай, ағынан жарылған адамды мақтауымыз керек пе?
Көз жасы əрқашанда əлсіздіктің белгісі ме?! Ал, қатыгез мінез —
батырлықтың нышаны ма? Ел басына күн туғанда жау жүрек қаһарман
да, жұртпен бірге қабырғасы қайысып, бір сəтке ет жүрегі елжіреп,
көзіне жас алады емес пе?! Бүкіл елдің өзегі бордай үгіліп, қанттай еріп,
кəрі-жас күңірене жылап жатқанда түк болмағандай іш мерезденіп, тіпті
күліп жүретін қоян жүрек қорқақтар, өлексе іздеген қорқаулар да болады
ғой
Əрине, басқа түскен қайғы-қасіретке біржола беріліп кету де жақсы
емес шығар. Сəл нəрсеге малма тымақтанып, бойындағы алаулаған
ынта-жігерінен айрылып қалудың несі мəртебе! Əйтсе де, көзіне жас
алғанның бəрін жасық деуге де аузым бармайды Меніңше, темірдей


төзімділік пен болаттай беріктіктің тамыры біз ойлағаннан гөрі
əлдеқайда тереңде жатыр.
Бұрынғыдан да бетер демігіп, тандырым кебе түсті. Су
сұрайын десем сөйлей алмаймын. Жағым тас боп қарысып қалған.
Қанша тырбаңдасам да не аяғымды, не қолымды қимылдата алар
емеспін. Менің еркіме бағынбайтын аяқ- қолдарым былқ етпей жатыр.
Неге?
Енді өзімнің шарасыздығыма қорлығым келіп, дəрменсіздігіме жан
жүйкем босап кетті. Сол сəтте өксіп- өксіп жылап алғым келді. Бірақ
маған қасарысқандай көңілім тас керең боп, бір мызғымай сіресіп қапты.
Жаным жіпсір емес.
Бəрінен де адамның көзінен оңайлықпен жас шыға қоймағаны қиын
екен. Мұндай сұмдықты кім көрген! Біреулер қатты қайғы-қасіретке
душар болғанда ауыл кариялары.
«Мейлі жыласын, бойын босатсын, тартынбай егіліп, шерін тарқатын
алсын. Əйтпесе іш құса боп, дертке шалдығып қалады», — деп жататын.
Осы сөздің жаны бар ма деп қалдым. Мұндайда адамның жан жүйкесі
босап, ағыл- тегіл жылап алса-ақ іштегі запыран-қайғы көз жасымен
сыртқа кеткендей бойың жеңілдеп сала береді екен. Əйтеуір өзім талай
рет сөйттім.


Мен көпке дейін қатып қалған қара тастай мелшиіп, еш нəрсеге
ішім жылымай, жарыла алмай, іш мерезденіп, мелшиіп жата бердім.
Əншейінде сəл нəрсеге бордай үплетін көңілім енді мəңгі-бақи
жіпсімейтін мұздай боп семіп қалған сияқты.
Сол бір сəтте маған жұрттың бəрі көзіме күліп, сыртымнан
табалап, шоқ-шоқ деп тұрғандай көрініп кетті. Соны ойлағанда іш
қазандай қайнап, өзімді-өзім тұңғыш рет əлемдегі ең дəрменсіз,
бейшара жан сезіндім. Бірақ сол арада жанарыма лықсып кеп қалған
көз жасын көктемгі жауындай нөсерлете төгіп-төгіп жіберуге
дəрменім келмей, ызаға булығып, іштей күйзеле бердім.
Шіркін-ай, көз жасын көл қылып, мейірі қанғанша егіл- тегіл еңіреп
алған адамның арманы жоқ шығар деп те ойладым. Көзімнен жас
парласа-ақ еңсемді езіп бара жатқан азап-дозақтан құтылатындай боп
тұрдым. Тер қысқанда сəл жіпсісең де тынысың кеңіп, бойың жеңілдеп
қалады ғой. Адамды уайым қысса да солай бола ма деп қалдым. Бірақ
бүгін журегім, сірə, бусанар емес.
Басым зар қақсап, алып барады. Жұрттың бəрі жабыла мені түйе
бас қылып, жан- жағымнан үздіксіз тоқпақтап, миыма шеге қағып
жатқандай зырқырайды. Құлақтарым сұмдық қатты шыңылдап, түк
естір емеспін. Көздерім қарауытып, оқтын-оқтын түк көрмей қалады.
Тамағым қақырап, қаңсып барадың Жаныма қаттырақ батқаны
да осы болды. Еріндерім бейне бір-біріне шаңдып тігіп
тастағандай-ақ қыбыр етер емес. Тілім де таңдайыма жабысып
қалған тəрізді.
Енді ғана аңғардым. Еріндерім емес, жақ сүйектерім ашылмай,
айқасып, тас боп қарысып қалған екен. Бұл күйімде менің бір тамшы да
су ұрттай алмасым айқын еді. Су ішпек түгілі, бұл қалпымда шөлдедім
деп айта да алмаймын ғой.
Тас-түйін боп сіресіп қалған жағымды қалай ашарымды білмей, дел-
сал күйімде, есеңгіреп жата бердім. Бүкіл денем, барша жүйке
тамырларым тас-түйін боп тартылып, сақиып қапты. Тек ішмде
жігісімей жатқан мүз еріп, ауыр азаптан туған бойдағы қатыгездіктің
ызғары сəл-пəл тараса ғана елжірер едім. Ол үшін көңілді босатып,
жылап- жылап алуым қажет. Бірақ соның өзі де қазір қолымнан келмей,
діңкем құрып, амалым таусылып тұр ғой, Гауһар' Бағанадан бері
қасымда отырған бүлдіршіндей, жап- жас медсестра қызға көзіммен
меңзеп, стол үстіндегі су құйылған графинді көрсеттім.


Шамасы, оқуды биыл ғана бітіріп келсе керек. Мені түсіне алмай,
соңысына өзі қысылғандай қипақтап қалды. Маған бірдеме дегендей
болды. Бірақ əлі құлағым ештеңе естір емес.
Мен де қасарысқандай көзімді графиннен алмай, соған тесіліп қараған
күйімде жата бердім. Бір сəт мен қарап жаткан жаққа кездейсоқ көзі түсіп
кетті де, «ə, ұқтым» дегендей ол өзінің түсінгеніне қуанып қалды.
Асықпай басып, палатадан шықты да, бір жақтан стақан мен шəй қасық
əкелді. Сөйтті де, ерініме бір қасық су тамызды.Бірақ су аузыма бармай
сыртқа төгіліп берді «Неге ішпеисіз? Су сұраған жоқсыз ба?» дегендей
кыз маған аңтарыла қарады. Бір тамшы су ұрттауды аспандағы армандай
көріп, қаным қақ боп жатқанын мына қыз қайдан үқсын!
Сол сəтте біздің палатаға кезекші дəрігер кіріп келді. Сүңғақ бойлы,
ат жақты, қою қара шашты, ак құба жігітті мұнда танымайтын адам
жоқ. Ол — нейрохирург Профессордың ең жақын көретін көмекшісі.
Бұл жігіт туралы өзіңе айтып едім ғой. Аты
— Мейман Сөзінің əзіл-шынын ажырату қиын. Сəл қылжақбастау ма деп
қаласың.
Міне, қазір де сəл езу тартып, күлімсіреген күйінде менен көз алмай,
қуақыланып тұр.
Оның мына түріне қарағанда маған соншама күйіп-пісетіндей түк те бола
қойған


жоқсияқты «Бір-екі күн шыда, сосын өз аяғыңмен шапқылап кетесің»
деп тұрғандай еді Мейман Көжеков.
Ал, менің күн ұзакқа су сұрап жатқанымды ол айтқызбай-ақ ұқты.
Неге су ұрттамай, қиналып жатқанымды да жазбай таныды. Шамасы,
операпиядан соң тура маған ұқсап, жағы қарысып қалатындардың
талайын бұрын да көрген-ау деп ойладым.
Дəрігер қасыма, кереуетке отырды да, сүйріктей ұп- ұзын
саусақтарымен бетімді уқалап, қарысын қалған жақ сүйектеріме массаж
жасай бастады. Жан салып, жарты сағаттай əуреленді-ау. Бірақ бұл
əрекетінен ештеме өнбеді Сіресіп калған жақ сүйектерім былқ етер емес.
Тура сол сəтте палатаның есігі ашылды да. Мейіркүл апай кіріп келді.
Бұл кісінің қандай адам екенін білмейсің ғои сен, Гауһар. Ол өзі осында
көптен бері фельдшер, яғни медсестра боп істейді екен. Біздер сияқты ол
сүйек пен еттен емес, мейірім мен ықыластан жаралған ба деп қаласың.
Ауруларға дəрі ғана емес, дəрмен де беретін медсестраның бəрі дəл осы
кісідей мейірбан болса ғой, шіркін.
Күллі ауруханадан оған риза емес жанды іздеп табу қиын шығар.
Қайтсем науқас адамның көңілін жадыратам деп, жаны қалмай құрдай
жорғалап, бəйек боп ұшып- қонып жүргені. Тікелей міндетіне
жатпайтын, сан қилы, ұсақ-түйек істерді де, титтей де жаны кейімей,
ертелі-кеш бір тынбай, тыйпыңдап жүріп тындыра береді.
Өздігінен жүріп, тұра алмайтын науқасқа бір стақан шай əкеп бере
салу яки оның терлеп жатқанын көрсе көйлегін ауыстырып кигізе салу,
ашық қалса үстіне көрпе жаба салу — бір қарағанда оп-оңай іс сияқты
ғой. Бірақ адам төрт тағандап, тырп ете алмай жатқанда осының өзі мұң
боп қалады екен. Мейіркүл апай соны жан-жүрегімен сезетін сияқты
көрінді маған. Сондай жаның қиналған сəттерде айтқаныңды екі етпей,
титтей де қиналмай, қабақ шытпай қол ұшын беруге қашанда əзір.
Мейіркүл апайды бір көргенде-ақ еріксіз жақсы көріп кетесің.
Бұл кісі жер ортасынан асып қалса да əлі күнге жалғыз басты екен.
Өзіне бір түрлі жаным ашиды. Жас кезінде бір жігітке ғашық болып,
ғұмыр бойы соны күтіп өтіпті деседі. Жақында сол «жігіттің» кім
екенін де сезіп қалдық. Алғашта сенерімізді де, сенбесімізді де білмей
жағамызды ұстадық. Бұл құпияны тек біздің палата ғана біледі. Əлгі
«жігіт» кім дейсің ғой? Ақылбек аға екен. Бүл өз алдына бір жыр-
дастан.
Ауруханадан тірі шығып, үйге барсам өзіңе бəрін бүге-шігесіне дейін


əңгімелеп берем, Гауһар.
Ал, қазір сол Мейіркүл апай менің бас жағымда ілулі тұрған аппақ
орамалды алып, маңдайымнан шып-шып шыққан мұздай терді сүртіп
жатыр.
Ол тек мейірімді аналарға ғана тəн ықыласпен бейне- бір сəбиін
əлдилеп отырғандай- ақ еміреніп, жібектей жұмсақ алақанымен
мандайымды сипай бастады. Мына аялы алақандар мейірбан анамды
көзіме елестетіп жібергендей болды.
Сол-ақ екен, көңілім өксіп, іші бауырым елжіреп, көзімнен
қалайша ыстық жас шығып кеткенін өзім де сезбей қалдым. Үн-
түнсіз, егіле жыладым.
Бетімнен айғыз-айғыз боп, сорғалап жатқан көз жасымды
ешкімнен жасырғым да келген жоқ. Көзімнен жас парлап аққан сайын
бойымдағы зілдей ауыр қасірет жүгі жеңілдеп, тынысым кеңіп бара
жатты.
Бірте-бірте денем сергіп, буын-буындарым бұрынғыдай сіреспей,
босаңсып қалғанын іштей сездім. Əзер-мəзер дегенде ақыры аузымды да
аштым-ау əйтеуір. Бірінші айтқаным
«су!» деген сөз болды.


Мейіркүл апай емпелеңдеп барып, графиндегі судан стақанға құйып
алды да, шай қасықпен менің аузыма тамыза бастады. Оймақтай ғана
қасықпен берген нəрі өңешіме жетпей-ақ құдды құмға құйылған судай
заматта қаңсып қалған еріндеріме сіңіп кетіп жатты. Аузыма су құйған
сайын шөлім қанудың орнына, қайта бұрынғыдан бетер аңқам кеуіп
жалана түстім.
Ал, жаңағы жас қыз қолына шприцті ұстаған күйінде аң-таң боп
қапты. «Қандай сиқырыңыз бар?» дегендей Мейіркүл апайға аңтарыла
қарайды. Тас керең боп бітіп қалған құлағымның тығыны өзінен-өзі
ашылып кеткендей болды. Жұрттың бəрі сапылдап өойлеп жатыр екен.
Дəрігер жігіттің жас медсестраға қарап: «Бұл — адам эмоциясына
байланысты құбылыс», — дегенін естіп қалдым.
Кешелі бері не боп, не қойғанның бəрін жаңағы дəрігер жігіттен
естіп білдім. Операция бес сағат отыз минутқа созылыпты. Наркоздың
күшімен он екі сағаттай ұйықтасам керек. Профессор операциядан кейін
мені жүрегі мықты, өкпесі таза екен деп мақтапты. Бірақ басқа еш нəрсе
айтпапты. Демек, мен өз аяғыма мініп кете алам ба, жоқ па, мына
қолдарым неге қимылдамай қалған деген сауалдарға тек профессордың
өзі ғана жауап бере алады деген сөз.
Енді не де болса соның келуін күтуім керек. Дүниеде тағатың
таусылып, сарғайып күткен жаман. Мұндайда уақыт та өтпей қояды ғой.
Белге соққан жыландай жандалбасаға түсіп, кирелеңдеп жатсам да
тірі қалғаныма іштей шым-шымдап қуана бастаған сияқтымын. Əлгінде
ғана дүние-төңірек төңкеріліп кетердей боп, айналаны тым-тырыс үрейлі
бейуақ қарауыта қаптап алған еді. Енді сонау көз жетпес қиырдан өмірге
деген үміт оты сығырайып, жылт ете қалғандай болды. Бірақ осы əлжуаз
жарық біреу-жарым үп десе-ақ жалп етіп өшіп қалатындай өлімсіреп қана
жанып тұр. Шықпа жаным, шықпа деп, өмірдің етегіне тырнағымның
ұшы зорға ілініп жатқанда сол сығырайған үміт отын байқамай сөндіріп
алудан қауіпті нəрсе жоқ екенін жан жүйкеммен сездім. Сондықтан:
«Профессор операциядан кейін мен жөнінде не айтты, менің аяқ-қолым
неге жансыз?» деп қасымдағы кісілерден де сұрағам жоқ. Ол туралы
жаңағы дəрігер жігітке де, медсестраға да, Мейіркүл апайға да ауыз
ашпадым. Өйткені біреу анық-қанығына жетпей-ақ түйеден түскендей
қып, дүңк еткізіп қойып қалса, айықпас ауруға ұшырайтындай боп,
əлденеден секем алғандай елегізе бердім. Мүмкін, ащы шындықты
есітуге жүрегім дауаламай жатқан шығар. Білмедім. Əйтеуір неде болса


профессордың өз аузынан есітуге бекем бел будым.
Басымның зырқырап, омыртқамның қақсап ауырғаны үдей түспесе,
бір сəтке де басылар емес. Содан ба? Əйтеуір қара терге малындым.
Борша-боршам шықты. Үстімдегі жейде мен көрпе əп-сəтте малмандай
су боп шыға келеді. Оларды əр жарты сағатта ауыстырып жатыр. Тіпті
адамның денесінде соншама көгі су болады дегенге сену қиын сияқты.
Маңдайдан шып-шып шыққан моншақ-моншақ тер үздіксіз бетімді
жуып, ағыл- тегіл қойныма құйылып жатыр.
Əлдекім менің қол сағатымды жастығымның жанына, маған
көрінетіндей етіп қойып кетіпті. Жаңағы медсестра қыз шығар. Əйтеуір
уақытты біліп жататын болдым.
Профессордың палаталарды аралайтын мезгілі де жақындап капты. Не
дейді екен ол?!
«Бəрін операциядан соң айтам», — деп көптеген сауалыма жауап
бермеген еді. Қазір бойымды бір-біріне қайшы келетін екі түрлі сезім
билеп алып, мені екеуі екі жаққа тартқылап жатқандай көрінді. Бірі
маған: «Осындай күрделі операциядан тірі қалғаныңа, мына жарық
дүниені тағы да көргеніңе қуан, бақытты екенсің, Ержан» деп тұрғандай.
Екіншісі: «Ержан, енді сен жер басып жүре алмайтын мешел шығарсың.
Əйтпесе аяқ-


қолың неге қимылдамайды? Ондай ғаріп тіршіліктің керегі не
саған?!» деп сыбырлап жатқандай.
Шынында да, өз аяғыма қайтып міне алмай, мешел боп, жер сипалап
қалсам қайтем?!
Осыны ойлағанымда оқыстан біреу қойныма жылан салып
жібергендей тұла бойым тітіркеніп кетті. Өз ойымнан өзім шошып
есеңгіреп қалғандай едім. Екі аяғынан бірдей айрылған мүгедек
жандарды бір сəтке көз алдыма елестетіп көргім келді.
Екі жанында биік екі дөңгелегі бар бесік-арбаға мінген мүгедек
жандарды күнде көріп жүрміз ғой, Соларды ұшыратып қалсам-ақ табанда
іші-бауырым елжіреп, көңілім қатты қүлазып кетеді, Неге? Мүмкін,
оларды іштей аяйтын шығармын,
Бірақ олар ешкімнің мүсіркеуіне мұқтаж емес, Оған осы ауруханаға
түскелі бері əбден көзім жетті, Көрінгенге еметайы езініп тұратын күйрек,
борбас жандарды өлердей жек көреді олар, Қайтпас қайсарлықты, бір
беттілікті, табандылықты құрмет тұтады
Тозақ отынан өтіп келген бұл мүгедектер өмірдің қадірін, тіршіліктің
бағасын төрт мүшесі түгелдердің қай- қайсысынан да артық біледі, терең
сезінеді. Өздеріне аяушылық сезімін білдіріп, есіркеп, мүсіркеп
жатқанды жақтырмайды олар. Мұны кемсітуден кем көрмейді. Ертең
маған да біреулердің жаны ашып, «алда бейшара-ай» деп тұрса қайтем?
Күні бұрын дегбірімді қашырып, өзімді-өзім іштей жеп таусылғаннан
не пайда? Ең дұрысы — еш нəрсе ойламау. Бірақ мұның өзі тек айтуға
ғана оңай екен. Əйтпесе көңіліне ұя салып алған жымысқы ой-пікірлерді
жүректен жұлып тастау қайдан жеңіл болсын.
Міне, тағы отыз минуттан кейін профессор келуі керек. Бəрі сонда
бір-ақ мəлім болады. Профессор шындықты жасырмайды. Айтарын
білтелеп, сипақтатып жатпайды. Жұқалап, сипалап сөйлеген басқа
дəрігерлерді де жақтырмайды. Ол аурудың көзіне тік қарап тұрып
«жүресің!», не «жүре алмайсың!» деп кесіп-жарып турасын төбеден
түскендей етіп бір-ақ айтып салады.
Сот үкіміндей ауыр естілетін мұндай соққыға шыдай алмай көз
жасын көрсеткен ер кісілерге профессор қатты зекіп тастайды: «Тəйт!
Жаман ырым бастамай отыр' Еркек кіндік емессің бе?! Зіңгіттей боп
сен жыласаң, онда анау бала-шағаң қайтеді?! Тірі қалғаныңа щүкірлік
қыл. Аяқсыз-ақ тіршілік бесігін тербетіп жатқандар аз ба?! Ендігəрі
мұндай жасық мінез көрсетпе!» Мүмкін, ащы шындықты бүкпей,


ашықтан-ашық айтып салғаны дүрыс та шығар. Ертелі-кеш бəрібір
белгілі болады ғой. Одан гөрі бəрін бірден біліп, өз тағдырына ертерек
көндіге бергені жөн емес пе?
Əйтсе де, енді ешқашан да өз аяғыңмең «жүре алмайсың» деген
ызғарлы хабарды естуден ауыр нəрсе жоқ шыгар. Біреулер өзінің ауыр
тағдырына жоғарыдан келген зауалдай мойынсұнып, қыңқ етпейді.
Шыдайды. Ал, сабыр суы сарқылып қалғандары мұндайда басын тауға
да, тасқа да соғып, жан ұшыра шыңғырады. Жұртты əлекке салып
қоядығ Ешкімнің басу сөзін елең кылмайды.
Міне, сондай бір ауыр сынға түсу кезегі бүгін маған да кеп түр.
Жақсылық хабар айтса жақсы Ал, егер профессор «жүрмейсің» десе ше?
Мұндай сұмдықты естігенде жынданып кетпесем игі еді.
Гауһар! Қай жерің ауырса, жаның тап сол жерде түрғандай боп
сезіледі екен. Біреу менің омырткамды отпес арамен əрі-бері аралап
тұрғандай арқа тұсым тынымсыз қақсатып алып барады. Мидың жүз
мындаған тамырлары əрқайсысы өз алдына жеке-жеке сырқырап
ауыратын тəрізді. Олардың əрқайсысы мені «өз əдісімен» азаптауға
ұмтылып жатыр ма деп қалдым. Тіпті олар кейде- «Қайсымыз көбірек
қинай алады екенбіз» деп өзара бəсекеге түсіп, бақсыларша зікір салып,
ойнақшып кеткендей болады. Мұндай сəттерде ойлануға да мұршам
келмей, қалжырап барып, талықсып кетем.


Иə, мен ақыры операциядан «тірі қалам ба, жоқ на» деген күдік
белесінен асып өткен сияқтымын. Тірі қалдым. Бірақ енді одан да
үрейлі, ажалдың өзінен де сүсты сауал алдыма көлденеңдеп кеп тұра
қалды. Бұл — «Өз аяғыма қайтып міне алам ба, жоқ па?» деген күдікті
сұрақ еді.
Гауһар! Қандай қиын десек те жан азабына да, тон азабына да төзуге
əзірмін. Шыдай білу — үміт шырағын сөндірмеу деген сөз ғой. Ал, сол
үмітке иек артып қана, соның күшімен ауру азабын жеңіп жатқан
жоқпын ба?
Егер профессордан «жүресің» деген бір ауыз сөз естісем- ақ мына
қиындықтың бірде- бірін елең де қылмас едім.
Тірі адам армансыз болмайды ғой. Бірақ жүріп кетсем, өзіннің
армансыз, əлемдегі ең бақытты жан екеніме күдік келтірмес едім.
Басыма таудай тауқымет төңкеріліп жатса да тағдырыма, сірə, налымас
едім.
Мен енді тұла бойымды зар қақсатып, алып бара жатқан тəн азабы
мен ішімді құрттай кемірген жан азабынан бірер минутқа болса да
қүтылу үшін ой-қиялымды басқа жаққа аударуға тырыстым. Бірақ не
туралы ойласам да қиялым тайғақтап, бейне бір жүгенсіз ат тəрізді мені
басы ауған жаққа алып қашып кете берді. Мұндайда тізгінін қос қолдап
ұстап отырғанға не жетсін. Əйтсе де оған қауқарың келмей, дымың
құриды екен.
Ақыры табан тіреп, тұмсық тінстіріп, рахаттана қиялдауға болатын
ой-қазығын таптым-ау деймін. Бұл өзі қашанда менің қиялымды
қанаттандырып, көңіліме жел беріп жіберетін ой еді. Ең бастысы осыны
ойлағанымда басқа ұсақ-түйектің бəрі оп-оңай-ақ жадымнан шығып
кетеді. Бұл жолы да солай болды. Жанталасқа түсіп жатсам да ой
тізгінін өзіме қажетті жаққа қарай тарта алғаныма іштей сүйсініп те
қалдым.
Гауһар! Біз екеуіміз танысқан соң сенің сөзіңмен айтқанда «қыз бен
жігіт» боп үш-ақ күн жүрдік қой. Төртінші күні қаладан біздің ауылға
қарай тартып отырдық. Сол күннен бастап сен келіншек кəдесін істедің.
Балауса шақпен біржола қоштасқандай болдың.
Мен қазір қайталанбас қызығы мол сол үш күндік өміріміз туралы
ойланып, өткен күндердің лəззатынан нəр алып жатырмын.
Иə, небəрі үш-ақ күн .. Үш күнде адам бірін-бірі біліп бола ма? Бұл
жеңілтектік қой.


Адам тағдырын үш күннің ішінде шешу ұшқалақтық емес пе?!
Мүмкін, солай да шығар. Əр нəрсеге уақыт сыны керек қой. Бірақ
махаббат ісінде кұдіретті. Уақыттың өзі де кəдеге аспай қалатын
сияқты.
Кезінде бізді «жеңілтек» деп сынаған менің бір досым болды.
Ақылды-ақ жігіт еді. Өз қалыңдығымен үш жыл бойы бірге оқыған. Бірге
жүрген. Сабақ кезінде де, қолдары бос уақытта да жұптарын жазбайды
екен. Бірін-бірі жатқа білетін сияқты. Солар семья құрды. Тойында
болдық. Жақсы-жақсы тілектер айттық. Ақыры не болды дейсің ғой? Үш
айға жетпей-ақ неке бұзып ажырасып тынды. Келіншегі де сүп-сүйкімді,
сондай инабатты жан еді. Біздер соны түсінбей дел-сал болғанбыз бір
кезде.
Шынында да, мұндайда үш күн көптік қыла ма? Əлде үш жыл аздық
қыла ма?
Қайсысы дұрыс?
Рас, Гауһар, біздер бақытты отбасын құрдық. Алғашқы пəк сезім
біздерді алдамапты. Он жыл бойы біргеміз. Əлі күнге дір-бірімізге бір
рет те күрең қабақ көрсеткен жоқпыз. Арамызға кикілжің кірген емес.
Балаларымыз өсіп келеді. Бақыттымыз.
Əйтсе де, мен екеуміздің тез қосыла қалғанымызға кейде іштей өкінем.
Үш-ақ күн.
Бұл тым аз ғой. Тым құрыса тағы да бірер ай жүре тұрып, адам өмірінде
бір-ақ рет болатын сол бір сиқырлы сəттің зəмзəм суындай сусынынан
көбірек ішу керек пе еді? Тек қыз бен жігіттің арасында ғана болатын
айрықша ұяңдық сезімінің дəмін тым аз таттық


па? Сол бір лəззаты бал татитын шақты қолдан қысқартып, өзімізге-
өзіміз қиянат жасаған жоқпыз ба?
Мүмкін, сол зəмзəм суы аз болғаны үшін маған тым тəтті көрінген
шығар. Онда мен үш күн аз деп несіне өкінем?! Қайта қуанбаймын ба?!
Достарым маған ылғи отбасы жағынан сенен бақытты жан жоқ
дейтін. Мүмкін, солай да шығар. Бірақ мен бұл жөнінде ойланып көрген
жан емеспін Тегінде, өзі бақытты адам бұл жөнінде, сірə, ойлана қоймаса
керек. Өзі уайым-қайғысыз, шат-шадыман жүрген адам қуаныштың
қандай сезім екенін ойлап, бас қатырып неғылсын!
Меніңше, бақытты адам онша-мұншаны елең қылмайтын маспен тең.
Тек тұяғы тасқа соғылған сəтте ғана ол мастығынан айығып, айнала
төңірегіне ой тоқтатып қарай бастайды. Əйтеуір мен өзім солай болдым.
Бақыт шарабынан аз іштім бе, көп іштім бе, кім білсін. Əйтсе де,
амандықтың арқасында өмірде əжептəуір мас боп теңселе басып
жүргенім хақ. Міне, бүгін сол мастығым табанда тарқап кеткендей
болды. Ал, өмірдің ащы шындығына көз ашып, тік қарауға жүрегім
дауаламайтын сияқты. Сонда мен неден қорқам? Өлім қатері төбемнен
найзағадай жарқ-жұрқ етіп өтіп кетті емес пе?
Ендігі көрерім мүгедектік пе? Мүмкін, ауруымнан қүлан-таза
айығып, қатарға қосылып кетермін. Егер жазылмайтын болсам, онда
несіне операция жасатып, осыншама азап шегіп жатырмын?!
Жоқ. Мына бейнеттің бəрін жақсылыққа жориын. Бірақ бүгінгі зілдей
ауыр ойлар бейне бір қаршығаның мойнына кигізілген жығауылдай
ұшқыр қиялдың емін-еркін көкке қалықтап кетуіне бөгет болып тұр.
Алдымен мен осы от ноқтасынан босанып алуым керек емес пе?
Көңілімді аққа ұйытып, ауру азабынан ақыры бір құтылатыныма
жүрегімді сендіре алмасам, онда кім болғаным менің?!
Рас, қазір сүйек-сүйегімді зыркырата қақсайтын тəн азабы мен
аяқсыз қалам ба деген жымысқы ойдан туған үрейлі жан азабы мені екі
жақтап, адам төзгісіз зымыстанға тақап барады. Тым құрыса солардың
бірінен — ой азабынан құтылу қолымнан келмей ме?!
Бойыма күні-түні запыран құйып, өзімді улап жатқан сұрқия
ойлардың жығасын жықпасам, онда менің нем адам!
Профессор келгенше менің тағдырым беймəлім боп тұр ғой. Бірақ
адам қашанда белгісіз нəрсені жақсылықтан гөрі, жамандыққа қарай
көбірек жоруға бейім бе деп қалдым. Неге? Адам өзіне жақсылықты
қимай ма? Жоқ. Одан емес шығар. Меніңше қазір өзім бəрінен де гөрі


мүгедек боп қалудан қаттырак қорқып жатырмын ғой. Сондықтан ойым
да жамандыққа жүйріктеу боп тұр. Адам неден үрейленсе соған сақ
тұрады емес пе?
Жастығымның жанында жатқан қол сағатыма қарадым.
Профессордың жүмысқа келетін уақыты əлдеқашан өтіп кетіпті. Бірақ ол
əлі жоқ. Неге кешікті екен? Əлде басқа палаталарды аралап жүр ме? Жоқ.
Əдетте ол таңертең ауруханаға кірген бойда-ақ, ең алдымен кеше
операция жасалған науқасты барып көреді. Олай болса, бүгін елден
бұрын маған келуі керек еді ғой. Неге кешігіп жатыр? Əлде маған тиесілі
хабар сұмдық ауыр боп, соны айтудан қаймығып, бейжай боп жүр ме?
Жоқ. Əкесі өлгенді де естіртеді ғой.
ГІрофессор ондай жасқаншақ жан емес.
Мына кезекші дəрігер де, медсестра да қаннен-қаперсіз, бейқам жүр
ғой. Соған қарағанда маған секем туғызатындай түк те бола қойған жоқ
шығар. Əйтсе де, сабыр суым сарқылған сияқты.


Ақыры беймаза ойдан құтылу үшш «Профессор неге кешікті», —
деп Мейіркүл ағайдан сұрадым. «Елена Андреевна бүгін келмейді
басқа бір ауруханаға консилиумға шақыртып əкетіпті», — деді
Мейіркүл апай.
Міне, нағыз азап деп осыны айт. Əрбір минут уақытты қолмен
итермелегендей етіп, зорға өткізіп, салым суға кетіп жатканда,
профессорды тағы бір тəулік бойы зарыға күтуге мəжбүрмін.
Дүниеде белгісіздік жаман екен. Мен əйтеуір бір өз аяғымнан жер
басып, жүре алам ба, жоқ па? Бұл сауалға қазір табанда ешкім жауап
бере алмайды. Оны тек омыртқамды ашып, өз көзімен жұлындағы ісікті
көрген профессор ғана біледі Ал, профессорды тағы жиырма төрт сағат
бойы күтіп жатуым керек. Оған минут сайын сарқыла түскен шыдам-
төзімім жете ме? Мен үшін енді ең басты нəрсе Уақыт боп қалды.
Гауһар, сен жұмысыңда шығарсың? Не ойлап отыр екенсің? Маған
операция жасалғанын білмейсің ғой. Əлде кеше келіп, бəрін естіп
кеттің бе? Онда бүгін жаныңды қоярға жер таппай, тағатың таусылып
жүрген шығар. Əлде операция күнін озіңнен жасырғаныма ренжіп
қалдың ба? Білем. Сенің ашуың тез тарқайды ғой. Мүмкін, қазір мына
аурухананы айналшықтап, палатаға бас сұға алмай діңкең кұрып
жүрген шығар. Мұндағы тəртіп қатал. Білесің ғой. Операция жасалған
ауруға бір апта бойы сырттан келетін адамды жолатпай қояды.
Палатада есімді жиғалы бері денемнің ыстығы бір минутқа да басылар
емес.
Медсестра сағат сайын өлшесе де, қызуым отыз тоғыз бен қырық
градустан бір түспей-ақ қойды. Оны қойшы. Соған мəн беріп жатқан мен
де жоқ.
Қазір бəрінен де жаныма батып бара жатқаны — омыртқаның зар
қақсаған тынымсыз ауруы ғой. Біреу омыртқамның еттерін сылып
тастап, жалаңаш қу сүйектерін бас салып егеп жатқандай-ақ арқа тұсым
зырқырай жөнелгенде жаным көзіме көрінгендей болады. Миыма үсті-
үстіне үздіксіз біз шаншып, шеге сұғып түрғандай басым зырқ-зырқ
етеді.
Мұндай азапты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек осындай
операцияға түсіп, тірі шыққан жандар ғана сезетін шығар.
Егер сен қазір менің жанымда болсаң, онда мұның бəрін елең
қылмас па едім? Өзің маған зор медеу екенсің ғой, Гауһар. Сен қазір
қасымда отырсаң, онда мəңгілікке тоқтап қалғандай тапжылмай тұрған


уақыт та тезірек өтіп кетер еді. Қазір маған осы бір тəулік бір жылдан
көп боп көрінетін сияқты.
Өмірде адамның еркіне бағынбайтын бір ғана нəрсе бар ма деп
қалдым. Ол — Уақыт шығар. Оған адамның билігі жүрмесе керек. Біз
сағат тілінің жүрісін тездету яки баяулату үшін өзімізді-өзіміз алдауға
мəжбүрміз.
8
Гауһар! Сонымен Уақыт дегеніміз не? Ол хақында ойланып па едің,
сірə? Əншейін кезде осы зырылдауық Уақыттың сиқырлы сырларына
жөнді мəн де бермейді екенбіз ғой. Бірде жайбасар жандай сылбыр
қимылдап, бірде жүйрік аттай қүйындата жөнелетін Уақыт жөнінде мен
бүгін көген көзденіп жатып көп ойландым. Бірақ ол маған түпсіз терең
теңіздей боп көрінді.
Əйтсе де, сол тұңғиыққа бойлап көруге талпынып, «Уақыт
дегеніміз не» деген мəңгілік сауалға жауап іздедім. Қиялға ерік беріп,
бұл сауалдың жауабын өзгелерден де сұрап көрдім.
Бұған əркім əр түрлі жауап берді. Уақыт — əр адамның көзіне əр
түрлі боп көрінетін сиқырлы тас секілді екен.
— 
Уақыт — материяның өмір сүруінің бір формасы, — деді ғалым.


Көпті көрген көне көз қарияның жауабы бұдан басқашалау еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет