—
Мынаны өзіңіз жаздыңыз ба?
—
Жоқ. Гауһар ғой, — деппін сасқалақтап. Ол мырс етіп күлді
де:
—
Жоқ. Мені дұрыс түсінбедіңіз. Мына əңгіменің авторы сіз бе
дегенім ғой.
—
Əрине, — дедім неге сұрап тұрғанын да жөнді ұқпай.
Дастан əлденені іштей ой таразысына салып, өлшепжатқандай-ақ бір
сəтке үн-түнсіз қалды. Сəлден кейін барып, қүдды əр сөзін шегелеп
жатқандай нықтап-нықтап сөйлей бастады.
—
Тіліңіз шұрайлы екен. Қып-қысқа əңгімеде қаншама қанатты сөздер,
жанды суреттер, ұтымды ойлар бар десеңізші. Сіздің қолыңыздан көп
нəрсе келетін сияқты. Бірақ кейбір олқылықтары да бадырайып көрініп
тұр. Əңгімеңіз композициялық құрылысы жағынан қатгы ақсап жатыр.
Оған өкінбеңіз. Көш жүре түзеледі емес пе? — деді ол маған ойлы
көздерімен қарап.
Сосын əлдене ойына түскендей орнынан лып етіп тұрды да, кітап
сөресінің қасына барды. Əрі-бері қарады да, сөреден қалың бір кітапты
суырып алып, менің жаныма қайта кеп отырды. Қолындағы кітап
беттерінен көзін алмай, тез- тез парақтап жатып, маған сөйлей берді:
—
Сіз, сірə, аударма жасап көріп пе едіңіз?
—
Жоқ.
—
Жасар ма едіңіз?
—
Қолдан келетін шаруа болса...
—
Онда сізді сынап көрсек қайтеді?
—
Қайдам. Сыннан сүрініп жүрмесем.
—
Сүрінбейтін тұяқ бола ма? Палуандар күреске түсер алдында
өзін-өзі іштей не деп жұбататынын білесіз бе?
—
Жоқ.
—
«Жығылсам жер көтереді» деп өзін бір демеп алады.
Дастанның бұл сөзіне ду күлдік.
—
Ə, міне, таптым, —деді ол шынында да бір жақсы нəрсе
тауып алғандай қуанып.
Сөйтті де қолындағы орысша кітаптан шағын ғана бір сөйлем оқыды.
Небəрі бес-алты сөзден ғана тұратын осы жай сөйлемді қазақ тіліне
аудару ə дегенде маған оп-оңай боп көрінді. Күнде мың мəрте айтып
жүрген сөздер сияқты. Мен ойланып- толғанып жатпай-ақ бірден аудара
салдым. Бірақ мұным Дастанға ұнаған жоқ. Ол тіпті маған бетін
тыржитып, жақтырмай қарағандай боп көрінді. Əйтсе де, Дастан иба
сақтап сөйледі:
—
Асықпаңыз. Сөйлемді сөзбе-сөз сірестіріп аударуға болмайды. Онда
автордың негізгі ойын оқырман қауымға дəл жеткізе алмаймыз. Сіз
мына сөйлемнің қысқалығына қарап, оңай деп қалдыңыз. Сізге мен
əдейі қиын сөйлем бердім. Бұл сөйлемде адамның психикалық көңіл-
күйі сайрап тұр. Баспаның редакциялық кеңесінде
осы сөйлемнің аудармасы хақында көдімгідей дау боп, совет мүшелері
пікір таластырды. Ақыры мынадай тоқтамға келдік, — деп ол маған
жаңағы сөйлемнің қазақшасын айтып берді.
Мен аудармашының тапқырлығына қайран қалдым. Өйткені Дастан
əлгі сөйлемде бадырайып көрініп тұрған сөздердің өзін емес, оның
астарында сырт көзге шалынбай, жасырын жатқан ойды тауып аударған
еді. Мұндайды мен тұңғыш рет көрдім. Мына жігіт енді маған өзіміз
тəрізді жай адам емес, бізде жоқ киелі қасиеттері бар сиқыршыға ұқсап
кетті.
Менің аударма өнеріне іштей қатты қызығып тұрғанымды ол сезді
білем. Қолындағы кітаптан тағы бір сөйлем оқыды. Бұл жолы біршама
дұрыс аударып, ойынан шықсам керек. Мені аспанға көтере мақтай
жөнелді:
—
Міне, осылай болу керек! Сізден нағыз аудармашы шығуы əбден
ықтимал. Тіл байлығыңыз жетіп жатыр. Бұл — аудармашының басты
құралы. Тек əлгіндей үстірт аударуға əуестенбеңіз. Бағбандар ағаштың
өсіп тұрған бұтақтарынан гөрі оның тереңде жатқан тамырына көбірек
қамқорлық жасайды ғой. Автордың түпкі ойын дұрыс түсініп,
сөйлемнің бояуын бұзбай дəл жеткізуге тырысыңыз.
Сосын Дастан маған тағы да бірнеше сөйлем аудартып көрді.
Қолымнан бірдеме келетініне көзі жетті-ау деймін. Əйтеуір кетерінде
сенімді дауыспен үзілді-кесілді сөйледі:
—
Біз сізге жұмыс береміз. Аударыңыз. Бір жағынан отбасыңызға
материалдық көмек болады. Екінші жағынан, аударма дегеніңіз жазушы
болам деген адамға таптырмайтын мектеп қой, — деді.
Осы бір сары жігіт менің көңіліме жел беріп, өзімді рухтандырып
жіберген еді.
13
Ертеңіне Нұрлыбек жалғыз өзі келді. Көңілді сияқты. Көзінің
астымен маған қулана қарайды. Бір жақсы хабар барын жүрегім сезе
қойды.
Нұрлыбек кешегі əңгімеге оралып, Дастанның кім екенін маған енді
егжей-тегжейлі айтып берді. Ол көркем əдебиеттер шығаратын баспаның
білдей директоры екен. Бірін- бірі студент кезінен білетінін, содан бері
өздерінің үзбей қатысып тұратынын айтты.
Дастанның қаламы жүйрік жазушы, дарынды аудармашы екенін мен
кейінірек білдім.
Мені қуантқаны — Дастан сөзінде тұрыпты. Маған аударуға бір
кітап беріп жіберіпті. Баспа əкімшілігі тіпті менімен шарт жасасыпты.
Енді мен сол шарттың өзіме қоятын талап-тілектерімен танысып
шығып, сосын осы құжатқа қол қоюым керек екен.
«Бұл құжаттың бір данасы сенде қалады, екіншісін мен баспаға
апарып берем», — деп ескертті Нұрлыбек.
Қалыңдығы бір еліден сəл-ақ асатын кітапты аударуға бір жыл
уақыт беріпті. «Неге сонша көп уақыт көрсеткен» деп ойладым шартты
оқып жатқанда. Ертерек аударып бітірсек болмай ма? Шартта кітаптың
көлемі он жеті баспа табақ деп жазылған. Əдетте мен мұндай
хикаяттарды екі-үш күнде оқып тастаймын. Енді соны он екі ай бойы
езіп, мыжып жатуым керек пе? Жоқ! Мен оны тез-тез аударып
тастаймын да, шартта көрсетілген мерзімі жеткенше ешкімге көрсетпей
жасырып қоям деп ойладым.
Бірақ ол ойымның қате екеніне ертеңіне-ақ көзім жетті. Біреудің
сөйлемін аударып жатқаннан гөрі, өз ойынды, өз сөйлеміңді бұрқыратып
жазып тастау мың есе жеңіл ме деп қалдым. Оқығанда оп-оңай боп
көрінетін сөйлемдер аудара бастағанда өзінен-өзі қиындап, уысқа түспей,
қолға ілікпей, сағымданып кетеді екен. Əсіресе, кейбір сөздердің
баламасын табу қиын боп шықты. Тағы да тұйыққа тірелдім. Аударма
маған ірге алдырар емес.
Тұйықтан шығудың басқа жолын іздеу керек еді.
Гауһар! Ертеңіне сені кітапханаға жібердім ғой. Көп кітап əкелдің.
Олардың ішінде өлеңдер де, əңгімелер де, хикаяттар мен романдар да
бар еді. Мұның бəрі орыс тілінен қазақшаға, қазақ тілінен орысшаға
аударылған көркем туындылар.
Мен енді төсегімдегі тығырыққа екі кітапты қатарынан сүйеп
қойып, əрбір сөйлемнің орысшасын да, қазақшасын да бір-бірімен
салыстырып оқи бастадым. Екі кітапқа жалтақ-жалтақ қараумен талай
ұзақ түн кештім. Аударманың жеңіл-желпі кəсіп емес, үлкен өнер,
қыруар күш- жігерді талап ететін сұмдық қиын іс екеніне сонда ғана
көзім жеткендей болды.
Əйтсе де, жазуға деген құштарлық менің жан-жүйкемді əбден
билеп-төстеп алған еді. Енді көркем бейнелерге, ұтымды сөз
тіркестеріне, аударма өнеріне қатысы жоқ ұсақ- түйек ойлардың бəрі
өзінен-өзі ысырылып, шетке шығып қалып жатты. Тіпті сай- сүйегімнің
сырқырап ауырғаны азайып бара жатқандай болды.
Келісті теңеулер іздеп, əсемдік əлемін аралап кеткен кейбір сəттерде
аяқ-қолымның дəрменсіздігін де ұмыта бастаймын. Сондай минуттарда
əлемде менен бақытты жан жоқтай көрінеді маған. Демек, менің ендігі
бақытым — еңбекте, шығармашылық əрекетте деп түйдім іштей. Өйткені
ол менің қайғы-қасіретімді ұмыттырады, көңілімді көкке көтереді.
Бойыма күш-жігер береді. Өмірге сенімімді арттырады. Еңбек арқылы
мен өзімнің қоғамға қажет екенімді сезінем. Ал, маған өмірде бұдан
артық бақыттың керегі жоқ.
Осындай ойлар келіп, аударма жасауға жан-тəніммен қайта кірістім.
Бірақ таңның атысынан бастап, күннің батысына дейін қанша ұрынсам да
алғашқы күні мардымды ештеңе өндіре алмадым. Небəрі бес-алты
сөйлем ғана аударыппын. Оларымның өзі де мəз емес. Бастары
қосылмай, бейне бір оқалақ тиген сиырлардай əрқайсысы бет- бетімен
қожырап кеткен. Бұл сөйлемдердің бір-біріне ешқашандай қатысы жоқ
тəрізді. Сонда ғана мен қалыңдығы бір елі ғана кітапты аударуға неге
табаны күректей бір жыл уақыт берілгенін ұқтым.
Кейде тілімнің қысқалығына күйініп, біржола түңіліп кеткендей
болам. Мұндайда
«Айласыздың батыры айға шабады» деп мен босқа тыраштанып жатқам
жоқ па деген жымысқы ой да жылт ете қалады. Бірақ бұл секілді күдік
онша ұзаққа бармайды. Құдды ошаққа жантақ тастағандай-ақ қас
қағымдай бір сəтке лап етіп жанады да, табанда өшіп қалады.
Өзімді əбден мезі еткен іске қайта кірісем. Енді бұрынғыдай мен
сені босқа қасыма отырғызып, телміртіп қоймайтын болдым. Тағы бір
жаңа əдіс таптым.
Мен аударып жатқан кітаптың əрбір бетінде екі жүз қырық-екі жүз
елу сөзден бар екен. Бəрін санап шықтым. Алдымен кітаптың бір бетін
бірнеше мөрте қайталап оқып шығам. Сонда орыс тіліндегі текст өзінен-
өзі жатталып қалады. Сөйлемдердің өзара байланысы ұдайы ойымда
сайрап тұрады. Сосын əрбір сөйлемді ойша аударып шығам. Артынша-ақ
ойша əлгі сөйлемдерге редакция жасаймын. Осылайша кітаптың бір бетін
түгел ойша аударып, яғни жаттап болған соң ғана оны қағазға түсіру үшін
сені шақыратын болдым.
Мен енді жеке сөздермен ғана емес, тұтас сөйлемдермен, сан қилы
образдармен, көркем теңеулермен егес-қиясқа түскен едім. Көңілі көлдей
тасып, белшеден өмірдің қызығына батып, басы аман, бауыры бүтін боп
жүрген жандар үшін мұндай бақастықтың қажеті де жоқ шығар. Өлі
болып көрде жоқ, тірі болып төрде жоқ менің жөнім бір бөлек. Өлім
сағатын күткендей ыпыны кетіп көрмеген жандар менің сол сəттегі
мүшкіл халімді түсіне қояр ма екен, сірə? Қысқасы — мен аударма жасай
білуге, жаза білуге міндетті
едім. Бұл айқаста жеңілуге иненің жасуындай да хақым жоғын
түсіндім. Тағдырдың запырандай ащы уын ішіп, төрт тағандап жатқан
мен үшін мұндай егес-күресте жығылу
— өмірмен мəңгілікке қоштасумен бірдей болатынды. Өйткені
қолымнан түк келмесін анық сезсем-ақ пұшайман боп, сағым сынары
хақ. Адам өзінің тайқы маңдайлығын сезе бастаса-ақ үміт оты
біртіндеп сөне бастайды ғой.
Сондықтан осы бір талас-тартыста қалай да жеңіп шығу үшін
барымды салдым.
Тəулігіне төрт-бес сағаттан ғана ұйықтап жүрдім. Қалған уақыттың
бəрінде ауру- сырқатыма қарамай, қара терге түсіп, күндіз-түні дамыл
таппай сөз-кірпіштерді қалап үйрене бердім.
Кейде күн ұзаққа ұрынып, өлердей діңкелеп, дəрменім құрып қалт-
құлт еткізіп əрең тұрғызған тұтас қабырғалар енді қалап бола бергенімде
гүрс етіп құлап түсетінді.
Мұндайда тісті тіске қойып бəрін басынан қайта бастауға тура келеді.
Осындай сəттерде көңілдің күні өшіп, айнала төңірегімнің бəрі
қарауытып кеткендей бола қалады. Əбден жүйкелеп, төс табаным жерге
тиді.
Көзім қарауытып, басым шыр көбелек айналып, ес- түсімнен
айрылып қалғанша қасарысып, қарысып аударма жасай бердім. Жаннан
кешсем де, жазудан күдер үзгем жоқ.
Осындай жанталас, арпалыста бірнеше айлар өтті.
Ақыры менімен қастасқандай-ақ сіресіп қалатын сөйлемдер де сəл-
пəл жуасып, иі жұмсап, икемге келе бастады. Шəкірттік дəуірдің аяқталып
келе жатқанын ішім сезгендей болды. Əзірше аспанға шарықтап шығып,
қалықтап ұшпасам да, бара-бара темір қанат боп келе жаттым. Соны
сезген соң өзім де алған бетімнен таймай, тірі жан, тісті бақа боп талпына
бердім.
Бірте-бірте қанатым қатайып, өз күшіме сенімім нығая түскен сайын
өзіме күнде келіп-кетіп жүрген үйреншікті адамдардың өздері де көзіме
барынша əдемі, мейірімді, бауырмал жандар боп көріне бастады.
Мүмкін, олар шынында да солай шығар. Əйтеуір бұл кезде мен: жанға
нəр, бойға қуат беретін нұрлы сөздер тек өмірге ғашық адамдардың ғана
аузына түсетін шығар деп ойлайтынмын. Өйткені мен өз тағдырымды өз
қолыма ала бастағанымды сездім. Тілдің майын тамызбасам да, сөз
мұхитында құлашты еркін сермейтін күн жақындап келе жатқанын
аңғардым.
Бірақ көздеген меженің əлі тым алыс екенін де білдім.
Əйтсе де, аударма өнерінің бетін бері қарата бастадым. Тіл тиегі
ағытылған сайын тұсауым кеңіп келе жатты. Енді бұрынғыдай күн
ұзаққа бір сөйлемді айналшықтап, кібіртіктей бермей, кейде желе
шоқырақтап алатынды шығардым. Бұрын қолға ілікпей, уысқа түспей
келген онша-мұнша сөздерді енді ой-теңізден іліп алып, ұршықтай
үйіріп əкететін болдым.
Күн ұзаққа аударма жасап, түні бойы кітап оқуды үйреншікті əдетке
айналдырдым. Үш айдан кейін күніне өзіме берілген повестің бір бетін
аударып отыруға жарап қалдым. Соны сезінудің өзі менің жанымды
жанып, жігерімді қайрай түсті. Мен нақ осы кезден бастап қана
қасымдағы балаларымның сыңғырлаған күміс күлкісін есіте бастадым.
Мына жарық дүниеге жаңадан көзім ашылғандай-ақ екі ұлымның нұрлы
жүздерін көруге енді ғана мұршам келген еді. Сенің мейірге толы,
жұлдыздай жарқыраған жанарыңа да ауруханадан келгелі бері қазір ғана
көз тоқтатсам керек, Гауһар.
Тасым өрге домалай бастағанын сезгелі бері жұмысым да өнімді
бола түсті. Енді аударма бұрынғыдай азап емес, өзінше бір лəззатқа
айналды. Айшықты сөздер, сұлу теңеулер іздеп, сөйлем құрастырып
жатқан шабытты сəттерде ғана тынығатын боп
қалдым. Бірер сағат ештеңе ойланбай, бос жатсам-ақ тұла бойымның
сырқырап ауырғаны қайта қозып, көңілім құлазып, жаным жабығып
кетеді.
Тəулігіне енді бес-алты сағат ұйықтап, қалған уақыттың бəрінде
дерлік жұмыс істеуді үйреншікті əдетке айналдырдым.
Ақыры көркем аударма жасай алатыныма анық-қанық көзім жетті.
Қолымнан келе ме, жоқ па деген күдіктен құтылғандай болдым. Ол өзі
күндіз-түні тіс құртындай жанымды кеміріп, мазалап біткен еді.
Бойымда өз күшіме, қабілетіме, шығармашылық мүмкіндігіме деген
берік сенім пайда болды. Бұрын өзімнің инженер-құрылысшы екеніме
қалай илансам, қазір аудармашы екеніме солай сенетін сияқтымын.
Өзімді-өзім енді бұрынғыдан гөрі еркіндеу, батылдау, тіпті кейде
күштілеу сезіне бастадым.
Баспаның бір жылдық жұмыс деп берген кітабын мен бір жүз отыз
жеті күнде аударып біттім. Бұл — төрт жарым ай деген сөз. Қалған сегіз
айда не істеймін? Əлде өз кітабымды жазуға кіріссем бе екен? Мүмкін,
біткен жұмысты баспаға дереу беріп жіберу керек шығар?
Осындай ойлармен арада бір күнім өтті. Ол күні түк істегем жоқ.
Тіпті əдеттегідей кешкісін кітап та оқымадым. Өзіме-өзім демалыс
жарияладым. Бұл күні Мұхитпен, Қайратпен əңгімелестім.
Талай рет тұяғымды тасқа соғып, өмірден қанша захмет шегіп
жатсам да мен, сірə, кіші ұлымның сауалдарына бойым үйренбей-ақ
қойды. Өйткені Қайрат жанымның ең жаралы жерін тырналайтын. Ол
менен:
—
Папа! Қашан тұрасың? Қашан жүресің? Қашан мені былтырғыдай
хайуанаттар паркіне апарасың? — деп сұраған сайын ет жүрегім
елжіреп кетеді. Мұндайда балама не айтарымды білмей, тілім күрмеліп
қалады.
Бұл жағынан Мұхит жақсы. Ол ішімді ит тырнағандай қылатын
əлгіндей сұрақтар бермейді. Менің енді ешқашанда мына өлі төсектен
тұра алмасымды мүмкін оның сəби жүрегі сезетін шығар. Ащы
шындықты өз ұлымнан несіне жасырам? Қам көңіл боп қалады деп
қорқам ба? Осы бастан əкесінің мəңгілік мүгедек екенін біліп, мойындап
өскені дұрыс па деп қалдым.
Бір күні Қайрат көшеден егіл-тегіл жылап келді. Өксігі
басылар емес. Сотқар балалардың бірінен таяқ жесе керек. Көзінің
асты күлдіреп, көгеріп қапты.
|