Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет47/56
Дата22.05.2018
өлшемі6,79 Mb.
#40605
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   56

Әділет жолы (432-436) беттер

Қақтығысқа себепкер болған орынсыз күдік екен. Шөп шабатын көп сайдың біреуінде шөбі белуардан асатын бір сай бар еді. Сол сайдың етегінде шөп жапырылып, тапталып қалған шұңқырға біреудің көзі түседі. Ауылдың бір адамы осы арадан өтіп бара жатып: «Е, мына жерге ғашық біреулер аунап-қунап, мейірлерін қандырған екен ғой», - деп көңіліне күдік секем алады. Кім болды екен, адалды арамдап жүрген қай антұрғандар екен деп әлек болады. Кенет ол жаңа келе жатқанда осы тұстан менің көкем өткенін, көп ұзамай Жақсыбайдың әйелін алыстан көргенін есіне алады.

«Демек солар ғой көзге шөп сап жүрген. Шалғынға аунап, ұрлык сезімдерін осында қосқан екен-ау. Бәсе, жайқалған шалғын бекерге жапырыла ма? Қой, бұл жүгенсіздікті көріп біліп тұрып айтпағаным күнэ шығар. Мына адал некелерін бұзып, қос қарғыс атқанды дер кезінде жөнге салу керек екен», - деп әлгі кісі жерден жеті қоян тапқандай Аққұлдың үйіне тура тартады. Ұялмай-қызармай өз ойын болған істей түгел баяндап береді. Түңлікті үйге мұнан артық масқара бар ма? Бетке шіркеудің үлкені де, жұртқа күлкінің шегі де, шаңырақ абыройын айрандай төгу де осы емес пе? Өсек ойран салды дегендей, байыбына барып болмай Аққұл әулетінің аттан салғаны да осыдан екен.
Ағайын боп араласып, алыс- берісі жүріп тұрған қос ауылдың арасына із түспей, құлаққа ұрған танадай тынып еді. Аққұл ауылының ер-азаматы біздің жақта қайтпас есесі кеткендей тістеніп жүр. Жайдары ауылды жабырқау зіл басты. Апта бойы екі ауылдың адамы ала көзбен атысып жүрді.

Күйеуі сілейте соққан сорлы әйел бір сырлас әріптесінің үйіне тығылыпты. Қанына қарайып алған Жақсыбай шаңыраққа кіруден бата алмайды. Сөйтіп әйелі осы үйде  паналайды. Аққұл әкеме адам жіберіпті. Мына қақтығыстың билігін өзі айтып, ұлы мен келінін ажыратып берсін, адал некені былғаған күнәкарларға үкім шығарсын деп сәлем айтыпты.

Әкем хабарманнан кайта сәлем жолдады. «Біріншіден інім мен сенің келініңнің арасындағы күнәнің ақиқатына көзім жетпейді. Екіншіден - аппақ сақалыңмен ақ-қараны

ажыратпай жатып зәбірлендім деп жар салған өзіңсің. Сондықтан басқа қалың рудан би шақырып дауласу - сенің міндетің, Акқұл. Екеуміз де соның алдында жүгінейік. Ол қалыстығын айтар. Мен болсам жауапқор ретінде алдыңа бармақпын, сен де жауапкерлігіңді ойланып барарсың» деп қайтарды әлгі хабарманды.

Екі аптадан соң ел ағалары жиылып, үкім айтуға билер бас қосты. Әдетте мұндайда екі жаққа да қалыс ағайын ғана үкім айтады. Бір жағына бүйрегі бұрмай аралық әділдігін солар білдірмек. Билікті Жарымбет ақсақал жүргізеді екен.

Ұзын бойлы, ет-жеңді қарт өте жабырқау еді. Іштей езіліп, қатты қииалып отырғаны түрінен білініп-ақ тұр. Жұртқа қабағының астынан түнере, тұнжырай қарайды. Аққұл тобы оң жаққа жайғасты да, айыптылар тобы саналған біздің жақ сол қанатқа тізе бүкті. Мұндайда айтыс арасында ақ жаулық атаулыдан бір жан қатыстырылмайды. Солардың сыртынан тон пішіп, үкімін айтатын да ерлер. Еркектердің ісіне қол сұқпайтын қатал әдет өз күшінде еді.

- Уа, халайық. Тірі пенде тірлігінде не көрмейді. Ащының да дәмін татып, ауыртпалық та арқалайды. Күнәға белшесінен батып, ары алдында азапқа да түседі. Біреудің обалына да қалып, көз жасына да ұшырайды, - деп бастады сөзін Жарымбет бәсең үнмен. - Жұмыр басты пенденің бәрі - күнәһар. Бірақ соны біреу білместікпен істесе, енді біреу албырттықпен алданып қалады. Тек сол күнәңді шын жүрекпен адал мойындап арыңа жүгінсең ғана, сол күнәнің ауыртпалығын бар болмысыңмен сезіне білсең ғана қаныңа түскен қара күйені кетіре аласың. Жауласқан жұрттың жұлынын босата аласың, ағайынның араздығын жоя аласың. Сендер, екеуің де - бір атаның ұлысын. Қысылтаяң кезеңде бір арнаға бірігіп, бір рудың намысын ту ететін туыссыңдар. Бір дәннен көктеп шыққан жеміссіңдер. Біріңнің жаның қиналса, екіншің қанат астына қымтап қамқор болар ағайын едіңдер, - деп барып тағы тоқтады Жарымбет. Ауыр күрсініп алып, сөзін қайта жалғастырды.

- Менің төрімнен көрім жақын кезімде сендер мені ауыр нәрсені шеш деп шақырып отырсыңдар,- деп шал тағы бір күрсінді. - Аталас елдің атына лайықсыз, туысқанның түңлігін қаралайтын көргенсіз тірліктің үкімін айт дейсіңдер. Қиналып отырмын, қынжылып отырмын. Жүздеріңе тік қарай алмай жүйкем құрып отырмын, ағайын. Айтыңдаршы өздерің. Әділін ақтара айтыңдаршы. Қалысын айту маған да оңай соқпай отыр ғой. Алдымен сен сөйлеші, Аққұл, - деп

оң қанатқа мойнын бұрды. Аққұлдың әжімді жүзі жыбырлап, өзі құрысқандай бір уыс болып, бозарып сала берді. Қанын ішіне тартып қатайып алыпты. Қамшысының сабымен жер тіреп жүгініп отырып ашынып сөйлеп кетті: тура қарай алмай, бетім күйіп қалған жоқ па? Ақ сақалыма қара күйе жағылды, ақ басыма қара дақ таңылды. Несін айтайын, бетке шіркеу белгілі күнә емес пе, Жареке-ау, - деп Аққұл кенет қалшылдап, қамшысын көтеріп, байбаламға басты. Қалш-қалш етіп орнында әзер отыр. - Мына жаман сәурік менің шаңырағымның арын былғады, әулетімді күлкі-мазақ қылды ғой.

- Сабыр ет, Аққұл. Егер сен оңды-солға қарамай аузыңа келген былапытты ақтара беретін болсаң, қамшы көтеріп қайта дүрліксең, әділдік іздеп несін шақырдың. Бізді аулыңнан қуып шық та, бұдан былай да білгеніңді істей бер! - деді Жарымбет сұстанып. Аққұл абыржып жым болды. Жарымбет оған жанашығандай қарап, енді жайлап үн қатты:

- Өзің ойлашы, Аққұл! Өзің де кішіге ақыл айтар, жұртқа елдікті айтар жасқа келдің. Құдайға шүкір, бір елдің ақсақалы аталып, құрмет тілейтін жасқа да жеттің. Тым болмаса сол сияқты біздің сақалымызды сыйлап, қызбалығыңды доғарсаңшы. Аққұл үн қатпай отырып қалды.

- Сен сөйле, Момыш, - деді Жарымбет әкеме қарап.

- Жареке, бұл жай туралы жарытып сізге еш нәрсе айта алмаймын-ау. Бұл қақтығыстың басы-қасында жоқ едім. Көрмеген адам көңілмен болжағанмен, әділін айта алмай жүрсем, айып емес пе? Інімнің өзі сөйлесін. Өзін-өзі ақтауға, ақиқатын айтуға, әділдікке жүгінуге жарап қалған жоқ па. Өзі баяндасын, Жареке! Мұның өз тізгінін өзіне бердім.

- Ал сөйле, Момынқұл! - деді Жарымбет баяу үнмен, көкеме қарап. Көкем абыржыған жоқ. Үлкендерге ізет көрсете жүгініп отырып, сөзін бастап кетті:

- Жареке! Әміріңізге құлдық. Мен Аққұл ақсақалмен айтысып, бет жыртысып жатуға ұяламын. Үлкенмен тіресіп, жарыса билік сұрау менің бойыма сыятын биіктік емес. Өйткені Аққұл ақсақал - туысқаным, ұстазым, ақылгөйім, тәжім етер ағайым. Айтқаныңыз болсын деп алдыңызға басымды тігуге бармын. Қылша мойнымды қылышыңызға да тосар едім. Ауыртпалығыңызды аянбай көтеріп, азабыңызды мыңқ етпей арқалауға әзірмін, Ақа. Бірақ бетіме ыстық судай шашылған осы бір ұятты жала түсінбестіктен туып отыр. Бұл өсек сөздің бықсыған отына тірідей қақтаумен тең емес пе, ақсақалдар-ау. Байыбына бармай байбалам салған Ақаңа қатты ренжулімін. Жылан тілді бір өсекшінің әзәзіл сөзі үшін ағайынның беті күйіп, байғұс келініңіздің жүзі төмен боп отыр. Аппақ арына сасыған қоқсықты аямай төге салмадыңыздар ма? Әйел жаны осыншалық әділетсіздікті көтере ала ма? Біздер әйелді адалдықтың айнасы, тазалықтын тұнығы деп білмеуші ме едік. Сол бейкүнә тазалықты өз қолдарыңызбен былғадыңыздар ғой. Осы тұста:

- Өшір үніңді, күшік. Қарғыс жаусын саған, - деп ышқына айқайлады Аққұл қарт Жарымбет Аққұлды ала көзімен атып жібере жаздады. Шыдамай зекіп жіберді.

- Бәлкім менің орныма өзің би болып отырарсың, Аққұл?   Аккұл тағы да жым болды. Осы үнсіздікті пайдаланып, көкем қайта сөйлеп кетті.

- Ақа, мен сізді туған ағамнан артық көріп сүюші едім. Әлі де сол сезімдемін, - деді көкем басын таңған орамалды түзетіп қойып. - Сіз мен туралы не ойласаңыз да еркіңізде.

Алайда әзәзіл біреулер сізді ақ жолдан тайдырып отырғанын түсінсеңіз деп тілеймін. Ант етейін, алдыңызда арым таза. Мен сізге қол котергем жоқ. Сіз таяқтады деп тағы да өкпелемеймін... Бас жарылса, бөрік ішінде демей ме, үлкен ұрса, іні шыдар. Ал қалған топтан тек қана қорғануға тура келді. Қарап тұрып өлем бе, жабылып сабағанына шыдай алмадым.

- Мен саған мына шіріктерді шетінен ұрып құлатты деп кінәламаймын,- деп Аққұл өз тобына жиіркене бір көз тастады. - Өңшең мұндай шіріктерді сен ұрмасаң, басқалар ұрып жығар еді. Шірік, шірік,- деп сұқ қолымен өз тобын сұғанақтады. Көкем мұнан соң Жарымбеттің сұрағына жауап беріп, қақтығыстың қалай болғанын айтты. Жарымбет көкемді зейін қойып тыңдап алды да, қырау шалған қабағын тұнжыратып, қасын қинала керді. Сонан соң Аққұлға ала көзімен қарады.

- Жайбарақат жатқан адамға жабылғаның қалай, Аққұл? Он адамға келтек беріп, бір адамға айдап салып қарап тұрғаның қалай? Саған тағылар бірінші айып осы болмақ. Жасыңды сыйлап, басыңды сыйлап, сақалды сыйлап қол көтермеген адамға таяқ жұмсағаның қай сасқаның, Аққұл? Үлкендігің осы ма? Саған тағылар екінші айып осы!

Аққұлдың басы салбырап, жер шұқылап отыра берді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   56




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет