ӘКЕМ ТУРАЛЫ СОҢҒЫ СӨЗ Менің әкем сексен жетіге қараған шағында бір мың тоғыз жүз сексен үшінші жылы сентябрьдің төрті күні дүние салды. Сентябрьдің жетісі – сәрсенбі күні жамбасы жерге тиді. Соңғы отыз жылда қыс айларының денін қалада, бізге келіп өткізетінді. Бірақ кейінгі үш-төрт жылда жүріс-тұрысы ауырлап Алматыға келе алмады. Сол себепті жәй-күйін білмекке, сәлемдеспекке ауылға өзім барып жүрдім. Бір мың тоғыз жүз сексен бірінші жылы барғанымда тың еді. Көңілі де тетік, жүріс-тұрысы да ширақ болатын. Көргісі келген соң Түмен облысында тұратын жиені – Қапезге де апарып қайтқанмын. Араға жыл салып тағы келдім. Бірақ әкем шаршаңқырап қалған. Сабыты да кісіге түсе бастапты.
Менімен қонақтап келген Тахауи сәлем бере бөлмесіне кірді.
- Шәке, қалайсыз? Тыңсыз ба?
Әкем сәл жымиды да:
- Сексен бес дұрыс еді. Арғы жағы кәләкәйт, - деп, өзі де күлді. Бізді де күлдірді.
Бұл әңгіме көз жұмарынан бір жарым ай ғана бұрын болған еді. Өмірден жыламай өткен адамдардың бірі менің әкем бе деп те ойлаймын.
(Шаймерденов С. Ағалардың алақаны. Повестер, әңгімелер, эсселер. Алматы, «Жазушы», 1987.- 361 бет.116-бет)