Қызғаныш
Сүмбеде "Үлгілі" колхозында менің аталас әпкем Тынымжан тұрады. Күйеуі Әлғожа колхоз председателі. Тынымжан осыдан екі-үш жыл бұрын түскен үлбіреген жас келіншек. Әрі сұлу, әрі мырза. Одан он-он бес жастай ересек күйеуі Тынымжанды әлпештеп ұстайды.
Тынымжанның мырзалығы сонша, тамақты құс төсектен түспей отырып ішеді, отын-суға араласуды білмейді. Шешесі Әлипа қолында, тамақты сол жасайды.
Тынымжанды бауыр тартып мен бұл үйге келіп тұрам. Дастарқаны мол, дәмді ішіп, дәмді жейді. Тынымжан әрі мейірбан, әрі ақ көңіл адам. Келген сайын құшағын жайып қарсы алады, мейлінше тойғызып жібереді. Басқа сыйдың маған керегі жоқ.
Нағашым үйінен кетсем, осы Тынымжан үйінде жүрсем деп, арман етем.
Бірақ жайдан жай кете салу ыңғайсыз, сылтау керек. Шіркін, бір сылтау табылса!
Қыс.
Сүмбенің солтүстік-батыс жағы биік қырқа, шаңғымен сырғанақ тебуге қолайлы. Базарда шаңғы табылмайды, дүкенде сатылмайды. Кәдімгі қазақ үйдің уығын екі-екіден қабаттап шегелеп, қолдан шаңғы жасап аламыз.
Атамның көне заттар музейінде бір бума уық жатқанын оқушы біледі. Рамазан екеуміз содан ептеп жымқырмақшы болдық. Екі уықты суырып алып, енді үшіншісін тартқылап жатқан кезде атам кіріп келіп қалсын.
Рамазан бұрын көрген екен, періп ұрып жөнелді. Құтылып кетті. Мен сасқалақтап, қаша алмай, қолға түсіп қалдым. Қылмыс үстінде ұсталған соң аяу болсын ба? Атам зірк-зірк етіп, құлағымды шытырлатып соза бастады. Пәле алдымен менен шығатынын ол біледі.
Құлағым мүлдем жұлынған адамша қоймадан еңіреп шықтым. Енді бітті, бұндай нағашыдан бездім. Бұл қорлыққа шыдағанша қаңғып жөнелгенім артық, дедім де, үйге кіріп, кітап-қағаздарымды жинай бастадым. Нағашым үйінен кетудің сылтауы әдемі табылғанға ішімнен қуанышты едім.
"Үлгілі" колхозы сол көшенің бойында төмен жақта. Аяғым қаздаң-қаздаң етіп Тынымжан үйіне келе жатырмын.
Осылайша менің Тынымжан үйіндегі өмірім басталды.
Тынымжанның шешесі Әлипа пысық, ақ сұр кемпір. Қарсыдағы ас үйде бөлек жатып, бөлек тұрады. Бұрын анда-санда келгенде ол мені жаман қарсы алмайтын. Пәлендей мен үріккендей қытымыр мінез көрсетпейтін. Сөйтсем, оның бәрі белгілі бір шекке дейін ғана екен.
Едірейген сары мұрты бар Әлғожа әрі табыскер, әрі сері жігіт. Үйінен қонақ үзілмейді. Күн ара мал сойылып, тегеш-тегеш бауырсақ қуырылып жатады. Соншама көл-көсір мол дастарқаннан Әлипаның аңдыған-баққаны енді менің ішіп-жегенім бола бастады.
Мен таңертең оқимын, сондықтан ерте тұрам. Әлипа менен де ерте тұрады. Ақ шайнекпен бір шайнек шай ысытады. Кешеден қалған, дастарқандағы көп тураулы нанның тілдей екі жапырағын бөлектеп алдыма қояды. Тақ-тұқ боп, тойыңқырамай қалам. Тағы сұрауға ұялам.
Түсте үйге ішімде ит қыңсылап әрең жетем. Жалпы дастарқанның үстіне түссем, онда еркімше ішіп-жеймін. Әйтпесе, Әлипа маған тағы да тамақты бөлектеп беріп, жарытпай қатырады.
Кеште бұл үй қонақсыз болмайды, әсте, ет асылады. Ауыл белсенділері жиналып, арақ ішіп, қарта ойнайды. Дүкенде спирт көп, су қосып, спирт ішеді. Жарты стақанды қылқылдатып бір-ақ жұтады да, көздерін тарс жұмып, мұрындарын нанмен бітеп, тым-тырыс отырып калады. Қиналғаны ма, жоқ әлде рақат тапқаны ма, маған түсініксіз. Босаған бөтелкелер төсектің астында мастарша қылжиып-қылжиып жатады.
Кешкі астың үстінде Әлипаға мені бөлек тамақтанды-
рудың реті келмейді. Дастарқанға жалпы жұртпен қатар отырам. Менің дәл қасымда тақалып Әлипа отырады. Көзінің қиығымен оның аңдыған-баққаны енді мен болам. Қолым табаққа қарай қозғалғанда, Әлипаның көзі қуалап бірге қозғалады. Ток жүріп жатқан жалаңаш сымды ұстайтын адамша саусағымның ұшы дір-дір етіп, мен етті әзер іліп аламын. Аузыма асықпай салып, тоқмейілсіп, өте бір сабырмен шайнап жеймін. Әлғожа мен Тынымжанға бұл ұнамайды. "Әй, жөндеп ал! Жігіт адамша асап-асап же!"- дейді Әлғожа. "Сен өзге жұртқа қарама, жеп-жеп тойып ал",-дейді Тынымжан әпкем.
Осы сөздер қамшы болады да, менің қолым табаққа батыңқырап кетеді. Бұл енді Әлипаға ұнамайды, сүйекті қатқыл шынтағымен ол өзге жұртқа сездірмей, бүйіріме түртіп келіп қалады. Сұғанақ болма, байқа дегені.
Табақтағы ет азая бастағанда Әлипа қонақтарға "алыңдар, жеңдер" деген болып, менің алдымдағы етті ары қарай сырып-сырып тастайды. Менің алдым тақырайып бос қалады. Бұл оның сен енді тойдың, доғар деген сөзі.
Начало формы
Конец формы
Достарыңызбен бөлісу: |