Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет224/292
Дата05.02.2022
өлшемі6,93 Mb.
#4779
түріБағдарламасы
1   ...   220   221   222   223   224   225   226   227   ...   292

Арбасу


О, Әлипада айла көп! Тамақтан шет қағудың ол неше алуан тәсілін ойлап табады Ет туралып болып, жұрт жаппай сұғынған кезде ол кенет: "қораның аузы жабылмады ғой" деймін", "Бөтен сиыр кіріп кетіп жүрмесін, барып, жауып келші" дейді маған. Мен тұра кеп жүгірем. "Жабық екен" деп, қайта қайтып келем. Еттен енді ала бастағанымда Әлипа тағы жұмсайды: "Самауырдың отын қарап келші, өшіп қалмап па? Сөне бастаса, үстемелеп жаңқа салып қой".
Мен өртке жүгіргендей замғаймын. Әлгінің бәрін бірер минутта тындырып, қайтып келем. Тез оралуым Әлипаға ұнамайды, "не көрінді соншама, жау қуды ма" деп, алара қарайды. Тамақ желініп болмастан "ана үйден сорпа ішетін екі-үш кесе алып келші" деп, және жұмсайды.
Мен оралғанша тамақ жиналып қалуы мүмкін. Осыны ойлап, қалай да есем кетпесін деп, етке шеңгелімді мықтап бір батырамын. Көрші үйге жеткенше асап жеп барам.
Тынымжан әпкем шешесіне тартпаған алтын адам ғой! Мені әлсін-әлсін безектетіп жұмсай бергенге ол шыдамай кетуші еді.
- Немене, балаға тамақ жегізбейтін болдың ғой! Барма! Тамағыңды жеп ап, бір-ақ бар!- дейді.
Кәрі сүйек Әлипа кейде ауырып қалады. Сонда да пісі-күйік тамақтың кілтін қолынан шығармайды. Ыңқылдап жүріп, дастарқанды өзі жаяды, өзі жинайды.
Дегенмен, қытымыр кемпірге мендағы есемді жібермеуші едім.
Күндіз сабаққа ас үйде отырып дайындалам. Әлипа бір кіріп, бір шығып, шаруа істеп жүреді. Кейде оны-мұны жұмыспен көршіге - Әлғожаның ағасы Қожаның үйіне кетеді. Тез оралмай, шай ішіп, бөгеліңкіреп қалады.
Мен бұл кезде сабақты қоя салып, жан бағыстың біраз әрекетіне кірісем. Ықтыяттап, буып қойған дастарқанды тез шешіп, тураулы нанның бірнеше жапырағын қалтама жымқырып алам. Сосын ойнаған болып, далаға шығып кетіп, жеп келем.
Кейде дастарқанда тураулы нан болмайды. Тапа нандар кебежеде. Кебеженің аузы құлыптаулы. Түп жағынан ашылатын кішкентай ақ құлып.
Менің құлып ашу үшін жасап алған бірнеше істік сымдарым, шегелерім болады. Мынау ақ құлып бұйым ба? Бұның көкесіндей құлыптарыңды ашып та, жауып та білгенімді істей алам.
О! Бар байлық кебежеде! Тапа-тапа нан, құрт, май, қант... Менің көзім тұнып кеткендей болады. Құрттың екі-үшеуі, бірнеше шақпақ қант лезде қалтамның түбінде жатады. Тапа нанның бүтініне тимеймін, тисем, пәле емес пе? Қай нанның қашан үзілгені Әлипаның көңілінде жаттаулы. Үзік нан болса, содан ғана өте еппен, Әлипа сезбейтіндей етіп, үзіп алам.
Ақ құлып басып қалсаң, шырт етіп, өзі жабылады.
Осының бәрін мен бас-аяғы бірнеше минутта істеп үлгеремін. Қолдарым кебеженің ішін "реттеп" жатқанда екі көзім терезеден сыртты бақылауда болады. Әлипаның қарасы көрінгенде, аласа столға жабысып, сабақпен басым қатқан боп, тұнжырап отыра қалам.
Әлғожа үйі сауынсыз болмайды. Бір сиыр және бірнеше қой, ешкі сауылады. Сүт мол, бірақ Әлипа татырмайды. Айран ұйытады да, дорбаға құйып, қатық сүзеді.
Қазанда бетіндегі қаймағы сап-сары болып кісіні еріксіз қызықтырып, піскен сүт тұрады. Мен ары өтіп, бері өткенде көз қиығымен қарап өтем. Қалыңдығы бір елі бал қаймақтан асағым, сүт ішкім келеді. Бермесе, қалай асап, қалай ішесің?
Менің басым конструктордың басы деп, бекер айтпай-
мын ғой. Қаймаққа тиісе алмасам да, сүт ішудің әдісін таптым.
Аулада не көп - сабан көп. Ұзындығы сүйемдей сабан тауып алам. Бір жақ үшін пышақпен жонып, үшкірлеймін. Болды, бітті, қазандағы сүттің қаймағының бір шетінен әлгіні сұғып жібер де сора бер. Кәдімгі осы кезде ресторанда коктейль ішкен тәрізді. Сорған сайын тәп-тәтті салқын сүт таңдайыңа фонтан болып тиеді. Сабанды қайта суырып алғанда, орны білінбей, жабылып қалады. Әлипа ештеңе де сезбейді.
Әрине, мұнда да нысап керек. Сүттің дәмділігіне қызығып жұта берсең, қазан ортайып қалады. Қаймақ бұзылмағанмен шөгіп, төмен түсіп кетеді де, Әлипа сезік алады. Япырау, мына сүтке не болды? Қаймағы бүтін тұрып, бұл неге ортаяды демей ме? Тіршілік үшін, бір қарынның қамы үшін мен Әнипамен осылай арбасамын.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   220   221   222   223   224   225   226   227   ...   292




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет