ҰЛЫ ПЕДАГОГТІҢ ӨСИЕТТЕРІ
Әкең мен анаң саған өмір берді және олар сенің бақытың үшін өмір сүреді. Солардың денсаулығы мен тыныштығын сақта. Оларға күйік болма.
Сенің адал өмірің, еңбексүйгіштігің, сенің білім алудағы, еңбектегі табыстарың – ата-анаң үшін зор бақыт. Өз үйіңе бақыт әкел.
Ана жүрегін сезе біл, оның жанарындағы шапағат пен тыныштықты, бақыт пен қуанышты, алаңдаушылық пен мазасыздықты, абыржу мен ренішті көре біл. Егер сен бала кезіңнен анаңның көзінен оның жан дүниесін көре білуді үйренбесең, адамгершілік жағынан өмір бойы тәрбиесіз болып қаласың. Анаңа да, әкеңе де шыншыл бол. Ата-ананың құптауынсыз істеуге болмайтын нәрсенің бәріне солардың рұқсаты мен ризалығын сұра. Ұл мен қыздың шын еркіндігі тыңдай білер балалардан шығады.
Адамның үш жұты бар: олар-өлім, кәрілік және жаман бала, - дейді украиндардың халық даналығы. Кәрілік - келмей қоймайды, өлім - алмай қоймайды, оларға ешкім де өз үйінің есігін жауып алып, қарсы тұра алмайды. Ал үйіңді жаман баладан да өрттен қорғағандай қорғауың мүмкін. Бұл ата-аналарға ғана емес, сонымен бірге балалардың өздеріне де байланысты.
Тыңдағыш ұл, тыңдағыш қыз болу - өзіндік тұрпат-тұрғыңнан айрылу деген сөз емес. Ата-ананы сыйлау – елпектеп, бас ие беру деген де сөз емес. Амал не, өмірде әмір етуге моральдық қақысы жоқ, сыйлауға да, ырқында болуға да тұрмайтын кейбір әкелер мен шешелер кездесіп қалады. Егер сондай адамның баласы болу маңдайыңа жазылған болса, шындық үшін күресе біл, өзіңнің адамдық қасиетіңді сақтай біл, қайыспайтын бол.
Егер семьяда қайғы, бақытсыздық, ұнамсыз жайт болса, онда семьяны аман алып қалу жөніндегі сенің жауапкершілігің арта түседі. Тек өзіңнің қажырлы еңбегіңмен ғана сен ата-анаңның жан дүниесін жайландыра аласың. Сен өзіңнің бірінші жалақыңды алғанда анаңа, әжеңе сыйлық алып бер. Бұл сыйлық - өзің айтар алғыстың белгісі.
Қарт адамдардың үйретуге де, ақыл айтуға да қақысы бар. Бұл моральдық қақыны құрметтей біл.
Кәрілік бақыт бола алмайды. Бақытты кәрілік дегенді надандар ғана ойлап тапқан. Кәрілік тыныштық немесе қасірет қана болуы мүмкін. Сый-құрметке ие болғанда ғана ол тыныштық болады. Ұмытшақтық пен жалғыздық оны қасіретті етеді. Аталарың мен әжелерің, аналарың мен әкелеріңнің қарттығын қасіретке айналдырмаңдар. Адам өз ұрпағы арқылы өмірде көп жасайды. Адамның өлмейтіндігі осында.
(В.А.Сухомлинский. Даналардан шыққан сөз: Нақылдар жинағы./ Жинап, құраст., ауд. Ұ.Асылов. – Алматы: Мектеп, 1987. – 383 бет. 272-274- беттер)
МӘҢГҮРТ
Сарыөзектен адам іздеп табу оңай ма екен: адам да бір, бір түйіршік құм да құм. Ал енді кең өрісте мал жүрсе, оны, әйтеуір ерте ме, кеш пе, табасың. Соны тапсаң, бақташысы да табылады. Найман-Ананың есебі солай еді. Бірақ еш жерден тірі жан кездеспеді. Жуан-жуандар қалың малын басқа өріске ауыстырып әкетті ме, әлден толайым күйінде Хиуа мен Бұхардың базарына айдап әкетті ме деп те сескенді. Олай болса, түйеші мәңгүрт ит арқасы қияннан қайтып орала ма, жоқ па?..
Ана шіркін көкірегін қайғы мен күдік кернеп, ауылдан аттанарда жаратқаннан бір-ақ тілек тілеген: мейлі, мәңгүрт болсын, мейлі ессіз, ақылсыз пенде болсын, кім болса, ол болсын, әйтеуір, менің балам болып шықса екен, әйтеуір, тірі көрсем екен... Бір көрсем- арманым жоқ!- деген. Бірақ та жуырда кезбе саудагерлер керуені әлгі мәңгүртті кездестірген жерге жақындаған сайын ана жүрегі ақыл-ессіз мәңгүрт ұлды көруден сескеніп, тұла бойын үрей билей берді. Енді құдайға: «Е, жасаған, балам тірі болмаса болмай-ақ қойсын, бірақ әлгі мәңгүрт сол болып шықпаса екен, бақытсыз басқа біреу болып шықса екен», - деп жалбарынды. Ал алыстан сарылып, сансырап келе жатқандығы мақсаты - әлгі мәңгүртті өз көзімен көріп, өзінің ұлы емес екеніне әбден сеніп, біржолата күдер үзу. Күдер үзіп, елге қайтып, қалған ғұмырында тағдырдың салғанын көріп жүрер еді де...
Енді бірде бұл райдан қайтып: «Е, құдая, сол бейшара басқа біреу емес, тек менің ұлым болса екен деп зарыға, зарлана тіледі. Мәңгүрт тұрмақ, тағы бір бәле болып кетсе де, тек менің ұлым болса екен...»
Ойлар сайысының осындай ойранында келе жатып, енді бір қырқадан аса бергенде, кең алқапта жайбарақат жайылып жатқан түмен түйе табыны көзіне оттай басылды. Өркештерін май тұтқан қоңыр түйелер маңғаздана маң-маң басып, әр қараған, шеңгелдің басын бір шалып, жайылып жүр. Іздегенім ақыры табылды-ау деп Найман Ана ә дегенде қуанғаннан Ақ інгенді сауырлап, өріске қарай салып ұрып келе жатты да, кенет қазір мәңгүрт ұлымен көрісетіні есіне түсіп, есі шығып, тұла бойы қалшылдап, үрей-үркек болды да қалды. Тағы бірде қуаныш бойын қайта билеп, не болғанын білмей, жүрегі түскір алып ұшты.
Мыңғырған мал мынау, ау, мұның бақташысы қайда? Осы маңда болса керек еді. Өзектің арғы бетінен бір адам көрінді. Аулақтан кім екенін айыру қиын. Қолында ұзын таяғы бар, үстінде қоржын, торсық артқан мініс түйесі жетегінде, әлгі бақташы сабалақ тұмағын баса киіп, жақындап келе жатқан жолаушыға бей-жай қарап, қозғалмастан тұра берді.
Таяп келіп, Найман-Ана өз ұлын танығанда, түйе үстінен қалай аунап түскенін өзі де білмей қалды. Ақ інгеннен құлап түскендей болып еді, оны елер шама жоқ!
- О, ұлым менің, құлыным! Мен сені іздеп шарқ ұрдым!- Ол киіздей тұтасқан баялышты кеше-меше ұмтылды.. .-Мен сенің анаңмын!
Жүрегі түскір су-у-у ете қалды. Аяғымен жер тепкілеп, аузы-басы кемсеңдеп, өзін өзі тежей алмай, ал кеп бір аңырасын, боздасын сорлы ана. Буын-буыны дірілдеп, құлап түспекке томардай қақайып тебіренбей тұрған ұлының иығынан қос қолдап құшақтап алған. Төбесінен ұдайы төніп тұрған қара қайғы зілмәуір салмақпен енді келіп үстіне құлағанда, амалсыздан аңырап, азалы бір үнге басқан. Жылап тұрып, жас жуған ақ шашының арасынан әлі де үміткер көңіл өз ұлының таныс дидарына қадалады. Мені таныр ма екен деген ынтызар үмітпен ұлының жанарына жалбарына көз тігеді. Өз анасын тану деген сонша қиын емес қой, құдай-ау!..
Бірақ анау бұл әйелді осы даладан күнде көріп, әбден көзі үйреніп кеткендей-ақ, бұл жолаушының алыстан арып-ашып келгеніне титтей де мән берген жоқ. Қасында біреу бар ма, жоқ па, неге жылайды-ау, неге күйзелдің-ау деген не, жо-жоқ, селт етпеді-ау сабазың. «Ау, неге жылап тұрсыз?» - деп те сұрамады. Ол-ол ма, бір сәтте анасының қолын өз иығынан ысырып тастап, жанынан бір сәт ажырамайтын қомдаулы түйесін жетектеп, тасыраңдаған жас табын алыстап кетпеді ме екен деп, түйелер жаққа қарай аяңдап кете барды.
Жападан-жалғыз қалған Найман-Ана жүресінен отыра кетті де, өксігін баса алмай, қос қолымен бетін мыжып, басы салбырап, сансырады да қалды. Ақыры әл-дәрменге келіп, сабыр сақтауға тырысып, баласының артынан барды. Мәңгүрт ұлы сабалақ бөркін баса киіп, бұған зердесіз, мәнсіз ғана көз қиығын тастағанда жел қағып, қайыстай қарайып, өлі беттеніп кеткен жүзінде болар-болмас жымиыс елесі шалықтап өткендей болды. Ал көзі... көзі дүниеде не бар, не жоғынан бейхабар, бейтарап, сол баяғы адасқақ, сезім-сезіксіз күйінде қала берді.
- Отыр, сөйлесейік, - деді сорлы ана аһ ұрып күрсініп алып. Екеуі жерге отырды.
- Сен мені танисың ба? – деді анасы. Мәңгүрт басын шайқады.
- Сенің атың кім?
- Мәңгүрт.
-Мәңгүрт деп сені қазір атайды. Ал бұрынғы атың есіңде ме? Есіңе түсірші шын атыңды.
Мәңгүрт үнсіз. Бірдеңені есіне түсіргісі келіп, ышқынып-ақ отыр, тіпті қиналғаннан кеңсірігі терлеп те кетті, бірақ көз алдын дір-дір еткен тұнжыр тұман тұтты да тұрды. Сірә, көз алдын ештеңе көрсетпес қалың қапас қаптал алса керек, ештеңені есіне түсіре де алмады, елестете де алмады...
- Әкеңнің атын білесің бе? Әкеңнің аты кім? Өзіңнің елің қайда, руың кім? Тым құрыса, туған жеріңді білесің бе?
Жоқ, тұтасқан тұңғиық тұман. Ол ешнәрсе білмейді.
Құдай-ау, қандай күйге дұшар қылған сені!- деп сыбырлап, ана мұңлық қайтадан еріксіз аузы кемсеңдеп, ыза мен қайғыға булығып, өзін-өзі баса алмай, өксіп-өксіп, үзіліп-үзіліп боздай берді. Ана қайғысы мәңгүртке шыбын шаққан ғұрлы көрінген жоқ.
- Ау, жерді, суды тартып алса мейлі, байлығыңды тартып алса мейлі, тіпті жаныңды алса да мейлі,- дейді үнін шығарып. –Ау, адамның ақыл-ойын тартып алуды қандай қаражүрек ойлап тапты, құдай-ау?! О, құдай, бар екенің шын болса, мұндай сұмдықты жұртқа қалай дарыттың? Жер бетінде басқа сұмдық аз ба еді?
(Айтматов Ш. Мәңгүрт//Жалын, № 7, 2008 жыл, 9-10 беттер)
Достарыңызбен бөлісу: |