ОТЫЗ СЕГІЗІНШІ СӨЗ
Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері тұғралы біраз сөз жазып ядкар (ескерткіш, есте қалу) қалдырайын. Ықылас бірлән оқып, ұғып алыңыздар, аның үшін махаббатың толады. Махаббат - әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселербірлән. Мұның табылмақтығына себептер - әуелі һауас сәлим (жақсы сипат) һәм тән саулық, бұлар туысынан болады, қалмысы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады.
Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады.
... Енді біліңіздер, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (Шек, шама. Бұл жерде өлшеусіз, артық деген мағынада) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген ынсап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы.
Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түземек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзінше бір дәулет біледі. Бұл істердің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы кезіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не райда шықты? Мұнша әуреленіп, сыртыңды бір сүйген қауымыңа ұқсатарсың? Сыртқа қасиет бітпейді, алла тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікбірлән өсер.
... Өзін-өзі артық көрсетпек екі түрлі!
Әуелгісі - әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.
Екінші - өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.
Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады.
Һәм өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілікті бітіреді де, күншілік күңшілікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы, адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады.
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық.
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды.
Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады.
Бұлардың емі, халқына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын... (Абай. Қара сөз. Поэмалар. Алматы: ЕЛ, 1993- 272 бет. 80-104-беттер)
*** *** ***
Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ.
Уайым – аз, үміт – көп,
Ет ауырмас бейнетке.
Бүгін-ертең жетем деп,
Көңілге алған дәулетке.
Қайратпен кіріп, жалынбай,
Ақылмен тауып айласын.
«Мен қалайға?» салынбай,
Жылы жүзбен жайнасын.
Қайратқа сеніп қақтықпай,
Жазасын тауып жауласар.
Қатынша тілмен шаптықпай,
Майданға шықса жарасар.
Жалыны қайтар дененің,
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің
Бір тетігін ұстап бақ.
Құйрығы шаян, беті адам –
Байқамай сенбе құрбыға!
Жылмаңы сыртта, іші арам,
Кез болар қайда сорлыға.
Досыңа достық – қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол.
Асығыс түбі - өкініш,
Ойланып алмақ – сабыр сол.
Ақ көңілді жақсыдан,
Аянбай салыс ортаға.
Ақылы, ары тапшыдан,
Қу сөзін алма қолқаға.
Сұм-сұрқия, қу заман,
Гүл көрінер жігітке –
Қызықты өмір жайнаған,
Кеудесі толып үмітке.
Бір нәрсені ұнатса,
Қайта ойланып қарамас.
Мақтанып жұртты шулатса,
Құмары сол қызба бас.
Сенісерге келгенде,
Сене берер талғамай.
Жұрты құрғыр сенгішке,
Тұра ма қулық жалғамай?
Ары кеткен алдағыш,
Мені-ақ алда, сөкпейін.
Балы тамған жас қамыс,
Ормасаңшы көктейін!
Сені жақсы көрмесе,
Сенер ме еді сөзіңе?
«Япырмай?...» деп терлесе,
Ар емес пе өзіңе?
(Абай. Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ: Өлеңдер. – Алматы: Жалын. 1990. – 128 бет. 62-63 - беттер)
Достарыңызбен бөлісу: |