АУЫЗ ТИЮ
Алыс сапарға, емделуге шыққан адам ауылдың үлкен үйінен дәм татып аттанатын ырым бар. Бұл сол «қарашаңырақтың» киесі қолдасын деген сенімнен шыққан. Сондай-ақ дастарқан үстіне келген адам міндетті түрде ауыз тиюге тиіс. Ал таңертеңгі астан міндетті түрде ауыз тиеді. Мұндайда әйел болса «күйеуің тастап кетеді», еркек болса «әйелің тастап кетеді» деп әзіл айтады. «Таңертеңгі асты тастама, кешкі асты бақпа» деген мәтел бар. Қазақтың дәстүрі бойынша үйіне келген адамға дәм ауыз тигізбей шығармауы керек. Халықта «қуыс үйден құр шықпа» деген сөз бар. Мұның бәрі қонаққа ерекше ықыласты көзқарастың белгісі.
ТУҒАН ЖЕРГЕ АУНАТУ
Әдетте, басқа жақта тұратын ер-азаматтарды туған жеріне келгенде оны сол жерге аунатып алатын жақсы дәстүр бар. Мұның мән мағынасы көп. Біріншіден, «сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік парызыңды өте» деген мағынада. Екінші, «туған жер – ата-анаң, Отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлім жатыр. Қалай дегенмен де, халықтың осы әдемі дәстүрінде «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген ұлы ұғымды білдіретін, оның отаншылдық сезім - сенімін арттыратын тәрбиелік қызметі өте зор екендігін көру қиын емес.
(С.Кенжеахметов Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Алматы, «Ана тілі», 1994. -79 бет. 10- бет)
Достарыңызбен бөлісу: |