Бауыржан Момышұлы, Екі томдық шығармалар жинағы, «Жазушы» баспасы, 2004ж. «Ұшқан ұя» повесінен
Отбасы –өнегесі (311- 313)беттер
Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен ата-аналарымның бейнесі елестейді. Солардың уағызы басымырақ бола береді...
Өйткені есейе келе көрген көп ұстаздарым талай-талай тағылымға бой ұрғызғанымен, солардың бірде-бірі нақ өзімнің әжемдей, әке-шешем мен ауылдың қадірлі ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған жоқ, молынан құлаш сермете алған жоқ десем, ардақты ұстаздарымның көңіліне келмес. Бұл сезім өзіме қанымның тартқанынан немесе жақыныма сезімімнің бөлектігінен,
әлде ата-анаға деген парызымның молдығынан ғана туып отырған жоқ. Өмір шындығының өзі ақиқатқа бас ұрары даусыз. Дүние тарихы, жаратылыс шежіресі, жан-жануар болмысы жайлы алғашқы әңгімені әжемнен естігенімді, адамзат қауымының қалыптасуы туралы тұңғыш мағлұматты әжемнен алғанымды қалай ғана ұмытармын... Иә, әлемнің пайда болуы, тірлік дамуы, адамзаттың шығуы, өмір жайлы шынайы сезіммен азаматтық тұрғысындағы жан баурайтын аңыздарды айтқан; ненің жақсы, не жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді үйреткен; ар заңының, әдеттің жинағынан алғашқы тарауларды таныстырған да, ең алдымен, ата-ана, ағайын-туған еді. Әрине, ол кезде мен де өзге сәбилер сияқты әжем айтқан ертегі мен аңыздардың түпкі байыбына бара бермейтінмін, әке әңгімесінің өсиетін ұға бермейтінмін және үлкендердің талай-талай өнегесін орындай бермейтінмін... Ол кезде мені қызықтыратыны ертегі-аңыздардың ғажайып оқиғалары еді... Енді, міне, есейіп ер ағасы болғанымда ойласам, мен сол әңгімелерден адамзат өресінің өрісін тани берген екем ғой...
Менің ұстаздарым әріптен бастап буынға дейін, сонан соң ақ қағазға қаламмен өрнек жазуға дейін үйретті. Келе-келе жүйелі оқып, есепті жүйрік шығаруға қол жетті... Ал өмірдің өзі ше? Осынша ғұмырымның ішінде түрлі- түрлі күрделі жағдайда; толқымалы тоқсан сырлы кезеңде кездесіп дидарласқан, тағдырлас болған, табақтас болған адамдар ше? Мамыражай сәттерден мазасыз майданға көшіріп, көбік шашқан өмір дариясының бір толқынынан екінші толқынына аямай лақтырған уақыт ше? Осының бәрі де менің тірлігімдегі тірек болған, жүрек болған, қол ұшын берген, қорған көрсеткен ұстаздарым деп білем. Осындай уақыт талқысы ғана, өмір өткелдері ғана, тірлік тізбегі ғана менің әжемнен үйренген «жақсы», «жаман», «мақұл», «немакұл» деген сөздердің байыбына терең бойлата алды.
Әжемнің «осылай болған екен» деген сөздері мені бірде ғасырлардың шыңырауына сапар шектірсе, бірде кұс қанатындай демеп ілгері ұмтылдырды, биікке самғатты...
Міне, енді өзім де әке болып ұл өсіріп, қыз өсіріп отырғанда, немере сүйіп мейірленген сәттерде, олар да маған аңғал да адал, бірақ құштарлыққа толы шынайы сұрақтар береді. Тағы сол сәтте осы балаларымның дәл менікі сияқты ғұлама әжелері азайып бара жатқанына қайта өкінем, қабырғам қайысады.
Достарыңызбен бөлісу: |