Шәкерім Адамдық борышың
http://www.adebiet.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=678&Itemid=23
Адамдық борышың-
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл.
Талаптан да бiлiм мен өнер үйрен,
Бiлiмсiз,
Өнерсiз,
Болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшiн.
Нәпсіге билетпе
Басыңның бағы үшiн.
Өмiрiңдi сарп қыл өлгенiңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшiн.
Қайтадан қайрылып
Қауымға келмейсiң.
Барыңды,
Нәрiңдi
Тiрлiкте бергейсiң.
Ғибрат алар артыңа iз қалдырсаң -
Шын бақыт‚
Осыны ұқ,
Мәңгiлiк өлмейсiң!
Ашу мен ынсап
Түзетпек боп елімді.
Бұлдарлық ой менде жоқ,
Бұған шыққан терімді.
Ұқтырарлық пенде жоқ,
Қате басқан жерімді.
Күні-түні ойланып,
Жазудан да жалықтым.
Газет, кітап қолға алып,
Оқудан да талықтым.
Ел тіліме көнбеді,
Жыладым да қамықтым.
Үмітсіздік дендеді,
Зорықтым да шалықтым.
Бағасы бір халқыма
Жабағы мен мамықтың.
Нанбайды, рас, антыма
Кәдірі мол танықтың.
Айырмайды арасын
Бұлдыр менен анықтың.
Енді қайда барасың,
Түрі мынау халықтың?
Айла таппай адастым,
Қайғы артылып мойныма.
Ақылымнан шатастым,
Жас төгілді қойныма.
Ойландым да сандалдым,
У жайылды бойыма.
Мұңдасуға қамдандым
Қайратым мен Ойыма.
Үміт үзген қорқақ Ой
Дірілдеді қалшылдап.
«Мүмкін емес, мұны қой» -
Деп жалынды жалпылдап.
Бір жағымнан Еріншек
Тағы келді салпылдап.
Болмаймын деп келіншек
Ашу келді арсылдап.
«Елді сөк те жаманда,-
Деп ұрысты Ашуым,-
Жамандықтан аман ба,
Шыннан қалай қашуың?»
Қиын болды баяндап,
Аяқты қалай басуым.
Сабыр келді аяңдап,
«Жарамас - деп,- сасуың.
Бәріне де хабар сал,
Рахым, ұят, ар қайда?
Қаруыңды жиып ал,
Құр ашудан не пайда?
Қайратың мен Сақтығың
Көріне ме маңайда?
Өлше істің ақтығын,
Ынсап бар ма оңайда».
Өңкей асау, мас халық,
Бәрін бойдан қашырған.
Көп наданнан жасқанып,
Сорлың елге бас ұрған.
Рахым, ұят, арыңның
Бетін топырақ жасырған.
Қайраты қайтып кәрінің,
Қайғысын сүйтіп асырған.
Сабыр айтты: «мына сөз
Сабырымды қайнатты.
Өңкей ақымақ шелді көз
Ақты қайтіп жайратты?
Мені ұстауға шыдап көр,
Сүйтіп жұмса Қайратты.
Ынсабыңа хабар бер»-,
Деп ақылды сайратты.
Қайратымнан қайтқанмын,
Ол жуырда келсін бе?
Келме деп те айтқанмын,
Дедім: «Мені менсінбе!»
Біреу шықты қабірден:
«Баяғы сорлым сенсің бе?
Айрылмасаң Сабырдан,
Мен келмейді дейсің бе?
Ұмыттың ба ескі жар,
Аяқ, баурым - Сабыр ғой!
Сабырлы ер де менде бар,
Ол екеуміз тамыр ғой.
Қайраттанып шақырсаң,
Қаруларың әзір ғой.
«Бәрің кет!» деп ақырсаң,
Өзіңе қазған қабір ғой.
Ал, ақылдас, бәрі бар,
Дайын қылдым бәрін де:
Сақтық, Ұят, Рахым, Ар,
Ынсап деген кәрің де.
Біз тұрғанда Арамның
Дәм бола ма нәрінде?
Қайғы емес қой Наданның
Тығылғаны әр інге».
Жан кіргендей қозғалдым,
Тұла бойым шымырлап.
Жан-жағыма көз салдым,
Сөйлейін деп қыбырлап.
Біреу келді жаныма.
Құлағыма сыбырлап.
Түртіп қалды саныма,
Сөйлеме деп жыбырлап:
«Және сөйлеп барасың,
Жай отырсаң нетеді?
Өз мазаңды аласың,
Жан тыныштық кетеді.
Ауыр қайғы, терең ой
Өкпеге зиян етеді.
Тілімді ал да, мұны қой,
Түбіңе осы жетеді
Жалт бұрылсам бетіне
Баяғы құрғыр Еріншек.
Көзім түсті етіне,
Бір уыздай келіншек.
Құры көзбен қарасам,
Қызығады, ой тентек.
Ақылмен өлшеп санасам,
Қозады оған ескі кек:
«Ей, Еріншек, қара жүз,
He қылмадың сен маған?
Енді менен күдер үз,
Жақындама бер таман.
Сенің кылған ісің ғой.
Харекетсіз көп надан.
Рахымы жоқ жәдігөй,
Қойып едің кімді аман?
Жас күнімде ерінтіп,
Шала қалдым ғылымнан.
Жау қолында керілтіп,
Жеңілдірдің зұлымнан.
Өмір - кесел, ұры, қар,
He табасың мұныңнан?
Мені өлтірсе залымдар,
Алушы ма едің құнымнан?!
Осы көрген көп бейнет
Бәрі сенен емес пе?
Былшылдамай арман кет,
Болмас іске егеспе.
Әлдеқашан ант бердім
Бал берсең де жемеске.
Рахаттан да жалт бердім,
Тыныштық бар демеске.»
Кетті Еріншек өкпелеп,
Қайта келіп қонбасқа.
Өкпеге тағы тепкілеп,
Тарланды салдым болмасқа.
Кеткенімен жұмыс жоқ
Қазақ ісі оңбасқа.
Мен сорлыда тыныс жоқ,
Ақылдастым жолдасқа.
Сөйлесті бәрі сыбырлап,
Мен отырдым тыңдауға.
Жүрегім тұр жыбырлап,
Дәл тапқанда ымдауға.
Ойлағанын бәрі де
Ортаға салды шыңдауға.
Қалжың емес, әрине,
Керек десті шыңдауға.
Кейбіреуі майда айтып,
Елжіретті, жылатты.
Қайсы бірі қайғы айтып,
Үміттің үйін құлатты.
Айтып-айтып келді де,
Бәрі Ынсапқа сынатты.
Ынсап өлшеп көрді де,
Былайша деп ұнатты:
«Ел саңырау, надан ғой,
Естіле ме құр айғай,
Емделмеген адам ғой,
Ем бола ма құр ойбай.
Құлағы мен көзін аш,
Оқу оқыт, ғылым жай.
Насихатты сөйтіп шаш,
Соны жүрсін біле алмай.
Газетке жаз, кітап жаз,
Бастыр, оқыт қазаққа,
Мақтағанға болып мәз,
Қала берме мазаққа.
Сусыз егін не шықсын,
Суғар, шыда азапқа.
Дәмін алып ел ұқсын,
Сонда ұмтылар тамаққа».
Осы сөзді дұрыс деп,
Жүрек соқты, құптады.
Түзу істі бұрыс деп,
Ол жасырып, тықпады.
Айқай салып бақырса,
Ойсыз құлақ ұқпады.
Қанша тұқым шашылса,
Жер жыртылмай шықпады.
Жұқпайды екен айтқан сөз
Ғылымы жоқ наданға.
Кеудесінде болса көз,
Жұғар сондай адамға.
Ондай адам қазақтан
Көп туса осы заманға,-
Босар еді-ау азаптан
Қазақ шығып самалға.
Достарыңызбен бөлісу: |