Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбектері тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі (1990-2006 жж.) Мазмұны кіріспе


Н. Назарбаев еңбектері Қазақстан Республикасында президенттік билік институтының пайда болу және қалыптасу тарихының дерек көзі



бет7/10
Дата05.11.2016
өлшемі2,65 Mb.
#868
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

3.2 Н. Назарбаев еңбектері Қазақстан Республикасында президенттік билік институтының пайда болу және қалыптасу тарихының дерек көзі

Жаңа, тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігі тарихының бұрын-соңды қазақ жерінде өмір сүрген мемлекеттер тарихынан басты ерекшеліктерінің бірі – оның саяси жүйесінде президентік басқару институтының қалыптасуы болды. “Қазақстан Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері”-деп аталатын оқулықта: “Мемлекет – қоғамның саяси жүйесінің өзегі. Ал, қоғамның саяси жүйесі саяси биліктің ұйымын қамтиды және, нақтырақ айтқанда, олардың арасындағы қарым-қатнастан тұратын, әр алуан саяси институттардың қызмет істеуіне әсері бар билік субъектілерінің жиынтығын өзіне қосып алады”- деп көрсетілген [150, 82-83 бб.]. Міне, осындай, еліміз тарихында бұрын болмаған саяси институттардың, билік субъектілерінің бірі – президенттік басқару институты ХХ ғасырдың соңында бізде де өмірге келіп, қалыптаса бастады. Бүгінгі күні өз мемлекетіміздің ең жаңа тарихын, өз Президентімізсіз көзге елестету мүмкін емес. Бұл, жаңа билік жүйесінің, дәлірек айтсақ, президенттік басқару институтының қазақ қоғамына етене еніп, оның біртұтас саяси құрылымына айналғандығының айқын көрінісі.

Мемлекеттік билікте президенттік жүйенің қалыптасуын өзінің көлемі жағынан жаһандық құбылыс деп айтуға болады. Мысалы, 1993 жылы БҰҰ мүше 183 елдің 130-нан артығында мемлекеттік билікте Президенттік лауазам болған. Ал, әлемнің 84 мемлекетінде Президенттік басқару формасы бар. Олардың ішінде – АҚШ, Франция, Аргентина, Мексика, Россия т.б. елдер бар. Демек, Қазақстан да сол мемлекеттердің қатарына қосылды.

Дегенмен, қазақстандық президенттік билік формасының қалыптасу тарихының өзіндік ерекшелігі де бар. Мысалы, бізде мемлекеттік билікте президенттік жүйе кеңестік кезең қойнауында дүниеге келсе, тәуелсіздік жылдары презмденттік басқару формасына ұласты. Сондықтан, Қазақстанның ең жаңа тарихының маңызды мәселелерінің бірі ретінде, президенттік басқару жүйесінің пайда болу және қалыптасу тарихының кімді де болса қызықтырары да, келешекте оның Қазақстан тарихнамасының өзекті мәселелерінің біріне айналары да, жәнеде, оның маңызды дерек көздерінің бірін, сол, жаңа басқару жүйесінің пайда болуының қайнар көзінде тұрып, оның қалыптасуына және дамуына өз үлесін қосқан тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбектерінің құрайтындығы да күмәнсіз.

Президенттік билік формасының пайда болу және қалыптасу тарихының ерекшеліктеріне байланысты Н. Назарбаев еңбектерін де дерек көздері ретінде екі кезеңге бөліп қарасыруға болады. Біріншісі, кеңестік кезеңдегі мемлекеттік билік жүйесінде президенттік лауазымның пайда болу тарихының дерек көзі болса, екіншісі, тәуелсіздік жылдарындағы президенттік басқару формасының пайда болу, қалыптасу және даму тарихының дерек көзідері. Егер, біздегі президенттік жүйенің пайда болуы туралы Н. Ә. Назарбаев өзінің “Әділеттің ақ жолы” атты кітабында айтса, екіншісі негізінен “Ғасырлар тоғысында” айтылған. Сондықтан, жұмыста осы екі еңбекке ҚР президенттік билік институтының пайда болу және қалыптасу тарихының негізгі дерек көздері ретінде деректанулық талдау жасалынады.

Сонымен қатар, президенттік билік жүйесінің пайда болуы, оның іс жүзіндегі көрінісі, тұңғыш Президенттің мемлекет басшысы ретіндегі нақты іс-әрекеттері әр алуан дерек көздерінде бейнеленген. Олар да негізгі дерек көздеріндегі мәліметтердің шынайылық және толықтық деңгейін анықтау мақсатында қосымша дерек көздері ретінде жұмыста кеңінен пайдаланылды. Ол, белгілі бір дәрежеде, әзірге жабық тұрған ҚР Президенті қорының орнын толтыруға көмектесті. Қосымша дерек көздерінің бір тобы № 2 таблицада көрсетіліп отыр.

№2 таблица

Президенттік басқару формасының пайда болу және қалыптасу тарихының қосымша дерек көздері:


№ Авторы немесе аты уақыт негізгі мәліметтері

дерек көзі




  1. Социалистік Үлкен жолдың 1990 През-ік биліктің алғашқы

Қазақстан басында 29.06 қадамдары

2. Лениншіл През-тің жүз 1990 Президенттің жүз күнде

жас күні 01.ІХ атқарған істері

3. Ақорда (веб- 1991 жыл 1991 ж. Президенттің бір айлық

сайт) жел-н жұмыс кестесі

4. Н.Жигалов, Пер. През-т РК 1993 През-тің жұмыс хрон-сы

Б. Султанов Н.Назарбаев (01.12.1991-31.05.1993)

5. Қаз. КСР Жоғ. Стеногр-лық 1993 Мемлек-ің саяси жүйесін

Кең. стен-сы есеп 13.ХІІ реформалау

6. Ақорда (веб- ҚР Конс-сы 1995 През-ік билік формасы-ң

сайт) туралы заңдық негіздері

7. В.Н. Шепель Пер. През-т РК 1997 През-тің жұмыс хрон-сы

М. Қасымбеков Н. Назарбаев (01.06.1993-30.06.)

8. М. Қасымбеков ҚР Презид-тік 2000 През-ік билік-ң қал-у та-

инст-ың қал-уы ри-ың негізгі кезеңдері

9. Ж.Түймебаев През-тің бір 2004 2003 ж-ғы През-тің

жылы жұмыс хрон-сы

10. Ақорда (веб- Президент 2004 Елбасының қатысумен

сайт) протоколы өт-ен рес. шар-р тур-ы

11. М. Қасымбеков Елін сүйген, елі 2005 Елбасының жүмыс тәс-і

сүйген Елбасы туралы мәліметтер

Көрсетілген қосымша дерек көздеріндегі мәліметтерді Н.Ә. Назарбаевтың аталған еңбектерінде келтірілген мәліметтермен салыстырып қарау, олардың үнемі бірін-бірі толықтырып отыратындығын көрсетеді. Ол тарихшыларға ХХ ғасыр соңы мен ХХІ ғасыр басында еліміз тарихында орын алған аса күрделі саяси құбылыстардың бірі, президенттік басқару жүйесі тарихын әр түрлі қырларын ашып көрсетуге мүмкіндік берері даусыз. Мысалы, елімізде президенттік басқару жүйесінің қалай, қашан және неліктен пайда болғандығы туралы Н.Ә. Назарбаев алғаш өзінің “Әділеттің ақ жолы” атты еңбегінде баяндаған. Онда автор өткен ғасырдың 90-шы жылдарына қарай КСРО-дағы басқарудың жоғарыдан төмен қарай жүргізілетін тік жүйелерін ойластырмай жоюдың біртұтас одақтық мемлекеттің сақталуына күмән туғыза бастағандығын айта келе: “Мемлекеттік өкімет билігінің іргесі шайқалған құрылымын нығайтуға бағыттылған алғашқы әрі негізді қадам елімізде Президент қызметінің енгізілуі, содан соң Министрлер кабинетінің құрылуы болды. Бұл бағытты республикалар да қолдады”- деп, жазды [114, 238 б.].

Демек, елімізде Президент қызметінің енгізілуі сол кездегі өмірлік қажеттіліктен туындаған. Егер, М.С. Горбачев КСРО Президенті болып сайланса, Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Ол туралы оның өзі аталған кітапта: “Қазақ республикасы Жоғары Кеңесінің 1990 жылғы 24 наурызындағы /наурызындағы деп қате айтылған, сәуіріндегі болуы керек С. С./ сессиясында мені жабық дауыспен республиканың тұңғыш Президенті етіп сайлады. Сайлау Қазақ ССР Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес жүргізілді”- деп, айтса [114, 238 б.], “Лениншіл жас” газеті /қазіргі “Жас Алаш” газеті – С. С./ “1990 жылдың 24 сәуірі. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің мәжіліс залы. Он екінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің бірінші сессиясының алғашқы тәулігі. Бұл – республика өміріне зор тарихи жаңалық әкелген күн болды. Уақыт – 21 сағат 55 минут. Дәл осы сәт Қазақ ССР-інің тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды”- деп, тарихи оқиғаның қай форумда, қай жерде, дәл қай уақытта болғандығын жариялау арқылы Нұрсылтан Әбішұлы еңбегінде келтірілген тұңғыш Президенттің сайлануы туралы мәліметтерді толықтырып отыр [151].

Н. Назарбаев одан әрі өз еңбегінде Президенттік басқару жүйесінің тек КСРО көлемінде ғана емес, одақтас республикаларда да пайда болу себебін: “Біріншіден, республикалардағы қалыпты өкімет билігі орнамайынша, бүкіл мемлекет шеңберінде тәртіпті нығайту туралы сөз етуге де болмайды. Екіншіден, мен ССРО-ны жаңарту және одан әрі дамыту диалектикасын тек былай түсінемін: республикалар күшті болса – орталық та күшті. Ал, орталық пен республикалар арасындағы өкілеттіліктерді бөлісу дегеніміз басқа мәселе”-деп, түсіндірген [114, 238-239 бб.].

Демек, біріншіден, президенттік басқару жүйесінің ел көлемінде де, басқа одақтас республикаларда да пайда болуының басты себебі ескі кеңестік-партиялық, әміршілдік-әкімшілдік басқару жүйесінің толық дағдарысқа ұшырауы, мемлекеттік өкімет билік құрылымының іргесінің шайқала бастауы, мемлекет шеңберінде тәртіптің қожырауы т.т.болған. Оны басқа дерек көздері де дәлелдеп отыр. Мысалы, сол кезде республикада қалыптасқан жағдай туралы “Социалистік Қазақстан” газеті өзінің 1990 жылғы 29 шілдедегі нөмірінде Президенттік биліктің 100 күндігіне байланысты жариялаған “Үлкен жолдың басында” атты мақалада: “Н.Ә. Назарбаев, сөздің ашығын айту керек, президенттік билікті аса бір күрделі кезеңде, ауыр жағдайда, социалистік құрылыстың өмір сүруіне, біздің халқымыздың болашағына бәс тігіліп отырған шақта қолға алды. Мұндайда мемлекеттік кеменгерлік пен іскерлік, байсалдылық пен байыптылық таныту, халықты иландыру өте маңызды”-деп жазды [152].

Осындай жағдайда тұңғыш Президент болып сайланған Н. Назарбаев “Әділеттің ақ жолында” 1991 жылдың көктеміне қарай елде қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайға талдау жасай келе: “Шындықтың бетіне қаймықпай тура қарайтын кездің келгеніне көп болды: халық саяси айтыс-тартыстың нәтижесіз бос мылжыңынан мезі болып бітті, ендігі жерде қиындықтардан шығудың тиімді жолдарын табудың орнына оңшылдардың немесе сошылдардың, демократтардың немесе консерваторлардың арасынан қайдағы бір жағымсыздарды одан әрі шексіз іздестіре берумен айналысу арқылы халықтың төзіміне қиянат жасауға болмайды. Тарихтың өзі куә: біз ондай жағдайды басымыздан кешіргенбіз. Бәрін де қайта жасау үшін ондай тағылым бізге өте-мөте қымбатқа түскен. Қоғамымыздағы жағдай шиеленісіп, асқынып тұр”- деп жазды [114, 246 б.]. Н. Назарбаевтың бұл айтқандарының “Социалистік Қазақстан” газетінде айтылған ойлармнен толық сай келетіндігін байқау қиын емес.

Егер, республикамыздың бас газеті президенттік биліктің алғашқы айларында осылай деп жазса, бүгінде “Егемен Қазақстан” деп аталатын сол газет, 2005 жылғы 15 желтоқсандағы нөмірінде, яғни 15 жыл 8 айдан кейін: “Сол бір ауыр жылдарда жайсыздықтан, ертеңгі күнге сенімсіздіктен және этностық қақтығыстардан қорққандықтан елді миллионнан астам адам тастап кетті. Толық күйреудің қаупі төне бастады.

Арада он жыл өткенде Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның жағдайын: “Ахуалды ұшындырмай-ақ сіздерге ашығын айтар болсам, 1990-шы жылдардың басында біз терең жардың тұсына тақау тұрған едік”, деп сипаттады. Бұл жылдар жанбағыс үшін жанталас жылдары еді”-деп, жазды [153].

Бұл келтірілген деректер, бір жағынан, президенттік билік формасының бізде ең бір ауыр, ел басына күн туған ең бір қиын кезде дүниеге келгендін көрсетсе, екінші жағынан, өмір оның республика тағдыры үшін бірден-бір дұрыс қадам болғандығын көрсетеді.

Екіншіден, қоғамымыздың саяси өмірінде пайда болған жаңа құрылым, яғни президенттік билік формасы, ескі кеңестік Конституция негізінде, өз мүмкіндігін толығымен тауысқан кеңестік билік қойнауында жәнеде КСРО әлі де өмір сүріп тұрған уақытта дүниеге келген. Бұл факторлар президенттік билік жүйесінің қалыптасу тарихына өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Қазақстанда президенттік институтының іргесі, жоғарыда Н.Ә. Назарбаев өз еңбегінде айтқандай, Қазақ ССР-інің “Қазақ ССР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ ССР Конституциясына /Негізгі Заңына/ өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңына сәйкес қаланды.

Өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы президенттік басқару жүйесіне көшуге мүмкіндік берген Қазақ ССР Конституциясы 1978 жылғы 20 сәуірде қабылданған еді. Ол 1993 жылға дейін көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілу арқылы өмір сүрді. Президент сайлауы Қазақ ССР-інің “Қазақ КСР Президентін сайлау туралы” Заңының негізінде жүзеге асырылады” [27].

Бәріне де төреші уақыт. Егер, сол ең әділетті төреші - уақыттың өлшемінен шықсақ, онда Президенттік басқару жүйесіне көшудің өзін-өзі ақтағандығын уақыт толығымен дәлелдеді деп үлкен сеніммен айта аламыз. Ел үшін ең қауіпті күндерде ел тізгінін өз қолына ұстаған Н. Назарбаевтың елін қауіп-қатерден аман алып шыға алғандығына тарих куә. Түңғыш Президенттің сол бір қиын-қыстау күндердегі Елбасы ретіндегі алғашқы қадамдары туралы “Егемен Қазақстан” газеті 2000 жылғы 22 сәуірдегі, яғни президентік иниститутының қалыптасуының 10 жылдығына орай жариялаған “Қазақстан Республикасында Президенттік институтының қалыптасуы” атты мақалада: “1990 жылғы 24 сәуірде республика Жоғарғы Кеңесінің Қазақстанның тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлауымен байланысты мемлекет тарихында өшпес маңызға ие акт жүзеге асты”- деп, тұңғыш Президенттің сайлануының тарихи маңызын атап көрсете келе, Н.Ә. Назарбаевтың Президент ретінде атқарған алғашқы істері туралы: “Мемлекет басшысы жоғары қызметке сайланысымен Қазақстанның саяси және экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған белсенді қимылдарды қолға алды және сонымен бірге халықтар арасында қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және тарихи байланыстардың ыдырауына жол бермеу үшін ерік-жігер мен табандылық танытты...”-деп, тұңғыш Президенттің алғашқы күндерден-ақ “ерік-жігер мен табандылық танытта” білгендігін айтқан[27].

Өмір көп ұзамай-ақ елде президенттік басқару жүйесін енгізу сияқты батыл қадамдар жасаудың дұрыстығын көрсетті. Ол туралы Н. Назарбаев: “Содан бері өткен бір жылдың өзі де мұндай қадам жасаудың өзін-өзі ақтағанын айқын көрсетіп берді ғой деп ойлаймын. Біріншіден, ондай қадам жасамайынша, республиканың егемендігі туралы Декларацияда қамтылған принциптерді дәйекті түрде жүзеге асыру мүмкін болмас еді. Бұл жерде әңгіме әміршілдік-әкімшілдік жүйенің әлі де болса күшін сақтап қалған буындарының өктемдік жасауынан, өзгелердің ішкі ісіне қол сұғып, араласуынан егеменді мемлекетті оның өз Президенті арқылы қорғау туралы болып отыр. Екіншіден, турасын айту керек, әзірше Одақтық шартқа қол қойылмай тұрған кезде Одақтың мемлекеттік құрылымының қай сатыда екендігі туралы сөз етудің өзі қиын. Жаңа, біртұтас жаңартылған мемлекет дегеніміз әлі жоқ, ал оның ескі принциптері қазірдің өзінде ешкімді де қанағаттандыра алмайды. Міне, мұндай өтпелі кезеңде республикаға дәлдік пен айқындық өте-мөте қажет. Менің ойымша, біздің іс-қимылдарымыз тұтасымен алғанда халықтың тарапынан қолдау мен құптау тауып отыр. Ақырында, үшіншіден, қәзір, әр бір күн қымбат, шұғыл шешілуін өмірдің өзі талап ететін жаңа проблемалар алдымыздан ұдайы ұшырасып отырған кезде, әрбір жасайтын қадамымызды парламенттік талқылауға салып жатуға болмайды”-деді [114, 251-252 бб].

Сол жылдары ел алдында тұрған, Елбасы алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі көпұлтты республика халқын топтастыра білу еді. Ол туралы Н. Назарбаев: “Бізге керегі – қоғамдағы күштердің басын қосып, біріктіру, мұны құрғақ ұран деуге тіпті де болмайды. Бәрімізді біріктіре алатын қуатты күш ретінде дағдарысты жағдайдан шығу, адамдардың аман-саулығы, республиканың гүлденуі, мемлекетіміздің нығайуы сияқты ортақ мақсаттарымыз күшті қызмет ете алады”-деп жазды [114, 247 б.].

Жаппай ыдырау мен идеологиялық қуыс кеңестік жағдайында көпэтносты Қазақстанда, басқа да бұрынғы кеңестік мемлекеттердегі сияқты, ұлттық мәселенің өткірлігі бөлекше болды. Қазақстан КСРО-ның ең көпұлтты республикаларының бірі еді. Елде 45 діни конфессияға қарайтын 130-дай ұлт пен ұлыс өмір сүретін. Олардың жартысына жуығы ғана қазақтар, 40 пайыздайы орыстар. Ашық немесе бүкпелі наразылық кез келген сәтте Югославиядағы,Тәжікстандағы,Таулы Қарабақтағы, Приднестровьедегі, Абхазиядағы, Солтүстік Кавказдағы ағайын арасындағы соғыстар сияқты қанды қақтығыстарға ұласып кетуі мүмкін еді.

Республиканың осындай ерекшеліктеріне талдау жасай келе Н. Назарбаев: “Қазақстанға тән өзіндік ерекшеліктердің бірі оның байрығы тұрғын халқы ең үлкен топ болғанымен де, жалпы халықтың көпшілігін құрай алмай отырған бірден-бір республика екендігінде. Тоталитарлық тәртіптің қатыгездікпен қанағанына, бір кездегі көсемдердің шамшылдықпен басынып, кемсіте қарағанына барынша төзіп келген қазақ халқының қайғы-қасіретке толы тарихындағы сойқанды іс-әрекеттер зардабы, міне, осындай...Республикадағы президенттік басқару иниституттары адамдардың салауатты ұлттық мақтаныш сезіміне неғұрлым толық сәйкес келді әрі сонымен қатар ұлтаралық қатнастар саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің аса маңызды факторы болып табылады”- деп жазды [114, 248-253 бб.].

Осылай, Н.Ә. Назарбаев “Әділеттің ақ жолында” қазақ халқының тарихында алғаш рет пайда болған президенттік басқару институттарының алғашқы жылдардағы атқарған істерін бағалай келе, Қазақстанның тұңыш Президент ретіндегі өзінің ең басты мақсатын: “Мен үшін ең бастысы – Қазақстан халқының сенімін ақтау, экономикамызды нарықтық қатнастарға тиімді жолмен көшіру арқылы адамдардың тұрмыс жағдайын жақсартуға қол жеткізу үшін өзара пайдалы ынтымақтастық жолдарын іздеп табу”-деп түсіндірді [114, 254 б.]. Өмір бүгін Н. Назарбаевтың “өзара пайдалы ынтымақтастық жолдарын іздеп таба білгендігін” көрсетіп отыр.

Дегенмен, мұның бәрі тек алғашқы қадамдар ғана болатын. Өмір осы бағытта жаңа саяси шешімдер қабылдауды талап етті. Қазақстан қоғамының барлық күштерін республиканың басына түскен экономикалық және әлеуметтік дағдарысты еңсеру үшін топтастыру мақсатында, елдің күллі халқының сенім мандатын алу, басталған реформаларды жедел әрі табанды жалғастыру үшін Мемлекет басшысы Қазақстан Президентін жалпықалықтық сайлау өткізу жөнінде әділ әрі батыл саяси шешім қабылдады. 1991 жылғы 16 қазанда Мемлекет басшысы Қазақ ССР-і Президентін сайлау туралы Заңға қол қойды. Сол жылдың күзінде Қазақстан Магниткасының металлургтері Н.Ә. Назарбаевты елдегі тұңғыш жалпыхалықтық сайлауда президенттікке кандидат етіп ұсынды. 1991 жылғы 1 желтоқсанда, шиеленісті сайлау алдындағы күрес нәтижелері қорытындыланғаннан кейін, Н.Ә. Назарбаев дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың 98 пайызынан астамының қолдауын алып, бүкіл халақ сайлаған тұңғыш Президент болды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі қаулысымен “Қазақ КСР Президентін сайлау туралы” Қазақ КСР Заңының 24-статьясына сәйкес және ант беруіне байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1991 жылғы желтоқсанның 10-ынан бастап Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті.

Мемлекет басшысының алғашқы аса маңызды іс-қимылының бірі оның бастамшылығымен әзірленген “Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы”, Қазақстан Республикасын әлемге жария еткен Заңға 1991 жылғы 10 желтоқсанда қол қойылуы болып табылады. 1991 жылғы 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Қазақстан Республикасының Коститутсиялық Заңына Президенттің қол қойуының және жаңа тәуелсіз мемлекеттің шынайы егемендігін жариялаудың Қазақстан халықтары үшін өміршең маңызы болғандығы белгілі.

Үшіншіден, Қазақстандағы президентік билік жүйесінің қалыптасуы, Қазақстан халқының тұңғыш рет өз Президентін бүкілхалықтық сайлау арқылы таңдауы КСРО-ның ыдырап, алып мемлекет ретінде тарих сахнасынан біржола кетуі жағдайында жүрді. Үш славян республикалары басшыларының оңаша Беловежье келісімін кенеттен жасауы шиеленісті ахуал мен сол кездегі шекараларды қайта қарауға ұласқан Кеңес Одағының түпкілікті ыдырауына айқын алғышарттар туғызды. Аймақтардың егесі мен халақтар арасында ұлттық алауыздықтың бой көтеруінің айқын қатері пайда болды. Жаңа қалыптасып келе жатқан президенттік жүйеге де, дәл сол күндері бүкілхалықтық сенімге ие болып, жаңа ғана сайланған Президентке де сыналар сәт туды. КСРО- деп аталған алып империя шеңберінде сол бір күндерде қалыптасқан саяси шиеленіс пен одан шығу жолдарын, сол миллиондардың тағдырын шешкен оқиғалардың бел ортасында жүріп, көп жағдайда дұрыс жол табуға ықпал еткен адамдардың бірі ретінде “Ғасырлар тоғысында” Н. Назарбаев тарихымыздың аса бір күрделі сәттерінің дерек көзін дүниеге әкелді [126, 94 б.].

Драмалық оқиғалардан басталған КСРО-ның күйреуі Қазақстан Президентінің белсенділік танытуы арқасында бір-біріне қарама-қарсы этникалық мемлекеттер блогын құрумен емес, Н. Назарбаевтың ұсынысымен жиналған бұрынғы 9 одақтас республика басшыларының 1991 жылғы 21 желтоқсанда жаңа бірлестік – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының негізін қалаушы құжат болған Алматы декларациясына қол қоюмен аяқталды. “1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматы декларациясының астына 9 республика қол қойғанда, “уһ” деп бір дем алдық. Кейін басқа мемлекеттер де қол қойды. Сонымен, Орталық Азия республикалары әлгіндей қиын кезде, біздің халақтарымызды түркі-славян тайталасынан сақтау үшін бәрін де істеп бақты”-деп жазды Н.Ә. Назарбаев [126, 96 б.].

Бұл, тарихи факті, бір жағынан, басқа да бұрынғы одақтас республикалардағыдай, Қазақстанда да президенттік басқару формасына дер кезінде көшкендігін көрсетсе, екінші жағынан, бұл жүйенің сын сағатта өзін толығымен ақтағанын көрсетеді. Сонымен қатар, Қазақстан халқының Н.Ә. Назарбаевты өз Президенті етіп бірден-бір дұрыс таңдау жасай білгендігін де дәлелдеді.

1991 жылдың соңына қарай Қазақстан тарихының, қазақ халқының тарихының ең жаңа кезеңі – ешқандай да Орталыққа немесе одақтастарға алаңдамай, өзінің тәуелсіз мемлектеттілігін құру кезеңі басталды. Елдің жаңа мемлекеттігін құру Қазақстан тәуелсіздігі мен егемендігінің жаңа нышандарын әзірлеп, қабылдауды да талап етті. 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалауы туралы”, “Қазақстан Республикасының Мемлектеттік Елтаңбасы туралы”, “Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнің музикалық редакциясы туралы” Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды. 1992 жылғы 6 маусымда Республика Президентінің Резиденциясы үстінде көгілдір жалау – егемен Қазақстанның жаңа рәмізі көкке желбіреді.

Төртіншіден, тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің басты ерекшелігі – президенттік билік жүйесінің қалыптасуы, бұрын тек Қазақстан тарихында ғана емес, жалпы ТМД елдерінде байқалмаған жаңа үрдіс – парламет пен президенттік билік арасындағы күрес жағдайында жүрді. “Парламентаризм – демократияның құрамдас бөлігі”-деп жазды Н. Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” [126, 171 б.]. Демек, парламентаризм де, президенттік билік жүйесі секілді ТМД елдері аймағында өрби бастаған демократияның “жемісі”. Бірақ, президенттік билік жүйесі смяқты ол да оңайлықпен қалыптасып, дамып кете қойған жоқ. Елімізде парламенттік билік саласының пайда болу және қалыптасу тарихы, жалпы тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін құру тарихының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ал, сол әр түрлі билік салаларының ұлт мүддесі үшін үйлесімді еңбек етуін қаматамасыз ету жолында аз тер төкпеген Президент Н. Ә. Назарбаев еңбектерінің, ең жаңа тарихымыздың осы саласының маңызды дерек көзі болып табылатындығын ешкім де жоққа шығара алмайтындығы анық.

Еліміз тарихында бұрын-соңды кездеспеген жаңа қоғамдық құбылыс – парламенттік билік жүйесі мен президнеттік билік жүйелерінің табиғатын, мән-мағаналарын, олардың өзара қарым-қатнастарын және өмірге келмей жатып пайда болған осы билік салалары арасындағы қарама-қайшылықтардың себептерін түсінуде Н. Назарбаев еңбектерінің орыны ерекше. Оларды дерек көздері ретінде пайдалана білу арқылы ғана қарама- қайшылықтарға толы кезең тарихының ерекшеліктерін түсінуге болады.

Өтпелі кезеңдерде болмай қоймайтын әлеуметтік қайшылықтардың объективті себебтері туралы айта келе Н. Назарбаев: “Дағдарыстар Қазақстанды айналып өте қойған жоқ. Маған, Президент ретінде, орнықтылық ахуалын сақтап қалу, дағдарыстан шығудың конституциялық, құқықтық жолдырын іздестіру жауапкершілігін тұтастай өз мойныма алуға тура келді”-дейді [126, 145-146 бб.].

Одан әрі ТМД елдерінің көбінде көрініс берген жаңа пайда болған билік салалары арасындағы қақтығыстар сияқты, қоғамдық құбылыстың табиғатына талдау жасай келе Н. Назарбаев: “ТМД елдеріндегі парламентаризм оңай жүзеге асып жатқан жоқ. Тоқсаныншы жылдар басында, Достастықтың көптеген елдерінде биліктің екі бұтағы – парламент пен президент билігі арасындағы тайталас қатты шиеленісті. Кей жағдайда ашық текетірес, кей жағдайда бір-бірінің шешіміне құлақ аспау бой көрсетті. Бұл – жекелеген жәйттер емес, біздің мемлекеттерімізге ортақ сипатқа айналды. Ендеше, ондай дағдарыстан шығудың конституциялық шараларын қарастырумен қоса, ол қайшылықтардың неден өрбіп жатқандығын да терең түсінуіміз қажет”- деп, қайшылықтардың пайда болуының бірнеше себептерін көрсеткен [126, 171 б.].

“Ахуалды ұзақ пайымдау маған белгілі бір қорытындылар жасауға мүмкіндік берді”-дей келе, Н. Назарбаев: “Меніңше, ТМД елдері парламенттері қызыметінің бастапқы кезіндегі көп қиындықтар парламентаризм табиғатын дұрыс түсінбеуден туындап жатты...Депутаттардың көпшілігі жаңа жағдайдағы парламент қызметінің атымен жаңарғанын, өтпелі кезең мен мемлекеттілікті қалыптастыру жағдайында оның өте өрелі сипат алғанын аңғарып үлгере алмай жатыр. Ол, әлеуметтік және ұлттық мүдделерді үйлестіре отырып, жалпыхалықтық, мемлекеттік мүддеге айналдыру, сөйтіп, күллі халықтың еркін білдіру. Бірақ көптеген депутаттар бұрынғыша өздерін императивті мандат иелеріміз деп санайды. Ол – кешегі жергілікті билік орындары айтуымен, депутаттарды аймақтық дамытуға қосымша қаражат алуға пайдаланып қалуға тырысатын кеңестік дәуірдің салқыны... Қайта құру кезеңі депутаттарға “әкімшілдік-әміршілдік жүйенің” сынаушысы ретіндегі жаңа бір сипат қосты. Олар қашан өз талаптары орындалғанша, атқарушы биліктің соңына түсіп алуға үйренді...Бөлу, үлестіру қызметін өзіне алып, реформа барысы жауапкершілігін атқарушы билікке итере салу – ортақ үрдіске айналды...Партиялық-коммунистік жүйені ыдыратуда кеңестердің көп еңбек сіңіргенін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ олар кейін билікті өз қолдарына тоғыстыруға бағыт ұстанды”-дейді [126, 172-173 бб.].

Осындай, жәнеде басқа да себептермен Жоғарғы Кеңес дептаттары мен Н. Назарбаев арасында принципті сипаттағы келіспеушіліктер пайда болды. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жоғарғы Кеңеспен ел келешігі үшін жүргізуге мәжбүр болған күресі “Азия асқарларында” біршама объективті баяндалып, оның себеп-салдарларына жан-жақты талдау жасалынған. Сондықтан қосымша дерек көзі ретінде, сол еңбектен толғырақ үзінді келтірейік. Онда, мысалы, екі жүйенің, екі бағыттың басты айырмашалақтары туралы: “Басты айырық ескі мен жаңаның, өткен күн мен бүгінгі күннің арасында өтетін. Бұл тараптардың әрқайсысының арғы жағында сол кезеңнің негізгі екі күші тұрды: өткен күннің бейнесі Жоғарғы Кеңес, жаңа күннің бейнесі Президент Назарбаев пен оның командасы еді. Тап сол Жоғарғы Кеңес өз қолына биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарын жинап алып, іс жүзінде реформаға қарсы басараздықты бастады”-делінсе, Кеңестердің тарих сахнасына қалай шыққандығы және неліктен саяси реформаны одан әрі дамыту ісінің басты кедергісіне айналғандығы туралы: “Кеңестерді күшейту Горбачевтың биліктің өзекті органдарын ескі партиялық аппаратқа қарсы қою ниетінен туындаған болатын. Бір кезде олар компартияның орталықтандырылған билігін әлсірету, сол арқылы Кеңес одағын қиратуда өзіндік рөл атқарды. Алайда жаңа жағдайда олар саяси сарқыншаққа және /сол компартиямен бірге/ бұрынғы жүйенің бір тірегіне айналды. Жоғары Кеңеске кеңестік билік кезінде сайланған депутаттардың басым көпшілігі жүрегінің түпкірінде ескі көзқарастарын сақтап қалған бұрынғы коммунистер екендігі де бұған едәуір септесті. Сол үрдістің жаны сірілігін Жоғарғы Кеңестің сол кездегі төрағасының бүгінде Президентке оппозициялық бағыт ұстанатын Қазақстан компартиясын басқаратындығы да көрсетіп тұр. Әкімшіл-әміршіл жүйенің түпкі мәнін танытушы Жоғарғы Кеңес нарықтық жаңғырулар жолындағы басты кедергіге айналды”- деп жазды[102, 33 б.].

Ал, ондай текетірестің салдары, Жоғарғы Кеңестің жеңісінің немен аяқталатындығы туралы: “Экономикасы әлсіз, ішкі кереғарлықтарға толы, буыны бекімеген мемлекетте іс жүзінде қосөкімет қалыптасты. Мемлекеттіліктің тағдырына талас-тартыстан қатер төнді, ендігі жерде істің орнына ұраншылдыққа салыну тарихи мүмкіндікті қолдан шығарумен тең болды. Жоғары Кеңестің жеңісі біртұтас стратегиялық бағыттан айнып, реформаларды кері бұруға әкелер еді, ал мұның салдары экономикалық күйреуге, тұрақсыздық пен егемендіктен айырылуға апарып соқтыратын.

Іс жүзінде шексіз билікке ие болып алған Жоғары Кеңес басшылығы жағдайды халық депутаттарының жергілікті Кеңестері арқылы өз қолына алуға бекінді. Депутаттар президент пен үкіметтің реформаға қатысты кез-келген ұсынысын өткізбей тастауға айналды. Мұның өзі орын алып отырған қарама-қайшылықтарды онан сайын шиеленістіріп, Кеңестердің барған сайын күшейе түскен әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа барабар әрекет етуге қаблетсіз екенін көрсетіп берді. Мемлекеттік егемендікті нығайту және саяси, экономиклық жаңарулардың қажеттілігі сол кездегі мемлекеттік билік пен басқару құрылымын өзгертуді, олардың арасындағы өкілеттілікті қайта бөлуді талап етті.

Жоғарғы Кеңес бастаған Кеңестер жүйесі демократиялық қоғамның іргетастық негізіне – билікті бөлу қағадатына қайшы келді. Оның батыстық үлгілерді нысана еткен биліктің жаңа тұрпатымен үйлеспейтіндігі айқын еді. Әу баста классикалық парламентаризмді теріске шығаруға бейімделіп құрылған жүйенің оның атымен басқа қатнастардың шеңберіне салуға кезде қарсылық көрсетпеуі мүмкін емес болатын. Мұндай жағдайда 1993 жылы елдің бірінші Конституциясының қабылдануы, оның тарихи маңыздылығына қарамастан, нақты болашақ ашып берген жоқ”-деп жазды [102, 33 б.].

Демек, басқа да бұрынғы одақтас республикалардағы сияқты, Қазақстанда да саяси билік үшін ескі мен жаңаның арсындағы күрес принциті сипат алды. Ол жеке тұлғалардың тақ үшін тартысы емес, елдің президенттік билік арқылы демократиялық жолмен дамуы немесе толық жауапкершілікті өз мойнына алуға қаблетсіз парламенттік билік арқылы кері кетуі сияқты бір-біріне қарама-қарсы жолдарды таңдау үшін жүргізілген күрес еді.

Ескі мен жаңаның арасындағы күрес 1993 жылы қабылданған тәуелсіз Қазақстан Республикасының бірінші Конституциясын дайындау барсында да, қабылдау барысында да, тіптен қабылданғаннан кейін де тоқталған жоқ. Мұндай жағдайда Президент Н.Ә. Назарбаевқа қатаң ұстаным танытып, өз жақтастарымен бірге аяғына дейін күресуге тура келді. Мысалы, ол жаңа Конституцияның қандай жағдайда жасалғаны туралы “Ғасырлар тоғысында”: “Жаңа Конституция жасауға кіріскен кезде, Жоғарғы Кеңес конституциялық кеңес құрамына Төралқаның барлық мүшелерін, комитет төралқаларының бәрін кіргізді. Олардың көпшілігі балама ұстанымдарды талқылауға, диалогке түсуге әзір емес “бірбеткей” адамдар еді. Депутаттар да белгілі бір қызметке ие, көбіне жергілікті жердегі билік басындағы адамдар еді. Сессиялар әркім өз аймағы үшін бірдеңе жырып қалуға тырысатын әрі тарт та бері тарт ахуалға түсті. Күллі халыққа, күллі мемлекетке қызмет ету туралы сөз қозғауға болмайтын еді”-деп жазды [126, 175 б.].

Одан әрі Н. Назарбаев: “Мен олармен көп таласып, Конституцияның күллі қоғамға қызмет ету керектігін түсіндіріп бағуға тырыстым. Сол кездің өзінде-ақ қос палаталы парламент, меншік алуандығы идеяларын қорғап, Негізгі Заңымызға құқықтық, демократиялық мемлекеттердің бәріне тән парламентті тарату және Президентке импичмент жариялау қағидаларын кіргізуге күш салдым”-дей келе, депутаттардың қандай да болмасын жаңалыққа қарсы шығу себептерін: “Депутаттарға, әрине, парламентті тарату ұнамайды. Ол түсінікті де. Жеткілікті жеңілдіктері бар. Өз “бизнестерінің” қамы үшін министрлерді қысымға алу қиынға түспейді. Өздерін кім сайлағанын ұмытпайтындар тек бірлі жарым ғана. Дүниежүзі парламенттері тарихында тек біздің Жоғарғы Кеңес қана депутаттарға депутаттық қызметте жүргенде ғана емес, одан кеткен соң да, екі жылға дейін ешкім тиісе алмайтын кепілдік береді. Қысқасы, “бизнес” саласында өзін-өзі көрсетуге бұдан асқан қолайлы жағдай жасау тіпті де мүмкін емес”-деп түсіндірді [126, 176 б.].

Осындай, алдарына әр түрлі мақсат қойған билік салалары арасындағы шиеленіскен күрес жағдайында Н. Назарбаев Жоғарғы Кеңесте принципті мәселелер бойынша өз ұсыныстарын өткізе алмағандығы туралы да жасырмай айтқан. Ол: “Мен Жоғарғы Кеңеспен үзілді-кесілді тартысқа түсуден тартындым. Қазақстанда да, одан тысқары жерлерде де жағдай өте күрделі еді. Ондай тұста қоғам мемлекетіміздің ішкі саяси орнықтылығын сақтап қалу, еліміз үшін өзекті болып табылатын мәселелерді мейлінше дұрыс және біржола шешіп алудан гөрі өткірірек тұрды. Мен қоғамның озғын бөлігінің көзқарасын жүзеге асыра алмадым. Менің ұсыныстарыма Жоғарғы Кеңес басшылығы мен Төралқасының басым көпшілігі үзілді-кесілді қарсы шықты. Қызу айтыстар шықты. Ол саяси кезеңнің сипатынан туындап жатқан жағдай еді. Еліміз тәуелсіздік пен егемендік жолына енді қадам басқан-ды. Одан әрі қарай алға басуымыздың күрделене түсетінін жақсы түсіндім”-дейді [126, 176-177 бб.].

Бұл факті Н. Назарбаевтың өз еңбектерінде шындықты еш бүркемесіз объективті баяндап отырғандығын тағы бір рет дәлелдейді. Президенттің Жоғарғы Кеңеспен келіспеушілігі ҚР Конституциясын талқылау кезінде де жалғасты. Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын алғашқы оқылымнан кейін қабылдап бүкілхалықтық талқылауға ұсынды. Жоба барлық облыстық және төменгі жергілікті Кеңестердің сессияларында талқыланды. Ол еңбек ұжымдарында және азаматтардың тұрғылықты жерлері бойынша өткен жиналыстарда талқыланды. Республика баспасөзінде 500-ден астам әртүрлі мақалалар жарияланып, теледидар мен радио бағдарламаларында талқыланды. Жаңа Конституцияның жобасын талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысып, олар 18 мыңнан астам ұсыныстар мен ескертпелер енгізді.

Бірақ, өмір көрсеткендей, мұның бәрі Жоғарғы Кеңес пен Президент арсындағы түсініспеушілікті толық жоя алған жоқ. Ол туралы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы және оны бұкілхалықтық талқылаудың қорытындысы туралы Жоғарғы Кеңестің сесиясында жасаған баяндамасында ашып айтты. Ол өзінің мемлекеттілік құру ісіне қатысты жобаның кейбір баптары туралы күмәні бар екендігін, оған бүкіл халық алдында Президент ретінде жеке дара жауап беретіндігін де айтты.

Дегенмен, кемшіліктеріне қарамастан екі жақтың ымыраға келуі нәтижесінде Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Бірақ, көп ұзамай-ақ ол өзінің өмір талаптарына сай келе бермейтіндігін көрсетті. Ол туралы сол Конституцияның гаранты Президент Н. Назарбаев: “Еліміздің алғашқы Конституциясы 1993 жылы қаңтар айында күшіне енген бойда-ақ, кемшіліктерін, әлеуметтік-экономикалық және саяси процестердің шын ахуалынан аулақ жатқандығын көрсетті.

Желпіністің желі тез ыдырады. 1993 жылғы үлгідегі Коституция егемен Қазақстанды құрудың күнбе-күнгі қарапайым да ауыр қызметіне құқықтық негіз бола алмайтындығын аңғартты”-деп жазды [126, 177 б.].

Қоғамда жүріп жатқан түбегейлі өзгерістер, күн тәртібінде тұрған саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелер биліктен шұғыл шешімдер қабылдауды талап етті. Ал, жаңа Коституция бойынша жұмыс істей бастаған Жоғарғы Кеңес ондай батыл да қажетті шешімдер қабылдаудың құқықтық негізін қалауға қаблетсіз болып шықты. Осындай Жоғары Кеңеспен қызмет жағдайында күнделікті бетпе-бет кездесіп, бірге жұмыс істегендіктен оның жұмысын жақсы білетін адам ретінде Н. Назарбаев Жоғарғы Кеңестің өте тез қарқанмен дами бастаған өмір талабына сай жұмыс істеуге қаблетсіздігі салдарында елде қалыптасқан жағдайтуралы: “1993 жылдың желтоқсанында өте сын жағдайға душар болдық. Жаңа теңгемізге көшуді ойдағыдай жүзеге асырғанымызбен, жағдай жаңа әрі батыл шешімдерді талап етті. Экономикалық сферадағы кезекті заңдық құжатты қабылдауды бір күнге кешеуілдету кейін бір жыл бойына орнына қайтып келмейтін өрескелдікке ұрындыру мүмкін еді. Алайда үкімет асыққанмен, парламент асықпады. Экономиканың берекесіздену қаупі күшейді. Жоғары Кеңестің қысыр таласы таусылмады. Атқарушы өкімет реформа жүргізе алмады... Мұндай уақытта статус-квоны сақтап тұрудың мүмкіндігі азайды. Президент пен үкіметке реформа жүргізуге кедергі келтіріп отырған Кеңестердің шешуші билігі жайлы мәселені түбегейлі шешпей болмайтын болды. Мен бұл мәселені референдумға шығаруға әзір едім”деп, баяндайды [126, 177-178 бб.].

Бірақ, өмірдің өзі бұл түйінді мәселені шешудің тіптен басқа жолын ұсынды. 1993 жылғы 16 қазанда Алматы қаласының Алатау аудандық кеңесі мемлекеттің тарихында бұрын-соңды болмаған өзін-өзі тарату жөніндегі бастама көтерді. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан кеңестік жүйенің іргесін шайқап, нәтижесінде күйреуге алып келген Алатаулықтардың Республика мен жергілікті халық депутаттарына жолдаған үндеулерінде: “Кеңестер көбіне-көп бұрынғы үрдіс пен ескі идеологияның баламасы болып қалып отыр. Өкілетті жүйенің қызметін реттейтін заңдардың әрі әбден ескіргендігі, әрі тар ауқымы, депутаттық корпустың өз жұмысына деген ынтасының азаюы Кеңестердің шын өмірден аулақ қалуын күшейтті. Олардың сайлаушылардың еркін жүзеге асыруға қаблетсіз екендігі күннен күнге айқындала түсуде. Бұл депутаттық корпустың кінәсінен емес. Себеп басқада – Кеңестердің толық билігі үрдісінің бүгінгі күннің шындығына толығымен сәйкес келе алмайтын қауқар-сыздығында”-деп көрсетілген [126, 178 б.]. Алатаулықтардың бастамасын басқа Кеңестер де қолдады. 17 қазанда бұрынғы астананың бұрынғы Ленин және Октябрь аудандық Кеңестері депутаттары өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатты. Оларды Әуезов және бұрынғы Фрунзе аудандары да қолдады. Осылай, бұл бастама бұкіл республикаға тарады. “Парасат жеңіске жетті. Жоғарғы Кеңес өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға қатардағы депутаттар бастамшы болды. 360 депутаттың 200-і өз өкілеттігінен бас тартатындықтары жайында арыз берді. Кеңестік жүйенің күйреуі Жоғарғы Кеңесті өзін-өзі таратуға мәжбүр етті”-деп жазды Н.Ә. Назарбаев [126, 178-179 бб.]

Дегенмен, Н.Ә. Назарбаев тарих саханасынан осылай кеткен Жоғарғы Кеңес жұмысы туралы 1993 жылғы 13 желтоқсанда өткен соңғы сессиясының отырысында: “Сіздер еліміздің мемлекеттік мұддесінен шыға отырып, біздің мемлекетіміздің саяси жүйесін реформалау пайдасына жауапты шешім қабалдадыңыздар”-деп өз ризашылығын білдірсе[154, 281 б.], “Ғасырлар тоғысында”: “Парламенттің ол құрамы жекелеген кемшіліктеріне қарамастан, тәуелсіз Қазақстан тарихында үлкен қызмет атқарды. Ең бастысы – егемен мемлекеттің ең бірінші Конституциясы қабылданды. Ол тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңіндегі, сөзсіз, саяси-құқықтық жетістігіміз еді”-деп, оның қызметін әділ бағалаған [126, 178 б.],

Қоғамымызды саяси дағдарысқа алып келген ең жаңа тарихымыздың ең күрделі мәселелерінің бірінің қалай шешілгендігі және оның нәтижесі туралы “Азия асқарлары”: “Таңдау қарапайым еді: күшті президенттік билік немесе биліксіз берекесіздік, реформалар немесе тұралау.

Бүкіл мемлекеттік ағзаны сақтап қалу үшін ауру дене мүшесін кесіп тастау жөніндегі жанға тиетін, алайда қажетті операцияны кейінге қалдырмай атқару қажет болды. Дағдарыстан шығу күшті орталықтандырылған билікті нығайтуды талап етті. Назарбаевтың рессейлік әріптесі Б. Ельцин бұл мәселені парламент ғимаратын зеңбіректен атқылау арқылы шешті. Назарбаев болса тек өзі ғана білетін тәсілдер арқылы Жоғарғы Кеңестің өзін-өзі таратуына қол жеткізіп, қалыптасқан жағдайдан аман-есен алып шықты.

Президент-парламент болып тіресудің шырқау шыңы 1993-1995 жылдардағы екі парламенттік дағдарыс болды, олар Жоғарғы Кеңестің мемлекеттік институт ретінде жойылуымен және өкілеттіліктерді президент пайдасына қайта бөлумен аяқталды. Қазақстанда 80 жылдай тұрған Кеңестер билігінің күні осылайша бітті”-деп жазды [102].

Біріншіден, президент-парламент дағдарысы барлық посткеңестік республикаларға тән құбылыс. Біразында ол әртүрлі жолдармен шешілді, біразында күні бүгінге дейін шешілмей жалғасуда. Мысалы, Ресейде ол мәселе Президент Б. Ельцинге етене тән тәсілмен, яғни парламент үйіне зеңбіректен тікелей оқ ату арқылы шешілсе, Тұркіменстан, Өзбекстан және Белорусияда Президенттердің шексіз биліктерінің орнауымен шешілді. Ал, бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмеген Қырғызстан, Грузия және Украинда ол түрлі-түсті революциаларға алып келді. Екіншіден, өмір аса шиеленісті жағдайда Н. Назарбаевтың өзіндік бірден-бір дұрыс жол таба білгендігін толығымен дәлелдеп отыр. Бұл Елбасының терең ойлы шебер саясаткер екендігін тағы бір рет дәлелдеп отыр.

Өкінішке орай, парламент дағдарысы бізде Жоғарғы Кеңестің өзін-өзі таратуымен аяқталған жоқ. Өмір Елбасы алдына парламетке байланысты жаңа проблема қойды. Ол 1994 жылғы наурызда сайланған депутаттардың өкілеттілігінің заңдылығына байланысты туындады. Ол туралы Н. Назарбаев: “Мен 1994 жылғы наурызда сайланған парламенттің жаңа құрамына үлкен үміт арттым. Ұзаққа созылған “итырғылжыңнан” кейін, бұл парламенттің жемісті жолға түскенін ашып айтуымыз керек. Оның кәсіби деңгейі де жоғары еді... Бірақ ойда жоқ оқиғаға душар болдық... Тарихта талай рет болған. Кішкентай ғана нәрсе оқиғалардың қопарылмалы сипатта өрістеуіне бастама болып, қоғамды атымен ойда жоқ салдарларға ұрындырады екен. Қазақстан үшін сондай оқиға – Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының 1995 жылғы 6 наурыздағы қаулысы болды”-дейді [126, 179-180 бб.].

Әңгіме Т.Г. Квятковскаяның Орталық сайлау комиссиясына Абылайхан сайлау округында Сайлау туралы Кодекстің бұзылғандығы туралы жасаған шағымынан басталған еді. Ұзаққа созылған дау-дамайдан кейін Конституциялық сот: “Орталық сайлау комиссиясының дауыс санауға байланысты енгізген әдісі “бір сайлаушы – бір дауыс” дейтін конституциялық қағиданың жаппай бұзылуына жол беріп қана қоймай, сайлау нәтижесінің бұрмалануына ұрындырды және сайлау жөніндегі Кодексте көрсетілген сайлау жүйесін өзгертіп жіберді. Сөйтіп, Орталық сайлау комиссиясы өзінің өкілеттілігін жоғарылатып, Конституцияның 60-бабын бұзды”-деп қаулы қабылдады. Бұл, өткен сайлау қортындылары мен жаңа сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттары өкілеттілігінің заңдылығына күмән туғызды.

Шешімдердің толық заңдылығын анықтау мақсатында жүргізілген әртүрлі әрекеттерден соң, Президент Н. Назарбаев Конституциялық соттың шешімдеріне орай 1995 жылғы 11 наурызда “Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының 1995 жылғы 6 наурыздағы қаулысынан туындайтын шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес Жоғарғы Кеңес қызметі тоқтатылды. Заңсыз Жоғарғы Кеңестің қатысуымен құрылған Үкімет те таратылды.

Дегенмен, мұндай түбегейлі саяси шараларға бару Президентке оңай болған жоқ. Белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов бастаған 60-қа жуық депутаттар Президент Жарлығын мойындаудан бас тартып, наразылық білдірді. Н.Ә. Назарбаевқа тағы да табандылық, шешімділік танытып, бар жауапкршілікті өз мойнына ала отырып, батыл қадамдар жасауына тура келді. Сол бір ел тағдыры шешілер сәтте Президент қасында болып, оның тарихи шешімге қалай барғанын өз көзімен көрген Е. Ертысбаев: “1995 жылдың 14 наурызында Президенттің кеңесшісі ретінде барлық әкімдер қатысқан Үкіметтің жабық отырысына қатыстым. Жаңа ғана Конституциялық Соттың шешімімен парламент таратылды, бірақ Олжас Сүлейменов бастаған 60-қа жуық депутатар Сот шешімін мойындамай, наразылық білдірді. Президент отырысты әдәуір қатал түрде жүргізді. Одан қайраттылық пен мызғымас сенімділік лебі есіп тұрғандай көрінді. Премьер-министр Әкежан Қажыгелдин 177 парламент мүшелеріне бір жылда 1 миллиарт 258 миллион теңге жұмсалғандығын, ал осы уақыт аралығында депутаттардың бар-жоғы 7 маңызы төмен заңдар қабылдағандығын айтқан кезде Президент: “Болды, жетеді. Керек заңдарды өзім қабылдаймын, әйтпесе біз реформаны бұлдіреміз. Ал егер батысқа келер болсақ, олар алдымен өз прблемаларын шешіп алсын. Біз өз үйіміздегі мәселелерді өзіміз шешеміз. Халық пен тарих алдында, егер білгілеріңіз келсе, қайта құрудың соңғы нәтижелері үшін мен жауап беремін деді”-деп жазды[22, 13-14 бб.]. Бұл дағдарыс та осылай аяқталып, қоғам дамуының жаңа кезеңі басталды.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастырудың және нығайтудың жаңа кезеңі негізінен ҚР жаңа Конституциясын қабылдаумен байланысты дамыды. Н. Ә. Назарбаев өз еңбегінде ҚР жаңа Конституциясының қалай дайындалғаны туралы қызықта да құнды деректер келтірген. Мысалы, уақыт талбына сай келетін жаңа Конституцияның қажеттілігінің күннен-күнге арта түскендігін жете сезінген және өз елін екі бірдей саяси дағдарыстардан аман-есен алып шыққан адам ретінде, Президент Н. Назарбаев жаңа Конституциясының жобасының қалай дайындалғандығы туралы : “Наурыз оқиғалары жаңа Конституция қабылдау керектігін тағы да дәлелдей түсті... Жоғарғы Кеңес таратылған соң, Конституция жобасы үстіндегі жұмыспен мен нақты және шұғыл айналыса бастадым. Ондай жауапты қызметті ойдағыдай атқаруға маған көмектескен адамдарға ризашылығымды айта кеткен жөн. Олар: Нағашыбай Шәйкенов – заң ғылымдарының докторы, профессор; Бауыржан Мұхамеджанов, Константин Колпаков – заң ғылымы кандидаттары. Заңның әр түрлі салаларының мамандары. Әрқайсысы өз тарауларын зор жігермен жазып шықты.

Жобаны талқылау үшін 11 сарапшы тағайындадым. Кейде біз Конституция баптары үстінде 12-14 сағаттан бас көтермей жұмыс жасадық. Іске зор жауапкершілікпен қарау, ешбір беделге бас ұрмау – басты талабымыз болды. Жобаға әбден сын көзімен қарауды, қайта-қайта талқылауды талап еттім”- дейді [126, 184-185 бб.].

Жаңа Конституция жобасын әзірлеуде Президнет ретінде Н. Назарбаевтың өзі де аз тер төккен жоқ. Ол өз кітабында: “Маған әлем елдері конституциялық құрылымы, билік салаларының өзара байланысы, саяси партиялар, кәсіподақтары қызметі, адам құқығы, меншік т. б. Мәселелері бойынша қыруар әдебиеттерді қайтадан ақтарып шығуға тура келді. Оның бәрі жаңа жобада ескерілді. Әрине, өз ерекшелігіміз ұмыт қалған жоқ. Мәселен, 1995 жылы жазда “демалып жатқанда”, Конституцияның жаңа жобасына байланысты референдумға бірнеше апта қалғанда, мен 12 мемлекеттің Конституциясын зерттеп шықтым”-деп жазды [126, 185 б.].

Осылай аса ыждақаттылықпен және үлкен жауапкершілікпен дайындалған Конституция жобасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Жобаны айтылған ескертпелер мен ұсыныстар бойынша жөндеу кезеңі басталды. Жобаны жетілдірудің ең соңғы кезеңі туралы, осы ұлт тағдыры үшін аса маңызды істің ең басында, қайнар көзінде тұрған Елбасы: “Күн сайын бізге жобаға байланысты ұсыныстардың тізбесі ұсынылып отырады. Күніне әлгідей мұқият қаралған ұсыныстардың бірнеше папкасы келіп түседі. Ал баспасөз бетінде жарияланып жатқан ұсыныстар өз алдына!..

Республикада 33 мың ұжымдық талқылау өткізілді. Оған үш миллионнан астам азамат қатысты. Олар 30 мыңнан астам ұсыныстар мен ескертпелер енгізді. Жобаның жартысынан астамына, дәлірек айтқанда, 55 бапқа 1100 түзету мен қосымша енгізілді”-деп жазды [126, 186 б.].

1995 жылғы 25 наурызда қоғамның бірлігін сақтау мен елдегі саяси және әлеуметтік жағдайдың терең жарықшақтануына жол бермеу мақсатында, елдің барлық ұлттары мен халықтарының мүдделерін зерделеу мен есепке алу, сондай-ақ жан-жақты және терең құқықты даму үшін 1994 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған бірегей қоғамдық орган – Қазақстан Халақтарының ассамблеясы Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзарту жөнінде республикалақ референдум өткізудің қажеттігі туралы қарар қабылдап, аталған ұсыныспен Мемлекет басшысына өтініш білдірді.

Қалыптасқан ахуалды негізге ала отырып, сондай-ақ қоғамның жіктелуіне жол бермеуге Президенттен шаралар қолдануын талап еткен ел тұрғындарының күллі әлеуметтік топтарының пікірін ескере отырып, Мемлекет басшысы уақыт талабына орай референдум өткізуге шешім қабылдағаны белгілі.

Бұл, дәл сол уақытта, Қазақстан халқының тарихи тағдырын шешкен бірден-бір дұрыс шешім еді. Ол туралы Н. Назарбаев: “Мемлекет басшысының өкілеттілігін ұзарту жайында референдум жаңа Конституцияны қабылдауға мүмкіндік берді. Конституциялық соттың белгілі шешіміне байланысты туған дағдарыс жағдайында реформаны одан әрі кешеуілдетуге болмайтындығы өзінен-өзі айқындалды.

Алайда конституциялық реформаны тек халық қолдауына сүйене отырып бастауға болатын еді. Конституция тексі үстіндегі жұмысты шұғылдату осыдан келіп шықты. Маған жан-жақты сын көбейді. Қолдау көрсеткен Қазақстан халықтары Ассамблеясы болды. Ол жаңа парламент сайлауын күтпей, халыққа тікелей шығуға ұсыныс берді. Меніңше, бұл дұрыс шешім еді”-деп жазды [126, 186-187 бб.].

Иә, бұл шешімнің дұрыс шешім болғандығын ең әділ төреші – уақыттың өзі де көресетіп отыр. Дегенмен, өз тағдырын шешуді Қазақстан халқының қолына тапсырған Президент Н. Назарбаев та, өзіміз сияқты, ет пен сүйектен жаралған пенде. Пендешілік оған да жат емес. Өз тағдырын ел тағдырымен тығыз байланыстырған саясаткердің сын сағаттағы жандүниесін сезіне беру әдетте мүмкін емес. Сондықтан да, Н.Ә. Назарбаевтың қарапайым пенде ретінде сол бір сәттегі ой толғанысын өз еңбегінде баяндауының деректік маңызы өте үлкен. Ол Қазақстан халқына өз тағдырының өз Президенті тағдырымен, билік тағдырымен соншалықты жақын екендігін сезінуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Сондықтан, Нұрсылтан Әбішұлының референдумға қатысты айтқандарын толғымен келтіруді жөн көрдік.

“Шынымды айтсам, біраз күмәндандым”-деп жазады Н. Назарбаев “Ғасырлар тоғысында”, “Бір жағынан, мәселе дұрыс та әділетті қойылып отыр. Парламент пен үкімет қызметтен кеткен саяси дағдарыс жағдайында, қоғамды мейлінше саясаттанудан құтқарып, орнықтылық ахуалды сақтап қалу үшін президент билігін күшейту керек. Екінші жағынан, перзидент те басқалар сияқты жұмыр басты адам. Мені, мәселенің осы жекебастың жағдайы көбірек қинады. Талайлардың сынды қарша боратып, қаралап бағатынын да білдім. Мені сайлаудан қорқып, осылай істеп отыр дейтіндер де табылды. Бірақ социологиялық зерттеулердің объективті нәтижелеріне жүгінсек, мен тек билігімді сақтап қалғым келсе, сайлауға баруым керек еді. Ондай жағдайда, Назарбаев пен президенттіктен дәмететін басқа кандидаттардың арасындағы айырманы жеңіп шығу еш мүмкін емес еді. Оның үстіне, сайлау дегеніміз – екі-үш балама кандидаттың арасындағы талас. Ал референдумда мәселе тікесінен қойылмақ: Нұрсұлтан Назарбаев... Иә ма, жоқ па? Жұрт көңліндегі таңдаудың бір басында – мен, екінші басында – өтпелі кезеңнің қиындықтары, тұрмыс деңгейінің төмендеуі, осы жылдар ішінде қордаланып қалған өкпе-бопса, белгілі бір мақсат көздеген сындар мен ашықтан-ашық бақайдан қақпа есеп-қисап...”дейді [126, 187 б.].

Қазақстандықтар өз Президентін қолдады. 1995 жылғы 29 сәуірде референдумға қатысушылар тізіміне іліккен 9.110.156 азаматтың 8. 309.637-сі немесе 91,21 проценті дауыс берді. Дауыс беруге қатысқан адамдар 7.932.834 адам немесе 95,46 проценті президент өкілеттілігін ұзартуды жақтады. [126, 187-188 бб.].

Осылай Қазақстан халқының толық дерлік сеніміне ие болған Президент, сол жылдың жазында тағы бір тарихи шараға барып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі референдум өткізді. 1995 жылы 30 тамызда өткен референдум қорытындысы мен маңызы туралы Н. Назарбаев: “Жаңа Коституцияны қабылдау жөніндегі референдумға азаматтардың 90,51 проценті қатынасып, олардың 89 проценті жақтап дауыс берді. Дауыс беру нәтижелері біз таңдап алған жолды біздің мемлекетіміздің азаматтарының қаншалықты қызу қолдайтындықтарын айғақтайды.

Мен бұған өте разы болдым. Әр саясатшының өз жұлдызды сағаты болады. Ол – бүкіл халықтық қолдауға ие болып, содан үлкен ризашылық алған күні... Күдік құрсауы бұзылды. Күллі халқың түгел қолдап тұрғанын көргенде, қажымай- талмай еңбек ете бергің келеді”-деді [126, 188 б.].

Иә,бұл шын жүректен айтылған сөз еді. Өйткені, 1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы президенттік басқару нысанын заңдылық тұрғыдан бекітті. Күшті президенттік билік Қазақстанның тұтастығы мен тұрақтылығына төнетін кез келген қатерге қарсы тұруға тиіс еді. Қазақстан халқы өткен жылы қабылданғанына он жыл толуына байланысты Конституцияның өмір талабына сай пайда болған сапалы құжат екендігіне ерекше көңіл аударды.

Сонымен, қорыта айтсақ, Президент Н.Ә. Назарбаев еңбектерінде келтірілген деректер тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыру тарихының аса бір күрделі кезеңі туралы құнды мәліметтер жетікізіп отырғандығы күмәнсіз. Біріншіден, президенттік басқару формасы бұрынғы Одақ көлемінде де, республикаларда да Кеңес өкіметі қойнауында пайда болды. Оның басты себебі ескі кеңестік-партиялық, әміршілдік-әкімшілдік басқару жүйесінің толық дағдарысқа ұшырауы болды. Екіншіден, президенттік басқару жүйесі ескі Қазақ ССР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу негізінде пайда болды. Үшіншіден, Қазақстандағы президенттік билік жүйесінің қалыптасуы, Қазақстан халқының өз тарихында тұңғыш рет өз Президентін жалпыхалықтық сайлау арқылы таңдауы КСРО-ның ыдырап, алып державаның тарих сахнасынан біржола кетуі жағдайында жүрді. Төртіншіден, президенттік басқару жүйесінің қалыптасуы бұрын Қазақстан тарихында болмаған жаңа құбылыс – парламент пен президенттік билік арасындағы күрес жағдайында жүрді. Бесіншіден, елімізде президенттік биліктің толық қалыптасуының заңды негізі, мәтіні Н.Ә. Назарбаевтың басқаруымен және тікелей қатысуымен дайындалып, 1995 жылдың 30 тамызында өткен бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында қаланды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет