Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбектері тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі (1990-2006 жж.) Мазмұны кіріспе


Зерттеу жұмысының негізгі дерек көздері



бет2/10
Дата05.11.2016
өлшемі2,65 Mb.
#868
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Зерттеу жұмысының негізгі дерек көздері. Диссертациялық жұмыстың ең басты дерек көздерін, тақырыпқа сай, ҚР тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың көрсетілген уақыт аралығында пайда болған еңбектері құрайды. 1990 жылдың көктемінде дайындаған “Әділеттің ақ жолы” атты еңбегінен бастап, 2006 жылдың қаңтарында ҚР Президенті міндетін атқаруға қайта кірісуіне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзіне дейін, Н.Ә. Назарбаев “Ғасырлар тоғысында”, “Тарих толқынында”, “Сындарлы он жыл”, “Еуразия жүрегінде” сияқты бірнеше іргелі еңбектер, “Қалың елім, қазағым”, “Қазақстан – Ресей қатнастары” сияқты жинақтар, “Қазақстан – 2030” сияқты Қазақстан халқына Жолдаулар, ҚР мерейтойларында, салтанатты жиындарда, маңызды оқиғаларда жасаған баяндамалар мен өз еліміздің және шет ел басылымдарына берген сұхбаттары т.б. еңбектер жариялады. Олардың бәрінде де белгілі бір дәрежеде тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихына қатысты мәліметтер сақталынған. Сондықтан, оларға мемлекеттігіміздің қайта қалыптасу тарихының негізгі дерек көздері ретінде деректанулық талдау жасалынды.

Негізгі дерек көздерінде сақталынған ақпараттардың шынайылық деңгейі мен ғылыми құндылықтарын және деректік маңызын айқындау мақсатында, деректану ғылымының талаптарына сай, өздерінің пайда болуы жағынан бір-бірінен тәуелсіз деректердің әр алуан түрлері де пайдаланылды. Олардың үлкен бір тобын, дерек жасаушы субъект ретінде, Н. Ә. Назарбаевтың жеке адами және тұлғалық бейнесін ашуға арналған еңбектер құрайды. Негізгі дерек көздерінің авторы туралы құнды ақпараттар алуға мүмкіндік беретін ондай еңбектер, Елбасы туындылары мен ондағы мәліметтерге деректанулық талдау жасау барысында кеңінен қолданылды.

Сонымен қатар жұмыста ҚР тұңғыш Президентімен бірге тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қайта құруға ат салысқан қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, дипломаттардың т.б. еңбектері, жақындарының, шет елдер басшыларының естеліктері де қосымша дерек көздері ретінде пайдаланылды. Олардағы ҚР мемлекеттігінің пайда болу және қалыптасу тарихына қатысты деректер Н.Ә. Назарбаев еңбектеріндегі мәліметтердің шынайылық деңгейін, ғылыми маңызын анықтауға, Елбасының осы істегі рөлін ашуға көмектесті. Мысалы, солардың бірі, ұзақ жылдар бойы Президент әкімшілігінде қызмет етіп, Елбасының сан-алуан қызметін жақыннан байқауға мүмкіндігі болған мемлекеттік қызметкерлері дайындаған еңбектер.[]

Жұмыстың дерек көздерінің үлкен бір тобын, осы жылдары елімізде шығып тұрған, өзіндік ерекшеліктері бар, мерзімді басылымдар құрайды. Мерзімді басылымдардың басқа да дерек көздерінен басты ерекшелігі – оқиғалардың оларда синхронды /ілеспелі/ бейнеленуі. Ол, біріншіден, зерттеушіге оқиғаны даму динамикасында зерттеуге мүмкіндік берсе, екіншіден, біздегі тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан демократиялық үрдістерге орай, мерзімді басылымдардың әр алуан әлеуметтік топтардың мүддесіне сай, әр түрлі бағыттарда болуы, зерттеушіге оқиғаны әр түрлі қырынан зерттеуге мүмкіндік берді.

Жұмысты орындау барысында ҚР Президентінің мұрағат қорларының құжаттары да қосымша дерек көздері ретінде пайдаланылды. Оларда Н. Ә. Назарбаевтың саясткер ретінде қалыптаса бастауынан мәліметтер беретін және оның еңбектерінде айтылған фактілердің өмір шындығына толық сай келетіндігін дәлелдейтін құнды деректер сақталынған. Мысалы, мұрағаттың 812 қорында 21 жасар Н. Назарбаевтың алғаш рет республика деңгейінде өзін көрсете білген республика комсомолдарының 1962 жылы ақпан айында өткен оныншы съезінде жасаған баяндамасының мәтіні сақталынса, 708 қорда Нұрсұлтан Әбішұлының “Әділеттің ақ жолы” атты кітабында келтірген тәуелсіздік қарсаңында республикада қалыптасқан саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдай туралы деректердің шынайылық деңгейінің жоғарылығын дәлелдейтін құжаттар сақталынған.

Дегенмен, жұмыста тақырыпқа сай маңызды дерек көздерінің үлкен бір тобын құрайтын кейбір мұрағат қорларын пайдаланануға мүмкіндігіміз болғандығын да айтуға тиіспіз. Мысалы, тұңғыш Президентіміздің тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қайта қалыптастыру қызметіне қатысты мұрағат құжаттары “Қазақ Кеңестік Социалистік Респуликасы Президенті” атты № 7-ші қорда сақтаулы. Бірақ қор әзірге жабық. Бұл бір жағынан, әрине, өкінішті, екінші жағынан, дәл осы тақырыпқа арналған зерттеу жұмысының бір кандидаттық диссертациямен аяқталмайтындығы да түсінікті. Керісінше, бұл үлкен жұмыстың тек басталуы ғана. Сондықтан, қордың келешекте ашылуы зерттеушілерге бұл мәселені тереңірек зерттеп, жан-жақты аша түсуге, яғни біздің зерттеу жұмысымызды одан әрі жалғастыруға мүмкіндік берері даусыз.

Сонымен қатар, 2005 жылдың қыркүйегінде интернет жүйесінде мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың w w w. akorda KZ деп аталатын веб-сайты орналастырылды. Ақорда веб-сайт қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі нұсқасымен қамтылған. 11 негізгі бөлім, 60-тан астам айдарлар мен айдаршалардан тұрады. Мысылы, “Бірінші тұлға бөлімінде” ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаяны туралы айтылса, “Президент шығармашылығы” бөлімінде мемлекет басшысының еңбектері берілген. Ондағы мәліметтердің де жұмыста кеңінен пайдаланылғандығы түсінікті.

Аталған және басқа да қосымша дерек көздері, жұмысты орындау барысында, тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихына қатысты негізгі дерек көздерінде сақталынған мәліметтердің шынайылық деңгей мен ғылыми құндылығын анықтауға көмектесті.



Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

-Қазақстан тарихнамасында Қазақстанның ең жаңа тарихының – тәуелсіз Қазақстан республикасы тарихының маңызды дерек көздерінің біріне деректанулық талдау жасау, атап айтқанда, Президент Н.Ә. Назарбаев еңбектерін тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қайта қалыптастыру тарихының дерек көзі ретінде қарастыру алғаш рет қолға алынып отыр;

-алғаш рет ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы анықталып, олардың деректік ерекшелігі, пайда болуының объективтілігі, тарихи жағдайы, сақталу формалары деректану ғылымының талаптарына сай сыни талданып, сыныптаудан өткізілді;

- жұмыста Н.Ә. Назарбаев еңбектерін дерек көзі ретінде пайдалану арқылы, оның жеке адами және тарихи тұлғалық бейнесін аша түсуге және мемлекет қалыптасытру мен басқару ісіндегі табыстарының сырын анықтауға әрекет жасалынды;

- КСРО-ның ыдырауының саяси, әлеуметтік-экономикалық себептері туралы айтқан Н.Ә. Назарбаев ойларының өмір шындығына сай келетіндігі дәлелденді;

- Н. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қайта құрудың теориялық негіздерін жасап, оның жолдарын анықтағандығы және іске асыра білгендігі көрсетілді;

- алғаш рет Н. Назарбаев еңбектеріне қазақ тарихындағы жаңа саяси құбылыс – президенттік билік жүйесінің қалыптасу тарихының дерек көзі ретінде талдау жасалынды;

- Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігінің ішкі және сыртқы атрибуттары тарихының дерек көзі ретінде алғаш рет Н. Назарбаев еңбектеріне деректанулық талдау жасалынып, ондағы мәліметтердің шынайылық деңгейлерінің жоғары екендігі дәлелденді.



Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев еңбектеріне тәуелсіз Қазақстан мемлекттігі тарихының дерек көзі ретінде деректанулық талдау жасау нәтижесінде мынадай тұжырымдар қорғауға ұсынылды:

1. Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіздік қарсаңында және тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Президенті, яғни Елбасы қызметін атқаруы, ғасырлар тоғысында елде орын алған түбегейлі қоғамдық өзгерістердің бел ортасында жүріп, көптеген бастамалардың қайнар көзінде тұруы, оның еңбектерін тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының өзіндік ерекшелігі бар, маңызды дерек көздерінің біріне айналдырды.

2. Н.Ә. Назарбаев еңбектері ҚР тұңғыш Президентінің адами және тарихи тұлғалық бейнесін ашуға көмектесетін маңызды дерек көзі міндеттерін де атқарады.

3. Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің пайда болуының объективтілігі өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасынан басталған бұрынғы КСРО-деп аталатын алып империядағы қайта құру процесінің басталуына, КСРО-ның ыдырап Қазақстанның өз тәуелсіздігін алуына және тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қайта құру ісінің жүргізілуіне байланысты.

4. Н.Ә. Назарбаевтың алғашқы іргелі еңбегі “Әділетің ақ жолының” КСРО-ның, яғни Мәскеу басшылығының кезінде дүниеге келуі, ондағы КОКП басшылығы атына айтылған сындардың КСРО-ның күйреуінің саяси, әлеуметтік-экономикалық себептерін көрсететін маңызды дерек көздеріне айналдырса, тәуелсіздік жылдары пайда болған еңбектері Қазақстан мемлекеттігін қайта құру ісінің басталу, қалыптасу және даму тарихының шынайылық деңгейі жоғары дерек көзіне айналдырды.

5. Н.Ә. Назарбаев еңбектеріне деректанулық талдау жасау, оның мемлекет құрудың теориялық негіздері мен жолдарын терең меңгергендігін және оны тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру ісінде шебер пайдалана білгендігін көрсетеді.

6. Н.Ә. Назарбаев еңбектері Қазақстан Республикасында президенттік билік иниституты қалыптасу тарихының маңызды дерек көзі болып табылады.

7. Н.Ә. Назарбаев еңбектері ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің ішкі және сыртқы атрибуттары тарихының шынайылық деңгейі жоғары дерек көзі.



Зерттеудің сыннан өтуі. Диссертация әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің деректану және тарихнама кафедрасында орындалды және сонда талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары мен қағидалары Республикалық Қасымбаев және Бекмаханов оқуларында /Алматы, 2005, 2006/, ҚР тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда /Талдықорған, 2006/ баяндалып, “Қазақ тарихы” жорналында /Алматы.-2006,-№ 3/, Қазақ ұлттық университеті хабаршысы. Тарих сериясында /Алматы.-2005, № 4, 2006, № 1/ т.б. жарияланды.

Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, төрт тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Н.Ә. НАЗАРБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ДЕРЕК КӨЗДЕРІ РЕТІНДЕ ПАЙДА БОЛУЫН СЫНАУ
1.1 Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшеліктері

Деректану ғылымының талаптарына сай тарихи дерек көздерінің маңыздылығын анықтау,біріншіден, зерттеушіге маңызды дерек көздерімен жұмыс істеп, олардан ғылыми құндылығы жоғары мәліметтер алуға мұмкіндік берсе, екіншіден, дерек көздерінің немесе нақты деректің ерекшелігін анықтау зерттеушіге, сол дерек көзінің немесе нақты деректің ерекшелігінен шыға отырып, соған сай келетін тәсілдер қолдану арқылы талдау жүргізуге көмектеседі. Дегенмен, тарихи деректердің де, дерек көздерінің де маңызы мен ерекшелігі, ең алдымен, сол деректерді немесе дерек көздерін жасаушы субъекттермен тығыз байланысты. Егер, белгілі орыс деректанушысы А.С. Лаппо-Данилевскийдің сөзімен айтсақ: “ Тарихи дерек дегеніміз - адам психикасының іске асқан жемісі” [112, 365 б.].

Әрине, тарихи деректің пайда болуының басты объективті алғышарты белгілі бір оқиғаның немесе қоғамдық құбылыстың болуы екендігі белгілі. Бірақ, оның әр түрлі дерек көздерінде қалайша бейнеленуі деректі жасаушы жеке субъектің қолында екендігі де анық. Олай болса, болып жатқан немесе болып өткен объективті тарихи құбылыстардың деректерде қай дәрежеде бейнеленуі, яғни объективті құбылыстар туралы субъективті мәліметтердің қай дәрежеде деректерге енуі, сол деректі жасаушы субъектің психикасына /дүниетанымы, ой өрісі, білім дәрежесі, діни наным-сенімі, қоғамдық позициясы т. т./ тікелей байланысты. Демек, Н. Назарбаев еңбектерінің ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасыр басындағы объективті қоғамдық құбылыс – КСРО-ның ыдырап, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің пайда болуы және қалыптасуы тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшеліктері, сол еңбектердің авторы, яғни тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көздерінің үлкен бір тобын жасаушы субъект - Н.Ә. Назарбаевтің қоғамдағы орны мен өзіндік адами және тұлғалық қасиеттерімен тығыз байланысты.

Н. Назарбаев еңбектері, деректану ғылымы тұрғысынан қарағанда, өзінің пайда болуы жағынан жазба дерек көздерінің жеке адамдық тобына жатады. Ал, жеке адамдық дерек көздерінің басты ерекшелігі, оларда субъективті фактордың айрықша орын алуында. Сондықтан дерек көздерінің осы түрлерімен жұмыс істегенде олардың авторлары, яғни деректі жасаушы субъект туралы объективті мәліметтерді пайдалана білудің маңызы үлкен. Демек, біздің зерттеу жұмысымызда субъективті фактор ретінде, дерек көздерін жасаушы Н. Ә. Назарбаев туралы мәліметтерге сүйенуге тиіс боламыз.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті ретінде Н. Назарбаев туралы, жоғарыда айтқанымыздай, аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Соңғы Президенттік сайлау қарсаңында, әсіресе сайлаудан кейін, Н.Ә. Назарбаев туралы, оның айқын жеңісінің себептері туралы баспасөз беттерінде көптеген мақалар жарияланды. Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаяны - өмірі мен атқарған қызметінің негізгі кезеңдері жұртшылыққа жақсы таныс. Сондықтан біз бұл мәселеге, яғни Н. Назарбаевтың өмірі мен қызметіне, әдеттегідей, хранологиялық принципке сай өмірбаяндық тұрғыдан емес, дерек көздерін жасаушы субъект ретінде, деректанулық тұрғыдан қарауымыз қажет болады.

Егер, осы тұрғыдан келсек, Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшелігі ең алдымен, оның тәуелсіздік қарсаңындағы және тәуелсіздік жылдарындағы ресми лауазымдарына сай атқарған қызметтерімен тығыз байланысты екендігіне ерекше көңіл аударуға тиіс боламыз. Обылыс көлемінде іскерлігімен көзге түскен Н. Назарбаев, өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап республикалық деңгейдегі басшылық қызметте болса, тәуелсіздіктің дәл қарсаңында, яғни 80-ші жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басында Қазақстан сияқты үлкен республиканың бірінші басшысы міндетін атқарды. Ол туралы ҚР Президентінің интернет жүйесіндегі веб-сайтында: “1979-1984 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы. 1984 - 1989 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы. 1989-1991 жылдары - Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, 1990 жылғы ақпан-сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. 1990 жылдың сәуірінен - Қазақстан Республикасының Президенті”- деп көрсетілген[113]. Демек, бұл, Н.Ә. Назарбаевтың дәл сол жылдары болып өткен, қорытындысында КСРО –деп аталған алып империяның тағдырын шешкен аласапыран оқиғалардың бел ортасында жүріп, ел тағдыры үшін жауапты бірінші адам ретінде, жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыру ісінің қайнар көзінде тұруына тура келді деген сөз.

Ол туралы Н. Назарбаевтың өзі “Әділеттің ақ жолы” атты кітабында: “Өзімнің қызмет жағдайыма орай осы жылдардың барлығында да, әрдайым оқиғалардың қалың ортасында жүріп, оларды талдауға және салыстыруға, қорытындылар жасауға, шешімдер қабылдауға тура келгендіктен де, өзімнің жеке пікірімді айтуға барып отырмын”-деп, жазды [114, 219 б.]. Олай болса, Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі басты маңызы, олардың басқа да тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көздерінен негізгі ерекшелігі, сол жылдарығы қоғамдық құбылыстар мен түбегейлі өзгерістердің “қалың ортасында жүріп”, ел тағдырын, ұлт тағдырын шешкен “шешімдер қабылдаған” адамның дүниеге әкелгендігінде. Әрине, талай отандастарымыз, қоғам және мемлекет қайраткерлері тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихының куәгері болды, ол туралы өз естеліктерін жазды, яғни тарихи деректерді дүниеге әкелді. Сөз жоқ, олардың бәрі де Қазақстанның ең жаңа тарихының дерек көздерін құрайды. Және де келешекте тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеуде пайдаланылады. Дегенмен, жоғарыда келтірілген фактілер Н. Назарбаев еңбектерінің тарихымыздың түбегейлі өзгерістер кезеңінің бірінің орны бөлек дерек көздері екендігін толығымен дәлелдейді.

Дегенмен, деректанушы ретінде, біз ҚР Президенті веб-сайты сияқты ресми де, маңызды дерек көзінің өзінде де қарапайым қателіктің кеткендігін айтуға мәжбүрміз. Н. Ә. Назарбаев веб-сайтта көрсетілгендей: “1990 жылдың сәуірінен - Қазақстан Республикасының Президенті”- емес, КСРО-деп атлатын алып империяның құрамындағы Қазақ КСР-нің Президенті болып сайланды. Ал, Қазақсатан Республикасы деп аталған мемлекет, сол КСРО-ның күйреуі салдарында кейін пайда болды. Бұл факті дерек қандай деңгейде пайда болмасын, оны деректанулық сыннан өткізу қажеттігін тағы бір рет дәлелдейді ғой деп ойлаймыз.

Әрине, Қазақстанның өз тәуелсіздігіне ие болуы сияқты түбегейлі тарихи өзгерістер кезінде республика басшылығында дәл Н.Ә. Назарбаевтың болуы, бір жағынан тағдырдың жазуы болғанымен, екінші жағынан, онда белгілі бір заңдылықтың барлығын да байқауға болады. Туа біткен табиғи таланты, ұйымдастырушылық қабілеті, өзін өзі сыйлай білушілік, көптің бірі болып қара көбейтіп ортада жүруді қаламауы Н. Назарбаевты жастайынан белсенділік танытып топ алдында жүруге итермеледі. Ол туралы Н. Назарбаев: “Егер өзім туралы айтар болсам, мен ешқашан қандайда бір басшылық қызметтерге айрықша құмартқан жан емеспін. Бірақ, бала кезімнен “орташа” болып қалуды ұнатпайтынмын, өз қадірімді өзім сезерліктей әлде бір ішкі сезімнің әсерінде болдым. Мәселен, мектепте әрқашан оқуда бірінші болуға талпындым. Мұндай сезім өзін құрметтейтін кез келген адамға тән деп ойлаймын. Ал егер адам өзін сыйлаудан қалса, онда одан өмірде айтарлықтай дәйекті ешнәрсе шықпайды. Маған ұдайы басшылық ету бұйырғандай-ақ, әрдайым әйтеуір бір органдарға сайланумен болдым: жоғарғы кластарда мектеп оқушылар комитетінің мүшесі болдым, әрдайым мектеп, аудан комсомол активінің қатарында жүрдім”- дейді [114, 69 б.].

Н. Назарбаевтың мектепте оқып жүргенде-ақ белсенділік танытып, қатарының алды болып жүретіндігі туралы ұстазы Сейітхан Исаев ақсақал: “Нұрсұлтан алғыр, мінезі орнықты, білімге ынталы бала болатын. Өнерлілігімен есімі аудан көлемінде белгілі болып жататын. Қоғамдық жұмыстарға, мектеп өміріндегі әр қилы істерге бел шеше араласып кететін. Комсомол ұйымы қат-қабат шаруаларының әр кез басы-қасында жүретін”- деп еске алады[11,123 б.].

Осылай, бала кезінен қалыптаса бастаған белсенділік, іскерлік қасиеттерін Н. Назарбаев өмірге енді араласа бастаған жастық жылдарында одан әрі дамыта білді. Келешек Елбасының өзінің іскерлік қасиеттерін, ұйымдастырушылық қабілетін жас кезінде-ақ көрсете бастағандығы туралы жастық шақтарын бірге өткізген досы, Қарағанды металургия комбинатының цех бастығы Қуаныш Омашев жақында “Егемен Қазақстан” газетінде жариялаған мақаласында жас жігіт Нұрсұлтан туралы айта келе: “Иә, адам ісінен, талабынан танылады. Ортамыздан топ жарып шыққан бұл жігіттің тегін азамат еместігі сол кездің өзінде сезілетін”-деп [10, 12 б.], оған дәлел ретінде бір мысал келтіреді.

“Мен Нұрекеңмен Қарағанды политехникалық иниститутының Теміртаудағы филиалында оқып жүргенімде таныстым”-дейді Қ. Омашев. “Кісіні баурап алатын қасиетімен курстастарымызды үйіріп әкетті. Өндірістен қол үзбей оқыдық. Күндіз жұмыстан мойын бұрылмайтынына, кешкісін сабақтан бас көтерілмейтініне қарамастан, бір уақ көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуға да үлгертінбіз. Аралас-құраластығымыз студенттік құрылыс отрядында бірге болғанымызда тіпті беки түсті. Бұл да кімнің кім екенін көрсететін орта ғой. Соның бір жарқын көрінісі жас Нұрсұлтанның бойынан мұнда да танылып еді.

Ол уақытта, яғни алпысыншы жылдардың басында Нұра ауданындағы “Балықтыкөл” кеңшары жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан еді. Осында бірнше тұрғын үй салуға кіріскен отрядымыздың жұмысы көпке ұзамай тоқтады да, қол қусырып отырып қалуға мәжбүр болдық. Отряд жетекшісі Князев болса, бұған оншалықты қам жемей, жайбарақат уақыт өткізумен жүрді. Күзге дейін бірқатар отбасыны баспаналы етуге бізге үміт артқан жергілікті басшылардың: “Жігіттер, қапыда қалдыратын болдыңдар-ау”,-деп реніш білдіруі жанымызға батып, тығырықтан шығудың амалын қарастырдық”-дей келе, сол тығырықтан Нұрсұлтанның белсенділік таныту арқасында ғана шыққандығын айтады.

Екі аптадай жоқ болып кетіп, қажетті құрылыс материалдарын тауып келген Н. Назарбаев туралы: “Ол облыстық мекемелерден бастап, ірілі-ұсақты кәсіпорын басшыларының есіктерін тоздырып, ақыры мақсатына жетіпті. Іле жұмысымыз да қызып сала берді. Таңның атысы, күннің батысы тыным болмай, үйлерді бірінен соң бірін қаз-қатар салып шықтық. Олар пайдалануға беріліп, жұрт қуанышқа бөленген сәтте студент құрлысшыларға, соның ішінде әсіресе, командиріміз Назарбаевқа ақ алғыстарын жаудырды...Осында бой түзеген алғашқы көшедегі үй қабырғасында “Бұл үйлерді Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік еткен студенттік құрылыс отряды салды” деп жазылған ескерткіш тақта тұр”-дейді [10, 19 б.].

Міне, осылай, саналы өмірін өз іскерлігінің арқасында қатарларының алды болып, көпшіліктің алғысын алудан бастаған Н.Ә. Назарбаевты жастайынан республика, тіптен Одақ деңгейінде де танымал болуына әсер еткен де, сол белсенділігі, табиғат берген бойындағы талабы мен таланты деп айтуға болады. Оның айқын дәлелі 1962 жылы ақпан айында, яғни 21 жасында республика комсомолының оныншы съезінде сөйлеген сөзі. ҚР Президенті мұрағатында сақтаулы тұрған сол съезде сөйлеген сөзіне, Н. Назарбаевтың саясаткер ретінде қалыптасу тарихының маңызды дерек көздерінің бірі ретінде деректанулық талдау жасау, бойында ұлттық сезімі бар, жалындаған жас саясаткердің қалыптаса бастағандығын көрсетеді.

Съезд делегаты ретінде өз сөзін: “Мыңдаған жылдар бойы біздің ата-бабаларымыз маңыратып қой, кісінетіп жылқы баққан шексіз-шетсіз далада кеңес халқының қолымен жасалған алып завод бой көтерді – ол біздің еліміздің төртінші металлургиялық базасы – ол Қазақстан магниткасы”- деп бастаған Н. Назарбаев: “Мен біздің заводтағы қазақ жігіттеріне ерекше тоқталып, олардың өмірі мен жұмыстары туралы айтқым келеді. Олар өз кәсіптерін жете меңгеріп, қәзір жақсы және үйлесімді жұмыс істеп жүр. Олар: Сүлейменов, Сәрсекенов, Мырзахметов, Салимов т.б.”- деп біраз қазақ жігіттерінің аттарын атап, оларға металлург мамандығын үйренуге көмектескен, еліміздің басқа металлургиялық заводтарынан келген өзге ұлттардың тәжерибелі аға буын өкілдеріне алғыс айтуды да ұмытпаған [115].

Сонымен қатар Н. Назарбаев өз сөзінде кемшіліктерге де тоқталған. Ол: “Өндірістік тәжірибеден өткен 800 адамның 300 заводттан кетіп қалған. Кейбіреулері қиындыққа шыдамай қашып кеткен. Әсіресе, ол, Семей, Алматы, Оңтүстік-Қазақстан облыстарынан келген жастарға тән”-деп, қазақ жастарымен дұрыс жұмыс жүргізе алмағаны үшін сол облыстардың комсомол ұйымдарының жетекшілерін сынға алған [116].

Баяндамада: “1960 жылдың 3 шілдесінде (Демек, дәл 20 жасында – С. С.) маған өз қолыммен бірінші қазақстандық шойынды құйуыма тура келді. Басқа да көптеген жолдастарым сияқты, мен де политехникалық институтта оқимын. Өткен жылдың соңында мені КОКП-ға мүшелікке кандидат етіп қабылдады. 1961 жылдың соңында маған коммунистік еңбектің екпіндісі деген атақ берілді”- деп, Н. Назарбаев өзі туралы да айтуды ұмытпаған[117].

Одан әрі баяндамашы, съезде республика басшыларының да қатысып отырғандарын пайдаланып, қала мен комбинаттың шешілмей жатқан проблемалары туралы айта келе: “Бұлардың біразын өз күшімізбен шеше аламыз, бірақ басқаларын біз өзіміз шеше алмаймыз. Олар: жастардың дұрыс демалуларына қажетті мәдениет сарайының жоқтығы, спортпен айналысуға мүмкіндік беретін стадионның жоқтығы. Біздің қаланың комсомал жастарының атынан осы бір біз үшін қиын мәселені шешуге көмектесулеріңізді сұраймын”- деп қала жастарының өтінішін де жеткізген [118].

Қала жастарының, әсіресе, қазақ жастарының тағы бір өтінішін Н. Назарбаев өз баяндамасында шебер жеткізе білген. Ол: “Тағы бір өтініш. Бірақ бізді дұрыс түсініңіздер, бізде қазақ жігіттерінің саны өте көп, ал қазақ қыздары тіптен жоқ. Сондықтан өз достарымның атынан дәрігер, мұғалім, құрлысшы қыздарға айтамын – бізге, Қазақстан Магниткасына келіңіздер, мұнда бәріңе де нағыз жұмыс табылады”- деп, съезге қатысушыларды ду күлдіреді[118]. Жалпы, жаттанды баяндамалардан жалыға бастаған съезге қатысушыларды Назарбаевтың баяндамасы бір серпілтіп тастаған сияқты. Олай дейтініміз баяндама барысында “ду қолшапалақтаудың” жиі естіліп тұрғандығы мұрағат құжатында айтылған.

Шешен өз сөзін: “Біздің ұрпақ коммунизмде өмір сүретін болады, біз оны өз қолымызбен орнатамыз, біз оған сенімдіміз”-деген жалынды сөздермен аяқтаған[119]. Бұл, жас жігіттің адал сенімінен туған сөздер екендігіне еш күмән жоқ. Олай дейтініміз, өткен ғасырдың 60-шы жылдарының өз қатарлы миллиондаған жастары сияқты, Н. Назарбаевта партияға шексіз сенді, өз қолдарымен адамзаттың жарқын болашағы – коммунистік қоғам орнатып жатқандығына сенімді болды.

Жалпы алғанда, баяндама шешендік өнердің барлық талаптарына сай дайындалған және баяндамашы өз ойын шеберлікпен жеткізе білген деп айтуға болады. Осы баяндамадан кейін оны Қазақстан ЛКЖО ОК мүшесі етіп сайласа, сол жылы өткен БЛКЖО 14 съезінде БЛКЖО ОК мүшелікке кандидат болып өтті. Н. Ә. Назарбаевтың үлкен саясатқа келуі осылай басталды деп айтуға болады.

Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшелігін айқындайтын басты факторлардың бірі – қандай қызмет атқармасын, қандай биік лауазымға ие болмасын, барлық уақытта оның объективті қалыптасқан реальді жағдайды толығымен анықтап алуы және содан шыға отырып нақты шешімдер қабылдауы. Мысалы, ол өзінің Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы ретінде СОКП Орталық Комитеті Секретариатында, оның алдында сол кездегі КСРО-дағы екінші адам ретінде белгілі болған М.А. Сусловпен болған әңгімесі туралы: “... бәрін қаз-қалпында түгел айттым. Адамдарға ешқандай жағдай жасалмаса да комбинатты қалай салып шыққанымызды айттым. Алып құрылыстың жүздеген ірі-ірі кем-кетіктерін, комбинаттың әлі қоршалмағанын, болат табақшаларды кім көрінгеннің қалай болса солай үйді-үйіне машинамен тасып алып кетуіне болатынын да айттым. Тұрғын үйдің, балабақшаның салынбағанын, күнделікті қажетті азық-түлік өнімдері мен бұйымдардың жетіспейтінін де сөз еттім. Ауа райының аса қолайсыздығын, боранды-шашынды күндері жұмысшылардың комбинатқа жете алмай қалатыны жөнінде де айттым. Әйелдерге жұмыс табыла бермейтінін де жасырған жоқпын...

Ол менің сөзімді бөлместен ықылас қоя тыңдады. Ал сонан кейін сұрақ бере бастады, тіпті ұсақ-түйек жайларға да көңіл аударып, қойын дәптеріне түртіп алды”-дейді [114, 103-104 бб.].

Ал, ондай, сол кездегі өлшем бойынша ең жоғары деңгейде өткен бүкпесіз, боямасыз ашық әңгіменің не бергендігі туралы: “Қаламыз бой түзей бастады. Жақсы жабдықталған тұрғын үй орамдары, сегіз балабақша, 15 мың орындық стадион, елу метірлік жүзу жолақшасы бар су бассейіні салынды. Су қоймасының оң жағалауында демалыс үйі, сауықтыру-емдеу мекенжайы пайда болды. Ең бастысы, әрине, пәтерге деген кезекті жойдық. Мамандардың тұрақтамауы бұрын 32 процент болса, енді ол 9 – 10 процентке түсті”-дейді [114, 106 б].

Осылай, кезінде көркейуіне Н. Назарбаев үлес қосқан Теміртау қаласының бүгіні туралы Қуаныш Омашев: “Былтыр күзде Теміртау қаласының орнағанына 60 жыл толғаны атап өтілді. Бұл күнде ол жайнап-жарқыраған, көз қызығарлық күйге еніп, керемет құлпырып барды. Әсіресе, қоныс тойын жасаушылар көп. Пәтер бағасының қалтаға қолайлығын пайдаланып, баспанаға қолы жетіп жатқандар жеткілікті. Солардың дені жастар. Шуақты өмір құшағы ашылғанына шаттанады бәрі. Бірінен соң бірі бой түзеген әлеуметтік-тұрмыстық нысандар қаланың өсіп-өркендеуге бет түзегенін көрсетеді. Теміртаулықтар мұны өз орталарынан шыққан Президенттерінің елі үшін ерен еңбегінің бір шапағатындай көреді”-дейді [10, 25 б.].

СОКП Орталық Комитетінің Секретариятында сөйлеген сөзі, тек Теміртау қаласының ғана емес, сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлының өз тағдырына да әсер еткен сияқты. Ол туралы Н. Назарбаев: “Арада бірнеше жыл өткеннен кейін Д.А. Қонаев көңілденіп отырған бір сәтінде менің СОКП Орталық Комитетінің Секретариятында сөйлеген сөзімнің әсері күшті болғанын, ондағылардың маған назар аударып, естерінде сақтап қалғанын өзіме айтқан болатын. Төрт жылдан кейін менің Қарағанды облыстық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшылығына ұсынылуыма шамасы, осы жағдай көбірек ықпал етсе керек”-деп, еске алады дейді [114, 107 б.].

Ал, оның Мәскеудегі СОКП ОК секратариятына қалай барып, СОКП басшыларының көздеріне қалай түскендігі туралы Азияның бес бірдей асқар тұлғаларына арналған “Азия асқарлары” атты кітаптың Н. Назарбаевқа арналған бөлітінде: “Оның өмірі тіпті де жай емес жағдайда қалыптасты. Бірақ түпкірдегі ауылдан шығып, өз еңбек жолын зауытта түрлі жұмыстар атқарудан бастаған балаң жігіт өз қабілетіне сенімді болып, кез келген ортада айқын көшбасшылық қасиеттерімен танылады, ал ол оның, сол кездер үшін өсудің бірден-бір жолы болып табылатын, алдымен жоғары комсомолдық, онан кейін партиялық қызметтерде жоғарылауына жағдай жасады.

Дегенмен Назарбаевты қарапайым партиялық функционер деп атау қиын болатын. Жоғары өрлеген алғашқы сәтінен бастап ол өзін мемлекетшіл адам және қатаң прагматик ретінде таныта білді.

...37 мыңдай адам жұмыс істеген алып металлургия комбинатының партиялық басшысы бола жүріп, ол социалистік экономиканың олқылықтарын өз тәжерибесінде көре білді.

Елдің басқа да кәсіпорындарындағы сияқты комбинаттың өндірістік жоспары жоғары жақтың күштеп таңуымен белгіленді. Оны кез-келген жолмен орындау керек болатын. Сондықтан өнім көлемін өсіріп көрсету, қоймадағы қорлар және қосып жаза салу сияқты айла-амалдардың бәрі пайдаланылды.

Ол осылардың бәрі туралы мақала жазып, ол компартияның басты газеті – “Правдада” жарияланды. Одан жанжал туындады. Назарбаевты есеп беруге Мәскеуге шақырды. Жұрттың бәрі оның мансап жолы аяқталды деп санады. Кейін өзі: “Қызметтен алып, жазалайтынына сенімді болып бардым”, деп еске түсіреді. Егер бірбеткей парторг зауытты дағдарыстан шығарудағы өз жоспарын баяндап, қажетті шараларды ұсынбағанда ол солай болатын да еді. Оған сенді – ол сендіре білетін. Комбинатқа бөлінген қаржы жағдайды түзеді, ал Назарбаев Қазақстанда ірілердің қатарындағы Қарағанды облысының екінші басшысы болды”-деп жазылған [102, 14 б.].

Осылай, саналы өмір жолының басында-ақ өзін ақтаған жұмыс істеу тәсілі, біртіндеп Н.Ә. Назарбаевтың өмірлік позициясына айналды. Қай жерде болмасын қалыптасқан реальды шындықты айтуы, оған талай жауапты сәттерде, талай күрделі кезеңдерде дұрыс жол таба білуге және көпшіліктің сеніміне ие болуына көмектесті. Мысалы, 1986 жылдың ақпанында Министрлер Кеңесінің Төрағасы ретінде Қазақстан Компартиясының ХҮІ съезінде жасаған баяндамасында: “Жергілікті жерлерде қалыптасқан, жекелеген табыстарды бадырайтып көрсетудің және қайдағы бір еңбегі үшін аудандық және облыстық бастықтарды мадақтаудың әлі жойылмаған стилі өзінің теріс зардаптарын тигізуде. Осының бәрінің мүмкін болуының тағы бір себебі – республика басшылығының мұндай жарамсыз жұмыс әдістерін дер кезінде және партиялық принциптілікпен тиып отырмауы... Жеп қою мен талан-таражға салудың салдарынан республика совхоздарында 5 жылдың ішінде 120 мыңға жуық ірі қара, 1,7 миллион қой, 42 мыңдай жылқы мен шошқа кем болып шықты”- деп, республика көлемінде жіберілген кемшіліктер туралы ашық айтса [114, 172-181 бб.], СОКП саяси бюросының мүшесі ретінде СОКП ХХҮІІІ съезінде сөйлеген сөзінде: “Қайта құру басталғалы бес жыл өткен кезде елеулі кемшіліктерсіз жүріп жатқан сала бізде жоқ екенін адал мойындауымыз керек... Менің өзіме жоспарлы шаруашылықтан рынок стихиясына көшу жолындағы осындай дүрлікпе, асығыс әзірлік ту сыртында күні бұрын әзірленген айқындамалары жоқ армияның жанталаса шегінуін еске салады... Қайта құрудың нақты айқындамасының жоқтығы ұлтаралық қатынастарға ерекше күйзелте салқынын тигізді. Көп ұлтты мемлекет жағдайында нақ осы неғұрлым маңызды аспектінің қайта құру инициаторларының назарынан мүлдем тыс қалғанына тек қана таңдануға балады...”-десе [114, 259-267 бб.], ССРО Халық депудаттарының ІҮ съезінде жасаған баяндамасында: “Мүлдем ашық айтатын мезгіл жетті: экономикалық реформаны жүзеге асырудағы қателіктер елді оның тарихында болып көрмеген, көп ұзамай-ақ басталатын дағдарыс шегіне жеткізді...Үкіметтің нарыққа көшу жөніндегі өлі туған бағдарламасына үкіметтің беделін сақтау үшін жасанды түрде жан бітіру – тіпті де мәз боларлық мәмле емес. “Жабы ат пен сұлу құралайды бір арбаға жегуге болмайтыны” белгілі ғой! Ал біз болсақ бүкіл болмысы бір-біріне қарама-қайшы екі жақты табыстырып, енді табиғатқа қайшы некенің нәтижесінде, былайша айтқанда, қандай құбыжықтың пайда болатынын күтіп отырмыз”-дейді [114, 260 б.].

Бұл келтірілген мысалдар, біріншіден, Н. Назарбаевтың барлық деңгейде де шындықты тайсалмай айта білгендігін дәлелдесе, екіншіден, СОКП басшылығында ондаған жылдар бойы қалыптасып, әбден қатып-семген елді басқарудың “дәстүрлі” тәсілдерінен бас тартып, басты мақсат етіп қайтсе де “үкіметтің беделін сақтап қалу” емес, қалыптасқан реальды жағдайдан шыға отырып, қаншалықты ащы болмасын шындықты мойындай отырып, шешім қабылдауға ұмтылған жаңа типті басшы екендігін көрсетеді.Үшіншіден, мұндай принципті позиция оның еңбектеріндегі мәліметтердің шынайылық деңгейінің жоғары екендігін дәлелдейді.

Н. Ә. Назарбаевтың жастық жігері, қандай істе болмасын алғырлық танытуы және бойындағы құдай берген күш-қуаты мемлекет қайраткері ретінде тез өсуіне әсер етті. Оның небәрі 44 жасында Қазақ КСР-ы сияқты үлкен республиканың Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалуына да сол жеке басының табиғи қасиеттері негіз болған. Ол туралы сол кездегі республиканың бірінші басшысы Д. А. Қанаев “Ақиқаттан аттауға болмайды” деген атпен жарық көрген заманхатында: “Назарбаевтың ең басты артықшылығы оның қылшылдаған жастығы, алғырлығы мен лапылдаған қайрат-жігері еді. Өзіміздің орнымызды басатындырдың қамын біз ойламасақ, кім ойлауға тиіс. Сондықтан да Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Б. Әшімұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Призидумының төрағалығына сайланған кезде мен Назарбаевты үкімет басшылығына ұсындым” деп жазды[12, 385 б.].

СОКП басшыларының өздері еш уақытта сенбеген утопиялық тәтті қияли нәрселер туралы мемлекеттік деңгейде айтуларының, өз ойларын өмір шындығы ретінде халыққа ұсынуларының іс жүзінде не бергендігі бұрынғы “кеңес халқына” жақсы белгілі. Ол туралы Н. Назарбаев “Әділеттің ақ жолында”: “Соңғы жетпіс жылдағы өз тарихымызға көз жүгіртер болсақ, аса күрделі мемлекеттік, әлеуметтік және экономикалық проблемаларды шешуге утопиялық тұрғыдан келудің қаншама мысалын табар едік десеңізші!”-дейді [114,41б.]. Большевиктік-коммунистік партияның “дана басшылығының” арқасында, алдымен “социалистік” қоғам, кейіннен “кемелденген социализм” орнатқан кеңес халқы өтірікке, жалған уәдеге әбден тойып болған. Оған ащы да болса шындық қажет еді. Міне, осындай жағдайда Н.Ә. Назарбаевтың шындықты айта білетін жаңа буын басшыларының өкілі ретінде тарих сахнасына шығуы, бұрынғы Одақ көлемінде оған деген ел сенімін тудырды. Оның Тибилиси, Таулы Қарабақ оқиғаларына араласып, ара ағайындық міндетін аброймен атқарып шығуы, Одақ көлеміндегі ең жоғары орындардың біріне ұсынылуы соның дәлелі.

Н. Назарбаевтың бүкіл КСРО көлемінде елді аузына қаратқан саясаткер ретінде танымал болғандығы туралы “Азия асқарларында”: “Назарбаев КСРО Халық депутаттарының 1989 жылғы 1 съезінде, өзі бірден және сөзсіз қабылдаған горбачевтік қайта құрудың төртінші жылында, жаңа үлгідегі реформатор әрі саясаткер ретінде шынайы танылды. Дегенмен, бүкіл ел күткен реформа бір орында малтығып қалған болатын.

Қайта құру жылдарында ел халқы партия басшыларының сөздерінен тың леп естиміз бе деген үмітпен съездерден берілген телехабарларды жібермеуге тырысатын. Сол кезде реформаның кемшіліктері мен осал тұстары туралы батыл айтып, одақтық экономиканы басқаруға қатысты өз көзқарастарын бүкіл елге мәлімдеген Назарбаевтың сөзі көптеген адамдарды таңырқатты. Қазақстандағы бес жылдық премьерлік тәжерибе Назарбаев үшін жақсы мектеп болды. Оның айқын дәйектелген, сендіретін де сенімді сөздері сол кезде бүкіл ел назарын өзіне тартып, Гарбачевтың өзінен де кем түспейтін күшті, харизмалық саясаткердің пайда болғанын бүкіл елге паш етті”- деп айтылған [102, 15 б.].

Н.Ә. Назарбаевтың ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында КСРО сияқты алып держава басшылары арасында осындай үлкен беделге ие болуының тағы бір себебі, оның өз сөзіне, өз ісіне аса үлкен жауапкершілікпен қарауы, сөзі мен ісінің үнемі сай келуі, яғни ел алдындағы, халық алдындағы өз жауапкершілігіне деген терең сезімі. Ол туралы Нұрсұлтан Әбішұлы 1991 жылдың көктемінде, яғни ел тағдыры түбегейлі шешілер тарихи сәттің қарсаңында: “Иә, бір кезде мен болашақтағы өз тағдырымды қара металлургиясыз елестете алмаушы едім. Бірақ, өмір өзінше өктемдік жүргізді.Қазір мен үлкен саяси жолдан өтіп үлгердім. Сөйтіп, саяси жұмыс маған өзімді өзімнің көрсетуіме, өзімнің бойымдағы әлде бір жаңа мүмкіндіктерді ашуыма септігін тигізді. Бірақ, нағыз қанағаттанғандық сезімі тіпті де қазір республика мен бүкіл елімізде болып жатқан құблыстарға ықпал етуге мүмкіндігімнің бар екендігінен келмейді. Саяси және мемлекеттік қайраткердің еншісі – бұл ең алдымен оның иығына түскен орасан зор ауыр еңбек және , бұған сеніңіз, жайбарақат өмір сүруге мұрша бермейтін ғаламат күшті жауапкершілік сезімі. Бұл жерде моральдық қанағаттанғандық сезіміне бөленетін бір-ақ нәрсе бар, ол өз халқыңның мұң-мұқтажы мен талап-тілегін түсінетініңді, оны айта алатыныңды, адамдардың тарапынан қолдау табатыныңды сезіну ғана. Әлібетте, бұл ретте ешқашан да масаттынып, мәз болудың қажеті жоқ - өзіңді өзің асыра бағалаудың неге алып барып соқтыратынын біздің бәріміз де жақсы білеміз. Ал, еңбегіңнің еш кетпегенін сезінгенде, өткен жолдардың қиындығына өкінбеу керек”-деген [114, 100 б.].

Ол кезде елдің де, ердің де, әсіресе ел басшысының да “ иығына түскен орасан зор ауыр еңбектің”, жұрт болып бірігіп көтерер қиындықтардың, сыналар сәттің әлі алда екендігін, әрине ешкім де білген жоқ. КСРО сияқты алып империяның көп ұзамай-ақ түбінен шіріген кәрі емендей құлауы, бәрін де жаңа жағдайда, жаңа міндеттер шешуге мәжбүр етті. Дегенмен, бұл жағдайда республика Президенті ретінде Н.Ә. Назарбаевтың “иығына түскен орасан ауыр еңбектің” бірнеше есе артқандығы түсінікті.

КСРО-ның ыдырауынан бірнеше ай бұрын ғана: “Менде әдеттен тыс атаққұмарлық ниет атымен болған емес, оны ойлауға мұрша да жоқ еді – өмір маған қашанда өзінің, көбнесе кәдімгі қарапайым, кейде тым қатал заңдарына сәйкес талаптарын үстемдікпен ұсынып келді. Негізінен алғанда қашан да дерлік бір проблеманы: қайткенде де шыдау, төтеп беру проблемасын шешуге тура келіп отырды” - деп, айтқан [114, 48-49 бб.]. Н. Назарбаевқа, өмір тағы да шыдамдылық танытып, тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қайта қалыптастыру міндетін жүктеді. Оның еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан мемлекеті тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшелігі де осы факторлерден туындайды.

Н. Назарбаев еңбектерінің деректік маңызы мен ерекшелігін айқындайтын келесі факторлар тобын оның жеке адами және тұлғалық қасиеттері құрайды. Белгілі зиялы қауым өкілдері М. Жолдасбеков, Қ. Салғарин және А. Сейдінбектер “Елбасы қандай болу керек?-деген сұраққа:

“ - Ұлты қазақ, ұлттық дәстүрдің уызына жарыған, халқының бар қадыр-қасиетін бойына жинаған; тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін; ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіретін ұлтжанды; дені таза, ары аппақ, жұртшылықты алақанына салып аялайтын, сенімін үмітін ақтай алатын, ел тағдырына жауап бере алатын Азаматы; кек сақтамайтын, өштеспейтін, бар қазақты бауыр тұтып, басынан сипай алатын мейірімді Жанашыры; қар жауса – күрек, жел тұрса тірек бола алатын халақтың қамқоршы Қызметшісі; ағаны ағадай, ініні інідей сыйлайтын, әдептен аттамайтын, ешкімді бөліп-жармайтын, халқының мұңдасы, Тағдырласы; қорыққанда – қорған, тарыққанда – пана, зарыққанда сана бола білетін, ел таныған, көпшілік мойындаған, мінезге бай, антқа адал, сертке берік, пейілі кең, байлыққа құнықпайтын қазақ халқының шын Перзенті болуы керек;

- Ел басына күн туса ауыздықпен су ішетін, етікпен су кешетін; туған жерін, Отанын қызғыштай қорғайтын, көзінің қарашығындай сақтайтын; іске алымды, сөзге шалымды, бүгінгісін оза ойлайтын, ертеңін дұрыс болжайтын көреген Көсем болуы керек;

- Адамзат тарихын, дін тарихын, қоғамның, мемлекеттің даму заңдылықтарын, әлемдік үдерісті жетік білетін, оны жүзеге асыра алатын Іскер; Қазақстанның байлығын төгіп-шашпай халықтың игілігіне айналдыратын, Қазақстанды озық елдердің қатарына қоса алатын, нардың жүгін көтеретін Қайраткер болуы керек;

- Халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылған, өркениетті елдердің басшыларымен терезесі тең, сөйлескенде сөзі асатын, егескенде еңсесі басатын, елдескенде мейрімін шашатын аузы уәлі, сөзі дуалы Саясаткер болуы керек.

Мұндай ердің айтқаны ем, ісі берекелі, елі ынтымақты болады; жұртшылық заманына сай туған осындай ерге ғана сеніп, соңынан ереді”-деп жауап берген [73, 11 б.].

Бұл айтылған өлшемдердің Н. Назарбаев бойынан табылатындығы және олардың оның жазған еңбектерінің шынайылық, толықтық деңгейлерінің жоғары болуына әсер ететіндігі анық. Біріншіден, Н. Назарбаев қазақ халқының қалың ортасынан шыққан қарапайым көпшіліктің өкілі. Сондықтан ол өз халқының тұрмыс-тіршілігін, болмысын, тілі мен дінін, салт-дәстүрін ана сүтімен бойына сіңірген, еңбеке ерте араласып, соғыстан кейінгі ауыл тауқыметін жастайынан көріп өскен жан. Ол өзінің жастық шағы, яғни адами қалыптасуының негізі туралы “Әділеттің ақ жолында” және 1997 жылы “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижан мен баспагер Мұхтар Құл- Мұхамедке берген және “Халықтан жасыратын ештеңе жоқ”-деген атпен жарияланған сұхбатында жан-жақты айтқан. Сондықтан ол еңбектер түпнұсқалық дерек көзі ретінде келешек Елбасының жастық шағынан мол мәліметтер береулерімен құнды.

Мысалы, ол өзінің жорналшыларға берген сұхбатында: “Иә, біреулер ойлайтын шығар мен аспаннан салбырап жерге түсіп қалды деп. Президент болғаныммен бүйрегім жерге бұрып тұрады. Мен көрген тіршілік әлі өзгере қойған жоқ. Сондықтан да өмірді көріп өскенімді жасыра алмаймын. Сиырды да бұзаулаттық, биені құлындауды да көрдік. Менімен бірге өскендердің балалығы мен жастығы екі қолдың күшімен өткен жоқ па? Мысалы, сиыр бағамыз, оған он жасымнан бастап шөп шаптым. Сиыр қораны тазалау керек, суару қажет, жылқы бағу тағы бар”-десе [120, 10 б.], “Әділеттің ақ жолында”: “Ол кезде менің бір ғана нәрсеге ықыласым қатты ауды: тезірек еңбекке араласып табыс тауып, үй ішіне түскен ауыртпалықты аз да болса жеңілдетсем дейтінмін. Өйткені балалардың үлкені мен едім”-деп, өзінің жастайынан қандай жұмыстар атқарғандығын айта келе, қарапайым ауыл мектебінің қатардағы оқушыларының бірі ретінде сабағын қалай оқығандығы туралы: “Үйге беретін тапсырманы орындайтын уақыт тек түн мезгілі ғана. Өйткені атқаратын шаруа шаш етектен: малға шөп салу, қорадағы малдың астын тазалау, су әкелу, огородтың арам шөбін отау жұмыстары тіпті таусылмайтын. Оның есесіне алтындай қымбат уақытты бағалай білуді үйрендім, сабаққа дайындалуға да, өзім қатты құмартып алған кітап оқуға да уақыт табатын болдым”- дейді [114, 20-21 бб.]. Демек, ол өзінің өмір жолының бастауында, оның өзімен қатар не өзінен кейінгі миллиондаған ауыл балаларының өмір жолдарының бастауындай ұлттық, халықтық негізден нәр алған. Президент Назарбаев саясатының ұлттық, халықтық сипатының сыры осында емес пе?

Екіншіден, Елбасы саясатының алғашқы күндерден бастап өн бойынан өтіп келе жатқан өзегі ұлттар достығын сақтау және оны нығайту екендігі белгілі. Қазақстан сияқты көп ұлтты мемлекет үшін бұл фактордың шешуші маңызы бар фактор екендігі түсінікті. Бүгінгі Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері сол ұлтаралық қатнастарды дұрыс сақтай білгендіктің салдары екендігі де және бұл істе Н. Назарбаевтың қосқан үлесінің ерекше екендігі де дәлелдеп жатуды қажет етпейтін фактілер.

Өзге ұлт өкілдерімен тіл табыса білу, олармен қоян-қолтық араласып тіршілік ете білу де Н. Назарбаев өмірінде жастайынан қалыптасқан дағды. Мысалы, ол туралы Н. Назарбаев өз сұхбатында: “Кеңес өкіметі, Компартияның саясаты ұлтаралық мәселені түгел шешті деп жүрдік қой. Қазір қарап отырсақ олай емес екен. Егер ол шешілген болса Қарабақтағы, Тәжікстандағы қантөгіс, Приднестровьедегі оқиғалар болмас еді. Югославияны айтайық, құдай сақтасын, соның бәрі болар ма еді? Грузияны ше? Оу, осылай деп айтайық, доспыз деп айтпасаң құрисың деп, ұлтшыл боласың деп қорқытқаннан барлығы жым болып жүрді. Ол Кеңес өкіметі күйрегеннен кейін белгілі болды”- деп Кеңес өкіметінің, коммунистік партияның ұлттық саясатының мәні мен ұлттық мәселені “шешудің” тәсәлі және оның салдары туралы айта келе: “Бірақ та, біздің ауыл Шамалған деген қазақ пен орыс, украйындықтар аралас тұрған ауыл еді... Орыстармен, украйындармен, қазақтармен, Кавказдан келген халықтар чешендер мен ингуштер барлығы бірге болып, солармен араласып өстік. Сол кезде біз басқа ұлт деп, шынында да ойлағанымыз жоқ”- десе [120, 10 б.], “Әділеттің ақ жолында”: “Қазір сол жылдар еске түскеде көп жайға таң қаласың. Мүлде басқаша өмір болатын! Мәселен, бүгіндері Қазақстанда да, басқа көптеген республикаларда да шиеленіскен тіл мәселесін алайықшы. Ол кезде бұл мәселе ешкімнің ойына да кірмейтін. Екі немесе бірнеше тіл білу әбден үйреншікті болатын. Әкем жер ауып келген балкарлардың тілін жақсы білетін, олардың бауырындай болып кетіп еді. Иә, бұрын бірде-бір орыс сөзін естімеген алты жасар мен орыстар қазақша білмесе, олардың арасында қалайша өмір сүрген болар едім? Араға бір жыл салғанда менің де әжептеуір орысша тіл сындыруым онша қиынға соққан жоқ. Балкарлармен, түріктермен кәдімгідей сөйлесе беретінмін, чешендерді түсініп, тіпті неміс балаларымен олардың тілінде бірлі-жарым сөздерін айтып тіл қатысатын едім”- дейді [114, 14-15 бб.].

Міне, осылай, “ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің”-дегендей, бала кезінен көріп өскен ұлттар достығына Нұрсұлтан Әбішұлы Елбасы болған күннен бастап мемлекеттік саясаттың өзікті буындарының бірі ретінде қарап, ерекше көңіл бөліп келеді. Елбасының бұл саясатын өз халықы түгілі өзгелерде байқап, оның Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екендігін дұрыс түсініп отыр. Мысалы, “Правда” газетінің Қазақстандағы бұрынғы тілшісі Д. Валовой “Кремлевский тупик и Назарбаев” деген кітабында: “Ұлтына, партийялылығына және дініне қарамастан Қазақстан халқының идеялық бірлігі президент Назарбаевтың барлық қызметінің өзегін құрайды. Ол өзінің “Әділеттің ақ жолында...” атты кітабында айтқан ойларын табандылықпен іске асыруда, жәнеде ол қайдан шықпасын, арандатушылық әрекеттерді түбінен жойуда. Бүгінде бұл принциптер жаңа Конституцияда бекітілген. Оларды қатаң сақтау Қазақстандағы тұрақтылықтың берік кепілі болады”-дейді [101, 166 б.]

Үшіншіден, Елбасы бойындағы еркше қасиеттердің бірі, оның имандылығы. Жаратқан иеміздің қолдуына сүйеніп, мұсылманның жолына ден қойуы. Ол өзінің сұхбатында: “Қазақтар – мұсылмандар, мұсылмандардың ішіндегі сунниттерміз. Сондықтан халық Алласына, Тәңіріне сеніп, ертеңгі күннің, ар жақтағы, ана дүниеге баратын күнін ойлап, дүниедегі мынау бүгінгі күннің күйбеңімен жүре бермей, жаңағы Мұхаммед пайғамбардың хадистеріне сәйкес өмір сүрсе деймін. Хадистер бойынша адамды жазықсыз жәбірлеуге, өлтіруге болмайды. Өзіңе ғана жақсылық тілеме, басқаға да жақсылық ойла. Жақыныңа жаманшылық жасама. Еліңді сыйла, ел басқарған адамға қызмет ет деген Құранда жазылған сөздер бар. Сондықтан мұсылман дініне қарай елдің ауғаны дұрыс деп ойлаймын. Қай кездерде біз нағыз мұсылман бола аламыз ба, бола алмаймыз ба, кім біледі. Дегенмен, нағыз молдалықты, нағыз мұсылманшылықты келтіруге мен қызмет етіп жатырмын”-деуі және осы бағытта атқарған нақты істері соның дәлелі [120, 9 б.].

Н.Ә. Назарбаев тек мұсылман дінін насихаттаушы ғана емес, көп ұлтты, көп дінді елдің Президенті ретінді дінаралық түсіністік, дінаралық татулық жолында да еңбек етіп жүр. Ол тарихта тұңғыш рет Астанада әр түрлі дәстүрлі діндер жетекшілерінің басын қосып, пікір алмастыруды ұйымдастырды.

Төртіншіден, Н.Ә. Назарбаевтың ешкімге де кек сақтамайтын кешіріпаздық қасиеті де көпке аян. Елде демократияның дамуын, баспасөзге ашықтық, жариялылықтың берілуін пайдаланып кейбір мерзімді басылымдар Елбасы туралы әр түрлі алыпқашты әңгімелер айтып жүргені де белгілі. Әсіресе, 2005 жылғы сайлау қарсаңында олардың аузына, бейнелеп айтсақ, “ақ ит кіріп, көк ит шықты”. Біздің ойымызша қай басылымның не деп жазғанын айтып жатудың қажеті жоқ. Оның үстіне олардың не айтып, не қойғанына Елбасы өзінің қалай қарағандығы туралы “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында толық айтқан. Ол: “Халықтың өзі де көрді, мен сайлауалды науқанды арнайы жүргізуді қажет деп таппадым. Өйткені, өткен жеті жылда атқарылған жұмысқа қарап елдің маған әділ баға беретініне сендім. Науқан барысында өзге кандидаттар туралы бір ауыз жағымсыз сөз айтқан жоқпын. Олардың кейбірінің мен туралы айтпағаны жоқ, солардың сойылын соғатын газеттердің мен туралы жазбағаны жоқ. Мен оған шыдамдылық көрсеттім, себебі бәрі де - отандастарымыз ғой. Сондай-ақ, басқа кандидаттарды қолдап дауыс бергендер де мен үшін жат емес. Неге десеңіз, олар осы шешімі арқылы менің алдымен нендей мәселелерге көңіл бөлуім керектігін көрсетіп тұр. Ел басқаратын адам кең болуы керек. Мен кең болмасам, ел кең болмайды, ел кең болмса өзгелермен тең болмайды. Жалпы, ешкімді де дұшпан тұтып керегі жоқ. Өз басымда оппазиция өкілдерінің ешқайсысына да ондай көзқарас жоқ. Болған да емес”-деді [121, 23 б.].

Президент Н. Назарбаевтың оппазиция өкілдеріне қатысты бұл ұстанымының өмір шындығымен толық сәйкестігіне барша жұрт куә. Дегенмен сол оппазициялық басылымдар арасында “Жас Алаш” газетінің де жүргені өкінішті-ақ. Қолында көп мүмкіндігі бола тұра Назарбаев осылардың ешқайыссын да қуғын-сүргінге ұшыратқан жоқ. Кімге сену, кімнің соңынан еруді таңдау құқығын Қазақстан халқының өзіне қалдырды.

Бесіншіден, Н. Назарбаевқа жинақылық, ұқыптылық, тиянақтылық, тыңғылықтылық, еңбексүйгіштік, жұмысындағы жүйелілік сияқты іскер адамдарға қажетті қасиеттер де жат емес. Мысалы, М. Қасымбеков ол туралы: “Бірден көзге түсетіні: Елбасымыз өте жинақы жан. Өзінің жұмысын дұрыс ұйымдастыруға қатты мән береді. Мұның өзі бүгінде үйреншікті әдетке айналып кеткен. Үстелінің үстінде бір жапырақ артық қағаз болмайды... Президентіміздің қолтаңбасын көргеніңіз бар ма осы? Зер сала қарасаңыз, ол сиялы қаламмен тайға таңба басқандай етіп, маржандай тізіп жазады. Ең асығыс жазуларының өзін қиналмай оқи аласыз. Өз басым осыдыа-ақ Нұрсұлтан Әбішұлына тән ерекше ұқыптылықты ғана емес, өзінің қабілет-қарымына, атқарып жүрген ісіне деген нық сенімді, тиянақты тыңғылықтылықты көргендей боламын...

Осыларға Елбасымыздың жанкешті еңбексүйгіштігін қосыңыз. Ол өзін аяу дегенді білмейді деседе болады. Жұмыс уақытының әр минутын ұтымды пайдаланады. Әр жылдың соңғы тоқсанында алдағы жылы Президенттің тікелей қатысуымен атқарылатын маңызды істердің ауқымы белгіленіп, арнайы жұмыс кестесі жасалады. Ол тоқсандық, айлық кестелерде ширатылып, нақтылана түседі. Елбасымыз осыларды өте мұқият жасатады да, солардың табандылықпен жүзеге асырылуын талап етеді. Жұмыстағы жүйесіздікті, бейберекеттікті ұнатпайды”-дейді [24, 25 б.].

Нұрсұлтан Әбішұлының тұлғалық және жеке адами қасиеттері туралы, тек өз отандастары ғана емес, жақын және алыс шет елдіктер де КСРО-ның күйреу қарсаңында да, одан кейін де баспасөз беттерінде көптеген мақалалар жариялады. Әрине, олардың бәріне бірдей тоқталып жату мүмкін емес. Дегенмен, солардың біразына көңіл аударыу, бізге өз Елбасымызға өзгенің көзімен қарап, ол туралы объективті мағлұмат алуға мүмкіндік берері анық.

Мысалы, А. Андреев деген автор “Известия” газетінде жарияланған “Феномен Назарбаева не разгадан” деп аталған мақаласында, Назарбаевтың іскерлік қасиеттеріне ерекше көңіл бөле келе: “Тәуелсіз ойлау білу, саяси және экономикалық проблемаларды шешудегі прагматикалық ұстаным, өзін өзгелердің орнына қоя білу. Назарбаев бұрынғы КСРО республикалары мемлекет басшылары арасында ерекшелінеді. Назарбаев табыстарының сыры әлі көп жағдайда ашылған жоқ ...” десе[122], “Красная звезда”газетінің тілшісі Олег Феличев “Феномен Назарбаева” атты саяси портретінде “Оның қалай болғанын маған айту қиын. Бірақ біз кенеттен Қазақстан президентінен конструктивті терең ойды, біздің жалпы мәселелерімізді шешудегі аналитикалық көзқарасты “ашып” таң қалдық. Оның көптеген саяси басшылардан жарты қадам, кейде тұтас бір қадам алда екенін түсіндік”- дейді[123].

“Российские ведомостий” газетіне берген сұхбатында Эдуард Макаревич: “Сонымен президентті кім өсірді, Назарбаев феноменін кім туғызды?”-деп өзі қойған сұраққа өзі: “- Мүмкін, төтенше жағдайларға толы уақыт шығар. Жоқ, жоқ және жоқ! Назарбаевқа ол келмейді... Назарбаевта бәрі де заңдылық” -десе, “Правда” газетінің тілшісі Д. Валовой: “ Мен Нұрсұлтан Әбішұлын он жеті жыл бойы білемін... Бұл ұзақ уақытқа созылған жақын қатынас маған оның табыстарының сырын ашатын өз формулаларымды құруыма мүмкіндік берді. Ол үшбірлікті болып шықты.

Формуланың бірінші бөлімі: ол мақсатқа ұмтылушылық, өзіне жоғары талап қоя білу және білімге деген құштарлық..... Екінші бөлімнің мәні: Назарбаев өз табиғатында сыншы – жасампаз адам. Ол нені сынамасын, түпкі мақсат – адамдардың өмірін жақсарту үшін, оданда да тиімді жолдарды ұсынады... Және, соңғы, формуланың үшінші бөлімі, Назарбаев қызмет сатысымен жоғары өрлей отырып ФЗУ оқушысынан және бетоншыдан президентке дейін өсіп, барлық сатыдан өтті. Сондықтан ол өмірдің барлық қыры мен сырын біреулердің сөзі арқылы емес, өз көзімен көріп өсті. Назарбаев өзінің бүкіл саналы өмірін еңбек адамдарымен және өндіріспен тығыз байланыста өткізді.... Георгий Константинович Жуков, екінші дүниежүзілік соғыста әлем мойындаған бірінші қолбасшы; Андрей Дмитревич Сахаров, әлемге аты әйгілі ғалым; Михаил Александрович Шолохов, әлем мойындаған жазушы; Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, қазіргі әлемдік деңгейдегі мемлекет және саяси қайраткер – бұлардың бәрі кімдер? Бейнелеп айтсақ, халықтың ең төменгі топтарынан шыққан және олардан еш уақытта қол үзбеген нағыз “аспазшының балалары” - деп, өзінің ашқан әр “формуласын” нақты мысалдармен дәлелдейді [101, 36-62, 188-189 бб.].

Нақты бір адам туралы ондаған адамдардың пікірі бір жерден шығып жатса, онда ол адамның шынында да сондай адам болғаны да. Егер, жоғарыда аттары аталған бүгінгі зиялы қауым өкілдерінің сөздерімен айтсақ: “Әр бір жеке тұлға өз тағдырының ғана ұстасы емес, сонымен бірге өзі араласқан ортаға, қоғамға, керек десеңіз өзі ғұмыр кешкен уақытқа ықпал ететін қайталанбас жаралым. Егер, сол жеке тұлғаның болмыс-табиғатына Тәңірі – шебер айрықша қабілет пен қасиет дарытса, ол қабілет пен қасиет тек қана жасампаздыққа, тек қана биік мұраттарға бағышталатын болса, ондай тұлға өз өмірін ғана мазмұн-мағанаға кенелтіп қана қоймай, ең бастысы өзі ғұмыр кешкен қоғамы мен уақытын да сәулелендіріп, оның мерейін өсіріп, мәртебесін биіктететін болады. Бұған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі мен болмыс-бітімі жарқын айғақ” [73]. Оған қосарымыз мұндай тұлғаның дүниеге әкелген еңбектерінің шынайылық деңгейінің де, ғылыми құндылығының да жоғары болуы заңдылық. Демек, Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының, оның ішінде тәуелсіз Қазақстан мемлекеттгі тарихының, өзіндік ерекшеліктері бар маңызды дерек көзі екендігі күмәнсіз.

Дегенмен, кез келген қарапайым жандарға тән қуану, ренжу, ашулану сияқты әр түрлі көңіл күйлер, басқа да адами қасиеттер Нұрсұлтан Әбішұлына да тән қасиеттер. Ол туралы біраз жылдан бері кеңесшісі болып істеуіне байланысты Президентті жақыннан байқауға мүмкіндігі болған Ермұхан Ертысбаев: “Менің барлық достарым, таныстарым, жорналшылар, шетелдіктер және тағы да басқа көптеген адамдар менен жиі сұрайды: “Айтшы, ол өзі қандай?” - деп. Мен; “Әр түрлі”-деп жауап беремін. Шынында да, ол әр түрлі. Мен оны көңілді кезінде де, көңілсіз кезінде де, көңіл күйінің көтеріңкі кезінде де, пәс кезінде де, байсалды-ойлы кезінде де және тіптен ашулы кезінде де көрдім...

Шынында, ол әр түрлі. Қаурыт кезде ол салқынқандылық, сабырлылық танытса, керісінше, тыныш қалыпты саяси жағдайда мазасыз және эмоциональды. Ол жалпы нашар актер, өйткені еш уақытта өз сезімін жасыра алмайды. Егер ол біреуді ұнатса немесе силаса, онда Назарбаевтан артық шын берілген және сенімді жолдас табу қиын. Егер ұнатпаса, онда оның жүзінде жиеркеніш белгісі пайда болады және оны өзі жасыра алмайды”-дейді [22, 15 б.] /Барлық аудармалар біздікі – С.С./ Әрине, Президенттің мұндай қасиеттерінің оның жазған еңбектеріне де әсер еткендігі белгілі. Ондай ашық мінез еңбектердегі мәліметтердің шынайылық деңгейін көтермесе, төмендетпейтіндігі анық.

Сонымен, қорыта айтсақ, Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен басты ерекшелігі, біріншіден, оның тәуелсіздік қарсаңында және тәуелсіздік жылдарында атқарған ресми қызметтерімен тікелей байланысты. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап республикалық деңгейдегі басшылық қызметте болған, дәл тәуелсіздік алдында Елбасы болып сайланған Н.Ә. Назарбаевқа сол жылдары болған барлық түбегейлі өзгерістердің ортасында жүріп, тарихи құбылыстардың куәсі болуына тура келді. Жәнеде соның бәрі туралы өз еңбектерінде жазып, маңызды дерек көздерін дүниеге әкелді. Екіншіден, Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшелгі, олардың Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті туралы, оның ең бір қиын-қыстау сәттердегі тарихи шешімдер қабылдап, жаңа мемлекет қалыптастыра білу тарихы туралы мол мағлұмат сақтауында. Үшіншіден, Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің деректік маңызы мен ерекшеліктері автордың жеке адами қасиеттерімен тығыз байланыстылығында. Оның ең бір ауыр жылдары қарапайым қазақ отбасында дүниеге келіп, еңбекке ерте араласуына байланысты, ел өмірін жете біліп, бар саналы өмірін соған қызмет етуге арнауында. Төртіншіден, Н. Назарбаевтың бастауыш партия ұйымынан бастап биліктің барлық сатысынан өтуі, оған елдің реальді саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайын әрдайым объкетивті бағалап, өз еңбектерінде шынайы бейнелей білуге мүмкіндік берген.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет