Нарративтік сұхбат - сұхбат алушының ешқандай араласуынсыз респонденттің еркін әңгімесі. Мұндай жағдайда баяндаудың толық еркіндігі респондент үшін ең маңызды сәттер жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік береді деп белгіленеді. Нарративтік сұхбатты қолдану әсіресе респонденттің жеке қабылдауы, оның сезімдері маңызды болған жағдайда өзін ақтайды. Қолданбалы әлеуметтанушылық және маркетингтік зерттеулерде нарративтік техника өте сирек қолданылады.
Жартылай құрылымдық сұхбат айтарлықтай кең таралған. Ол гайдтың біршама жоғары деңгейдегі құрылымдылығымен ерекшеленеді. Онда стандартты, өлшенетін ақпарат алуға бағытталған сұрақтар кездесуі мүмкін. Сонымен бірге, формализмге негізделген сұрауға қарағанда жартылай құрылымдық сұхбат респондентке ыңғайлы әңгіме барысын бұзбау үшін кейбір сұрақтар реті мен жорамалданған жауаптар көлемінен ауытқуға жол береді.
Жалпы, сұхбат алушыдан гайдтың барлық сұрақтары бойынша ақпарат алу талап етіледі.
Фокустық сұхбат әңгіме барысында зерттеу мақсаттары тұрғысынан ең маңызды проблемаға әрдайым назар аударып отыруды білдіреді.
Барлық сапалы әдістемелер ішінен соңғы кездері ең көп таралғаны фокус-топтар болып табылады. Бұл - зерттелетін объект жөнінде ақпарат алу мақсатындағы топтық пікір алысулар. Соңғысы оларды мақсаты белгілі бір көзқарастың жеңісі болып табылатын ғылыми немесе саяси пікір алысулардан өзгеше етеді.
Фокус-топтар құрамы (6-дан 12-ке дейінгі әрбір адам) зерттелетін жиынтық ішіндегі пікірлер, көңіл-күй, қажеттіліктер, талғамдар айырмашылығын барынша көрсету үшін іріктеп алынады (фокус-топты іріктеп алу рекруттеу деп аталады). Сонымен бірге, топтар ішінде жасы немесе білім деңгейі бойынша үлкен айырмашылықтарға жол берілмейді. Олай болмағанда, фокус-топтар әдісінде ақпарат алудың аса маңызды тәсілі болып табылатын топтық серпін жұмыс істемей қалуы мүмкін.
Бақылау
Әлеуметтану бақылауы өзінің әр түрінде зерттеушіге сандық, сол сияқты сапалық, кейде екеуінің бір жиынтығында ақпарат береді. Ақпарат жинау процестер мен құбылыстарды визуалды және есту арқылы қабылдауға негізделген. Бақылаудың ерекше белгісі оны, әдетте, басқа әдістермен бір жиынтықта пайдалану болып табылады.
Бақылауды, әдетте, рәсімнің формализмге негізделу деңгейі, бақылаушының орны, ұйымдастыру жағдайлары, жүргізудің жүйелілігі бойынша жіктейді. Бірінші негіздеме бойынша бақылау стандартты және стандартты емес болып бөлінеді. Стандартты бақылауды арнайы жоспар бойынша зерттелетін объектінің алдын ала анықталған элементтерінің тіркелуін білдіреді. Стандартты емес әдістемеде мұндай жоспар жоқ, зерттеу мақсаттары үшін маңызды жайлар бақылау процесінің өзінде айқындалады.
Бақылаушының зерттеу объектісіне қатысты жағдайына орай бақылау енгізілмеген және енгізілген (қатысушы) болуы мүмкін. Енгізілмеген бақылау кезінде зерттеуші зерттелетін объектіден тыс тұрады. Ол оқиға барысына енгізілмейді және сұрақтар қоймайды. Енгізілген бақылауда зерттеуші бақыланушылармен тікелей байланыста болады, олардың іс-әрекетіне қатысады. Енгізілген бақылау өз кезегінде жасырын (жариялы емес, құпиялы) және ашық болып бөлінеді.