№ 28 орта мектеп
Облыстық семинарда өткізілген
тәрбие сағаты
Тақырыбы: «Біз тәуелсіз елдің ұландарымыз!»
Өткізген: Алдиярова Жанагул
Есенкелдиевна
2 «А» класс
Ақтөбе – 2013
Сабақтың тақырыбы: Біз тәуелсіз елдің ұландарымыз!
Сабақтың мақсаты:
Оқушыларға еңсесі биік егемен еліміздің айбынды да азат ұрпақтары, яғни ұландары екендігін терең ұғындыру. Оқушылар бойында Отанға және туған елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастыру
Оқушылардың Отанға деген патриоттық сезімдерін оятып, Ата Заңын, Мемлекеттік рәміздерін қастерлеп, ел намысын әрқашан биік ұстар, ұлтжанды азамат болып өсуге тәрбиелеу.
Оқушылар бойында патриоттық, отансүйгіштік сезімін дамыта отырып, ел бейбітшілігін сақтау жолында үлес қосуға баулу.
Өткізу әдісі: топтық жұмыс, баяндау, сұрақ-жауап, ассоциациялау
Көрнекі құралдар: Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың суреті, еліміздің рәміздері, презентация слайдтары.
Сабақ барысы:
I.Ұйымдастыру бөлімі
А) Психологиялық дайындық
II.Топқа бөлу
«Жас Ұлан» тобы
«Жас қыран» тобы
«Жас өрен» тобы
Кіріспе сөз: Мұғалім сөзі: «Біз тәуелсіз елдің ұландарымыз!» тақырыбындағы ашық тәрбие сағатын ашық деп жариялаймыз. Алтайдан Алатауға дейін ұлан – ғайыр жерді мекен еткен ата – бабаларымыз тәуелсіздікті арман еткен. Осынау кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың аманатын орындау үшін талай боздақтар жанкештілікке барған. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, беріректе Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды батырлар сол ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген батырлар.
Ресейдің езгісінде болып, тіліміз бен дінімізден безіп, орыстанғалы тұрғанда Қайрат, Ләззат, Сәбира, Ербол сияқты қыршын жастардың құрбандыққа баруы арқасында ғана тәуелсіздік алып, егеменді ел болдық.
Міне, содан бері Қазақстан тәуелсіз мемлекет. Жер көлемі жағынан дүние жүзінде 9-шы орында. Қазақстанда 14 облыс, 45 қала бар. Қазақстан Қытай, Иран мемлекеттерімен шектеседі. Кең байтақ еліміз пайдалы қазбаларға өте бай.
Ендеше, келесі сөзді сіздерге берелік!
1-оқушы: Қазақстан Республикасы – біздің туып өскен жеріміз, біздің Отанымыз. Бұл жерде қазақ халқы ертеден тұрып келеді.
Қазақтар мал өсіріп, жер игеріп, өз Отанын жаудан қорғаған, жерін болашақ ұрпағына мұра етіп қалдырған, яғни біз үшін.
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған
Бұл далада өскен жанда жоқ арман.
Қазақ халқы еркіндікке жету үшін қаншама қиын – қыстау кезеңдерді бастан кешірді.
Мыңдаған жылдық тарихы бар, Қазақстан өз тәуелсіздігін алды.
Ал, 1986 жылғы оқиға халықтың есінде мәңгі сақталады.
16-желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, Қазақстан өз тәуелсіздігін талап етті.
Осының нәтижесінде 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі туралы заң қабылданды.
Міне, содан бері - 21 жыл!
Отан – жерім, Отан – суым,
Отан қуат, нәр береді.
Отан – ұран, Отан – туым,
Отан мәңгі гүлденеді, - демекші, еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болуы үшін біз туған жерімізді, туған елімізді, оның символдарын құрметтеу бәріміздің міндетті парызымыз болып саналады.
Әнұран орындалады.
- Оқушылар, «Тәуелсіз ел» дегенді қалай түсінесіңдер? Қандай ұғымдар ойға келеді?
А) Ассосация әдісі
- Оқушылар, өздеріңіз білесіздер, Қазақстан тәуелсіз мемлекет екендігін Түркия елі бірінші болып мойындады. Ендеше, қазірде әлем Тәуелсіз Қазақстан туралы не дейді? Тақтаға назар аударайық:
«Қазақстан және Н.Назарбаевтың өзі бейбітшілікті нығайтуға жеке үлес қосты. Қазақстаннан үлгі алған бірнеше мемлекет ядролық қарудан өз еріктерімен бас тартты. Менің ойымша, әлем Қазақстанға алғыс айтуға тиіс».
Дж. Стро. Ұлыбританияның сыртқы істер министрі.
«Тәуелсіз Қазаақстан мемлекеттік құрылыс пен экономикалық дамуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, үдере гүлдену мен тынымсыз ілгері басуды бастан кешіріп отыр. Біз Қазақстанның достас көршілесі ретінде бұл табыстарға шын жүректен қуанамыз»..
Цзянь-Цземин. 1993-2003 жылдардағы КХР-дың төрағасы.
«…Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін.»
( Н.Назарбаев)
III. Үй тапсырмасы (слайдпен жұмыс)
- Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылы 16 - желтоқсанда Тәуелсіздік туралы Жарлығы жарияланысымен-ақ дүние жүзінің құлағы елең етіп, егемендігін алған ерікті Қазақстанды әлем мойындай бастады. Бұл күнде Қазақстан әлемнің өзге өркениетті елдері сияқты жаңа ғасырдың табалдырығын тең аттап отырған ел. Еліміздің егемен екенін танытатын жұрт таныған ұлттық белгілері бар.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Еліміздің Туы мен Елтаңбасы 1992 жылы 4-маусымда, ал Әнұран 1992 жылы желтоқсан айында қабылданған жарлық бойынша мемлекеттік рәміздер болып бекітілді.
(Әр топтан оқушылар шығып, слайд арқылы Мемлекеттік рәміздерге сипаттама береді)
Мемлекеттік Ту
2-оқушы: Егер де Туға тұтас зер салсаң, автордың оны жасағанда үлкен мазмұнды ойластырғаны байқалады. Ол жер жүзінде әлемге нұрын шашқан Күн сәулесі астында қияға қанат қаққан қыран- тыныштық пен баянды өмірдің белгісі, ал ою-өрнек тудың қай елдікі екенін аңғартады. Тудың авторы – Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков белгілі монументші-суретші. Біздің туымыз – көгілдір түсті, тік төртбұрышты мата. Ол бірлік пен аман- есендікті көрсетеді. Оның қақ ортасындағы сәулесін шашқан алтын Күн – тыныштық пен байлықтың белгісі.
Қазақ халқы сонау ерте заманнан бері қыранды киелі, қасиетті құс деп есептеген. Туда қыранның орын алуы тәуелсіздік алған Қазақстан қыран сияқты биікте болсын, қыран сияқты ғұмыры ұзақ болсын деген ойдан туған.
Тудың сабын бойлай ұлттық ою-өрнек салынған тік жолақ қазақ елінің өзіндік сипатын, танымдық бейнесін көрсетеді.
Мемлекеттік Елтаңба
3-оқушы: Мемлекеттік елтаңбаның авторлары танымал суретшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шота Аман Уәлиханов.
Қазақта «Шаңырағың биік,керегең кең, босағаң берік болсын» деген тілек сөз бар.Елтаңба авторлары осы сөздерді басшылыққа алған.Қазақстан Республикасының Елтаңбасы көгілдір түстің үстіне салынған шаңырақ бейнесінен тұрады.Одан жан-жаққа күн сәулесі тәрізді уықтар тарайды. Шаңырақ пен уықтар біздің Отанымызда тыныштықта жарасымды өмір сүріп жатқан көптеген халықтардың бірлігін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Елтаңбасының бір бөлігі ертедегі қанатты тұлпар. Елтаңбаның жоғарғы жағындағы бес бұрыш – бақытты өмірге жол сілтейтін жарық жұлдыздың белгісі. Төменгі жағындағы «Қазақстан» деген жазу республиканың атын көрсетеді. Масақ Отанымыздың байлығы іспеттес.
Мемлекеттік Әнұран
4-оқушы: Кез келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы – Әнұран. Әнұран мемлекеттің салтанатты әні. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылған. Әнұранды түрегеліп ,жүректің тұсына қолдарын қойып айтады. Бұл өз мемлекетіңе деген құрметті көрсетеді. Халық өмір салтын бүгінгі тіршілігі мен келешек армандарын, мың жылғы тарихын осы әнге сыйғызған.1986 жылы «Менің Қазақстаным» бостандық аңсаған қазақ жастарының бейресми әнұраны болған еді.2006 жылғы 7 қаңтардағы Конституциялық заңға сәйкес ҚР-ның Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы мен мәтіні жаңа редакцияда жазылды. Мемлекеттік Әнұранның авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар Жұмекен Нәжмеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Алғашқы рет Қазақстан Республикасының Әнұраны ретінде «Менің Қазақстаным» әні 10 қаңтарда 2006 жылы, Елбасын ұлықтау рәсімінде орындалды.
Бұл Әнұранның сөзі республикамыздың барлық халықтарының жүрегіне жақын, жұрттың бәрінің көңілінен шыққан, терең отаншылдық сезімдегі ән.
Мұғалім: Біздің Президентіміз туралы қандай пікір, ой толғар екенсіңдер?
5-оқушы: 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіз республика болып жарияланды.1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстанның елбасшысы- Президенттің сайлауы болды. Тұңғыш Президент болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
Ата Заңымыз бойынша мемлекет басқарушысы – Президент. Латын тілінен аударғанда «президент» сөзі «алдында отырған» деген мағынаны білдіреді. 2005 жылы 4 желтоқсанда бүкіл халықтық сайлау қорытындысында Н.Ә. Назарбаев қайта Президент болып сайланды.
6-оқушы: Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атамыздың Тәуелсіздігіміздің келешегі жолында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарын толық қуаттаймыз. Әсіресе, Отанымыздың болашағы саналатын балаларды қорғауға, білімді азамат етіп өсіруге бағытталған іс-шаралары бізді қатты қуантады.
7-оқушы:Қазақтың көк байрағын Олимпиада төрінде желбіреткен тарлаандарымыз! Міне, ұлт мақтанышына айналған ұл-қыздар! Кеуделерінде жарқыраған алтыны бар Серік Сәпиев, Александр Винокуров, Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Ольга Рыпаковалардың өнері болашақ ұрпаққа үлгі болмақ.
Лондон Олимпиадасы Қазақстанның спорт тарихындағы ең жарқын беттеріне айналды. Еліміздің әнұранын Лондон аспанында 7 рет шырқатып, көк туымызды 13 рет биікке желбіреткен толағайларды біз әрқашан құрметтейміз.
8-оқушы: Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы .Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Біздің ендігі міндетіміз - егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, 21 ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. Біздің басты мақсатымыз - 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің негізінде берекелі қоғам құру.
Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Елбасы біздерге - жаңа буын қазақстандықтарға сенім артады. Елбасы 2050 жылғы қазақстандықтар - үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенеді. Біздер жаңа білім меңгеруге құштармыз, еңбексүйгішпіз, өз еліміздің патриотымыз. «Қазақстан 2050» Жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бізге - қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі.
IV.Сергіту сәті «XXI ғасырға ақ тілек» ойыны
(Берілген сөздерді пайдалана отырып болашаққа тілек айту )
Заман 2. Ел 3. Елбасы 4. Заң 5. Қазақстан 6. Ту 7. Елтаңба 8. Әнұран 9. Тіл
V. Ой қозғау
А) Проблемалық сұрақ «Егерде мен Президент болсам?» 3 топқа беріледі.
VI. Әдеби – музыкалық монтаж
9-оқушы:
Кең байтақ қой Қазақстан картасы
Астанамен айшықталған ортасы
Бүгін бізге таңдай қағар күллі әлем
Бұның бәрі елбасының арқасы.
Шықты тарап ой – данадан,
Бері қарап жұлдыз беті
Өзі қалап сайлап алған
Елімнің бар Президенті
.
10-оқушы:
Оянады көңілден өайдағы арман
Бақыт желі ескендей жайлап алған
Президентім бар менің елі түгел
Ақ киізге көтеріп сайлап алған
11-оқушы:
Айнымайды аспаннан
Біздің тудың болуы
Оны халық қашанда
Биікке іліп қояды.
Жанатын да өзі отша
Жалын шарпып бетіңді
Туымыз да қазақша
Сөйлеп тұрған секілді.
12-оқушы:
Егемен елімнің ертеңі деп,
Елбасы баға берді жастарыма
Оқу оқы білім ал, елің үшін
Еңбек ет тыным таппай, жан ая ма
13-оқушы:
Мен қазақпын, ұланымын қазақтың
Тәуелсізбін, егеменмін, озатпын
Көк байрағым тұр көгімде желбіреп
Алатаудай көкке өрлеген азатпын.
14-оқушы:
Мен қазақпын, ұланымын елімнің,
Мен қазақпын, тірегімнің жерімнің
Ұланымын туын көкке көтерген,
Ертеңімен Егеменді елімнің.
15-оқушы:
Бейнелеп сан ғасырды
Елтаңбасы елімнің,
Таратады хас үлгі
Киесіндей жерімнің.
Бабам тұлпар жаратты,
Құлынында танып – ақ.
Шайқалмайды шаңырақ.
Тәуелсіздік көркі ол да,
Өркениет өрінде.
Нұр төгеді елтаңба
Ақ Орданың төрінде.
16-оқушы
Көз тойғысыз қазағымның жері бар
Ну орманы, тауы, өзені көлі бар,
Қазағымның жерін, елін қорғайтын.
Жас жеткіншек ұланы бар, елі бар.
Міне осындай егеменді еліміз
Кең жазира ұлан байтақ жеріміз,
Туған елін, туған жерін сүйетін
Біз қазақтың ұланымыз , еріміз.
VII. Шығармашылық жұмыс. (3 топқа әртүрлі геометриялық фигуралар беріледі. Сол фигуралардан әр топ «Тәуелсіз Қазақстанымның келбеті» атты тақырыпта сурет құрастыру және сол құраған суретті қорғау)
VIII. Қорытынды
Құрметті оқушылар! Сендер тәуелсіз еркін елде ер жеткен ұлансыздар. Ендігі жерде еліміздің тағдыры, Қазақстанның болашағы сендердің қолдарыңда. Болашақ депутатта, премьерде, президентте сендерсіңдер. Қазақстанның қарыштап дамуына үлес қосатын да сендерсіңдер. Бүгінгі тәрбие сағатынан не түйдіңдер?
- Білімді, Патриот, Еңбексүйгіш, Ұлтын, тарихын, мәдениетін жетік білетін азамат болу керек.
- Ендеше сендер серт бере аласыңдар ма?
- Ия.
-Ендеше, тәрбие сағатымызды «Желбіре Қазақстанның көк туы!» өлеңімен аяқтаймыз.(оқушылар қолына жалауша алып айтады. Өлең соңында жалаушаларын келген қонақтарға сыйлайды.)
Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |