Оқыту мен оқудағы өзгеріс енгізілгені және басқару туралы
рефлексивті есеп
Мұғалім не үшін өзгеру керек? Өзгеру неге емес, неден? Бүгінгі таңда мұғалімдер көптеген оқу стратегияларды, түрлі педагогикалық тәсілдерді араластырып қолдану мүмкіндіктеріне ие. Сондай-ақ нақты әдістер мен статегияларды қалай және қайда, қандай жағдайда қолдануымыз үшін білім қажет екені анық.
Ұстаз – оқушы тұлғасын қалыптастырушы және тәрбиешісі деп білемін. Ол өзіне, әріптестері мен оқушыға да білімі терең, әдістемелік шеберлігі педагогикалық талаптардың іс-әрекеттеріне сай, алдына қойған мақсатқа қол жеткізу үнемі шығармашылық ізденісте жүретін іс-әрекет иесі.
Мұғалімнің негізгі мақсаты – сабақ сапасын көтеріп, жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін таңдап, оларды тиімді және шығармашылықпен қолдану. Заман талабына сай сапалы білім беру үшін, әр пән тартымды да қызықты өтілуі керек. Қазіргі таңда біздің алдымызға қойған мақсатымыз – заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, өз ойын еркін айта алатын жеке тұлға етіп тәрбиелеу.
Жеті жылға жуық іс-тәжірибемде мен оқу мазмұнында мұғалімнің рөлі жоғары болады деген қағидаға сүйенетінмін. Мұғалім білім беруші, үйретуші, жоспарлаушы деп түсінетінмін. Оқудың алғашқы күндері оқудың мәнін, мақсат-міндеттерін түсіне алмай жүрдім. Тек екінші аптадан бастап оқу курсының мазмұнын, мақсатын түсіне бастадым.
Алғаш күні бір-бірімізді танымасақ та тез тіл табысып кеттік. Әр күні әр топпен жұмыс жүргізу барысында, бес күнде топ мүшелерін толық танып алдым. Топтағы әріптесімізбен бір-бірімізді көптен білетіндей бірігіп жұмыс жасай алдық. Оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдердің сан алуандығы мен қызықты тренингтер мені тәнті етті. Бірінші бетпе-бет кезеңінде оқытудың негізгі жеті модульі мен жаңа әдіс-тәсілдерді меңгердім, сын тұрғысынан ойлана отырып орындауымызға бағыт-бағдар беріп отырды. Бұрынғы дәстүрлі оқыту мен тәрбиелеуді ұмытып, жаңа көзқарастар тұрғысынан оқытуды өз тәжірибеме енгізіп жатырмын. Мен үшін көп нәрсе жаңалық болса, қазір оларды өзім де қолданысқа енгізе бастадым. Өйткені, осы бағдарламаның негізгі міндеті – Қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибесін жетілдіру мен бағалауға көмектесу.
Курс барысында ешқандай дайын білім берілмейтіндігін түсіндім. Тек тренер бағыт-бағдар беру арқылы қадағалап отырады, барлығын топта түсінуге талпынамыз. Осы жерде топтық жұмыстың тиімділігін көре алдым. Топта отырған әріптестеріммен сабақ үстінде кезекпен сөйлеп, белгілі бір мәселе бойынша пікір алмасып, талқылау жасап, ортақ шешімге келіп отырдық. Сабақтан кейін тренерімізден «Рефлексия жазып үйрене беріңдер», – деген тапсырманы алғанда, «Мен бүгін не үйрендім?» «Нені білдім?», «Мен үшін ол қандай жаңалық болды» деген сұрақтарға жауап бере отырып, өз-өзіме есеп бере бастадым.ш айлық курстағы сабақтардан мен көптеген әдістерді, оны сабақта қалай қолдану керек екендігін, топ барысында өз жұмысымыздың нәтижесін көре алдым. Курстан кейін осы үйренген әдістерімді қолдансам, сабағым келешекте жақсы болатын шығар деп ойлаймын.
Осы курсқа келіп оқыған соң, мен бұл курстың мазмұны мен міндетін осыған дейін ұйымдастырылған курстардан басқа екенін түсіндім. Бұл курс сындарлы оқу теорияларын негізін ала отырып жаңа форматты мұғалімдерді даярлауға бағытталған. Мұнда басты тұлға – оқушы. Сондықтан мұғалімнің білім берудегі басты міндет - оқушының өзіне деген сенімін арттыру, өзін жеке тұлға ретінде сезінуіне жағдай жасай отырып, мүмкіндік беру. Өзін тұлға ретінде сезінген бала әрқашан өмірде өз жолын таба алады. Осы курсқа келіп оқыған соң мен өзімнің бұрынғы, яғни дәстүрлі әдіспен сабақ беру тәжірибеме сыни көзбен қарайтын болдым. Сабақты ұйымдастыру, оқыту, бағалау, жоспар құру тіпті оқушылармен қарым-қатынас жасау жөніндегі көзқарасым түбегейлі өзгерді десем де болады. Курсқа келген уақытқа дейінгі тәжірибемді ой елегінен өткізе келе мен қалыптасып қалған бір жүйенің шеңберінде ғана жұмыс жасадым ба деген ой түйдім.«Дәстүрлі» оқытуда менің сабақ беретін сыныптарымда қалыптасқан өзіндік бір жүйе мен тәртіп нормалары болды. Сабақ үстінде басты назар мұғалімде-яғни менде болды, себебе 45 минуттың көп бөлігінде мен сабақ түсіндіретінмін, сұрайтынмын, талдайтынмын. Ал, сындарлы оқытудың дәстүрлі оқытудан айырмашылығы: сабақ үдерісінде басты назар оқытушыдан оқушыға ауысатындығын түсіндім. Сонымен қатар жеке тұлғаның өзіндік қасиеттері басты орында тұрады. Бұрын оқушы білімді қабылдаушы, жинақтаушы болса, ал жаңа талап бойынша өздігімен білім алушы, үйрене білуші ретінде танылады. Білім берудегі осындай жаңашыл идеялар өз іс-тәжірибемде көріністер тауып, біршама өзгертулерге алып келді. Тағы айтқым келіп отырғаны бұл сыныптағы тәртіп мәселесі. Бұрын сабақ үстінде оқушылардың бір-бірімен еркін сөйлесуіне ешқандай мүмкіндік берілмейтін, тіпті олардың артық қимыл жасауының өзі менің тарапымнан белгілі бір ескертулер айтуға әкелетін. Оқушыларға осындай шектеулер қою кей жағдайларда олардың сабаққа деген қызығушылығының төмендеуіне алып келіп жататындығына аса көңіл бөлген жоқ едім. Мен үшін ең бастысы сыныптағы тәртіп пен оқушылардың мені мұқиат тыңдауы еді. Ал енді сындарлы оқыту теориясы бойынша оқушыларды өзара қарым-қатынасқа түсірудің маңызы зор екеніне көзім жетті.
Мен бірінші «Бетпе-бет»кезеңіндн оқыған және алған білімім арқылы, оқудағы көптеген мәселелердің шешімін тапқандай болдым. Дайын білім беруге негізделген «дәстүрлі» әдіс арқылы алынған білім оқушылардың жинақтаған өзге білімімен тиімді сіңісе алмайды, сол себепті де механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алады. Бұндай жолмен оқудан алған, механикалық түрде сақталған мәліметтерді емтихан кезінде ұтымды пайдалануға болады, бірақ мән-мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жаттап алынған білім тақырыпты оқыту аяқталған соң немесе емтихан біткен соң керексіз болып қалады және оқушы оны өмірде пайдалана алмайды [1].
Іс- тәжірибемді өткізуге мектепке келдім.Алдымен мектеп директорымен кездесіп,курс бойынша алған білім мен әсерімді бөлістім.Мен оқыту курсында балалардың білімге деген қызығушылығын,ынтасын,белсенділігін арттыратын көптеген әдіс- тәсілдерді меңгергенім туралы баяндап,әңгімелестік.Зерттеу үшін өзімнің математика пәні бойынша сабақ беретін 8- сыныпты таңдадым.
Синхронды емес оқыту кезеңіндегі сабақтар барысында өзім үйренген әдіс-тәсілдерімді қолдандым. Ең алдымен жоспарды қалай құруға болатыны туралы ойландым. Қысқа мерзімді сабақ жоспарындағы сабақтың мақсатын, міндеттерін және күтілетін нәтижесін қалай қысқа-нұсқа жасауға болатынын нұсқаулықты оқи отырып түсініп жазып шықтым.Мысалы,оқушы мүмкіндігін ескеру,дарынды оқушыларға деңгейлік тапсырмалар беріп қабілеттерін анықтау және жеті модульге қатысты әрекеттерді кірістіре отырып,сабақты түрлендіре өткізу.Осыған орай,әр сабақта оқушылар оқу үдерісінің барлық аспектілеріне белсенді қатысу керек:олар өздерінің болжамдары мен сұрақтарын қарастырады,бір-біріне кеңес береді,өз алдына мақсат қояды,алынған нәтижелерді қадағалайды,идеялармен эксперимент жасайды және қателер оқудың ажырамас бөлігі екенін түсіндіре отырып,тәуекелге барады[2]. Осылайша орта және қысқа мерзімді жоспар құруды үйрендім. Осы курс бойынша біз жеті модульдің идеяларын толық меңгерсек, өскелең шәкірттерге саналы тәрбие, сапалы білім бере отырып, білімді, ойы ұшқыр, қабілетті оқушыны анықтай аламын деген ойдамын. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Ол мектептен балалар көбірек білім алып шықса екен деп ұмтылады. Тәжірибемнің бірінші аптасында ұйымдастыру барысы жүріп жатқан кезде,ата-аналар жиналысын өткіздім,кездесу қызықты болсын деген мақсатта,ана-аналармен сергіту сәтін өткіздім.Сондай-ақ оқып жатқан курс барысы бойынша ойымды бөлістім.Ата-аналардан сабақ түсіру барысында оқушыларды видеоға түсіремін және сабақ кезеңдерінде суретке түсіремін деп рұқсат сұрадым.Ата-аналар қарсы болған жоқ.Ісіме сәттілік тіледі.
Бекітілген жоспар бойынша жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы сабақта психологиялық ахуалдан бастадым. Сабақ арасында өткізілген тренингтердің өзі баланың білімге құштарлығын арттырады екен. Мен өзімді өзгерту арқылы ғана оқушыны еркіндікке жетелеймін деп ойлаймын. Себебі өзімнің ойымды еркін жеткізу арқылы оқушыларыма керекті нәрселерімді түсіндіре алатын шығармын деп ойлаймын.
Менің өзгерісім бірінші бетпе-бет кезеңінен кейінгі тәжірибенің бірінші күнінен басталды деп ойлаймын.Топ ішінде өзара ынтымақтастық тудырып, сабақ үстінде тәртіп сақтау мақсатында «Aлтын ережені» құрдық. Бұл ережені әр топ оқушылары ақылдаса отырып өз беттерінше құрды және соңынан барлық топ ұсынған ережелерді талқылай келе ең маңыздыларын таңдай отырып, ортақ ережені шығардық. «Aлтын ережені» құрудың тиімділігі алдағы сабақтарда оқушылар бірін-бірі тәртіпке шақырып, ережені қағидасын есте ұстап отырды. Бұл менің сыныппен жұмыс жасауымды анағұрлым жеңілдетті және оқушылардың өзін-өзі реттеуіне ықпал етті деп ойлаймын
Сабақтың алғашқы күнінен бастап оқушыны топпен жұмыс жасауға, еркіндікке бейімдеу керектігін түсіндім.Мен оқушыларға топқа бөлудің әр түрлерін атап өттім және өткізген сабақтарымда қолдандым.Балалардың топпен жұмыс жүргізу барысына көп көңіл бөлдім десем де болады.Себебі, топтық жұмыс жасау арқылы оқушылар өзара ой бөліседі,топқа берген тапсырманы талдайды және жинақтап пікірлеседі.Олардың бойынан жауапкершілік сезімдерін ,ұйымшылдық,еңбексүйгіштік,табандылық сияқты қасиеттерді көре алдым.Мысалы:кластер жасауда,есептер шығаруда, «Синквейн», «Бес сұрақ», «Фишбоун», «Елшілер» әдістері барысында байқалды.Бұрын мұндай әдіспен сабақ өтпеген оқушылар арасында қызығушылық пайда болып,пікірталас туды.Топтық жұмыста бір ғана оқушы шығып сөйлемей,кезекпен шығып қорғайтындарын түсіндірдім.Топтық жұмыстың тағы бір ерекшелігі,сабаққа кұлқы жоқ,көп сөйлемейтін,бұғып отыратын оқушылар топ алдына шығып сөйлей бастауы. Оқыту үдерісі кезінде менің оқушыларым жеті модуль аясында ұйымдастырылған іс-әрекеттерге өз деңгейлерінде қатысып отырды. Әртүрлі тапсырма орындау кезінде олар сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін, өз бойларындағы дарындылық және көшбасшылық қасиеттерін көрсете білуге тырысқан сияқты.
Сыни тұрғысынан ойлау оқушыны ғана сыни ойлауға үйретіп қана қоймайды,сонымен бірге сабақ беретін мұғалім де сыни ойлай білу керек.Мен оқушыларға әдіс- тәсілдерді пайдалана отырып,сыни тұрғысынан ойлануларына бағыттадым.Дәстүрлі сабақ кезінде,мен оларға тек жеңіл сұрақтар беру арқылы шектелетінмін.Ал қазір оқушының ойын дамытатындай,пікірін ашық жеткізетіндей сұрақтар қоятын болдым.Мысалы: «Бес сұрақ» әдісінде екі топқа екі түрдегі есептің жазылуын ғана бердім.Мұнда оқушылар «Қалай?» сөзін пайдаланып,сол бір есепке катысты бес сұрақ құрастырулары және де әр жауаптан келесі сұрақ туындауы керек болатын.Нәтижеде мен олардың ойларының нақтылығынан,еркін сөйлегендерінен,проблемалық сұрақтар қоя білулерінен,көзқарастарының өзгергендерін байқадым.
Өткізген төрт сабағымның нәтижесінде баламен санасу арқылы сабақтың мақсатын қоя білуді үйрендім.Топтық жұмыстарды ұйымдастыра отырып, диалогтік оқытуды көздедім. Диалогтық оқыту аясында барлық модуль өз ретімен бір-бірімен байланысып жатты. Тәжірибе кезеңінде оқушылардың диалогтік қарым-қатынасқа түсуі оның тілін дамытуға және өзін еркін ұстауға ойын дәл еркін жеткізе алу қабілетіне әсері байқалды.
Оқушы білімі терең әрі нақты болуы үшін ол оны өң бойымен өткізуі керек деген қорытындыға келдім. Тапсырманы жұппен, топпен орындай отырып оқушылар интерактивті қарым- қатынасқа түсті. Мұның мәні зор, себебі олар бір-бірімен ой бөлісе отырып жаңа ақпарат алды және менің тапсырмама өз беттерінше жауап тапты. Өз көзқарастарын дәлелдеп, шешім қабылдауға үйренді. Дарындылық дегеніміз не? Оны қалай анытаймыз?Дарындылық- табиғаттың адамға берген бір сыйы.Таланттылық пен дарындылықты бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Мен өз оқушыларымның бойынан осы қасиеттерді байқадым.Біреуі өлең жазуға,біреуі биге,біреуі сурет салуға ынталары бар.
Мен «Бір айнымалысы бар теңсіздіктерді графиктіктәсілмен шешу» тақырыбында, түсіну кезеңінде қолданған «Ақылдың алты қалпағы» әдісте Л атты оқушымның жасыл түсті қалпақ позициясын қорғау барысында өлең шығаруға қабілеттілігі бар екенін байқадым.Мектептегі іс-тәжірибе жүргізу кезеңінде балардың жас ерекшеліктеріне сәйкес тапсырма бердім және сол материалды меңгеруіне,есте сақтауына,тақырыпты қабылдауына үлкен мән бердім.Олардың тапсырманы тез меңгеріп, тез қабылдайтынына көзім жетті.
Тәжірибемде АКТ-ны пайдалануда оқушыларға сабақтағы тақырыпты меңгеруде үлкен көмегін тигізді және өзгерістер енгізді деп ойлаймын. Сабақтар слайдтар жасап, оны АКТ-ны пайдалану арқылы көрсеттім. Ал оқушылар қажет материалдарды ұялы телефондағы интернет желісі арқылы тауып отырды.
Тәжірибеме өзгерістің бірі ол, оқушыларды бағалау сәті. Оқушыларға дайын білім емес, тікелей өз тәжірибесінің көмегімен алынған білімнің анағұрлым пайдалы екеніне менің көзім жетті. Бірақ, топтар тапсырмаларды қорғағанда үнемі жақсы оқитын оқушылар жауап берді. Бұл проблеманы шешу үшін мен фoрмативті бағалауды қoлдандым. «Білім беруді, әдістерді және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған бағалау формативті немесе оқыту үшін бағалау болып табылады» - деп жазылған [3]. Осы тұста мен барлық топ мүшелерінің белсенділігін арттыру үшін бағалау критерийлерінің бір пункті ретінде топтың әрбір мүшесінің ортаға шығып сөйлеуі керек екенін міндет етіп қойдым. Осыдан кейін оқушылар бірлесе жұмыс жасай отырып кезек-кезек жауап беріп отыратын болды. Тіпті, жай сабақтарда ашылып сөйлей бермейтін, селқос отыратын кейбір оқушыларды тобындағы серіктестері ортаға шығып сөйлеуіне итермелеп отырды. Яғни, оқушы алдына белгілі бір критерийлерді қою арқылы мен өзім үшін екі түрлі проблемаларды шештім десем болады. Бірінші, оқушылардың белсенділігі артты және ынтымақтаса отырып жұмыс жасады. Екінші, оқушыларға белгілі бір нәтижеге жету үшін не істеу керектігін айқындап бердім. Оқушыларға критерийлерге сүйене отырып бір-бірінің, қарсы топтардың жұмысын бағалаттым. Осы жерде формативті бағалау жүзеге асады. Бұрынғы тәжірибемде мен көбіне жиынтық бағалауды қолданып келген едім. Сабақ барысында мен оқушыларды мақтап, мадақтап отырдым. Бірақ оқушылар өз- өзін бағалау мен топтарды бағалау кезінде бағаны жоғары қойды. Осыған байланысты мен түсіндіру жұмыстарын жүргіздім, болашақта оқушылар бағаны нақты қояды деп ойлаймын. Мен күнделікті сабақ барысында оқушылардың өтілген тақырып бойынша нені түсініп, түсінбегенін үй тапсырмасын сұрау арқылы, түрлі тапсырмалар мен тесттер беру арқылы тексеретінмін. Бірақ оларды оны қосымша қандай сұрақтар мазалайтынын, нені белгілері келетіндіктерін, сабақ үстінде көңіл – күйлерін сұрай бермейтінмін.
Осы курстың арқасында сыни тұрғыдан ойлауда оқушы өзін –өзі реттеуге бейімделетінін байқадым. Өйткені оқушы мәселені сыни тұрғыдан салыстырмалы қарауға бағыттап отырдым. «Бір айнымалысы бар теңсіздіктер жүйесін шешу» тақырыбын өткен кезде «Инсерт» кестесін толтырғанда сыни тұрғыдан ойлана отырып, бала өзі ойлана отырып толтырды. Өз ойларын ақ қағаз бетіне түсіріп, салыстырмалы түрде талдау жасады. Сыни тұрғыдан қарай отырып әр топтың жұмысына баға берді. Осы курста оқығаннан кейін мен оқушылардан «Кері әсер парағын» алдым. Оқушылармен кері байланыс жасау мен үшін өте тиімді болды. Себебі оқушылардың нені түсінбей қалғанын, оларды тақырыпқа байланысты не қызықтыратынын, тіпті сабақтағы көңіл-күйінің қандай болғандығын білдім. Бұл менің келесі сабағымды жоспарлауына, яғни сабақта неге басты назар аудару керектігіне көмектесті. Алдағы уақытта сындарлы оқыту теориясы негізінде алатын жеті модульді өз іс-тәжірибеме енгізіп жұмыс жүргіземін деген ойдамын.Оқушының ой өрісін дамытып, өз білімін болашақта өмірде пайдалана алатын құзырлы оқушы дәрежесіне жеткізу үшін сындарлы оқытудың маңызы зор деп сенімдімін.
Осы Бағдарламаның негізгі міндеті оқыту мен оқудың қазіргі заманғы әдістері мұғалінің күнделікті тәжірибесі мен кәсіби мәнмәтінімен өзара байланысты қарастырылады. Мен сындарлы оқытуға бағытталған бағдарламаның негізгі идеясы білім берудің жалпы негіздерін, оқыту мақсаты мен міндеттерін білуге негізделетін оқу мен оқыту үдерістері, тәжірибесі мен әдістері туралы білімімді жетілдірдім. Шын мәнінде бұл педагогикалық білім оқытудың саналы, әлеуметтік және дамытушы теорияларын, оларды сыныптағы оқушыларға қатысты қолдану әдістерін түсінуде біліктілікті қажет етеді. Сондықтан мен әрбір білікті мұғалім оқушының білімді меңгеруін және дағдының қалыптасуына көмектесетін, олардың ақыл-ой қасиеттерін, оқуға деген жағымды эмоциялық жағымды қатынасын реттеп отыратын тұлға деп білемін.
Пайдаланылған әдебиеттер:
«Мұғалімдерге арналған нұсқаулық». Үшінші (негізгі) деңгей. Үшінші басылым. 2012 ж.
«Оқыту мен оқудың белсенді әдістері». Астана-2013 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |