Оқыту үрдісінде компьютердің ролі мен орны
Кез-келген педагогикалық жаңалықтар, соның ішінде оқыту ақпараттық технологиялары, бұрынғы тұрақталған әдістермен (тәсілдермен) салыстырғанда артықшылықтарын көрсетіп немесе олардың кейбір кемшіліктерін түзей алса, онда ақпараттық технологияның өмір сүруге және кең таратылуға мүмкіндігі болғаны.
Оқытудың дәстүрлі үрдісі ақпаратты беруге және өңдеуге негізделген. Осы кезде мұғалім – оқушы ақпараттық қарым - қатынас дәрежесіндегі кері байланыстың классикалық сүлбесі жүзеге асуда.
Мұндай сұлба бойынша ақпарат алмасуға қатысушылардың құқығы бірдей болмайды, олардың атқаратын қызметінде де айырмашылық бар.
Мұғалімнің атқаратын ақпараттық қызметіне оқушыға жаңа ақпарат беру, оқыту әдісі мен оқу ақпаратын өңдеу, ақпарат беру кезіндегі оқыту үрдісін ұйымдастыру мен оны басқару, оқушыдан кері байланыс желісімен түскен ақпаратты талдау және түзету әрекеттері және т.б. жатады. Ал, оқушының ақпараттық қызметтеріне ақпаратты қабылдап алу, оны қайта өңдеу тәсілдерін игеру, білімділік пен іскерлікке жету мақсатында ақпаратты қайта өңдеу т.б. іс-әрекеттерді жатқызуға болады.
Жоғарыда көрсетілген сұлба мұғалім – сынып ақпараттық ара-қатынас деңгейінде басқарылатын субъектілердің санына қарай өзгеріп отырады, оның бір түрі мынадай болады (2-сурет).
Демек, оқу сыныпта ақпараттық жүйе болып табылады да, мұнда басқалар сияқты алмасу ақпараты каналдарының қабілеті және оны қайта өңдеу жылдамдығы шектеулі.
Бұл бір жағынан алмасуға қатысушы адамдардың ақпарат беру және қайта өңдеу жылдамдығының компьютерлік жүйелермен салыстырғанда біршама төмендігін білдіреді. Ф.Бауэр, Г.Гозелердің айтулары бойынша, адамның ақпарат мағынасын түсініп сөйлескенде оны өңдеу жылдамдығы 50 бит/с, мағынасын түсініп оқығанда 15-40 әріп/сек, яғни мәтіннің бір бетіне 2-3 минут сәйкес келетінін дәлелдеген. Екінші жағынан, ақпараттар алмасуға қатысушы әр адамның ақпараттық сипаттамаларының ерекшеліктері де әрқилы. Осы жағдайлардан төмендегідей бірқатар салдарлар шығады:
1. Қазіргі уақыттағы оқыту үрдісінде барлық оқушылар ақпаратты бірдей уақытта және бірдей көлемде меңгеруі керек деген ұғымда ұйымдастырылады. Сондай-ақ берілген ақпарат не үшін және қай деңгейде (танысу, теориялық білім немесе практикалық қолданудың дағдысы) меңгерілуі керек екендігі де айқын көрсетілмейді. Дәстүрлі оқыту жүйесінде орташаланған бір оқу бағдарламасымен жаппай оқытылады, ал жеке-даралап оқытудағы ақпараттық алмасуды жекелендіруге байланысты оның көлемін ұлғайтуға, олай болса мұғалімнің байланыс салаларын кемелінен асыра ұлғайтуға әкеп тірейтіні сөзсіз. 2. Мектептің нормативті құжаттарында оқушының белгілі бір оқу кезеңінде (мысалы, бір аптада, оқу жылында) алатын және қайта өңдейтін ақпараттар көлемінің жоғарғы дәрежесі дәл анықтала қойған жоқ. Ақпараттар көлемі оқушылардың жас ерекшеліктері мен дайындықтарына қарай сараланады. Ал, ақпараттар көлемінің шамасын есепке алмау және әрбір мұғалімнің өз пәнінен барынша мол білім қорын беруге тырысуы соның салдарынан оқушылардың оқудағы жүгі ауырлап, оқуға қызығушылықтың жоғалуына және теріс психофизиологиялық зардаптардың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкін.
3. Қазіргі оқу үрдісін ұйымдастыру сүлбесі шамамен мынадай: мұғалім белсенді, оқушы енжар, ал оқушының ақпаратты меңгеру кезіндегі белсенділігі мұғалімге тез талдауды және т.б. талап ететін сұрақтардың қойылуына, өз пікірін айтуға әкеп соқтыратыны сөзсіз, ал бұл мұғалімнің жылдам ақпараттық мүмкіндіктерін қамтамасыз етпейді. Дәстүрлі оқыту жүйесінде оқушыларға жеке тапсырмалар беру жолымен олардың оқу іс-әрекеттерін белсендіру мұғалімге шамамен тыс көп ақпаратты жүктеу арқылы проблеманы шешуге әрекет жасау деген сөз, ал жалпы тапсырмаларға қарағанда ерекше тапсырмаларды тексеруге едәуір көп күш және уақыт керек.
4. Дәстүрлі оқу үрдісінде ақпарат беру айтарлықтай дәрежеде абстрактілі-логикалық (дәлірек айтқанда сөздік) формаға негізделген. Ал, ақпарат болса адамның талдау және синтездеу қабілетіне, құбылыстардың модельдерін құру немесе керісінше, модельден және оны сипаттайтын математикалық теңдеулерден ақиқат құбылысты көре білу мүмкіндігіне бағытталған болады. Сонымен бірге психологтар мен физиологтардың зерттеулері, адамдардың көп бөлігі көрнекі формада берілген ақпаратты қабылдап, меңгере алатындығын дәлелдеген. Дәстүрлі оқу үрдісінде қолданылатын көрнекілік элементтері көбінесе статикалық сипатта болады, олар құбылыстар мен үрдістердің дәл сол уақытта және кеңістікте даму динамикасын қамтып көрсетпейді, яғни құбылыстардың сайма-сай бейнелерін жасай алмайды.
5. Дәстүрлі оқу үрдісінде, мұғалім оқушылардың білімін тек эпизодты және ішінара тексеруге ғана мүмкіндігі бар және ондай тексеру, бір жағынан, мұғалімге оқу ақпараттарын оқушылардың меңгеруі туралы толық мағлұмат бермейді, екінші жағынан, оқушылар үшін оқудың сыртқы мотивін қамтамасыз ете алмайды.
6. Мұғалімге оқу-тәрбие үрдісін басқаруда іс-әрекеттерді қарастыруы үшін оқушылардың психо-физиологиялық және ақыл-ой даму динамикасы туралы ақпараты керек, олардың қалыптасу ерекшеліктерін және басқа да мәліметтерін білмей мектептегі оқу- тәрбие жұмысын жақсартуға болмайды.
Аталған қиындықтар мен қайшылықтар оқу барысындағы ақпараттық үрдістерді ұйымдастырудың жетілмегендігімен байланысты екенін көрсетіп отыр. Дәстүрлі оқу технологиясы шеңберінде, Ян-Амос Коменскийден бері айтарлықтай өзгерістер болмаған оқу жүйесінде бір мұғалім және көп оқушы аталған қарама-қайшылықтарды жеңу мүмкін емес. Ал, бұл өз кезегінде, жаңа ақпараттық қоғамда мектеп бітірушіні өмірге толық дайындай алмайды деген сөз. Бұдан шығатын ең қолайлы жол ақпараттық технологияны мектеп оқу үрдісіне кеңінен ендіру.
Осыған байланысты оқу үрдісіндегі ақпарат айнамалы үшеуінің арасында үйлестіріп қайта бөлу (мүмкін толықтыру) мәселесі пайда болады. Осы мәселені шешуге таңдалған вариант жаңа ақпараттық технологияны (ЖАТ) оқытуда қолданудың стратегиясын анықтайды. Оқу үрдісін бір “білім жазықтығындағы” қозғалыс ретінде қарастырайық (4-сурет).
Жаңа материалды баяндау, оқу үрдісін басқару, оқушыны тәрбиелеу мұғалімнің ісі екені айқын, ал соңғы нәтиженің жауапкершілігі де сонда. Басқа сөзбен айтқанда, “мұғалім – оқушы” ақпараттық аймағында оқытудың топты құрастырушысы жүзеге асу керек. Керісінше, ақпаратты меңгерудің бастапқы кезеңдеріндегі (репродукция кезеңі және стандартты жағдайдағы білімді қолдану кезеңі) индивидуальді құрастырушы бұрын таныс теориялық жағдайларды көп рет қайталаумен және практикалық тапсырмаларды көптеп орындаумен байланысты, ал шығармашы-лық дәрежеге шығу үшін өздігінен зерттеу жүргізу мүмкіндігін талап етеді.
Бұл тапсырмалардың сан-алуандығына қарамай – іскер болып дағдылану және шығармашылық қабілетті дамыту – екеуінің де мәселесін компьютерді қолдану арқылы ойдағыдай шешуге болады. Сонымен оқудың индивидуальды құрастырушысы “оқушы-компьютер” аймағында жүзеге асыруы керек. Бұл жағдайда компьютер әрі оқушы білімінің объективті баға құралы (компьютерлік бақылау), әрі модельдеуші орта (компьютерлік модельдер) бола алады. Басқа сөзбен айтқанда, дербес компьютер оқушы үшін дербес мұғалім бола алады деген сөз.
Дәстүрлі технологияда аймақтық "мұғалім - компьютер"
аналогы жоқ. Бұл жүйе арқылы мұғалім әр оқушының және бүкіл топтың оқу материалын меңгеру динамикасы туралы ақпаратты алып отырады, бұл оқыту барысында сабақтың мазмұнына, көлеміне, жылдамдығына және басқа аспектілеріне дер кезінде түзету (соның ішінде жекешеленген) енгізіп отыруға мүмкіндік береді.
Осы аймағында тағы да барлық оқу барысындағы психофизиологиялық тесті жүргізудің нәтижелері жинақталады, бұл мұғалім мен мектеп психологына оқушының дамуын болжауға және оған лайықты тәрбиелік шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен, мұғалім мен компьютер арасындағы дидактикалық функцияны ажыратып қарастырғанда, егерде ол жұмыстар адам басшылығымен іске асатын болса, онда үлкен мүмкіндік туатындығы байқалады. Бұл жерде мұғалімді машина толық алмастыра алады деген қауіптенушілік жоққа шығарылады. Бағдарламаланған оқу меңгерілуі міндетті түрде бақыланып отыратын оқу материалдарын жеке бөліктерге бөлуді қарастырады; тесті жүргізудің нәтижелері бойынша ендігі қадам қандай болатыны туралы шешім қабылданады: егер тест ойдағыдай орындалса, жаңа бөлікке өту, егер оқушы бақылау тапсырмасын орындай алмаса, онда өткенді оқу кезеңіне қайта оралу.
Компьютер көмегімен осы сияқты сүлбелерді жүзеге асыру әрекеттері бұрын 2-ші, 3-ші буын машиналарында да жасалған, ал қазіргі кезде дербес техникада жалғастырылып келеді. Бірақ бұл бағытта әлі де айтарлықтай жетістіктерге жеткен жоқ. Бұның себебі: компьютерге тіпті оған тән емес дидактикалық функцияларды (жаңа ақпараттарды хабарлау және оқу барысын басқару) беруге тырысады, ал ол үшін әйтеуір бір жолмен оқу үрдісін алгоритмдеу керек және оқу барысының әр түрлі сценарилерін қарастыру керек. Осы туралы бірқатар қарсы пікірлер айтуға болады:
біріншіден, оқушылардың көбі жаңа ақпаратты мұғалімнің баяндау және түсіндіру жолымен қабылдағанды жөн көреді; екіншіден, берілген ақпаратты меңгеру кезінде пайда болуы мүмкін барлық жеке жағдайларды болжау және бағдарламалық жүйенің оларға реакциясын ңарастыру мүмкін емес; үшіншіден, оқу тактикасын машина анықтайтын жағдай, ал адам оған бағынышты жағдай ең өрескел педагогикалық және психологиялық қате болып табылады.
Сонымен, егер жоғарыда айтылған оқу үрдісіндегі рольдерде бөлу сүлбесін қабылдасақ, онда жаңа ақпаратты оқушыларға беруге бағытталған бағдарламаның мұғалімге керегі жоқ екенін мақұлдаған орынды.
Бұл айтылғандар толықтыруды, анықтауды немесе негізгі курсты кеңейтуді қарастыратын оқыту фрагменттерінің мәнін кемітпейді – олардың елеулі түрде қолданылуына сөзсіз құқығы бар, біраң тек жаңа материалды мұғалімнің баяндауынан кейін, тегінде, сырттай оқу формасында электронды оқулықтарды қолдануға болады, бірақ, бұның жалпы білім беретін мектептерге қатысы жоқ.
Сонымен, бастауыш мектептерде компьютердің функциясы – жеке құрастырушыны қамтамасыз ету, яғни бұрын алған білімді көп рет қайталау жолымен бекіту, жеке практикалық тапсырмаларды орындау, оқу барысын жүйелі түрде бақылау және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Анықтама - ақпараттық жүйелерді қолдануды бөлек атап өту керек, онда компьютер әр түрлі пәндерді оқытуға керек фактологиялық ақпараттардың көзі ретінде саналады. Осы заманғы компьютерлік технологиялар, жекелей айтқанда мультимедия жүйелері (“multіme-dіasystem”) және глобальды компьютерлік жүйелердегі жұмыс (мысалы, іnternet) оқушыларға білімнің барлық саласындағы ақпараттарды беруді қамтамасыз ете алады, бұл пәндерді оқыту мазмұны мен тәсілдерін өзгерту кезінде есепке алынуы керек.
Айтылғандарға байланысты бастауыш мектептерде ЭЕТ-ны оқу құралы ретінде қолдану мынадай негізгі бағыттарға бөлінеді:
- компьютерлі тренаж;
- жеке тапсырмаларды генерациялау (және тексеру);
- компьютерлі бақылау;
- зерттеуді орындау үшін модельдеу жұмыстары;
- анықтама – ақпарат жүйелері.
Шетел және Ресейлік тәжірибелердің көрсетуі бойынша, оқу компьютерлік технологияларын дұрыс қолданған кезде көп артықшылықтарды қамтамасыз етеді, олардың ішіндегі ең маңыздылары деп мыналарды айтуға болады:
- оқу үрдісін (материалдың мазмұны және оны меңгерудің көлемі мен жылдамдығы бойынша) іс жүзіне дараландыру;
- оқу ақпаратын меңгеру кезінде оқушылардың белсенділігін арттыру, ол үшін олармен интерактивті тәртіпте дара жұмыс істеу керек;
- оқу уақытын қолдану тиімділігін жоғарылату (іскерлік пен дағдының қалыптасу жылдамдығы және олардың артықшылығы тұрғысынан);
- оқушы жұмысының комфортты психологиялық жағдайы, білімді тексерудің жүйелілігі және жаппайлығы, бағаның әділдігі арқылы жасалған оқудың жағымды мотивациясы;
- оқу үрдісін ізгілендіру (оның әр түрлі жақтарын адамның психофизиологиялық ерекшеліктерімен жақсылап сәйкестендіру мағынасында);
- мұғалімнің жұмыс сипатын өзгерту, жекелеп айтқанда, оның іс-әрекеттеріндегі ескішілікке негізделгендерін қысқарту, ал шығармашылық құрастырушыларды күшейту;
- оқушылар туралы мәліметтерді пайдалану салыстыру нәтижесінде тәрбие жұмыстарының (немесе тәрбиелік әрекеттердің) сәйкестігі (үйлесімділігі).
Мектептің оқу жоспарларында және жеке пәндердің бағдарламаларында оқушылардың қабілеттілігін шыңдайтын мақсат жеткіліксіз, тек білімділігі мен біліктілігіне қойылатын талаптар қалыптасқан. Сонымен, математиканы оқыту практикасында оқушылардың орнықты білім деңгейі талап етіледі, өйткені бұрынғы өткен материалдарды білмесе, жаңа материалды меңгеру мүмкін емес.
Дәстүрлі білім беру технологиясында жаттығуларды орындауды ұйымдастыру көп оқушының қабілеттігін шыңдай алмайды (іскерліктерін қалыптастырмайды). Оның себептері: қажетті мөлшердегі әр түрлі қиындықтағы варианттардың жоқтығы, бір сабақта игерілетін материалдың көлемі аз, жекелей оқыту жолға қойылмаған. Дәстүрлі оқу үрдісінде бұл жетіспеушіліктерді жою дұрыс жолға қойылмаған, мысалы, әр түрлі қиындықтағы, жекелей тапсырмалар жұмысы, жоғарыда айтылғандай оқытушының шамадан тыс ақпараттың жүктелуіне әкеліп соғады, оқушы шамадан тыс көп, әрі қиын ақпаратты меңгере алмайды, соның салдарынан ынтасы төмендейді.
Тек қана компьютер оқушының жұмысын бағалап, жөндеп, дұрыс бағытқа сілтейді және оның оқудағы жүктемесін азайтуға себепкер болады.
Төменгі сыныптарда компьютерлік тренажерді қолдану оқу үрдісін қажетті деңгейіне жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан компьютерлі жаттықтырғыш (тренажер) бұл оқушының қабілеттік деңгейін шыңдайтын және бұл үшін мұғалімнің қажетті әрекетін қамтамасыз ететін бағдарлама. Сонымен компьютерлі тренажер арқылы мыналарды жүзеге асыра алады:
- белгілі бір тақырып бойынша біртектес ретті, тапсырмаларды оқушыларға үлестіру;
- оқушыларды тапсырма орындау құралымен (экранды калькулятор, текстті редактор, жауаптарды ендіру мүмкіндігі т.б.) қамтамасыз ету;
- оқушыға консультация беру немесе есеп шығару үлгісімен таныстыру;
- оқу тапсырмасына талдау жасап, оны бағалау.
Оқушы оқу бағдарламасының басқаруымен жұмыс істесе де, оқыту тактикасын өзі таңдап алуы тиіс. Жеке мәселелер: меңгеру уақыты, орындайтын есептердің санымен күрделілігі, қабылдайтын көмек деңгейі болып табылады. Компьютерлі жаттықтырушыны оқу кезеңінде қолданғандықтан, оқушының әрекеті тек сапалы және кеңес беру жағынан сынға алынады. Мысалы, "Сіз мүмкін болатын 30 ұпайдан 20 ұпай жинадыңыз", "Сіз тапсырманы дұрыс орындадыңыз, бірақ бірнеше кішігірім кемшіліктері бар. Бұл әрекетіңіз жөнді болмады. Оқулықтағы "Сандарды көбейту" деген тарауды қайталап тапсырманы орындауға қайта келіңіз". Ал компьютерлі жаттықтырушының нәтижесі бойынша журналға баға қоюға болмайды.
Мұғалімнің бұл компьютерлік бағдарламаларды пайдаланып оқытудағы ролі мынадай: жаттығу бойынша теориялық материалды түсіндіру, оқушыға бағдар беру: (іс жүзінде қолмен ол не істейді және қалай істеуі керек), тақырыптардың жұмыс көлемін (санымен күрделілігін) анықтап, жұмыс барысында көмек көрсету. Қажет болған жағдайда оқушылардың көбі қинала орындаған жұмыстың жалпы қорытындысы шығарылады немесе жұмысты жеңілдететін тапсырмалар беріледі.
Мектепте оқу үрдісін ұйымдастыру тәртібін бағалай келе, білім мен қабілеттілікті дәстүрлі тәсілмен тексеру деңгейі оқушының танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру үшін тиімсіздеу. Оқудың қорытындысын тексеру теориясымен оның практикада орындалуы арасында алшақтық бары айқындалуда. Тексеру тиімділігін тежейтін субъективті себептермен бірге (оқытушылардың дайындықсыз келуі, қажетті материалдардың жоқтығы), дәстүрлі оқыту жүйесінде мызғымас бірнеше объективті себептерді айтуға болады:
- сынып құрамы 25-40 оқушы болғанда мұғалім оқушының жекелей танымдық іс-әрекеттерін ұйымдастыруға мүмкіндігі болмайды, бұл сөзсіз үлгермеушілер мен қалыс қалушылардың көбеюіне әкеп соғады;
- оқушыны тексеру анда-санда және бірен-саран (таңдамалы) болады, бұл сыртқы себептерді әлсіретіп оқушының жүйелі және әрдайым жұмыс істеуіне ықпал етпейді;
- мектептегі оқу бағдарламаларында әр деңгейлі тексеруге арналған уақыт қарастырылмаған;
- оқушыда оқу құралдарының әр түрлі варианттары жоқ, бағдарлама мен оқу мақсаты бәріне бірдей;
- оқушының білімін сынау объективті емес, оқу пәнін бағалайтын деңгей (шкала) оқушылардың әр түрлі вариантты жауабын қарастырмайды, оқушының жекелей танымына оқудың сатысы сай емес.
Дәстүрлі оқытуда тексеру әдістерінің осы айтылған кемшіліктерімен қатар артықшылық жақтары да бар. Соларды атап өтейік:
- тексерудің әр түрлі көп әдістері бар: ауызша сұрау, жазбаша жұмыс, тақта алдындағы жұмыс, тест тапсырмаларды орындау, демонстрациялау т.б.
- ауызша жауапта ғылыми баяндауды меңгеру мүмкіндігі, жауаптарға ғылыми түсініктермен, терминдермен жауап беру, дискуссияға тарту, дәлелдеуді сұрау;
- оқытушының және оқушылардың қалыптан тыс жауаптарының дұрыс екенін талдау жасау.
- Компьютерлі тексерудің артықшылық жақтарына жататындары:
- көп жүйелі тексерудің жүзеге асыру мүмкіндігі;
- сыныпта қанша оқушы болуына қарамастан білімдерін жекелей тексеру мүмкіндігі;
- тексерудің жалпыламалығы және жүйелі тұрақтылығы;
- бағаның икемді нақтылығымен объективтілігі;
- оқу барысында меңгерілген материалдардың тізімін құру және нәтижелерді автоматты статистикалы өңдеп тексеру мүмкіндігі: бұл мұғалімге оқу үрдісін сайма-сай меңгеруге шешім қабылдап кірісуіне мүмкіндік береді.
Компьютерлі тексерудің кемшілік жағы да бар. Оларды атап айтсақ, мыналар:
- бақылау тапсырмаларын тексеру әдісінің әр түрлілігі көп емес;
- жауапты ендіру тәсілдерінің шектеулілігі;
- жауапты алдын ала ойластырып, қалыптан тыс дұрыс шығармашылық ойын бағалай алу мүмкіндігінің қиындығы.
Жоғарыда жасалған салыстырмадан мәлім болатыны; ең тиімдісі компьютерлі және дәстүрлі оқыту әдіс-тәсілдерінің озық жақтарын біріктіру. Жекелей айтсақ, материалдарды меңгерудің шығармашылық деңгейінде дәстүрлі тексерулерге жол беру керек. Компьютерлі көп деңгейлі бақылауды қолдану кең түрде құрылымдық тапсырмалар банкісін құруды талап етеді; тапсырмаларды тізіп тексеруші жүйеге енгізу мұғалімнің көп уақытын алады. Мұғалімдердің шығармашылық топтарынан бұл жұмыстарды жүзеге асыруда тиімді нәтиже күтуге болады, олар бір тапсырмаларды бөліп алып орындап, бір-бірімен алмаса отырып қолданулары қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |