4.Тоныкөк ескерткішінің тарихи маңызы. Тоныкөк (Тоңыұқық) – 646-741 жылдары өмір сүрген, екінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаушылардың бірі және бірегейі болған тұлға. Ол оғыз тайпасынан шыққан ақылгөй дана, өз заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер. Көшпенділер тарихында артында өшпес атақ-даңқын қалдырған дара тұлға. Тоныкөк ел-жұртының қасіретін, қуанышын, ерлігі мен елдігін тасқа жыр қылып қашап қалдырған.
Тасқа қашалған жырда «Мен, Білге Тоныкөк, табғаш (қытай) елінде тәрбиеленіп өстім. Түркі халқы ол кезде табғаштарға бағынышты еді» деген жолдар бар. Бұдан Тоныкөктің түркі тайпасы көсемдерінің бірінің баласы екені анық аңғарылады. Өйткені ол кезде көшпенділердің тек ел басыларының қытайға аманатқа берген балалары ғана император сарайында оқып, тәрбие алған екен.
Тасқа қашалған тарихи ескерткіштің түркі жұрты үшін маңызы зор. Тоныкөк жазба ескерткіші – Екінші Шығыс Түрік қағандығының саяси, қоғамдық және әлеуметтік өмірін ежелгі түркі поэзиясы стилінде зор шеберлікпен бейнелеп көрсеткен, идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесі биік әдеби жәдігер. [9]
«Тоныкөк» ескерткіші 313 өлең жолынан тұрады. Жырдың жалпы оқиға желісін зерттеушілер 14 циклға бөліп қарастырады. Мұнда түркілердің өз елі, жері үшін соғысқандары айтылып, соның барлығында да жеңіске жеткендері, ол Тоныкөктің ақыл-кеңесінің нәтижесі екендігі баяндалады.
Тоныкөк жазба ескерткішіне дидактикалық сарын беріп тұрған қанатты сөздер, афоризмдер, мақал-мәтелдер кейінгі қазақ ақын-жыраулар поэзиясында өзінің көркемдік дәстүр жалғастығын тапты. Бұл әдеби жәдігер – көшпенділер әлемінің білім-ғылымының көкжиегін кеңейте түскен құнды мұра.
Ежелгі ескерткіштің құпиясы мен сырына үңілген ғалымдардың қатары көп. Бұл таңбалы тастағы жазуларды Вильгелм Томсенның бұрын ең алғаш 1662 жылы Витзен есімді ғалым зерттеп, жазба қалдырады. Жалпы Орхон-Енисей ескерткіштерінің зерттелу тарихы ХҮІІ ғасырдың ІІ жартысында басталды. 1697 жылы Тобыл қаласында Ремезовтың «Сібір қалаларының шөл далалары мен таулы жерлерінің чертежі» атты еңбегі жарық көреді. Сол еңбекте Талас бойындағы «Орхон тасы» деген жер аталған. Орхон-Енисей ескерткіштері үлгілерінің алғашқы жарық көруі Сібірде 13 жыл айдауда болған Табберт-Страленгбергтің атымен тығыз байланысты. Оның 1730 Стокгольмде неміс тілінде басылып шыққан «Европа мен Азияның солтүстік және шығыс бөлімдері» атты еңбегі көне ескерткіштер туралы мағлұмат береді.
1887-1888 жылы фин елінің ғалымы Аспелин арнаулы экспедициямен Енисей өзені бойындағы жазуларды зерттеп, қорытынды экспедиция материалдары 1889 жылы Гельсенфоргте «Енисей жазбалары» деген атпен жарық көрген. Мұнда 32 жазу таңбасы, сегіз фотосурет қамтылған. 1889 жылы Ядринцев бастаған орыс экспедициясы Монғолиядағы Орхон өзені бойынан екі үлкен ескерткіш тауып, түркология ғылымына үлес қосқан.
Ал атақты түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы бұл ғалымдарды сынай былай дейді: «Бұлар әу баста, түркі халықтарының мәдениетін зерттей қояйын, олардың арғы жағы қандай екенін біле қояйын деп зерттеген жоқ. Бұлар бірінші біздің ішкі сырымызды білу үшін, «Шыққан тегіміз кім?» дегенді анықтау үшін осы дүниелерге жолығып қалды.
Ол уақытта Ленинградқа Еуропаның ғалымдары да келген. Олардың арасында Геккель деген фин ғалымы дереу экспедиция жасақтап, 1890 жылы Орхонға келеді. Ол да көшіріп алып, жолда Қияқты қаласына барып, Папап деген Қытай маманына кезігіп қалады. Сосын ол Папапқа: «Осындай дүние алып келе жатырмын, сен оқи аласың ба?» – дейді. Қытайдың ол кездегі жазуы басқаша. Сосын ол бірден жазуды қарап: «Әй, мынау түукюлердің дүниесі ғой» дейді. Сосын Шлегель деген ғалымдар оқып, ол да түрік жазуы деген қорытындыға келеді. Осы кезден бастап дүние қақ жарылды. Көшпелілер мәдениетіне деген көзқарас белең алып, түріктер мұрасы әлем тарихына жүгін арқалап шыға келді. Осылай әлем бұл түріктердің мұрасы екенін мойындауға тура келді» [10]
Тасқа таңбаланған Тоныкөк ескерткіші туралы тарихи деректердің түйіні осы. Ал Түркі әлеміне ортақ тарихи тұлғадан қалған әдеби жәдігерді әлі де зертеп, зерделей түсу бізге парыз.
Осыған орай Халықаралық Түркі академиясы Анкарада ашылған «Түркі әлемі: Тоныкөк саябағы» аумағына Білге Тоныкөк жазба ескерткішінің көшірмесін орнатты. Тарихи маңызы зор ескерткіштің ресми ашылу салтанатына Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп және Парламент Мәжілісінің депутаттары, Анкара қаласының губернаторы, халықаралық ұйымдардың басшылары, елшілер, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.Түркия астанасының орталық ауданында орналасқан саябақ аумағына Моңғолиядағы Орхон өзенінің бойындағы VIII ғасырға жататын Тоныкөк жазба ескерткішінің Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген дәлме-дәл көшірмесі қойылды. [11]
Түрік бауырларымыздың ортақ ата-бабаларымызға көрсеткен құрметі біздің елімізде де дәріптеліп келеді , бұл себептен де 2020 жыл Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдық мерейтойына орай Түркі әлемінің ортақ ұйымы Халықаралық түркі академиясының бастамасымен «Білге Тоныкөк жылы» деп жарияланып атап өтілді. «Толған ел — тарихын таспен жазады, Тозған ел — тарихын жаспен жазады» демекші өз тарихымызды ұлықтап , келешек ұрпаққа бағасыз мұра ретінде қалдыруымыз қажет.