Қожа мұхтар баһадырұлы ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде


«Отырардың ортағасырлық тарихына байланысты деректер



бет12/53
Дата06.02.2022
өлшемі1,05 Mb.
#37498
түріДиссертация
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   53
1 «Отырардың ортағасырлық тарихына байланысты деректер» деп аталатын тарауда Отырар тарихына қатысты белгілі барлық дерек көздері қарастырылады. 1.1 «Отырар туралы тарихи-археологиялық зерттеулер» деп аталатын бөлімде Отырар жөніндегі археологиялық деректер төрт кезеңге: 1. 1.1832 - 1946 жж.; 2. 1947–1966 жж.; 3. ХХ ғ. 60 - шы жж. аяғы - 1991 ж. аралығы; 4. Қазақстанның егемендік алған 1991 ж. бастап 2008 ж. ортасына дейінгі аралық деп бөлініп баяндалады.
ХІХ ғ. А.И. Левшиннің, Н.А. Маевтың, Н. Дингельштедттың, Е.Т. Смирновтың зерттеулерінде Отырар қиранды, қала құландысы ретінде аталады. Баспасөзде Отырар қаласының құландыларын алғаш И.Т. Пославский сипаттады. Сырдарияның орта ағысының сол жағалауындағы ескерткіштерді алғашқылардың бірі болып аралап суреттеген Н.В. Руднев болды. Отырар тарихы жөнінде Н.С. Лыкошин, В.В. Бартольд, Н. Жетпісбаев баспасөз бетінде пікір алысты. Соңғы уақытқа дейін археологиялық әдебиетте Отырарда алғашқы қазбаны А.К. Кларе мен А.А. Черкасов 1904 ж. жүргізген деп саналатын. Алайда Н.И. Веселовскийдің бізге жеткен «Қазалыдан Ташкентке барар жолдағы көне қалалар қалдықтарының сипаттамасы» деп аталатын қолжазбасына сүйенсек, әйгілі шығыстанушы Қазақстанның оңтүстігінің бір топ ескерткіштерін зерттеп, солардың ішінде Отырарда қазба жұмыстар жүргізген екен. Отырарға қатысты мәтін жұмыста толығымен келтіріледі және мәтінді талдау арқылы Отырарда Н.И. Веселовскийдің қашан болғаны негізделеді. Сонымен, аталған құжаттарға сүйене отырып, Отырар қалдықтарының алғашқы сипаттамасын жасаған және Отырартөбеде тұңғыш қазба жұмыстарын жүргізген шығыстанушы, һәм археолог Н.И. Веселовский деуге толық негіз бар. Алайда бұл жұмыстар жөнінде баспасөз бетінде ғылыми есеп жарияланбаған соң Отырардағы алғашқы қазбалар ғылыми орта үшін белгісіз болып келді. А.К. Кларенің «Ежелгі Отырар және оның құландыларындағы 1904 жылы жүргізілген қазбалар» атты еңбегі қазба жөніндегі әдеттегі есеп шеңберінен асып сол кездегі ғылыми айналымға енген жазба деректерді қамтыған Отырардың тарихын жазуға деген алғашқы талпыныс деп бағалауымыз керек. Онда Отырар мен Фараб атауларының шығу тегі жөнінде жорамал жасалған, қала арқылы өткен жолдар бағыты суреттелген, ел арасында сақталған бірнеше тарихи аңыз әңгімелер алғаш жарияланды.
Сырдарияның сол жағалауындағы ескерткіштерді алғашқылардың бірі болып аралап көрген Н.В. Руднев болды. Оның 1900 ж. мақаласында Сырдарияның бойындағы Қысты деген жерден Түркістан қаласына дейінгі аймақта 11 қала орны аталады. Н.В. Руднев 1903 ж. «Туркестанские ведомости» газетінде Сырдарияның орта ағысы жағалауының картасын жариялады. Археологиялық әдебиетте аталмайтын осы картада 51 ескерткіш белгіленген. Бұны осы аймақтың тұңғыш археологиялық картасының нобайы деп бағалауымыз керек.
ХХ ғ. басында Отырар ескерткіштерін Д.Н. Люшин, И.А. Кастанье атап өтті. Сонымен 1832-1911 жж. аралығында Отырар өңірінің бір топ ескерткіштері өлкетанушылар тарапынан есепке алынып суреттелді. Отырартөбеде және Отырар өңірінің кейбір ескерткіштерінде алғашқы шағын қазба жұмыстары жүргізілді, Отырар тарихына қатысты жазба деректердегі мәліметтер ғылыми айналымға енді, ел арасындағы аңыз әңгімелер жинақталып, баспасөз бетінде жариялана бастады. Бұл жұмыстарды Отырардың ғылыми тұрғыдан зерттелуінің алғашқы қадамдары деп бағалауымыз қажет.
1917 ж. Қазан төңкерісі, одан кейінгі азамат пен екінші дүниежүзілік соғысы Отырар ескерткіштерін зерттеуге мұрша бермеді. Шетелде тек жазба деректерге сүйенген Отырарға арналған қысқаша J.H. Kramerдың мақаласы басылды [1]. Көп үзілістен кейін 1947 ж. бастап Отырар ескерткіштерін зерттеуді А.Н. Бернштам басқарған, Е.И. Агеева, Г.И. Пацевич, А.Г. Максимова, басқа да зерттеушілер қатысқан Оңтүстік Қазақстандық археологиялық экспедициясы бастады. Олар Отырар алқабының басты-басты ескерткіштерін есепке алып, олардың бірнешеуінде шағын қазбалар жүргізді, Қангюй–қаңлы мәселесін көтерді, кангюй–қаратау мәдениетін белгіледі. Ескерткіштерді топографиялық, типологиялық жағынан жіктеу, керамиканы жүйелеу мәселелері 1958 ж. Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевичтың «Оңтүстік Қазақстанның тұрақты қоныстары мен қалалары тарихынан» атты зерттеуінде көрініс тапты [2]. Отырар ескерткіштері «Қазақстанның археологиялық картасына» енгізілді. 1960 жылдары бұзыла бастаған Отырар ескерткіштеріне М.О. Әуезов, Ә.Х. Марғұлан араша түсті. Ә.Х. Марғұлан «Отырар қаласының орнында» атты шағын мақаласында Отырардың тарихи маңызын көрсетіп тарихи ескерткішерді қорғау, ел аузындағы аңыз әңгімелерді жинау мәселесін көтерді [3, 6-7-бб.]. Бұрын Отырарға қатысты археологиялық әдебиетте аталмаған осы мақала диссертацияда талданады. Аталған зиялыларымыздың араша түсуінің арқасында Отырартөбе кең көлемдегі бұзылудан сақталды.
1966 ж. Отырар өңірінің солтүстік бөлігіндегі Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының бір отряды барлау-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Л.М. Левина кангюй – қаратау мәдениеті деп А.Н. Бернштам атаған археологиялық мәдениеттің атын біршама өзгертіп, отырар – қаратау мәдениеті деп атауды ұсынды. 1967 ж. К.А. Ақышев басқарған Жетісу археологиялық экспедициясы Оңтүстік Қазақстан аумағы мен Отырар алқабы ескерткіштерін барлады.
Отырар ескерткіштерінің зерттелу тарихының жаңа кезеңі 1969 ж. К.А. Ақышевтың Отырар археологиялық экспедициясын ұйымдастыруымен басталады [4, с. 25]. Екі жылдан соң бұл экспедиция Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедиция (басшысы К.А. Ақышев) болып құрылып, оның құрамында К.М. Байпақов, Л.Б. Ерзакович, С.М. Ақынжанов, Х.А. Алпысбаев, В.А. Грошев, С.Ж. Жолдасбаев, Ж.Қ. Таймағамбетов, Т.В. Савельева, А.Н. Подушкин, А.К. Ақышев, Е.А. Смағұлов, Б. Нұрмұханбетов, Ю.И. Трифонов, Н.О. Алдабергенов, К.Н. Бурханов, Ю.А. Мотов, басқа да археологтар Отырар қаласы мен алқаптың ескерткіштерін зерттеуге атсалысты. Отырар ескерткіштерін жаңаша тәсілдермен зерттеу қолға алынды. ХХ ғ. 60–шы жж. аяғы мен 1991 ж. арасында жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде Отырар Қазақстан мен Орта Азия аумағында ең көп зерттелген кейінгі ортағасырлық қалаға айналды. Отырар ескерткіштерін зерттеу барысында археология ғылымының сол кездегі жаңа тәсілдері қолданылды. Отырар ескерткіштері алғаш рет ұшақтан фотосуретке түсірілді, Қазақстанда алғаш рет ортағасырлық қаланы кең көлемде қазу жұмыстары жүргізілді, палеоэтнографиялық, ирригациялық, нумизматикалық ізденістермен, керамикалық ыдыстардың саз құрамын анықтау, олардан тарихи мәліметтер алу жұмыстары қатар жүргізілді. Отырар археологиясына арналған монографиялар, жүздеген мақала-хабарлар жарық көрді [5].
Қазақстан егемендік алған соң мәдени мұраны зерттеу мен сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөліне бастады. 2004 ж. мемлекеттік «Мәдени мұра» және «Көне Отырарды қалпына келтіру» атты бағдарламалар қолға алынды. Қарастырылған кезеңде Отырар тарихы мен археологиясын зерттеу жаңа сатыға көтерілді. К.М. Байпақов басқарған Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедиция зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Отырар ескерткіштерін зерттеу, сақтау және құжаттау мәселелерімен Қазақстандық ғалымдармен қатар ЮНЕСКО/Жапония мамандары айналысты. Отырар ескерткіштерін зерттеуде жаңа технологиялар пайдаланылды. Отырар археологиясын қамтыған кітаптар, көптеген мақала–хабарлар жарық көрді. Бұл кезеңде К.М. Байпақовтың жеке дара кітаптары, және Н.О. Алдабергеновпен бірге дайындаған фотоальбомы, Е.А. Смағұлов, А.А. Ержігітовалармен, З.Ж. Шарденовамен, Г.А. Терноваямен, Д.А. Воякинмен тағы басқалармен бірге дайындаған монографиялары, кітапшалары мен мақалалары жарық көрді. 2008 ж. Отырар ауданының ескерткіштер жиынтығы басылып шықты. Оған аудан аймағындағы жаңа ескерткіштер, соңғы жылдары жаңа технологиялар негізінде алынған нәтижелер, жаңа ұшақтан түсірілген суреттер енгізілді [6].
ХХ ғ. екінші жартысы мен ХХІ ғ. басында Отырар тарихының кейбір мәселелері этнография саласындағы белгілі ғалымдар Ө. Жәнібеков, У.Х. Шәлекенов зерттеулерінде, Отырар нумизматикасы Р.З. Бурнашева, В.Н. Настич, Е.А. Давидович, Б.Д. Кочнев, С.М. Юсупова, С.М. Аитова зерттеулерінде, керамика өндірісінің мәселелері Э.Ф. Кузнецова, Т.М. Тепловодская, Н.И. Синенькая, шиша өндірісі Т.С. Дощанова зерттеулерінде қарастырылды. Отырардың сәулет өнері ескерткіштерінің зерттеу және жәдігерлерді сақтау, қорғау мәселелерімен В.В. Константинова, Т.К. Бәсенов, М.М. Мендикулов, В.Л. Воронина, М.К. Сембин, Н.П. Егорова, Г.М. Камалова, Б.Т. Тұяқбаева, Ю.А. Елгин, А. Қонысбаев, Е.Х. Хорош, Н. Иманжанов, Е. Репинская және Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қызметкерлері айналысты.
D. Clarke , R. Sala, J.M. Deom, E. Meseth, Б. Аубекеров [7] Отырардың тарихи кезеңдердегі геоморфологиясына, геологиясына, гидрологиясына, климатына және осыларға байланысты ирригацияға назар салып зерттеу жүргізді.
Археологиялық-тарихи әдебиетті шолу зерттеу жұмыстарының әртүрлі бағытта жеке-жеке бағытта тереңдетіліп жүргізіліп, үлкен нәтижелерге жеткенін көрсетті. Аталған өңірдегі қалалық мәдениеттің басталу мәселесі, арабтардың Фараб-Отырар иелігін жаулап алуы, ортағасырдағы қолөнердің көптеген мәселелері, Отырар қалалық мәдениетінің этникалық аспекті және басқа да мәселелер зерттеуді талап етеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   53




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет