1.2 «Отырар тарихы мен тарихи орындары туралы аңыздар» деп аталатын бөлімде Отырар өңірінің байырғы аңыздары қаралды. Арыстанбаб және оның кесенесі туралы, Ақарықты қазған Шәміл хақында, Сырдария суының тасып, Отырар халқының қырылуы, Отырар қаласында тіршіліктің тоқтауы, Отырарда Әмір Темірдің дүние салуы және Өгіз жылғасы бойындағы қалалар туралы аңыздар, Мұңлық–Зарлық қисса-хикаяты – бұлардың барлығы Отырар өңірінің төл аңыздары. Аталған аңыздар немесе аңыздардың қысқа нұсқалары немесе оларда баян етілетін оқиғалар тым құрығанда бір ауыз сөзбен болса да, ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басындағы Отырар туралы жазған зерттеушілердің жазбаларында кездеседі. Олардың бір бөлігі баспасөз бетінде жарияланса, бір бөлігін Отырар ауданы тұрғындары Нарымбетов Мамасадықтан, Егемжар Жаңғабылдан жазып алдық. Жұмыста аталған аңыздардың барлығы тарихи деректердегі мәліметтермен, археологиялық ізденіс нәтижелерімен салыстырылып талдау жасалған. Аңыздардағы оқиғалар толығымен болмаса да, мейлің, жарым–жартылай болсын, жазба деректермен қошталады. Жоғарыда келтірілген аңыздардың төртеуі Отырар өңіріндегі арықтарға байланысты болып отыр. В.В. Бартольдтың Отырар туралы әңгіме ете келе осы өңірге қатысты жазба деректерде Сырдария немесе Арыс өзендерінен шығарылған арықтар туралы еш мәлімет жоқ деп көрсеткенін ескерсек, бұл аңыздар аса құнды болып табылады. Отырар өңіріндегі отырықшылық пен қала мәдениетінің дамуы, не құлдырауы сол каналдарға байланысты болғанын осы аңыздардан байқауға болады. Отырар алқабында алып каналдар қазылуы жөнінде мәлімет басқа деректерде кездеспейді. Темір өлімі туралы аңыз жазба деректердегі мәліметтермен үндесіп жатады. Онда қала топографиясына қатысты мәлімет табуға болады.
Отырар аңыздарын, тарихи әңгімелерін ең алдымен деректану сынынан өткізіп, саралап, олардың байырғы заман туындысы ма, жоқ кейін жасалған жасанды «аңыз» ба, соны ажыратып алу жұмысы жүргізілді. Көп жағдайда Отырар аңыздары жазба деректерде айтылмаған оқиғаларды суреттейді, ал жазба деректерінде көрсетілген жағдайлардың өзін қайталап жатқанның өзінде оқиғаны жаңа қырынан танытады, толықтырады. Сонымен қатар Отырардың төл аңыздарында жалпы аңыз атаулыға тән көрініс - халықтың қиялынан туған суреттеу, әсірелеу тұстары да бар. Мысалы, Шәмілдің Бөген мен Арыс өзендерін жалғаған Ақарықты жалғыз өзінің қазуы. Аңыздағы мәліметтерді қосалқы тарихи пәндер деректерімен, жазба және археологиялық деректермен салыстырып, тексеріп отыру керек. Тек осы жолмен ғана аңыздағы жорамалдар мен хикаяттар ішінен тарихи шындықтың дәнін ажыратып алуға болады. Деректану тезінен, сынынан өткен Отырар аңыздары ғана ортағасырлық Отырар өлкесінің тарихының жаңа беттерін ашуға қажетті дерек көздері бола алады.