Қожа мұхтар баһадырұлы ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде


«Отырар- Фараб иелігінің елді мекендері»



бет16/53
Дата06.02.2022
өлшемі1,05 Mb.
#37498
түріДиссертация
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   53
2.2 «Отырар- Фараб иелігінің елді мекендері» деп аталатын бөлімде жазба деректерде кездесетін елді мекендер мен қалашықтар археологиялық барлау барысында табылған археологиялық ескерткіштермен сәйкестендіріледі. Фараб-Отырар иелігінің оңтүстік шекарасындағы ең шеткі елді мекен Фасих Ахмад ал-Хавафидің «Муджмал-и Фасихи» атты шығармасындағы мәліметке сүйенсек, ол Ақсулат болады [13, с. 164]. Деректің мәтініне қарағанда бұл Шардара елді мекенінің айналасы. Ақсулаттан соң Ұзыната, Сүткент жерлері аталады. Әмір Темір әскерімен Ақсулаттан аттанып, Ұзынатаға түнеп, Пулқожаға тұрақтап, Сүткентке жеткен. 1903 ж. Н.В. Рудневтің картасында Ұзыната мен Сүткент арасында екі бекініс орны белгіленген. П.А. Гомолицкий Ұзынатадан кейін көрген ескі қамал қасындағы мазарат барын жазады. Ескі қамалдың қасындағы мазарат осы Пулқожашайқы деуге негіз бар. Сүткент - Әмір Темір әскері Пулқожадан кейін тұрақтаған қалашық. Ибн Хаукальдың «Китаб ал–масалик ал–мамалик» кітабында Сүткент Фараб уалаятының қаласы деп көрсетіледі. Сүткенттен кейін Әмір Темір «Камарши-Ата» және «Султайн-шайх» деген жерлерді басып өтті. Алғашқы орын Байырқұмға сай келуі мүмкін. «Султайн-шайх» біздің пікірімізше, белгілі мазарат – Зарлыққа сай келеді. Зарлық патша баласы болғандықтан оның екінші атауы Сұлтаншайқы болуы мүмкін. Ол Н.В. Рудневтың 1903 ж. жария еткен картасында белгіленген.
Біздің барлау жұмыстарымыздың барысында табылып сипатталған қалашықтарға қысқаша сипаттама беру қажет. Шаншар қалашығы Көксарай ауылының оңтүстік-батысында, 16 км жерде орналасқан. Географиялық координаты N 42° 34´, E 67° 58´. Шаншар құрылымы аса күрделі. Ескерткіштің жалпы ауданы шамамен 140 га, оның бір бөлігі құм астында жатыр. Оны ұзындығы 4,8 км сыртқы қорған қоршап тұр. Сыртқы қорған ішінде, қалашықтың шығыс бөлігінде жалпы пошымы трапециялық қамал орны бар. Осы қамал айналасында табылған керамика үлгілері ішінде хум бөлшектері қызықты. Бірінің түп жағына жақындау қабырғасында диаметрі 1см тесігі бар. Мұндай тесік әдетте шарап сақтайтын үлкен ыдыс - хумда болады. Хум ернеулерінің диаметрі 25 см, ернеулері қарапайым түрінде жасалған, қабырға аяқталған жер сырт жағынан қалыңдатылып дөңгелетілген. Осыған ұқсас келетін ернеуі бар хумдар Ескі Ниса қаласындағы Парфия заманы қабатында кездескен. Олармен бірге б.з. дейінгі 56-37 жж. теңге табылған. Қалашық бетінен алынған басқа керамика үлгілері тым ұсақ, олардың жасалу уақытын анықтау қиын. Шарап сақтайтын ыдыс бөлігінің табылуы қала тұрғындарының суармалы егіншілікпен де айналысқанына негіз береді. Мұны қалашық айналасында ескі арық іздері қоштайды. Осыған қарап, осы өңірде б. з. б. бірінші ғасырлары ирригация болды деп айтуға негіз бар. Аққорған қалашығы /Көксарай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 25 км қашықтықта/ орналасқан. Географиялық координаттары: N 42° 35´, E 67° 49´. Қалашық жоспарда төртбұрышты, 340 х 340 х 330 х 320 м. Бұрыштары дүниенің төрт тарапына қараған. Қабырғалары, қазір биіктігі 1,3 - 3 м жалға айналған. Жалға айналған қабырғада 31 мұнара орны байқалады. Қорғанға кіру орны солтүстік қабырға ортасында болған. Бұл қалашықтарда тіршілік болу үшін Сырдария арнасы қазіргі құм ішіне кетуі керек. Керамикаға қарағанда осы жағдай шамамен б.э.б. бірінші ғасырларда болған.
Фараб уалаятында жазба деректер Весидж қалашығын атайды. Ал-Истахри бойынша «Васидж өзеннен батыс жақта, Кедерден екі фарсаг қашықтықта, ал Параб өзеннен шығысқа қарай жатыр». Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевичтер Весиджды Оқсыз қалашығымен баламалайды [2, с. 124]. Әл–Макдиси оны күшті әмір тұратын, базар алаңы ортасында жұма мешіті бар бекіністі шағын қала деп сипаттайды. Висидж Самани шығармасында аталады: «түркілер еліндегі қамал. Онда 514 ж. мухаррам айында / 1120 ж. сәуірінде айдауда Абу Мұхаммед Абд ас-Сейид б. Мухаммед Несефи қайтыс болды». Яғни, ол жазба деректерде ХІІ ғ. дейін аталады. Алайда Кедер-Құйрықтөбеден Оқсыз елді мекендер арасындағы ара қашықтығы екі фарсахтан көп. Төтесінен санағанда шамамен 21 км, яғни үш фарсах. Сондықтан Весиджды Оқсыз деу қисынсыз немесе Құйрықтөбені Кедер деу қисынсыз. Сырдарияның сол жағалауында Н.В. Рудневтың 1903 ж. картасында бірнеше қамалдар белгіленген. Олардың барлығында ХІІ ғ. керамикасы бар және солардың бірі Весидж болуы ықтимал.
Шамамен ХІІІ ғ. жазылған «Насаб–нама» шежіресінде Зернук «Зарнұқ» үлгісінде аталып, Сырдариядан осы тұста Отырарға 766 -767 жж. мұсылман әскерлерінің өткені айтылады [9, 90-б.]. Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевичтер Зернук қаласының қалдығы деп Оқсызды санайды [2, с.125]. 1219 ж. монғол әскеріне қарсылық көрсетпеген Сырдарияның сол жағалауындағы Зернук атты қала аталады. Осы жағдайды ескеріп, монғолдар оны «Кутлук–Балык» – «бақытты қала» деп атапты. К.М. Байпақов мұны қоштап әл–Макдиси тізімінде Зерах, кейде Турар–Зерах деп аталатын қала кездеседі дейді [14, с. 86]. Зернұқ тұсында Сырдариядан өтетін өткел болған. 1295 ж. Сырдария бойымен жүріп өткен армян патшасы Хетум алдымен Отырарға келіп, кейін Зернұққа өтіп, Дизах–Жызақ арқылы Самарқанға жеткен. ХІХ ғ. екінші жартысындағы географиялық карталарды негізге ала отырып, Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич Оқсызға қарама – қарсы жерде өткел болған деп көрсетеді [2, с.124]. Н.В. Рудневтың 1903 ж. картасында Оқсыздың тұсында Ақынтоғай тұсында «переправа» белгіленген. Әмір Темір әскері де осы тұста Сырдариядан өткен. «Зафар-наме» дерегі бойынша Сырдариядан Отырарға дейін 2 фарсах жол екен, яғни 12-14 км.
«Қисса–и Рабғузи» немесе «Қиссас-ұл әнбия» деген аттармен мәлім болған атақты шығарманың авторы Насреддин Рабғузидің туған жері «Рабатуғұз» деген елді мекен. Біз оны Сырдарияның сол жағасындағы қазіргі Маяқұм елді мекенінен оңтүстік-шығыста 7 км қашықтықта орналасқан Рабат атты ескерткішпен баламалаймыз. «Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштер жиынтығы. Оңтүстік Қазақстан облысы» атты басылымда ол ІV–VІІІ ғғ. жатқызылған. Алайда оның үстінде жатқан күйдірген кірпіштерге қарағанда бұл елді мекен ХІV-ХV ғғ. тіршілік еткен. Ескерткішке таяу жерде күйдірген кірпіштен соғылған жеке ғимараттың іздері бар.
Насреддин Рабғузидің әкесі «Рабат Оғыз қыстағының қазысы» болған, ал «Рабғузи» деген лақапты туған жеріне байланысты алған екен. Өзбек зерттеушісі Э.И. Фозиловтың пікірінше, ол Хорезмнің Работуғуз деген жерінде туған [15, 6-7- бб.]. Тарихи әдебиеттен Хорезмнің төл аймағында Рабат Оғыз деген елді мекенді іздеп таппадық. Ал Отырар иелігі Шыңғысханның келер алдында Хорезмге бағынғанын ескерсек, бұл жағдай көп ғасырлар өтсе де ұмытылмаған. Мысалы, Махмұд ибн Уәлидің «Бахр ал–асрар фи манакиб ал–ахйар» – «Өнегелі адамдардың ерліктері жайлы ғаламат құпияларындағы» еңбегінен аңғару қиын емес. ХVІІ ғ. ортасында жазылған шығармада «Отырар – Йассының ар жағында орналасқан қала, Сұлтан Мұхаммед Хорезмшах кезінде оның мемлекетінің шығыс жағындағы шекаралық қаласы болды», – делінеді. Отырар алқабындағы Рабат ескерткіші Сырдарияның сол жағалауында болғандықтан ол Сырдария мен Әмудария ортасын алып жатқан Мауараннахр аймағына кіреді. Әрине жалпы Рабат атты елді мекендер ортағасырда аз болмаған. Өзбекстанда Рабати-Мәлік, Қырғызстанда Ташрабат, Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт тауының етегінде де Рабат бар. Алайда Насреддин Рабғузидің туған жерінің аты «Рабат Оғыз» немесе «Рабатуғұз». Рабат атты ескерткіш Өгізсай атты Сырдарияның байырғы арнасына таяу жерде орналасқандықтан «Рабат Оғыз» немесе «Рабатуғұз» деп айтылған деп санаймыз. Байырғы арна Бас штабтың Түркістан, Балтакөл деген карталарда Өгізсай («сухое русло Огизсай») деп белгіленген. Рабаттөбе мен Өгізсай арнасы арасында Рабатарық деген арық, ал Рабаттөбеден солтүстік-батыс бағыттағы аймақ картада «урочище Рабат» деп аталады. Сонымен біз қарастырып отырған Рабатты басқа рабаттардан ажырату үшін ортағасырда «Рабатуғұз» деп аталуы әбден мүмкін.
«Насабнамада» Сырдарияның оң жағалауында жолмен Шашты басып алған араб әскерлері: «Сүткенттің тұсынан дариядан өтіп, Отырарға келеді» делінеді. Н.В. Рудневтың 1903 ж. жария еткен картасында Сүткент тұсында, Тартоғай деген жерде «переправа» - өткел белгіленген. Алайда осы жол бойындағы елді мекендер жөнінде жазба деректерде мәліметтер жоқ. Н.В. Рудневтың 1903 ж. жария еткен картасында «Развалины Чунгурли» - Шөгірлі, Тартоғайдан соң төмен қарай, Ешкіліге қарама–қарсы бетте «разв.» деп белгіленген, оны А.Н. Бернштам басқарған ОҚАЭ зерттеді. М.Е. Елеуов басшылық еткен ХҚТУ экспедициясы құрамында Шөгірліден Отырарға дейінгі көне жол бойы барлау жүргізе отырып бұрын беймәлім болып келген мына ескерткіштерге тап болдық: Төрткүл, Х-ХІІ ғғ., географиялық координаттары: N 42° 14' 44. 99630", E 68° 19' 10.87574", теңіз деңгейінен биіктігі 172. 1905; Төрткүл, ортағасыр, географиялық координаттары: N 42° 15' 45. 66023", E 68° 19' 10. 89045", теңіз деңгейінен биіктігі 168.0619; Төрткүл, ортағасыр. Тақыркөл жағасында, географиялық координаттары: 42° N 14' 44. 99630", E 68° 19' 10.87574", теңіз деңгейінен биіктігі 172.1905. Яғни, Сырдарияның оң жағалауында, қазіргі Арыс ауданы аумағанда Шөгірліні қоса 4 бекініс орнының табылуы бұл жолдың да маңызды болғанын көрстетіп отыр.
ІХ ғ. деректерінде Фараб уалаятының бас қаласы ретінде Кедер аталады және ол өзеннен жарты фарсах жерде орналасқан деп көрсетеді. К.М. Байпақов жазба және археологиялық деректердегі мәліметтерді талдай отырып, Кедер қаласының орны деп Құйрықтөбені санайды [14, с. 86].
1405 ж. Әмір Темір әскері Шілік елді мекеніне дейін барғаны айтылады. В.В. Бартольдтың Шараф ад-дин Әли Йаздидің қолжазбасында және Шахрух анонимінде аталатын елді мекен қазіргі Отырар ауданындағы Шілікке сәйкес келеді деген болжамын К.М. Байпақов қуаттайды [14, с. 87].
Кейінгі ортағасырлық кезеңде Арыстың орта ағысында орналасқан Кенджида уалаятының (Арсубаникет-Қараспан қаласы) Отырар иелігіне қарасты болғанын Хафиз Таныштың Отырарға қарасты елді мекендер ішінде «Карасаман» атты елді мекенінен аңғаруға болады [16, с. 169]. Кейбір нұсқаларда оны «Халадж-Карасман» деп атайды [17, с. 169]. Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич Карасаманды Қараспанмен баламалайды [2, с.109].
Солтүстік-шығыста Отырар–Фараб иелігі қай жерлерге дейін барған деген сұраққа жауап іздегенде біз В.В. Бартольдтың оны Сауранның ар жағына дейін апарғанын ескеруіміз керек [18, с.175-176]. ІХ ғ. деректерін қарастырған А.И. Михайлова Тарбад аймағы Фараб пен Шавғарды қамтыды, Тарбад Отырарға сай келеді деп көрсеткен. Таулы жерлердің Фарабқа кіргенін Ал-Истахридің парсыша аудармасынан аңғаруға болады: «Фараб – бұл аймақтың атауы. Оның ұзындығы шамамен бір күндік жол. Алайда барлық жер қорғалған. Аймақ таулы, онда [жайылымдар көп]. Оның шетінде Шаш өзені суымен суғарылатын жазық бар» [19, с.30]. Яғни, қазіргі Түркістан алқабы, Қаратаудың оңтүстік жағы Отырар–Фараб иелігінің солтүстік және шығыс шекаралық бөлігі болған. Махмуд Қашқаридің 1072 – 1074 жж. арасында жазылған «Дивани лұғат ат-түрк» - «Түрік тілдерінің сөздігі» атты еңбегінде «Қарашуқ – оғыздың Фараб шаһарының жанама аты» деген мәлімет бар. Тарихи деректерге қарағанда VІІІ-ХІІ ғғ. Түркістан алқабының бас қаласы «Шавгар» болды. «Шавгардың» байырғы түркішесі «Қарашуқ», қазіргі қазақ тіліндегі аудармасы Қарашоқы - Қаратау. Яғни, Шавгар-Қарашоқы-Қаратау сөздері бір-бірінің баламасы. Сондықтан бұл қала қазіргі Түркістан қаласы шетінен ағып жатқан Қарашық (Қарашоқының өзгерген үлгісі) өзені бойындағы Қарашық қалашығы болуы тиіс. 1255 ж. армян патшасы Гетумның монғол хандары Бату мен Мөңкенің қабылдауына барған жолсапары жөніндегі жазбасында Сауран мен Отырар арасында Харчук, Асон, Саври атты үш елді мекен аталады. Бұл жердегі Харчух – Қарашық қаласы, Асон - Иасы, Саври - Сүйірі.
«Ходжент қаласының солтүстік-батыс жағында 500 ли жерде Отырар қаласы бар, қаланың айналасында елді мекендер мен шағын кенттерден он шақтысы бар» деп жазады Елюй Чуцай [8, 62-б.]. Бұл хабарда Фараб-Отырар иелігінің орталығындағы топографиялық ерекшелігі дәлме-дәл берілген. Археологиялық ізденістер Отырар қаласы айналасында он шақты елді мекендер болғанын растайды.
«Насаб–нама» нұсқаларында: «Қау Тегін Софы Мұхаммад Данышмандқа «Шайхым, Атамсыз» деп Шеттің жер суын берді» [9, 64-б.], - деп оқылып жүрген жер Шытты екені жұмыста қарастырылады. Шытты (Алтынтөбе) қалашығын (Шықты-Алтынтөбе болып жазылып жүр) К.А. Ақышев басқарған ОАЭ зерттеді [4, с.137-138].


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   53




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет