Ойын элементтерін пайдаланудың ерекшеліктері
Сабақта ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету - жас бүлдіршіндердің білімге ынта - ықыласын, пәнге деген сүйіспеншілігін арттыратындығы туралы айтылады.
Бастауыш сынып оқушылары, әсіресе 1 сыныпқа келген жас бүлдіршіндер үшін, мұғалімнің рөлі ерекше. Бұл оқушылар - әлі ойын баласы. Міне, осы оқушыларды мұғалім жылы шыраймен өзіне тартып, бала жүрегіне жол таба білу керек.
Сабақты тартымды өткізу үшін сабақ тақырыбына сай көрнекті құралдар, дидактикалық материалдар, карточка, рөлдік - сюжеттік ойындарды қолдану қажет. Бір сарынды сабақтар баланы жалықтырып, оқушының сабаққа ынтасын төмендетіп жібереді. 1 - сынып оқушылары ойын баласы болғандықтан, сабақ тақырыбына байланысты ойын элементтерін көбірек енгізіп сабақты түрлендіріп, оқушылардың сабаққа деген ынтасын, қызығушылығын арттырып отыруы қажет. Ойын арқылы баланың сөйлеу қабілеті, оқуға деген ынтасы, белсенділігі арта түседі.
Оқытып - тәрбиелеудегі негізгі мақсат - оқушыларды мектептегі оқуға, ұйымшылдыққа, еңбек ете білуге даярлау, олардың бойына адамгершілік қасиеттерін дамыту. Сабақ үстінде жүргізілген жұмыс түрлері, тақырыпқа сай алынған тәрбиелік мәнді ойын түрлері, оқушылардың ойлау белсенділігін қажет етеді. Әр сабақта ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету жас бүлдіршіндердің білімге ынта - ықыласын, пәнге деген сүйіспеншілігін арттырады. Ойынды балалар тек сабақтан зерігіп, шаршаған кезде сергіту мақсатында емес, оларға берілген негізгі білім, ұғым түсініктерді берік меңгеру мақсатында жүргізілген дұрыс. Мұғалімнің балалар ойындарындағы рөлі өте маңызды. Ол көбіне ойынды ұйымдастырушы, ойынның мазмұны жөніндегі ақыл - кеңесшісі, балалардың даулы нәрсесін шешіп беретін әділ - төрешісі, сонымен бірге ойын барысында олардың жолдасы бола алады.
Мұғалімнің міндеті - ойын барысында балалар арасында адамгершілік қарым - қатынастарды талдап, зерттеу, оны тиімді әдістермен басқару, балалардың достығын қолдау.
Ойын арқылы оқушылар өздігінен жұмыс істеуге үйреніп, ойлау қабілеті дамып, өздігінен қорытынды жасай алатын болады. Қолданатын ойын түрлері барлық сабақта тақырыпқа байланысты өтіледі. Мысалы, тіл дамыту сабақтарында «Сөз ойла, тез ойла»ойынында берілген сөзден бірнеше сөз құрастыру керек. Мысалы, кітапхана - кітап, хан, апта, ана т. с. с. «Суретке қарап әңгіме құра»ойынында сюжетті суретке қарап, әңгіме құрастыру керек, «Кім көп біледі?»ойынында суреттегі заттың атауын атау, сол зат туралы жалпы не білетінін айтады, заттың атауын жазады, дыбыстық талдау жасайды, сөйлем құрастырады. Мысалы, балға суреті(балға - еңбек құралы, дыбыстық талдау жасау, Әкем балғамен шеге қақты. т. с. с).
Бұл ойындар дұрыс ұғып, оны тыңдай білуге, дыбыстарды ажыратып, ойда ұстап, сөз құрастыруға, ауызекі сөйлеуге төселдіріп, сөздік қорды молайтып, тіл дамытуға арналған.
Математикадан «Бәйге» ойынында он көлеміндегі сандардың ауызша қосып, азайтады, «Балық аулау»ойынында балықтарға жазылған қосындылар мен айырмалардың мәндерін табады. «Үндемес»ойынында санның құрамын анықтайды. Мысалы, мұғалім атаған санның оқушылар құрамын көрсетеді.
7 - 6+1, 4+3, 7+0, 5+2, т. с. с.
Бұл ойындар үнемділікке, санның бірлік құрамын білуге, санды жіктей білуге, қосу мен азайтуға, байқай білу мен есте сақтау қабілеттерін дамытуға арналған.
Дидактикалық материалдағы ойындар бастауыш сынып оқушыларының меңгеруіне қиындық келтірген жағдайда мұғалім өз шығармашылығын пайдаланып, әр алуан ойындарды құрастырады. Атап айтсақ, сыныпта ана тілінен оқушының білімін тереңдетіп, логикалық ойлауын дамыту және оқуға қызығушылығын мен белсенділігін арттыруға көмектесетін ойын түрлерін атап қарастыруға болады.
Мысалы:
1. «Қай сөзбен тіркестірем?»Ойын тапсырмасы: Жаңбырлы, ашық, самал, жарық сөздерін табиғат құбылысы атауымен тіркестір (Жаңбырлы күн, ашық аспан, самал жел, жарық ай)
2. «Сөйлемде қай сөз жоқ?»
..... той бастар,
..... адам сөз бастар.
..... адам қол бастар,
..... жол бастар. (ақын, әнші, шешен, батыр, көпті көрген)
3. «Кім тез табады?»
Екі жыл мезгілін атын ойла да, оны екі реттен айтып байланыстыр. Қандай мақал не қанатты сөз шығады?(қыс қысыл, жаз жазыл, көктемде көгер, күз күзел). Қорыта айтқанда, бастауыш сынып оқушылары үшін сабақты ойын түрінде қызықты да мазмұнды етіп жүргізу мұғалімнің өзіне, шығармашылық ізденісіне, әр түрлі әдістемелік әдіс тәсілдерді сабақта тиімді пайдалана білуіне байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |