«Қолшатыр» Мақсат: Балаларды қалыпты пайдаланып, басу әдісі бойынша сурет салуға үйрету. Безендіру үшін өрнекті өздері таңдап алуларына мүмкіндік беру. Қылқаламның ұшымен сурет салу дағдыларын қалыптастыруды жалғастыру.
Шығармашылақ қиялды дамыту. Бір-біріне көмектесу, қайырымдылық қасиеттерін тәрбиелеу.
Жабдық:Ақ парақтар, бала санына жеткілікті қалыптар, гуашь, палитра, поролон қиындылары, қылқалам, салфеткалар, су құйылған құты, тәрелкелер.
Барысы: Балалар, бүгін таңертең маған Буратино телефон шалды. Ол өте көңілсіз. Кеше кеште саябақта Мальвина екеуі қыдырып жүрсе кенеттен жаңбыр жауып кетіпті. Қолшатыр сатып алуға жүгіріп дүкенге кірсе, барлық қолшатырлар сатылып кетіпті. Мальвина қатты қапаланса керек. Бірақ Буратино оған қолшатыр сатып әперуге уәде беріпті. Бүгін барлық дүкендерді аралап шықса, еш жерде қолшатыр жоқ екен. Ол енді не істерге білмей абыржып менен кеңес сұрады.
Балалар мен Буратиноға көмектесуге уәде бердім. Көмектесеміз бе? (Иә.) Қалай?
Біз оларға арнап қолшатырлардың суретін саламыз.
Балалар, суретке қарап айтыңдаршы. Қолшатырлардың қандай түрлері болады? (ер адамдарға, әйел адамдарға, балаларға арналған).
Олардың түстері мен өлшемдері бірдей ме? (Жоқ). Олар кімге арналғанына байланысты ерекшеленеді.
Самат, әйел адамдарға анрналған қолшатырды көрсетші. Сен неге олай ойлайсың?
Ақнұр, ерлерге арналған қолшатырды көрсетші.
Бота, балалар қолшатырын көрсетші.
Бәрекелді! Жарайсыңдар. Дұрыс анықтадыңдар. Қолшатырлар әртүрлі өлшемді және түрлі-түрлі болады екен. Олар су өткізбейтін арнайы материалдан дайындалады. Су жиналмай жылжып ағуы үшін қолшатырдың төбесі күмбез тәрізді болып келеді. Қолшатырды тұтқасынан ұстаймыз.
Қазір шамалы тынығу үшін сергіту жаттығуын орындайық.
Сергіту жаттығуы Буратино созылды
Кілтін таппай шамалы
Оң жағына бұрылды.
Сол жағына қарады.
Көтеріліп жоғары,
Тал басынан табады.
Жарайсыңдар! Демалдыңдар ма, енді үстел үстінде жатқан заттарға қараңдар: қалып, поролон қиындылары, қылқалам мен гуашь. Солардың көмегімен біз бүгін қолшатырдың суретін саламыз. Таза парақ бетіне барлық бұрышын келтіріп қалыпты қоямын. Поролонды аламын да ұшын гуашқа батырамын және қалыптың бетіне ақырын басамын. Қалыпты жылжымайтындай етіп, мықтап ұстаймын (көрсетемін). Енді қалыпты қағаз бетінен мұқият көтеремін. Қолшатырдың жоғарғы жағы пайда болды. Қолшатырдың тұтқасын қылқаламмен саламыз. Қолшатырдың төменгі жағының ортасынан жоғарыдан төмен қарай түзу сызық жүргізіп, төменгі ұшын шамалы дөңгелетемін.
Қолшатыр дайын, ол әдемі болу үшін оны тамшылар, гүлдермен безендіруге болады.
Балалар, жұмысты қалай орындау керектігі түсінікті ме? (Иә).
Ендеше жұмысқа кірісіңдер (Балалар сурет салуға кіріседі). Жарайсыңдар, жұмыстарың өте әдемі болды.
Балалар, біз ненің суретін салдық? (Қолшатырдың).
Жұмыс барысында нені пайдаландық? (қалып, поролон, гуашь, қылқалам).
Самал, саған қай қолшатыр ұнады? Неге?
Ал маған барлық жұмыс ұнады. Себебі, олар өте ұқыпты орындалған және әртүрлі өрнектермен безендірілген. Буратино мен Мальвинаға өте ұнайды деп ойлаймын.