С.ЖИЕНБАЕВТЫҢ ӨМІРБАЯНЫ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ
Зерттеу нысаны етіп алынып отырған қазақ тіл білімі мен әдістемесінің негізін салушылардың бірі Сейіл Сарықұлы Жиенбаев 1895 жылдың 1 мамырында (кейбір әдебиеттерде 1896 жыл деп қате берілген) Орынбор облысының Бөрте ауданына қарасты 2-ші ауылда дүниеге келген. Алғаш ауылдық мектепте оқып, қазақша, орысша хат таниды. 1910-1912 жылдары Бөртедегі екі кластық училищені, ал 1912-1916 жылдары Орынбор қаласындағы мұғалімдер дайындайтын мектепті бітіріп шығады.
Еңбек жолын 1917 жылдың қысында Ақбұлақ уезінің Талды облысындағы Сазды мекенінде мұғалімдік қызметтен бастаған ол, сол жылдың күзінен бастап өзі туып-өскен ауылдағы мектепке ауысып, онда 1921 жылға дейін оқытушылық қызметін жалғастырады. 1921 жылдан бастап Орынбор қаласындағы қазақ мектептерінде, өлкелік кеңес-партия мектебінде, үгіт-тәжірибе мектебінде, мұғалімдер институтында дәріс береді.
1925 жылы Орынбордағы әскери мектепте оқытушы болып тағайындалды. Мектеп жабылғасын Шымкент қаласына келіп, осындағы педтехникумға ұстаздық қызметке орналасты. Білімге деген құштарлық оны 1928 жылы Алматыға алып келді. Оқытушылық қызметін жалғастыра отырып, Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында сырттай оқып, білімін ұштай түседі.
1929 жылы Қазақстан Өлкелік Оқу комиссариатында ғылыми қызметкер болып алынады, сонымен қатар Алматыдағы жоғары дәрежелі мектептер мен ғылыми-зерттеу мекемелеріндегі бірқатар қызметтерге араласты.
1931-1935, 1937-1939 жылдары Қазақтың Ауыл шаруашылығы институтында , 1935-1937 жылдары Қазақтың Ұлт мәдениеті институтында және КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалында, 1939-1942 жылдары Қазақ ССР Оқу комиссариаты жаныдағы ғылыми-зерттеу институтында (қазіргі Білім проблемалары институты), Абай атындағы педагогтік институтта, Қазақ Мемлекеттік университетінде оқытушы , зерттеуші, сарапшы-маман қызметтерін қоса атқарды.
1942 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалында әдебиет және тарих институты құрылып, наурыздың 23-інде осы институттың тіл секторының меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл кезеңде кезек күттірмейтін іс-шаралардың бірі – халқымыздың тілін, әдебиетін және тарихын кешенді зерттеуді жолға қою. Осы зор міндетті орындау үшін ұйымдастыру жағынан да, ғылыми жағынан да тіл секторына көп жауапкершілік жүктелді. Қазақ тілінің академиялық сөздігін (түсіндірме сөздік), орысша-қазақша сөздікті, қазақ тілі орфографиясының ережелерін жасау қажеттілігі туындады. Осы келелі жұмыстарды басқару, ұйымдастыру С.С.Жиенбаевқа тапсырылды, талантты тілші-ғалым бұл міндетті абыройлы атқарды да (бұл жөнінде алда кеңірек тоқталамыз).
С.С.Жиенбаевқа тіл секторына басшылық еткен кезеңде қазақша-орысша сөздіктің екі томы жарияланды, қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне көптеген материал жиналып, картотекалар жасала басталды (бұл жұмыс 1935 жылы басталып, оған да С.Жиенбаев атсалысқан-ды), бірінші томы дайындала бастады, орфографияға байланысты көп жұмыстар атқарылды.
1942-1945 жылдар қазақ тіл біліміндегі зор сілкініс, өрлеу кезеңі болды. Осы жұмыстарға белсене араласып, ғылыми орталықтың қалыптасып, нығаюына көп еңбек сіңірді, ғылыми күштерді аталмыш мәселелер төңірегіне шоғырландырып, өзінің іскер басшы, кең өрісті ғалым екенін таныта білді.
1945 жылы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ғылымға сіңірген ерекше еңбегі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Сейіл Сарықұлы Жиенбаев 1945 жылдың 5 мамыр күні 50 жасында қайғылы қазаға ұшырады.
Ұстаздық қызметін 1916 жылдан, ғылыми-зерттеу жұмыстарын 1930 жылдан бастаған ол, 29 жылдық педагогикалық және 15 жылдық ғылымдағы қызметі барысында артына ірілі-уақты 100-ге тарта еңбек жариялап, қазақ тіл білімі, әдістемесі мәселелеріне қатысты мол мұра берді.
Академик И.И.Мещанинов КСРО-ның Жоғары дәрежелі мектептер ісін басқаратын бүкілодақтық комитетіне жолдаған хатында: «С.С.Жиенбаев қазақ тілін зерттеуші, ең байсалды ғылыми қызметкерлердің қатарына жатады», - деп, ғалым еңбегін жоғары бағалаған болатын. Ғалымның ғылымдағы алатан орны туралы М.Балақаев, Т.Қордабаев, Қ.Есенов, Р.Сыздықова, Б.Кәтембаева, И.Ұйықбаев, М.Серғалиев және басқалардың айтқан пікірлерінің өзі – оның қазақ тіл білімінің негізін салушылар қатарындағы сүбелі еңбегін айқындайды.
С.С.Жиенбаев – ғылыми көзқарастары байсалды, қарымы кең, жан-жақты білімдар ғалым. Ол түркі тілдері жөніндегі ғылыми еңбектермен жете таныс болған. Туыстас татар, башқұрт тілдерін жақсы білген, орыс тіліне жүйрік, неміс тілін өздігінше оқып үйренген.
Сейіл Жиенбаевтың ғылымдағы тырнақалдысы – 1931 жылы Қызылорда қаласында шыққан педтехникумдарды сырттан оқитындарға арналған «Қазақ тілі» оқулығы ( Қазақ тілі. Педтехникумдарға арналған бір жылдық оқу дәрісі. 1931 . Қызылорда). Кітап он сабақтан тұрады. Көлемі – 68 бет. Кітапта берілген материалдардың мазмұны кәдімгі сабақ көлемінен әлдеқайда кең мәселелерді қамтиды. Мұғалімдерге кеңірек білім беруді көздеп, тілдердің классификациясына, қазіргі түрік тілдеріне, оның ішінде қазақ тілінің алатын орны мен маңызына кең шолу жасаған. Қазақ тілінің қыр-сырымен қатар, қазақ жазуларының тарихы туралы әңгімеленіп, жазу үлгілері берілген. Сондай-ақ, С.Жиенбаев Б.П.Есипов пен Н.К.Гончаровтың жазған «Педагогика» кітабының ( Б.П.Есипов, Н.К.Гончаров. Педагогика. Алматы. 1950 ж.) қазақша аудармасындағы «Ана тілі» бөлімін жазған.
Ғалым мұраларының ішінде, оның ғылыми мекемелермен, жекелеген ғалымдармен әр түрлі мәселелерге байланысты жазысқан хаттары елеулі орын алады. Олардың қатарында КСРО Ғылым академиясы Тіл және ойлау институтымен, профессор Н.А.Батмановпен жазысқан хаттары, С.Мұқанов пен Х. Сембаевқа балалар әдебиеті туралы жазған ашық хаты – көңіл аударарлық дүниелер.
Ғалымның редакторлық қызметі мен рецензияларының өзі – бір төбе. С.С.Жиенбаев 1942 жылы қазанның 30-ында С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде «Құрмалас сөйлемдерді таптастыру принциптері» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Ресми оппоненттері академик И.И.Мещанинов пен Ісмет Кеңесбаев С.С.Жиенбаевтың бұл еңбегіне жоғары баға берген.
1942 жылдың 28 желтоқсанында КСРО Ғылым академиясы Президиумының № 23 қаулысы бойынша Мәскеудегі Тіл және ойлау институты ғылыми кеңесінің мүшесі болып сайланған, ал 1944 жылдың көкегінде доцент атағын алды.
С.Жиенбаев қазақ тіл білімінің аталып жүрген кезеңінде кенже қалған салаларының бірі – лексикологияның ғылыми курсын жасаудың көш басында тұрды. Оның жазған докторлық диссертациясының тақырыбы: «Қазақ лексикасының мәселелері» деп аталған. 1944 жылдың 19 тамызынан докторант болған ол, 1945 жылдың қыркүйегінде диссертациясын қорғауға тиіс-тін, алайда объективті себепке байланысты қорғауға 4 ай қалғанда, бұл мәселе кейінге қалдырылды.
Филолгия ғылымдарының кандидаты, доцент Сейіл Сарықұлы Жиенбаевтың қазақ тіл білімі саласында жазып қалдырған мұралары сан алуан. Олар – қазақ әліпбиі мен емлесіне байланысты ұсыныстары, пунктуацияға қатысты еңбектері, қазақ тілі лексикасы жөніндегі жұмысы, сөздіктерді жасау принциптері туралы нұсқауы, сөздерді таптастыру туралы және жекелеген сөз таптары туралы (мысалы, зат есім мен етістік, сын есім туралы), сөйлем мүшелерініңі талас мәселелері – топтастырылуы, орын тәртібі туралы ойлары, ұсыныс-пікірлері, сөйлемнің үйірлі мүшелері («Үйірлі мүше» деген терминді енгізген – С.Жиенбаев. ескерту - біздікі) туралы мақалалары, оңашаланған мүшелер туралы мақалалары, сөздердің тіркесуі, жай сөйлем түрлері жөніндегі, құрмалас сөйлем туралы, олардың таптастырылуы, ерекшеліктері, жіктелуі турасындағы зерттеулері; тіл тарихы жөніндегі пікірлері; аударма проблемалары жайында; қазақ тілі әдістемесі мәселелеріне байланысты еңбектер шоғыры; сауат ашу, бастауыш, орта, арнаулы, жоғары дәрежелі мектептерге арналған оқулықтары, оқу құралдары мен оқу бағдарламалары, т.т.
С.С.Жиенбаев мұраларымен таныса отырып, оның жан-жақты дамыған дарынды ғалым екенін мойындамасқа болмайды. Ғылым аренасына елеулі дайындықпен келген оның тіл білімі, оның ішінде қазақ тілі жөніндегі ілім жолын жетік меңгергендігін байқауға болады. Қазақ тіл білімінің қайнар бастауында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ғалымның еңбектерін ерекше бағалап (әрине, бұл жерде сол кезеңде қолға алынған салаларды ғана айтып отырмыз), атауға тұрарлық.
С.С.Жиенбаев өмірінің соңғы жылдарында лексикология мәселелерімен шұғылдана бастаған-ды. Өкінішке орай, ғалымның бұл саладағы еңбектері баспа беттерін көріп үлгермей, із-түзсіз жоғалып кеткен. Қазақ тіл білімінің ақсақалдарының бірі – М.Балақаев өзінің «Зерде баспалдақтары» атты кітабында бұл туралы ашына айтқан болатын. Көп тақырыптқа қалам тарқанымен, өкінішке орай, оның қазақ тіл біліміндегі орны тек қана жай және құрмалас сөйлем, қазақ тілінің әдістемесі саласындағы еңбектерімен шектеліп жүр.
Достарыңызбен бөлісу: |