Енді еліміздегі білім беру жүйесі мен ақпараттық, тілдік кеңістігінде үш тілге орын беріліп отыр.
«Елу жылда ел жаңа...» демекші, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері әлемнің көптеген дамыған елдерімен мәдени, экономикалық, саяси және әлеуметтік жағынан байланыс жасап келеді. Бұл қатынастардың оң нәтижелі болуы, ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ынтымақтастығы, өзара түсіністігі, яғни тіл білуінен. Әлемдегі жоғары дамыған елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ.
Қазақстанды әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Яғни мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз.
Елбасының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді»- деп ескерткенін тағы бір қайталап қойсақ артық болмас. Оның үстіне Президентіміз 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады дегенді алға артады. Осы орайда менің жеке пікірім орыс тілі мен ағылшын тілін оқытатындар міндетті түрде қазақ тілін жақсы білуі тиіс. Жоғары оқу орнында да қазақ тілімен біріктіріліп ғана оқытылуы керек деп есептеймін.
Ахмет Байтұрсыновша айтсақ «Халықты құрту үшін алдымен оның тілін құртады» деген сөзі манадан бері шиыршықтап отырған сөздерімізге бір-ақ ауыз жауап емес пе?! Соңғы санақ бойынша, Қазақстан халқының 93,5 пайызы өз ұлтының тілін - ана тілі деп санайды. Ал, 74 пайызы қазақ тілінде ауызша сөйлей алады. Сонымен қатар 94,5 пайызы орыс тілді болса, 15,4 пайызы ағылшын тілін толық меңгергендер.
Ал, балабақшадан бастап үш тілді қосақтап үйрету дұрыс па, бұрыс па, ертеңгі нәтижесі қалай болар екен?- деген сияқты сұрақтарға жауап іздеп балабақша мен мектептерге барып, педагогтың, психологтармен тілдесіп, ата-аналар пікірін де білген болатынмын. Мамандар әрине өздеріне берілген тапсырманы орындау керек, ал ата-аналар күле жауап берді. «Тілдері енді шығып, өз тілдерінде жазып, сыза алмайтын баланың өзге тілді оқуы қызық. Үйге келіп былдырап жатады. Оны иә өзі, иә біз түсінбейміз»,- деген сықылды жауаптар алдық.
Ана тілі ананың ақ сүті мен әлдиі арқылы бойға дарыған рухани болмыстың баға жетпес құндылық екендігін айқындайды. Баланы тәрбиелеуде, оған рухани қуат беруде ананың орны ерек. Мына қызыққа қараңыз әйел күніне 20 000 сөз сөйлейді екен. Шындығында ананың сәбиімен сөйлесуге арналған сөздік қоры қаншаға жетсе де артықтық етпейді. Тек баламен көп сөйлескенде, оған тілінің ерте шығуына, тез жетілуіне зияны тиетін, жаман, балағат сөздер болмаса болды. Балаға көп ақпарат беру керек. Бесік жырынан бастап ұлттық сана бойға сіңеді. Тіліміздің асыл маржанын теріп ертегі, мәнерлеп өлең оқу «Қазақтың қасиеті сөзінде» дегенге саяды. Тілінің хас табиғатына тұщынып, қас-қаймағын қанып сімірген бала тумысынан өзгеше, дарынды келеді. Ғылымдардың өзі дәлелдеп берген осы тәрбие бүгінде баласын тастай салып, жұмысқа, тірлігіне асығатын аналарымыз үшін керек-ақ. Қашанда тәжірибе алып, салыстырмалы түрде ойды дамытып тұрған артықтық етпес. Сондықтан Жапон мен қытайлардың мына тәрбиесіне назар аударыңызшы. Олар 10 жасқа дейін өзге тілде мүлдем оқытпайтындығы... Барлығы бағанадан бері сөз етіп отырған «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» деген халқымыздың даналығында. «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер» дейді, яғни сұлтандай сыйла, еркелет, бес жасына дейін барлық нәрмен сусындат, ұлттық құндылығыңды сіңір. Егер ұлым хан болсын десең, әкесін хандай күт деген сөздердің мағынасы қандай тереңде жатыр десеңізші...
Әлихан Бөкейханов сынды алаш арыстарымыздан бастап, кешегі М. Әуезов, Қ. Сәтпаев, Ә. Марғұлан сияқты талай тарландарымыз қанша жерден Ресей топырақтарында білім алып, сол империяның қысымын көрсе де, ана тілін көкке көтерген. Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік.
Сөзіміздің растығына көз жеткізу үшін Жаңатас қаласындағы Абылай хан атындағы орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі Тоғжан Әлиевамен кездесіп, пікірін білген болатынбыз:
-Негізінде бала жастан тілді базалық деңгейде үйрене білсе, болашақта кәсіби деңгейде меңгеру оңайырақ болады. Бүгінде мектеп қабырғасынан ағылшын тілін еркін меңгерген көптеген бітірушілер шет елдерде білімдерін дамытып, тәжірибе шыңдауда.
Барлық тілді меңгерген дұрыс, бірақ өз тілімізді ешқашан ұмытпағанымыз жөн. Босқа даурықпай нақты істерге көшетін кез келді. Тарих көшінен қалмас үшін сол кездегі өзгерістерге ере білу керек,-деп ашығынан ақтарылды.
Шынымен де қазіргі қоғаммен оның өткенін байланыстырушы тарихи сана қалыптаспайынша патриотизмді қалыптастыру мүмкін емес. Әлем бойынша екінші ұстаз саналатын, ұлы ғұлама Әбу-Насыр Әл-Фараби 76 ұлттың тілі білгендігіне қалай тәнті болмассың. Ал, талай жалынды жырларымен рух берген, дауылпаз ақын Махамбет пен нағыз ұлт жанашыры Шоқанның да сауатты болғанын, бірнеше тілді еркін меңгергенін білеміз. Бір туар Абай орыс-қазақ тілдерімен қоса парсы, араб тілдерін де жетік меңгерген. Бірақ, олардың барлығы ең әуелі отбасыларынан алған қазақи рухпен сусындаған. Ұлттық рухани байлықтың, ана тілінің нәрлі уызына жетіліп өскен. Міне, осындай ортада қалыптасып өскен бала ешқашан өзге жерде жүрсе де, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазбайтын рухты болып өсері хақ.
Намысын найзаға шаншып, күре тамыры Көк бөріден нәр алған, көк Тәңірге табынған Күлтегіннің біз секілді ұрпағына ағылшын тілін меңгеру қиын болмас. Оның нақты дәлелі іспеттес қазақ тілінде 42 әріп болса, ағылшындарда 26. Соқырға таяқ ұстатқандай айқындық емес пе?!
Осындай мақсатта Облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды айта кеткен жөн болар. Жамбыл облысының Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерге қол жеткізу және үш тілді меңгерген әртүрлі сала өкілдерін ынталандыру, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру мақсатында үш тілде аудандар мен Тараз қаласында тілдік орта қалыптастыру мақсатында «Тілдік алаң» құрылып, жұмыс істеуде.
Мұндағы мақсат қазақ, орыс, ағылшын тілінде өзара еркін сөйлейтін тұлғаға тілдік орта қалыптастырып, осы бағытта үнемі қолданысқа енуіне ықпал ету, қатысушылардың үш тілде алған білім мен тәжірибесін шыңдау. Ауызекі сөйлеу тілін дамытуға септігін тигізу. Үш тілді меңгерген әртүрлі сала өкілдерін ынталандыру, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру.
Осы орайда «Тілдерді оқыту орталығы» Сарысу аудандық бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Сәрсенбиеваның айтуынша бүгінде ағылшын тілі «21 ғасырдың», халықаралық бизнес, қазіргі ғылым мен технологиялар тілі мәртебесіне ие екендігі бесенеден белгілі. Ағылшын тілін оқып – үйренемін деушілердің саны ұлғайып, оқыту орталығында қатысушылар саны күннен – күнге көбеюде.
Үштілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашылатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі тілдік алаңның құрылуы да ең басты қажеттілік,-деп өз ойын білдірді.
Жалпы қоғамда бұл «үштілділік» туралы бірі «Қазақ тілі шет қалады» десе, бірі «Біз олай жасай алмаймыз, ағылшын тілін біз қалай үйренеміз», бірі «Мұнда бір үлкен саясат жатыр» деген секілді қайшы пікірлер көп. Бұлай болуы да заңдылық. Өйткені баршамызға белгілі М. Әуезовтың «Абай жолы» роман- эпопеясының ағылшын тіліндегі аудармасы сын көтерместей екен. Көлемінің аз,байланыстары мен сөздері нақты мағынасын жоғалтқан.
Тіпті «арыстандай» деп Құнанбайға қатысты теңеу сөзді «қорқаудай» деген мағынада аударуы тіптен ұят. Кейбір сөздерді аудару үшін ағылшын тілінде сөздік балама таппаған. Бұл шығарманы қайта аудару ағылшын тілін білетін қазақтың ғана қолынан келеді.
Президенттің өзі, жастар қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас үшін және ағылшын тілін халықаралық ретінде тануы керек дейді. Мәселен, Швейцарияда таксидің әр жүргізушісі бес тіл білуі тиіс. Мұның өзі ештеңе емес, жастар меңгеруі тиіс екен.
Міне, өзге тілді білу арқылы сол елдерге өз мақтаныштарымызды кеңінен танытуымыз керек дегенді білдіреді емес пе?!
Үш тілділікті қазақ тілін төмендету емес, керісінше, өсіру, қолдану аясын кеңейту, мерейін көтеру деп түсінгеніміз жөн болар.
Достарыңызбен бөлісу: |