М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің дамутарихы
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – Қазақстан Республикасының ең ірі және көпсалалы университеті, облыстың ғылыми, білім, зияткерлік, мәдени орталығы.
Сонау сұрапыл соғыстың нағыз қайнап тұрған кезінде, 1943 жылдың 19 маусымында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің №679 қаулысымен Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Осы жылдың 29 маусымында КСРО Халкомы жанындағы жоғары мектеп істері жөніндегі Бүкілодақтық Комитет пен КСРО құрылыс материалдары өнеркәсібі комисарының «Қазақ КСР-і Шымкент қаласында Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы» білескен бұйрығы шықты. Бұл ел басына күн туған сол бір ауыр кезде ертеңгі жеңіске деген нық сенімнің көрінісі еді. Қирап қалған мыңдаған қалалар мен елді мекендерді қалпына келтіру үшін құрылыс ісінің инженер мамандарын даярлау қажеттігін ел басшылары күні бұрын ойластырған болатын.
Оқу орнына қаланың Совет көшесіндегі (қазіргі Қазыбек би) педучилищенің ғимараты беріліп, жаңадан ашылған оқу ордасының басшылығына Харьковтен көшіп келген К.А.Деляур бекітілді. Шындығында құрылыс өнеркәсібіне қажетті білікті мамандарды даярлаудың өзектілігін жоғары билікке дәлелді фактілермен жеткізе отырып, институттың ашылуына зор еңбек сіңірді.
Алғашқы оқу жылында институт құрамында екі факультет: технологиялық және тау-кен факультеттері және 7 кафедра болды. Институтта небары 18 оқытушы, олардың ішінде 2 профессор және 5 доцент болды
Алғашқы жылы институтта оқыған 240-қа жуық студенттердің ұлттық құрамына келер болсақ, олардың 1-і қазақ, 108-і орыс, 87-і еврей, 30-ы украин, 1-і белорус, 2-і өзбек, 1-і кәріс, 3-і татар, 2-і армян ұлтының өкілдері болатын.
Жаңадан ірге көтерген оқу орнында оқытушылардың да, студенттердің де қатарындаа жергілікті ұлт өкілдерінің қарасы аз болуының себебі, олардың негізінен Украинадан эвакуацияланғандардан құрылғандығы еді.
Институт ұжымы соғыс жылдары басқа мекемелермен бірге қорғаныс қорына заттай және ақшалай қаражат жинап аударып отырды, сондай-ақ гидростанция салу құрылысына да қатысып, колхоздарда дәнді дақыл мен мақта жинауға т.б. маусымдық жұмыстарға белсене көмектісті.
К.Деляурдан кейін институт басшылығына 1944 жылы Сафа Үмбеталин келді. Ол институттың профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға баса көңіл бөліп, «Силикаттар технологиясы» мен «Физика» лабораториясының ашылуына, институттың материалдық-техникалық базасының қалыптасуына, нақтырақ айтқанда 500 студентке арналған жатақхана ғимаратын салуға, 700 орындық оқу ғимаратының құрылысын жүргізуді қолға алды.
1948 жылы институтты инженер-технолог силикатшы мамандығы бойынша тұңғыш рет 23 түлек бітіріп шықты. 1950 жылы институтты бітірген 29 түлектің екеуі Қазақстан кәсіпорындарына, үшеуі Өзбекстан, біреуі Тәжікстан, екеуі Башқұртстанға, екеуі Арменияға, алтауы Сібірге, Екеуі Қиыр Шығысқа, біреуі Орталық Ресейге, екеуі Украинаға жіберілді. Осылайша институтты бітірген мамандар бүкіл Одақ бойынша кең сұраныс тапқандығын көреміз.
1948-1957 жылдар ішінде институтты 532 маман бітіріп шықты. 1956 институт алғаш рет «Химия өндірісінің машиналары мен аппараттары» мамандығына студенттер қабылдады. 1957 жылы «Тоңазытқыш және компрессорлық қондырғылармен машиналар», «Ет және сүт өнімдерінің технологиясы», «Астық өңдеудің технологиясы және сақталуы» мамандықтары ашылды.
1957 жылы институтта Аркадий Владимирович Измаилов директор болған жылдары технологиялық және механикалық факультеттер жұмыс істеді.