Өнерде, ғылымда қастерлі ұғым!
Әрине, ұстаз да, шәкірт те өз орындарында болғанда, аттарына лайық іс атқарғанда ғана. Өмірде адам баласы алдынан алған тәлім-тәрбиені кейінгі ұрпаққа аманат етіп қапысыз беріп кетуге тиісті. Ол үшін дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дегендей ағалардан алған тәлімді өз тәжірибесімен ұштап, байытып, іріктеп, сұрыптап, тазалап кейінгі ұрпаққа қажеттісін қалдыру абзал.
Осы орайда, біз аға буын ғалымдар өнегесін өздері шәкірт ретінде қабылдап алып, уақыт талабына орай байытып барып шәкірттеріне ұзатып салар бір азамат жайында айтуды жөн көріп отырмыз. Ол кім?
Ол – еліміздің іші-сыртына кең танымал профессор Тұрсынбек Кәкішұлы.
Біреудің табиғаты (жаны) – ұстаз, біреудің кәсібі – ұстаздық. Алғашқысын туа бітті ұстаз, соңғысын жүре келе қалыптасатын ұстаз ретінде мінездеуге болады.
Алған біліміне қарасақ журналист Тұрсекең туа бітті мейірімнен жаралғандай шынайы ұстаз. Ұстаздықтың бір өлшемі – жүрек гүлі – мейірім болса, екінші өлшемі – адалдық. Адалдығы жоқ адам ұстаз емес, ұстаз атын жамылған әлдекім. Өзінің шәкірттерінен саясат жасап жүретін, өзі біртүрлі, сөзі біртүрлі ұстаздарды да көргенбіз.
Ал біздің ұстазымыз шәкірт алдында адал, өзіне де, өзгеге де әділ. Көңілге түйгенін жалған дипломатиясыз ағынан жарылып алғаусыз сөйлеп тұрғаны шәкірт алдында! Жеке басымызға қалай тиер ұстаз сөзі, оған қарап жатқан біз жоқ. Өйткені, ұстаз – бір кісі, шәкірт мың кісі. Бізге керегі – бірге жаққан сөз емес, мыңға жаққан сөз! Ұстаз – бірдің тілекшісі емес, мыңның тілекшісі!
Бір қызық жәйт болған.
Студент кезіміз.
Студенттердің ғылыми кеңесін құру қамына кірісті Тұрсекең ұстаз. Мен – Бейсембай Кенжебайұлының кенже баласы, әрі Тұрсекеңдей ұстаздың ықыласты шәкірті. Іште бұғып жатқан мансапқорлық ұшқыны ма, әлде дандайсу ма, білмеймін, өзімді іштей әлгі қоғамға төраға «сайлап» қойдым. Байқаймын, айналам маған қарсы емес. Олардың ойында да мен тұрғаныма күмәнім жоқ. Тіпті, Тұрсекең ұстаз да сондай емеурін танытқандай.
Жиналыс жүріп кеп берді.
Ойларымызды ортаға салып әуреміз. Көрініп қалайынымыз да болуы керек. Мойны қылқиып сөйлеп тұрған курстас дос Жанғараның ойы көбімізден озыңқырап кетпесі бар ма?! (Соңғы кезде көбірек кітап қараңқырап жүрген). Мен дегенде жанып түсіп отырған Тұрсекең ұстаз бұған дейінгі ойын кілт бұрып, тосын шешім жасады. «Студенттердің ғылыми кеңесінің төрағасы – Жанғара Дәдебайұлы!»
Ұстаз айтты. Бітті!..
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ғылым қайраткері, көрнекті ғалым, профессор Т.Кәкішұлын біз, әсіресе, тәлімгер ұстаз ретінде жақсы білеміз. Күні бүгінге дейін ол отызға тарта талапкердің кандидаттық, әлденеше ғалымның докторлық жұмысына жетекшілік етіп, тұсауын кесіп, бағын ашыпты. Сонымен қатар, Тұрсынбек Кәкішұлы бүгінде белгілі ғалым, сыншы санатында еркін аталып жүрген Ш.Ыбыраев, Б.Әбілқасымов, С.Негимов, Ж.Дәдебаев, Б.Әбдіғазиев және осы жолдардың авторы секілді бірсыпыра дарынды жастарды сәтінде жоғары оқу орындарын бітірген кезінде Алматыға қызметке алып қалып, айрықша қамқорлық еткенін жақсы білеміз. Олар да ұстазына дән риза шығар.
Қадірменді ұстаздың шәкірттеріне деген көңіл шуағы, жан жомарттығы қайдан бастау алып отыр? Біздің ойымызша, бұл ізгілік бастауы оның ұстаздарына барып тіреледі. Әрине, әркімнің жанына тәңіріден түскен қадір-қасиеттің орны бөлек қой. Оған ешкім таласпас. Дегенмен, мен ұстаз тәрбиесінің рөлі айрықша болса керек.
Профессор Т.Кәкішев өзі естеліктерінде айтып, жазып келе жатқандай М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин сынды рухани байлығымыздың бағдаршысы болып өткен ірі тұлғалардан тәлім алған. Қайсы-бірінен тікелей дәріс тыңдаған. Қазақша айтқанда «алдын көрген». Ол жөнінде ғалымның өзі: «Бізге әдебиет тарихын журналистика бөлімінде Бейсембай Кенжебаев, филология факультетінде Есмағамбет Ысмайылов оқыды. Университеттік білімді осы кісілердің білік-таным деңгейінде игердік.
1947 жылдың қысында «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының өрескел саяси қателері туралы» қаулы шықты. Идеология мәселелері жайында бірнеше қаулы-қарарлар қабылданып, маркстік-лениндік дниетаным жөнінде айбынды күрес жүргізіліп жатқан шақта, қазақ әдебиетшілерінің ғылыми кем-кетіктерін көрсетіп, қателіктерін түзету қажет болды. Осындай мақсатты көздеген қаулыны қайсыбіреулер ұйымдастыру шараларымен жалғастырғанда М.Әуезов, Е.Ысмайылұлы, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебайұлы, Т.Нұртазин сынды ұстаздарымыздан көз жазып та қалдық. Олардың лекцияларында, жазған еңбектерінде, оқыған лекцияларында кеткен қателіктерді әшкерелеуге талаптанған шәкірттер де кездесті. Жеке адамға табынудың ықпалымен қазақ әдебиеттануы мен сынында жайсыздау соққан желдің лебі ұзаққа бармай басылды». («Ескірмейді естелік», 312-313-беттер) деп жазады шәкірттік бейілден.
Демек, бүгін тоқсанға тура тартып бара жатқан ғалым алдындағы ағаларын ұстаз тұтып, тәлімін алыпты. Сөйтіп, ұзақ жолда кісілік, азаматтық, ғалымдық, ұстаздық тұлғасын қалыптастырыпты.
Ұстаз бен шәкірт арасында сабақтастық жүреді. Тұрсекең өнегені ұстаздарынан алады, оны өз тәжірибесімен байытып, кейінгі ұрпаққа береді. Біз айрықша қадірлеп ұстаз тұтар Т.Кәкішұлы алдында тұрған ұрпақ, яки оның ұстаздары өнегесі, сөйтіп, кейінгі буынға жетеді. Бұл орайда Тұрсекең бұл кезде көзі кеткен аға буын әдебиетшілер мен бала буын арасына сабақтастық орнатып отырған рухани көпір секілді.
Тұрсекең ұстаздарынан көзі тірі кісі жоқ қазіргі таңда! Солай. Қазақ әдебиеттану ғылымына еселей-еселей үлес қосқан кәрі тарландар бірінен соң бірі мынау жарық жалған дүниені тастап, бақилық дүниеге көшіп алды. Ендігі аға буын – профессор Тұрсынбек Кәкішұлы және оның тұрғыластары.
Алайда, әлгі аталған аға буын өздері дүниеден өткен соң, аты да, заты да өшті демейміз. «Ақынның аты, ғалымның хаты өлмейді» дегізіп аты арамызда, еңбегі қолымызда жүр. Айтуға оңай осы іс өмірде жүзеге оп-оңай аса қоймайды. Профессор Т.Кәкішұлы және оның тұрғыластары алдындағы буынның ғылымдағы аманат еткен тақырыптарын, проблемаларын ғана алып қалған жоқ, олардың азаматтық тұлғасын да кейінгі ұрпаққа жеткізе насихаттап жүр.
Т.Кәкішұлының ұстаздарына жасап отырған қызметі үш салалы.
Бірінші, ұстаздары бекітіп беріп кеткен, кейбірін бірге нұсқалаған тақырыптарды жалғастыра жазып келеді. Үлкен ғалым Е.Ысмайылұлы 1917-1929 жылдар аралығындағы қазақ әдебиеті проблемаларын өзінің шәкіртіне кандидаттық, сын тарихын докторлық диссертация тақырыбы ретінде ұсынған екен. Тұрсекең ұстаз аманатын адал атқарып, тақырыпты тұрақты жазып келеді. Бұл – бір.
Екіншіден – шәкірт ұстаз еңбектеріне тікелей қолқабыс жасап, алғысөз жазып, жариялату, еңбектерін қайта бастырумен жүйелі айналысып келеді. Нақты мысал керек пе? Профессор Бейсембай Кенжебайұлының «Асау жүрек» /1975/, «Жылдар жемісі» /1984/ секілді еңбектері көзі тірісінде-ақ шәкірті – Т.Кәкішұлы алғысөзімен жарық көрді. Профессор Е.Ысмайылұлы дүниеден өткен соң оның С.Сейфуллин, Қ.Аманжолов, Т.Жароков, Ж.Саин өмірі мен шығармашылығы жайында жазған толымды туындыларының басын қосып «Ақын және революция» /1983/ деген атпен құрастырып, алғысөзін жазып, кітап етіп шығарды. С.Ерубаев, Ж.Тілепбергенов, Е.Бекенов сынды өмірден ерте кеткен дарындардың әдеби мұрасын жинақтау, жариялату, зерттеуін де Есағаң аманат еткендей адалдықпен айтып жүреді, тайынбай атқарып жүреді. Бұл – екі.
Үшіншіден, өзі азды-көпті үлгісін алған ұстаздары жайында дәл Тұрсекеңдей өндіріп көп жазған, алғаусыз ақтарылып ақиқат сөйлеген шәкірт оның құрбы-құрдастары арасында аз. «Қазақ әдебиеті тарихына» – Б.Кенжебайұлы, Е.Ысмайылұлы жөнінде тараушалар жазуы, Т.Нұртазиннің жетпіс, сексен жылдық мерейтойларын өткізуге мұрындық болуы, мақалалар жазуы, осындай шәкірттік бейілді Е.Ысмайылұлына да қапысыз көрсетуі шәкірттің ұстаздар рухына тағзымы, жасап отырған үшінші сала қызметі.
Бұл ретте, әсіресе, Т.Кәкішұлының шынайы ұстазы – Есағаңа жасаған еңбегін ерекше бөле-жара атар едік. «Есмағамбет Ысмайылов» аталатын тақырыпқа Т.Кәкішұлы ғалым ретінде де, публицист-жазушы ретінде де сан рет оралып отыруы ризалық бейіл туғызады. «Солардың бәрінің басын қосып, жалғап, жүйелеп», толтыра таразылап, өңдеп жіберсе Есағаң жайында «Өнегелі өмір» сериясының кітабы дайын болып шыға келер еді. Ұлғайған жас мұрша берер ме, бермес пе? Кім білсін?
Кездескен жерде:
– Бейсекең еңбектерін үш-төрт том етіп шығарып қоймайсың ба? Диссертацияға тақырып етіп берсең де теріс болмас еді. Біз бәріміз де сол кісінің шәкіртіміз ғой, – деп бастап бірсыпыра сырдың тиегін ағытады Тұрсекең. Естелігі ҚазМУ-дің екінші курсында оқып жүрген шәкірт Тұрсынбекке Бейсекеңдей ұстаздың 1947 жылы «Сұлтанмахмұттың публицистикасы» аталатын тақырып беріп, ғылымға баулуынан басталады. «Қырсыққанда қымыран іридінің» кебі келіп, ұзамай біз жоғарыда атаған қаһарлы қаулы бұрқ ете түсіп, Бейсекең қызметтен шеттетіліп, ол жетекшілік еткен студенттің ғылыми жұмысы қалалық ғылыми конференцияға жіберілмей қиналғанына ұласады. Ұстазының: «Қайтесің Тұрсынбек, бүгінде Сұлтанмахмұт пен Бейсембайдан нашар кісі болмай тұр. Шыда! Уақыт оңғарылар» деген үні құлағында тұрғандай сағынышпен сөйлейді.
Көп томдық дегеннен шығады-ау, бұл өзі әдебиет сыншыларына бұйыра бермейтін ырыс. Ілгеріректе Қажым Жұмалиевтің екі, Мұхаметжан Қаратаевтың үш томдығы ғана жарық көрген. Әлі күнге Есмағамбет Ысмайылұлы, Бейсембай Кенжебайұлына бұйырмай келеді көп томдық. Осы бағыттағы қадамды шәкірті ретінде Тұрсынбек Кәкішұлы жасаған екен уақытында. Аталған Есағаң М.Әуезовтің аузымен «еңбек торысы» қайтыс болған соң әдебиеттану саласында өндіре еңбектенген ұстаз мұрасын табиғатына орай жинақтап, бес томдық шығармалар жинағы райында межелепті. Академик-жазушы Сәбит Мұқанұлы басқаратын комиссия құрғызыпты. Е.Ысмайылұлының әр томына қандай шығарма енетінін ойластырған жоспар жасапты. Оған Есмағамбет Ысмайылұлының Орталық мемлекеттік архивінде сақталатын жеке қорын ақтарып қарағанда тап болдым. Өкініші – уақытында тиісті орындар қолдамаған.
Ұстаздық – ұлық ұғым.
Ұстаздық – ұлы міндет.
Француз ағартушысы Жан Жак Руссо қаламынан туып, ұстазымыз Зейнолла Қабдол төгілдіріп қазақшалағандай «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау!».
Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы – өнегені алдындағы ұстаздарынан адал шәкірт ретінде алып, өз тәжірибесімен байытып, кейінгі ұрпаққа өміршең етіп беріп келе жатқан шынайы ұстаз. Өмірде де, ғылымда да сабақтастық – үлкен ұғым.
Сабақтастық – пенде тіршілікте өмірдің мәні.
Сабақтастық – өнер, ғылымда шығармашылық сәні.
Ал Тұрсекең сол сабақтастықты өмірдің мәні, шығармашылық сәніне айналдырып, шәкірт бақытын аялаумен келе жатқан ғажайып азамат, шынайы ұстаз!
Достарыңызбен бөлісу: |