Қазақ тілінің жаңа оқыту әдістері арқылы біз білім деңгейі, ой өрісі дамыған, тіл арқылы өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін, шынайы өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелейміз. Оқушылар оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым дағдыларын қалыптастыра отырып, еркін қарым-қатынас жасауға, сын тұрғысынан көзқарасын білдіруге, өз ойын жеткізіп, шешім қабылдауға дағдыланады. Қазақ тілінде берілген кез келген ақпараттарды тиімді қолдана отырып, өзіне қажетті мәліметті ала алады. Әрбір оқыту әдісі белгілі бір мақсатқа жетудің құралы болып табылады.Тілді кіріктірілген бағдарлама арқылы оқытудың негізгі мақсаты – сөйлеу әрекетінің түрлерін ( айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым ) меңгерте білу.
Тыңдалым дағдысы бойынша негізгі ойды түсіну, ақпаратты анықтау, түсінгенін практикада қолдана білу бағаланады; Осылардың ішінде басқа дағдыларды қалыптастырудың негізгі алғышарты – тыңдалым әрекеті болып табылады. Өйткені күнделікті өмірде оқушы көптеген ақпаратты сағат сайын естіп, көріп тыңдайды. Бірақ кез келген ақпаратты тыңдау арқылы түсіну сөйлеу әрекетін қалыптастырады. Егер оқушы өзіне керек мәліметті тыңдау арқылы тауып үйренсе, ол басқа үш дағдыны (айтылым,жазылым,оқылым), яғни айтылып жатқан мәліметті түсінеді; өз пікірін білдіре алады және басқалармен қарым-қатынас жасай алады; тақырыпқа қатысты деректі түсініп оқиды; көтерілген мәселеге өз көзқарасын жазбаша жеткізе алады. Ал тыңдалым дағдысы дегеніміз не? «Тыңдалым – «аудирование» деген терминнің білдіретін мағынасы – «есту арқылы түсіну». Бұл айтылған не техникалық ақпараттарға жазылған аудио мәтіндегі сөздерді, сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде қабылдау және түсіну деген ұғым».
Тыңдай білу — тілдік қатынастарда аса қажетті біліктердің бірі. Бұл біліктіліктің адамның күнделікті өмірде атқаратын қызметі аса зор және адамның қатынас икемділігінің негізгі өлшемдерінің бірі болып табылады.
Арнайы зерттеулердің нәтижесінде адам орта есеппен уақытының 29,5% -ын — тыңдауға, 25,5% -ын — сөйлеуге, 10% -ын — жазуға жұмсайтындығы анықталған. Іскерлік қатынастар жағдаяттарында жұмыс күнінің 16%-ы оқуға, 9%-ы жазуға, ал 30%-ы сөйлеуге кетеді екен.
Тіпті ресми емес әңгімелесулердің барысында да адам әріптесінің айтқан сөзінің тек 60-70%-ын меңгеретін көрінеді. Абай Құнанбаев “Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: бірінші — көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде иә көргенде ғибраттану керек, көңілденіп, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші — ой кеселді нәрселерден қашық болу керек”, — дейді. Ес адамның әр алуан іс-әрекеттерімен байланысты болып, тіршілікте аса маңызды қызмет атқаратын болғандықтан, оның түрлері мен көріністері де әр қилы.
Тыңдалымның мақсаты оқушыны: Аудиожазбаның мазмұнын түсінуге, белгілі бір ақпаратты қабылдауға, мәтін детальдарын түсінуге, айтылған ойды толық түсінуге, сөйлеушінің сөзін еш қиындықсыз ұғынуға, ауызекі, анық құрылмаған сөйлеу тілін өзге адамдардың көмегінсіз түсінуге, бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио бағдарламаларды еркін, түсініп қабылдауға таныс және бейтаныс тақырыптағы сөйлесімнің негізгі ойын түсінуге, т.б. үйрету.