Оралдың, Оралыма Ақын-Ана!
(Эссе)
Мен, қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайраңдаған.
«Қыз өссе –елдің көркі» деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам!
Иә, қазақ қыздарына таң қалмасқа шара жоқ! «Қазақ қызы» деген сөздің өзі ғана бойына бар дүниені сыйдырып тұрған жоқ па? Сол қыздардың бірі Ақ Жайықтың ақын қызы, жырымен тәлім мен тәрбие берген, рухани тұрғыдан сусындатқан Сізсіз- Ақшағала-Ақұштап! Өлеңдеріңіз өмірдің ақ-қарасын тереңінен ашатын, оның қыры мен сырын ұғуға талпындыратын, жаның аурып, жүрегің сыздағанда дертіңе ем болатын құдіретті емес пе! «Өлең-құдіретті», бірақ Сіздің оны оқырманына жеткізетін тілі бай, шумағы орамды өлеңдерді оқығанда өзіме ләззәт аламын. Халқымыз әрқашан да сөзге шешен, тәрбиеге берік халық! Десекте, Сіздің өлеңдеріңізде ерекше тәрбие, ерекше үн, ерекше сезім жатыр... Ешқашан жалған айтылмайтын ой, бүкпесіз шындық өз оқырманыңды шыншыл, қайратты, жігерлі болуға үндейді. Қай өлеңдеріңізді оқысам да, ерекше толғаныспен, жүрекпен сезіп, бейне бір көз алдымда болып жатқан дүниедей сезініп оқимын. Әсіресе, «Анама бірінші хат» өлеңіңізде :
Өзіңді, анам өмірде
Ренжіткен жерім көп.
Әжем «келін» дегенде
Мен де жүрдім «келін» деп- шынайы ойыңызды еш бүкпесіз айта отырып, ананың орнының ерекшелігін дөп басып айтасыз. Бұл ескінің әлегі, десек те, осы салт кейбір отбасыларында сақталып келеді. «Ештен кеш жақсы» дегендей ананың алдындағы қателігіңізді ескеріп, «Ана» сөзінің , ана мейрімінің, ана шапағатының, ана махаббатының бар нәрседен биік, асқар тұратынын көпшілікке жеткізе білдіңіз!
Өлеңдеріңіз арқылы адам өн-бойына жақсылық пен ізгілікті, сезім мен сенімді, сүю мен күюді жинайды. Махаббаттан үміт үзген, өмірден түңілгендердің бойына «өмірге» деген құштарлықты оятып, үміт отын жалындатады. Демек, шынайы махаббат, ұлы сезім әлі жоғалған жоқ, оған «Сендік сенім жүрегімді алдаса» өлеңіңіздің мына бір жолдары куә!
Өзге жанға ұқсамайтын өзгешем,
Өзіңменен көктем бағын кезбесем,
Қол ұстасып бірге жүрген кезде сен,
Шын бақытты екенімді сезбесем,
Махаббат жайлы жазбас ем. Осы өлең жолдарын оқығанда махаббаттың шынайылығына, сезімнің пәктігіне риасыз сенесің! Бүгінігі жастардың арасында кездесіп жүрген берекесіз махаббатқа, шындығында ұлы сезімді ойыншық қылып жүргендерге үлкен өмірлік сабақ жатыр. Қайдам? Кейде мұны түсінбейтіндер де бар. Осындай ойға шомған сәттерімде, шіркін, Ақын-Ананың жүректен жүрекке жеткен , тәлімнен тәрбиеге ұласқан осы өлеңдерін бір шолса деген ой келеді. Өйткені, Сіздің өлеңдеріңізде үлкен сезім, баға жетпес тәрбие жатыр. Оны жан-дүниесімен түсініп оқитын ұл-қыз болса, ұлы сезім аяққа тапталмас еді, тірі жетім болмас еді, қарттар үйі жәутеңдеген қарт ана мен егде тартқан қара шалға толмас еді... Бірақ, «Үмітсіз-шайтан» дейді емес пе? Көкірегі ояу қазақтың ұл-қыздары өлеңдеріңізді оқып, жанына шапағат, жүрегіне ізгілік ұялатады-деп сенемін. Қалам алған қазақтың бойында өлең-жыр шумақтары болмауы мүмкін емес дегендей өзіңізге арналған шумақтарыма кезек берейін:
Оралдың, Оралыма Ақын-Ана,
Жыр жазамын жүрегімнен шабыттана.
Көкірегің толы жыр мен махаббатқа,
Жайықтың болдың қызы, туған дара!
Оралдың, Оралыма Ақын –Ана,
Ақындарың шындықты еш жасырама
Көз салдың тұңғиықтың тереңіне
Оянды «жырға» деген менде сана.
Өлең-жыр табиғаттан сенің пірің,
Еш кетпейді жасқа айтқан әрбір мінің.
Толғанып, толықсып мен оқығанда,
Бір күледі, бір жылайды менің жүзім.
Ақын-ана, өлең жырдың ханшайымы,
Десем, егер жоқ шығар еш айыбы,
Өзекті өртеп өткен өлеңдердің,
Әр тұстан табылады өз байыбы.
Өлең-жырлар, жырлансыншы, жырлансын,
Өлеңменен жан-дүнием нұрлансын,
Ата көрген, ана көрген жастарым,
Үлкендерден өшпес мәңгі үлгі алсын!
Достарыңызбен бөлісу: |