127
Практикалық тапсырмаларға арналған мәтіндер
§1.1 бойынша орындалатын практикалық тапсырмалар
Тіл – жеке ғылым нысаны. Тілші-ғалымдар тарапынан тілге берілген
анықтамалар өте көп. Осы пікірлердің негізінде тілші-ғалымдардың ұстанған
лингвистикалық бағыты мен әдіс-тәсілдері туралы біраз ақпарат алуға болады.
Мұны ғылыми тұжырымдар негізінде дәйектеуге болады. Тілге берілген бұл
анықтамалар ХІХ ғасырда негізгі деп танылған ғылыми тұжырымдамалар
болып табылады. Мәселен, неміс ғалымы Вильгельм фон Гумбольдт былай
дейді: «Тіл ̶ ойды қалыптастыратын ағза». Ал неміс тілші-ғалымы
А.Шлейхер: «Тіл ̶ ойдың сыртқы дыбыстық қабығы. Тілдің дамуының басқа
жанды организмдердің дамуынан ешқандай өзгешелігі жоқ», ‒ дейді.
Мәскеу лингвистикалық мектебінің негізін қалаушы академик
Ф.Ф.Фортунатов: «Тіл ̶ сөзден құралады, ал сөз ұғым бен ой-сезімді жеткізудің
дыбыстық таңбасы болып табылады», ‒ деп тұжырымдайды.
Тілге жүргізілген ғылыми зерттеулердің тереңдеуі, тілдің ішкі
құрылымдық-жүйелілік жүйесін тану, тілдің өзге ғылым салаларымен
байланысы сынды мәселелердің көтерілуі ХХ ғасырда тілге берілген
анықтамалардың жаңаша көзқарастармен толыға түсуіне негіз болды. Дат
ғалымы Отто Есперсен: « Тіл ̶ адамның ойы мен сезімін жеткізу мақсатында
жұмсалатын интеллектуалды әрекет», ‒ десе, әйгілі американ лингвисті Эдуард
Сепир былай дейді: «Тіл ̶ адамзат баласының ойын, сезімін, идеясын, мақсат-
тілегін еркін түрде жеткізуге болатын символдар жүйесі». Француз лингвисі
Жозеф Вандриес: «Адамдардың бір-бірімен тілдік қатынас жасау қажеттілігі
туған кезде тіл пайда болған. Сол себепті тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді.
Тіл әлеуметтік сипатты адам баласының ой-санасы жеткілікті дәрежеде
дамыған, соған сәйкес тілді өз дәрежесінде пайдалана алатындай жағдайға
жеткен кезде ғана иеленеді», ‒ дегенді айтады. «Тіл – ұжымның қажеттілігінен
туған, еңбек ету процесінде адамдардың өзі жасаған жемісі» – дейді
Ф.Энгельс.
Достарыңызбен бөлісу: