3.Д.А Қонаевтың Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы ретіндегі қызметі
Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы (1912–1993) — аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері, үш мəрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері. Қазақстанның көрнекті мемлекет жəне саяси қайраткері, ғалым, тау-кен инженері.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында қызметкерлердің отбасында өмірге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақ Өлкелік комсомол комитеті оны Мəскеудің түсті металдар мен алтын институтына оқуға жібереді. 1936 жылы Мəскеудегі түсті металдар мен алтын институтын тəмамдап, тау-кен инженері деген мамандық алады. Институтты аяқтай сала арнайы жолдамамен келіп, Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, руднигтің бас инженері жəне оның директоры болып істейді.Қоңырат кенішінде Д.А.Қонаев өз маңына адамдарды топтастыра біліп, олардың күш-жігер, қайраттарын арттырып, жұмысқа шыңдала кірісулеріне ықпал жасады. Сол кездегі жағдай адам төзгісіз еді: жазда — қайнаған қапырық болса, ал қыста — қақаған аязды борандар адамның үрейін алатын, азық-түлікпен қамтамасыз ету жағы да дұрыс жолға қойылмаған еді. Бітпейтін алысқа созылған ұшы-қиырсыз кең дала, жақын маңайдағы — 500 шақырым жердегі тұрғылықты жерге дейін салынған жол да жоқ. Тек ұшақпен ғана жете аласың. Ал 30-жылдардың басында қанша ұшақ болды дейсіз? Соған қарамастан, еңбекшілердің қажырлы күш-қайратының нəтижесінде Қоңырат кеніші мен Балқаштағы мыс қорыту комбинатын тұрғызуға қатысты ұйымдастыру жұмыстары, белгіленген жоспардан асып, 150–200 пайызға орындалды. КСРО Жоғары Кеңесінің 1939 жылғы 26 наурыздағы Жарлығымен Д.А.Қонаев «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Бұл оның тұңғыш наградасы еді.
Қазақстан Компартиясының басшысы Н.А.Скворцов 1939 жылы 9 қарашасында Д.А.Қонаевты Риддер кенішіне директорлыққа тағайындайды. Риддерге Д.А.Қонаев келген кезге дейін пайдалы руда қазбасын табу жоспары орындалмады, жердің бетін жоғары жақтан көлденеңінен қопару жұмыстары аяқталып, тұрақты жұмысқа кірісу ісі арманға айналғандай еді.
Оның алдында тұрған негізгі міндет құрылып жатқан пайдалы қазбалармен қамтамасыз ететін фабриканы іске қосу жұмыстарын дайындау жəне осы кен ошағын пайдалы рудаларға толтыру керек болды. Ал пайдалы қазбалар өте аз табылатын. Риддердің жұмысын тоқтатып, оны жабудың сəті келгендей-ақ еді. Бұл кезең 1940 жылдарға тұспа-тұс келді. Еуропа мемлекеттері соғыс құшағына оранғандықтан, еліміз де қан майданға əзірленіп жатты. Тура осы жағдайда мыс, құрыш, қалайы немесе басқа түсті металдардың қаншалықты қажеттілік пен сұраныс тудырғандығын айтпаса да болады. Д.А.Қонаев осы өлкедегі жұмысы тоқтауға жақын қалған кен ошағына 1939 жылдың қараша айында келді.
Д.А.Қонаевтың келуімен кен орындарындағы жұмыстардың бəрі өзгеріп, өндіріс жанданып, өнім өндірудің көлемі артты. Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде де ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің жəне КСРО қорғасын-мырыш өнеркəсібінің ең ірі кəсіпорындарының бірі — Ленингор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады.1942 жылдың сəуір айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Н.А.Скворцов Лениногордан Д.А.Қонаевты Орталық Комитетінің қарамағына шақыртып алады да Қазақ КСР Халық комиссариаты төрағасының орынбасарлығына ұсынады. Осыдан бастап Одақтың қарамағындағы өнеркəсіп орындарының жұмысымен айналысатын болды. Д.А.Қонаевқа түсті металлургия кəсіпорындарының қызметін бақылап, көмектесу міндеті жүктелді. Сонымен қоса ол көмір жəне мұнай өнеркəсібін, электр желілері, темір жол тораптары, автокөліктер кəсіпорны мен қорғаныс зауыттарының қызметіне бас-көз болып, сан салалы жұмыстарды ерлікпен атқара білді. Сол кезде жасы небəрі 30-да ғана еді.
Ұлы Отан соғысы жылдарының алғашқы кезеңінде, яғни 1941–1942 жылдары, неміс-фашист басқыншылары КСРО-ның Мəскеуге дейінгі батыс аудандарын басып алған болатын. Сондықтан Сталин басқарған Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Қазақстаннан вольфрам мен молибден концентратын күрт көбейтуді талап етті. Себебі танкілердің сауытының мықтылығы оның құрамындағы вольфрам мен молибденнің пайыздық мөлшерде жеткілікті болуына тікелей байланысты болатын. Сондықтан да Д.А.Қонаевқа Ақшатаудағы вольфрам комбинатының салынуын жеделдету міндеті тапсырылды. Сонан кейін Балқашқа барып, Қоңыраттың қалайы руда кендерінен алынатын молибден концентратының құрамын тексеріп жақсарту ісі тұрған еді. Бұл үшін ең алдымен кен көзінің бар-жоқтығын тексеруге барлау жасап, өндіріс орнын тұрғызу міндеті тұрды.
Ең алдымен Д.А.Қонаев шағын көмекші тобымен бірге Ақшатауға ұшып келеді. Ол қысқа
мерзім ішінде, қысылтаяң уақытқа қарамастан, Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің тапсырмасынатқарып шығады. Бір апта ішінде геологтардың ондаған барлау жұмыстарын өз көзімен көріп, сараптама жасайды.
«1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының тарихы» деп аталатын көп томдық кітаптан мынадай деректі оқыған кезде еріксіз елең етесіз: «Елде соғыс уақытында өндірілген əрбір 100 тонна молибденнің 60 тоннасын Балқаш даласының ерлері, Шығыс Қоңырат кеншілері беріп отырды». Соғыс кезінде жау шебін ойрандаған танктердің болат сауыты Балқаш пен Ақшатаудың вольфрамы мен молибденінен суарылған», — деп жазады ол өз кітабында.
Жоғарыда айтылғандай, 1942–1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарып шықты.
1952–1955 жылдары Д.А.Қонаев Қазақ КСР-нің Ғылым академиясының президенті қызметін атқарды. Бұл қызметке тағайындалуы өте қиын жағдайда жүзеге асырылды. Ол кезде тарихшы Ермұқан Бекмахановқа «Кенесары Қасымовтың қозғалысын дəріптеді» деген саяси айып тағылып, Орталық Комитет тарапынан туындаған жазалау басталып жатқан еді. Ал Тарих институты Ғылым академиясының бір бөлігі болып табылатындықтан, академия президенті Қаныш Имантайұлы Сатбаевта негізсіз жалған айыпталып, атақты ғалымның басында қуғын-сүргіннің бұлты үйіріледі.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші Хатшысы Жұмабай Шаяхметов өте қиын жағдайда қалды, себебі ол қызмет бабы бойынша Орталық Комитеттің ресми көзқарасын жақтауы тиіс еді. Бұл жағдайдың бір амалын табу үшін ол 1951 жылдың желтоқсан айында Қазақ КСР Ғылым академиясын басқаруды Д.А.Қонаевқа тапсыруға ұсыныс жасайды. Ал ол бұл қызметтен бас тартады. Екі айдан кейін Ж.Шаяхметов ұсынысын қайтадан білдірген кезде, Д.А.Қонаев келісуге мəжбүр болады. 1952 жылдың 17 сəуірде Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі жəне президенті болып сайланды. 1952 жылдың қыркүйегінің аяғына таман Қазақстан Компартиясының VІ съезі болып өтті. Ғылым академиясының Президенті республикалық Орталық Комитеттің мүшесі жəне Сталин басқарған соңғы Бүкілодақтық Коммунистік партия ВКП (б) ХІХ съезінің делегаты атанады. Тау-кен ісі саласының ірі ғалымы Д.А.Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңіреді. Ғылыми ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асырылады. Қонаевтың ғылыми еңбектері кен орындарын ашық əдіспен зерттеудің теориясы мен тəжірибесінің маңызды мəселелеріне арналған. 1948 жылы кандидаттық, ал 1968 жылы докторлық диссертация қорғады. 100- ден аса ғылыми еңбектері жарық көрді. Қазақстанның экономикасы мен мəдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тəжірибесін жəне ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді. Д.А.Қонаев 1955–60 жəне 1962–64 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, ал 1960– 1962 жəне 1964–1986 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің Бірінші Хатшысы болды. Бірнеше мəрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. СОКП-ның ХІХ съезінен бастап кейінгі съездерінің бəріне делегат болды. Партия делегациясын басқарып, əлденеше рет шетелдерде болып қайтты. 1956 жылдан бастап СОКП Орталық Комитетінің мүшесі болды. 1966 жылы партияның ХХІІІ съезінде ол СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал 1970 жылы ХХІV съезде Саяси Бюроға мүше болып сайланды. Осылай ол 20 жылдан аса уақыт бойы СОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі болып, КСРО секілді айдарынан жел ескен алып державаның ішкі-сыртқы саясатының мəселелерін шешуге қатысқан əлемдік масштабтағы мемлекет қайраткер дəрежесіне көтерілді.Ол Қазақстанның экономикасы мен мəдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тəжірибесін жəне ұйымдастырушылық қабілетін халқының пайдасына жұмсады. Д.А.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама- қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, əлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мəдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия жəне кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сəт естен шығарған жоқ. 1960-шы жылдардың басында Н.С.Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін, атап айтсақ, екі совхоз бен 500 мың қойдан басқа жерлердің барлыған қайтадан қайтарып алуы соның айқын бір дəлелі еді.
Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мəдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дəстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де Қазақстанның тəуелсіздігінің алғашқы қиын жылдарында ол білімдар, білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландырудың қажет екенін терең сезініп, қолдай білді.Қазақстанның қуатты аграрлы-индустриалды мемлекет ретінде қалыптасуында Д.А.Қонаевтың сіңірген еңбегі ерекше. Д.А.Қонаевтың билігі кезеңінде Өскемендегі қорғасын-мырыш жəне титан- магний, Соколов-Сарыбай, Лисаков, Балқаш, Жезқазған тау-кен-металлургия комбинаттары кұрылды жəне дамыды. Оның көмегімен химия, метталлургия институттары ашылды. Қазақстандағы ВАСХНИЛ, Ақмоладағы Бараев институты əлеуметтік тапсырыс пакеттерін алды, ядролық физика саласындағы қарқынды жұмыстар басталды, Орта Азиялық əскери округ, əскери-инженерлік база кұрылды. Алматыдағы құрылыс пен қаланың өркендеуіне де ол аз нəрсе жасаған жоқ. Оның бастамасы бойынша бой көтерген Республика сарайы, Достық даңғылындағы тұрғын үйлер, «Медео» спорт кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт жəне мəдениет Сарайы, Республика алаңы, Қазақстан, Жетісу, Алматы, Алатау мейманханалары, цирк, аэровокзал, əуежай жəне көптеген ірі ғимараттар Қазақстан Республикасының визиттік карточкасы болып қалды. Ел астанасының көркеюіне жұрттың бəрі мүдделі десек те, сол кезде оны жүзеге асыру қиын еді. Үлкен құрылысты салу үшін Мəскеудің рұқсаты керек. Ал ондағылар басқа жақта, əсіресе мəдени-ұлттық нысандардың бой көтергеніне онша құлықты емес еді. Алматыда біраз нысандардың бой көтеруіне Д.А.Қонаевтың беделі, тіпті тапқырлығы көмектесті. Айталық, Лениннің 100 жылдық мерекесін атап өту үшін көп адам сыятын əсем ғимарат керек деген себепті алға тосып, Республика сарайын салдырды. Сол ұлы көсем атындағы даңғылды көркейтеміз деп, оның бойынан біраз мəдени-тұрмыстық нысандар тұрғызды: 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйі, М.Əуезов атындағы академиялық драма театры, М.Лермонтов атындағы орыс драма театры, Қазақ циркі, жастардың Неке сарайы, Ұлттық кітапхана, «Арасан» моншасы, жабық Көкбазар кешені, тоғыз қабатты Баспасөз үйі, Алматы темір жол вокзалдары, республикалық Пионерлер сарайы жəне т.б.