5.Тіл туралы занның қабылдануы мен оның маңызы
Еліміз тәуелсіздік алардың қарсаңында, 1989 жылы қабылданған Тіл туралы заңда: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп тұңғыш рет атап көрсетіліп, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында да: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі баян етіліп, заңды түрде күшіне енді. Сөйтіп, қазақ тілі дамуының жаңа кезеңі басталған болатын. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Сол уақыттан бері қазақ тілінің тынысы ашылып, қоғам өмірінің бірқатар салаларында қолданыс аясы кеңейе түскені рас. Ең бастысы – ана тіліміздің тағдырына алаңдайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын болды. Ендігі жерде қазақ тілінің заңдық мәртебесін алға ұстап, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қызметіне қоятын талабы күшейе түсті. Мемлекеттік және өзін-өзі басқару орындарындағы тілге қатысты психологиялық ахуал күрт жақсарып кетпегенмен, аз да болса оң өзгерістер болды.Қазақ тілінде жүздеген мектептер ашылып, қандастарымыздың ана тілінде көптеп білім алуларына мүмкіндік туды. Жоғары оқу орындарында да қазақ тіліндегі топтар көбейді, қазақ тілін оқыту сапасы жақсара түсті. Ана тілінде білім алушылар саны артты. Білім беру мен ғылым, мәдениет, бұқаралық ақпарат, т.б. салаларда ілгерілеушілік бар. Қазақ тілін үйрету әдістемесін жетілдіру мен ұлттық терминологияны қалыптастыру бағытында да көптеген жұмыстар жүргізілді. Енді қазір латын жазуына негізделген төл әліпбиге көшу жұмыстарын бастап жатырмыз. Латын жазуына негізделген жаңа «Қазақ емлесінің негізгі ережелерінің» жобасы ғалымдардың сараптауына ұсынылды. Алайда тіл мәселесінің көтерілгеніне отыз жылдай уақыт өтсе де, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай тиісті деңгейге көтеріле алмауы неліктен? Қазақ халқы мемлекет құраушы әрі республикадағы саны жағынан басым ұлт болса да, қазақ тілінің екінші қатардағы тіл болып қалуының себебі неде? Қазіргі таңдағы ұлт мүддесі мен намысын жоғары қоятын, ұрпағының болашағына алаңдайтын қазақ ұлты өкілдерінің көкейінде жүрген сауал осы. Олай болуы заңды да. Кешегі кеңестік кезеңде көп теперіш көріп, қолданыс аясы шектеліп, жетімнің күйін кешкен ана тіліміздің ел тәуелсіздігі кезеңінде де төрге шыға алмай отырғаны – толыққанды тәуелсіздігімізге жараспайтын құбылыс екені ақиқат. Ұлт тәуелсіздігінің негізгі белгілерінің бірі – оның тілінің үстемдігі. «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?!» деп ұлы М.Әуезов айтқандай, тілдің болашағы – ұлттың болашағы!
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде, өз тілімізбен өмір сүрейік! Бұдан артық қалай айтуға болады. Қажет десеңіздер, одан да оңайлатып айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген ұсынысы кезінде қазақстандықтардың тарапынан қызу қолдау тапқандай көрінгенмен, іс жүзінде толық жүзеге аспай отырғаны өкінішті-ақ! Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы мен оның мәртебесін биіктетіп, қолданыс аясын кеңейту, отандастарымыздың мемлекеттік тілге деген ықыласын оятып, намысын қайрау бағытында көп айтылып та, жазылып та келеді. Біздіңше, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеймей отыруының бірнеше себебі бар. Солардың негізгілеріне тоқталып өтелік. Ең басты себеп, қазақ ұлты өкілдерінің ана тіліне деген немқұрайдылығы – ұлттық намыстың жоқтығынан. Ұлтын сүйетін әрбір адам, мейлі ол мемлекеттік тіл болмағанның өзінде, өз ана тілін көкке көтеріп, ерекше қадірлеп, сол тілде сөйлеуді парыз санамақ. Өз ұлтының қадір-қасиетін ана тілі арқылы ұлықтап, ата-бабасының асыл аманатындай ардақтамақ. Ал ұлан-байтақ аумақты алып жатқан Қазақстан Республикасы деп аталатын тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі болып саналатын ана тілімізде сөйлемей, өзге тілге басымдық беруіміз – елдігімізге сын, аманатқа қиянат. Екінші себеп – кеңестік идеология санасына әбден сіңіп, социалистік интернационализммен уланған, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да, әлі күнге дейін құлдық психологиядан арыла алмай жүрген орыс тілді қазақтардың кертартпалығы деп есептейміз. Ұлтсыздық санадан арылмайынша – толыққанды тәуелсіздік жоқ. Ұлтшылдық сезім, ұлттық рух, мемлекетшілдік мүдде болмаған жерде – ана тіліміздің де көсегесі көгермейді. Алаштың ардақтысы Ж.Аймауытовтың осыдан бір ғасыр бұрын (1918 жылы) «Ұлтты сүю» атты мақаласындағы қазақ оқығандарына қарата айтқан: «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» деген сөзі қазір де өзектілігін жойған жоқ. Үшінші себеп – мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің, сұраныстың жоқтығы.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында барша қазақстандықтарға «мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа бірге қадам басуды, бұқаралық сананы өзгертуді» ұсынды. «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп Елбасының өзі айтқандай, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және реализм, ұлттық бірегейлікті сақтау, сананың ашықтығы секілді негізгі бағыттардың қай-қайсысы да ұлттың рухани кемелденуінің, ұлттық сананың жаңғыруының кепілі болмақ. Осы мақалада Мемлекет басшысы «ұлттық код» туралы мәселеге тоқталып, оны рухани жаңғырудың негізгі тұғыры ретінде сипаттайды: «...Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай». Ұлттық код – сол ұлттың жаратылысын, болмысын, рухани бітімін, дүниетанымын, өмір салтын айқындайтын негізгі белгілерді жинақтайтын жүйе. Яғни халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған өмір тәжірибесінен сұрыпталып жеткен ең жоғары бағаланатын қасиеттерінің, ұлттық құндылықтар жүйесінің, тұжырымдалған дүниетанымының сығымдалған формуласы. Ұлттық кодтың негізі – ана тілі, салт-дәстүрі, тарихи жады, мәдениеті мен ұлттың ділі. Жалпы ұлттың қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық қатынастарындағы барша өзекті танымдар, көзқарастар мен ұстанымдар ұлттық сананың негізін құрайды. Ұлттық сана – ұлт руханиятының негізі болса, ұлттық код – оны түрлі салалар бойынша толықтырып тұратын құрауыштары. Ұлттық код – ұлттық сананың өзегіне апаратын, оның негізін құрайтын мән-мазмұнын ашатын кілті. Ұлттық құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық тәрбие, тарихи жады, салт-дәстүр, тарихи тұлғалар тағылымы, ілім-білім мен әдеби-мәдени, тарихи мұралар арқылы беріліп отырады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы ұлттық код арқылы қоғамдық сананы жаңғыртып, ұлттық рухты көтеруде жатыр. Рухы биік ұлт қана заманның талабына сай болып, қатал уақыттың тәуекелдеріне төтеп беріп, алдыңғы қатарлы елдермен бәсекелестікте дами алады. Ұлттық кодтың жиынтық қазығы, тұғыры – тіл. Тіл – ұлттық дүниетаныммен, ұлттық санамен тығыз байланысты күрделі ұғым. Ана тілі – сол ұлттың күллі асыл қасиеттерін, қастерлі ұғымдарын бойына жинап, сақтайтын алтын өзегі. Қазақ халқы ана тілін аса қадірлі рухани мұрасы ретінде қастерлеп, ғасырлар бойы сақтап, жетілдіріп, дамытып келеді. Егер әлемдік қауымдастықта ұлттық болмысымызды сақтап, елдік келбетімізбен бәсекелестікке ұмтыламыз, ұлттық құндылықтарымызды жасампаздықпен дамытамыз десек, ана тілімізді мемлекеттік тіл ретінде лайықты тұғырына қондыруымыз керек. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат! Одан басқа жол жоқ! Елдегі барлық салалар – саясат, білім беру, ғылым, ақпараттық кеңістік, экономика мен қаржы, т.б. – мемлекеттік тілге тұғырланып, өзге ұлттық тілдер (орыс тілі де) диаспора тілдері ретінде өз ауқымында еркін дамитын болса ғана ұлттың болашағы, еліміздің ертеңі үшін алаңсыз бола аламыз. Қорыта айтқанда, мемлекеттік тіліміз мемлекеттің қорғауына зәру. Өзге өркениетті елдердегідей, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылданып, жұмыс істегенде ғана қазақ тілінің халі жақсарады деп білеміз. Сондықтан Ата Заңымызға өзгеріс енгізіп, ондағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген бапты «ұлтаралық тіл» ретіндегі орыс тілін қосақтаудан арылтып және мемлекеттік тілге қажеттілік туғызатын «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа арнайы заң қабылдау қажет деп санаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер: https://www.freepapers.ru/6/xx-6080-zhyldarynday-sayasi-mr/61930.403218.list1.html,
https://kk.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D2%9B%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%BD%D0%B4%D0%B0%D2%93%D1%8B_%C2%AB%D2%9B%D0%B0%D0%B9%D1%82%D0%B0_%D2%9B%D2%B1%D1%80%D1%83%C2%BB_%D1%81%D0%B0%D1%8F%D1%81%D0%B0%D1%82%D1%8B, https://articlekz.com/kk/article/15524, https://e-history.kz/media/scorm/303/369/text/text.htm.
Достарыңызбен бөлісу: |