Реферат kz Қазақша рефераттар сайты



Дата05.11.2016
өлшемі114,54 Kb.
#966
түріРеферат

АСАН ҚАЙҒЫ
Батыс елдері мәдениетінің зерттеушілері сүйене беретін жазба архив мүлкіндей қазақ халқының көне мәдениетін танытарлық тапжылмас деректерге, біздің ел тіпті де бай емес. Қазақ халқы өзінің өткен-кеткені туралы мәліметтерді көбінесе есінде сақтап, ауыз екі атадан-балаға жеткізіп келген. Олардың біразы ертегі-аңызға да айналып кеткен. Оның ішінде әр түрлі қосындылар мен өңдеулерге ұшыраған шындық сырлары да аз кездеспейді. Шоқан Уәлиханов қазақ жағдайындағы осындай шындықтарды айта келіп, қазақтың аңыз-әңгімелеріндегі тарихи деректерге назар аударған-ды. Ол қазақ эпостары қамтымайтын қазақтың өз басынан кешкен бірде-бір оқиғасы жоқ. Эпоста халқымыздың өмір тарихы шындыққа сай баяндалған деп атап көрсетеді ғой. Асылы, еліміздің өткендегі кейбір ұлы адамдары туралы және басты тарихи оқиғалары жайында бізге жеткен дерек осы аңыз-әңгімелер мен эпос-жырлар екенін мойындап, халық естеліктеріне сеніммен қарау, оған ерекше назар сала зерттеу керек. Әсіресе, бұдан бірнеше ғасыр бұрын жасаған шешен-жыраулар туралы айтылатын аңыздарды ескермеуге болмайды. Мысалы, Сыпыра жырау, Асан қайғы туралы аңыздар, біздіңше, шындықтан онша алшақ емес. Біз бұл тұста сол халық айтып жүрген аңыздар мек тарихи деректерді салыстыра зерттеп, Асан қайғы творчествосын сөз етуді мақсат етіп отырмыз.
Асан - аты аңызға айналып кеткен, даңқты адам, өз кезінің ірі қоғам қайраткері әрі шешен биі, әрі ойлы-сырлы жырауы. Халық аңыздарында Асанның үрім-бұтағы, өмір деректері айтылып, берілген.
Қазақстан Ғылым академиясының қолжазба қорындағы көптеген аңыздарды салыстырғанда Асанның әкесі - Саятшы Сәбит, шешесі - Салиха, ал оның әйелінің аты – Күлжазира сұлу, баласы Абат батыр екені көрінеді. Асанның енді бір баласы Жетім Жаңалы атаныпты. Ол Әз Жәнібекпен бірге қалмақ ханында бірнеше жыл кепілдікте жүрген. Оның жетім атануы, асылы, ол Асанға өкіл бала боп кеткен аға, інілерінің баласы болса керек. 1946 жылы жазып алынған тағы бір ел аңызында, Сәбит алыс сапарға шығып, бірнеше жыл бойына аң аулап кетеді екен. Әкесі соңғы сапарына аттанғанда анасының қүрсағында қалған Асан аш-құрсак, жетім, шерменде боп өсіпті. Көзін ашқаннан жетімдік қайғысын тартқан жастың келешегі де қасіретсіз болмапты. Жасында жетімдік тауқыметін тартса, өскеннен кейін де ол – жұртының мұң-мұқтажын армандап, болашағын ойлап, болжап толғанумен боп, шерменде бола беріпті. Осыдан халық оны Асан қайғы атапты-мыс. Осы қолжазбадағы енді бір аңызда Асанның аты Хасан екен дейді.
Халық Асанды тек аңыздап қоймай, оның өміріне арнап өлең-жырлар да шығарып таратқан. Бұрынғы жырауларды (Бұқар, Құдабай, т. б.) былай қойғанда біздің дәуір ақындарының ішінде де Асан өмірін, ол туралы аңыздарды зерттеп, поэма жазғандар кездеседі. Оның ішінде Ысқақов Ілияс дегеннің 1948 жылы шығарған „Асан қайғы" поэмасы - екі бөлімді ұзақ жыр. Ол сөзді былай бастапты:
Айтпақшы ойдағысын бір кәрия,
Бола ма айтпаған сон, сөз жария.
Болыпты бір саятшы Сәбит деген,
Бойында сағасы зор Сырдария.
Кісі екен ақ пейілді, жүзі ашық,
Жасынан аңшылықты қылған машық.
Мергендігі, ит жүгірту, құс салуға,
Еш адам оза алмаған онан асып..
Екінші қысқа бір жырды Жұртыбаев Жүсіпжан дегеннің айтуынан Ахметов Көкен 1940 жылы жазып алыпты. Бұнда да Асан қайғының әкесі - Саятшы Сәбит деген аңшы.
Сабыржан Шәкіржанов жазып алған бір аңызда: Асан ата ноғай екен, Шыңғыс хан тұсында жасаған Майқы бидің Асан алтыншы ұрпағы... Майқы Алтын Орданың қырағы данышпан адамы болған. Бірнеше хандарды қолынан өткізген. Еділ бойы Айдарханда, одан кейін Сарай қаласында, одан кейін Ақордаға (Жетісуға) келген. Ең соңында Жиделі байсынға келіп өлген.
Енді бір қолжазба деректе Асан қайғы Орманбет хан өлгеннен кейін сары ноғай, қара ноғай боп бөліне көшкенде тірі, 120 жаста екен. Ал Орманбет хан 1420 жылы өлген. Ноғайлардың бөлінуі бұдан біраз кейін, 1450 жылдар шамасы. Олай болса, Асан 1330 жылдары дүниеге келген. Орманбеттен кейін Сары ноғайлар Еділде қалады да, қара ноғайларды Қазтуған батыр мен Асанның тұңғыш ұлы Абат батыр бастап, жылы жақты бетке алып, Қаратауға көшіп келеді. Жолда көп қиындық көреді. Шерқұтты бастаған бір топ ел айшылық жолдан кері қайтып кетеді. Осы кезде Асан әбден қартайып, көш басшылық ісінен қалған адам. Осы тұста айтқан бір толғауында ол Қазтуған мен Абатқа алған беттен кері қайтпа деп ақыл береді. Өзінің қалжырап біткенін хабарлап, бақұлдасқандай болады.
Қазтуған мен Абатым,
Дұшпанды жер болғанда,
Сегіз қырлы болатым,
Мен бір жасы жеткен қарт едім,
Көлеңкелі жерде бағатын.
Күні-түні жатырмын,
Бес намазды тәрк қылмай,
Құдайдың өтеп тағатын...
„Әумин" де Абатжан,
Батамды саған берейін,
Балам да болсаң ер едің.
Тұла бойым тұңғышым,
Менен туып тұр едің,
Жылы жерге алып бар,
Қатын, бала тоңбасын,
Енді кейін қайтуға
Қақ тағала жазбасын.
Түсімді алған кәрі едім
Иманым болғай жолдасым,
Қайда барсаң аман бол,
Маңдайынды алла оңдасын! Осы бақылдасудан кейін ол көп ұзамай (шамасы 1450 жылдары) дүние салғанҒа ұқсайды.
Асан сөзі деп айтылатын осы өлеңде Асан Қазтуғанды да өз ағамның баласы еді дейді, оны Абатқа үлгі етеді.
Баласы еді ағамның,
Құламай тұрған басында,
Жұрт билеген Қазтуған.
Асан туралы кейін жасаған ақындардың пікір айтпағаны кемде-кем. Олар бір ауыздан ұстаз жырау, ел-жұртының мұңшысы, жыр атасы деп танытады. Нүрпейіс, Иса, Жамбыл сияқты алып ақындар оған сыйына сыр шертеді. Мұрат Мөңкеұлы сияқты XIX ғасыр ақыны Асан жырларын жақсы біліп, ол туралы өте жылы сөздер айтып кеткен. Асанды өз кезіндегі азамат-ерлерге ақылшы ата жырау деп таныған.
Қарақұнан Қалдыбай, Жалғыз ағаш Жақсыбай,
Асан қайғы бабаның Қызылтастан үй салып,
Әңгіме құрып көшкен жер...
Естектегі Еламан, Қазандағы Қалқаман,
Ноғайдағы Мүлкаман, Асан қайғы бабаңа
Ақыл сұрап келген жер... ,-дейді Мұрат ақын.
Бар тарихи деректерді қарастырсақ, онан да Асан туралы мағлұматтарды көптеп табуға болады. Мысалы, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде Асан туралы мәліметтер кездесіңкірейді. Ол өзінің „Записки о киргизах" деп аталатын көлемді еңбегінде: „Халық есіндегі атақты, тамаша философ болып сақталған Асан қайғы Жырғалаңда көшіп-қонып жүрген қазақ" деп ескертеді. „Асанның аты тек қазаққа ғана емес, көрші қырғыз еліне де мәлім, ол "Манас" жырында да аталады... Асанды қарақалпақ халқы да жақсы біледі. Олар өздерінің ескі жырауларының бірінен санайды"-дейді Шоқан.
Г. Потанин еңбектерінде де Асан Жәнібек ханның (XV ғасыр) тұстасы делінген. Революцияға дейін шыққан кейбір кітаптарда Асанның өмірінен мәліметтер, толғауларынан үзінділер беріліп отырылған. Осындай кітаптың бірі - Құрманғали Халидовтың „Тауарих хамсасы". Халидов осы кітабында Асан туралы мынадай мәлімет береді: „Асанның асыл түбі ноғай, әйгілі Майқы бидің тұқымы. Шын аты Хасан екен, халық оны құрмет тұтып Асан ата атап кеткен. Асанның мақал-мысал сөздері қазаққа аңыз боп кең тараған және ол күн-түндеп айтса да таусылмайтын ұзақ жырдай мол болыпты. Бағзы қазақтар Асан сөздерін ауызша да, жазуша да айтады. Олар Асанды халыққа қамқорлық ойлаған ізгі адамнан санайды".
Енді бір жерде Халидов: „Асан сөздерін Құдабай деген ақын жақсы біліпті. Ол Асан толғауларын ойын-тойларда айтып таратып, түсіндіріп жүріпті",- деп жазады.
С.Сейфуллиннің ойынша да, Асан өмірде болған адам. „Асан қайғы,- дейді ол, - Әз Жәнібек ханның замандасы, Майқы бидің ұрпағы... Кейбір деректердің мәліметінше, ол Орманбет ханның да жақын туысы..." Сәкен өзінің 1932 жылы шыққан „Қазақ әдебиеті" кітабында Асан толғауларынан да үлгілер жариялаған. Асан мен Жәнібек арасындағы қайшылықтарды танытатын бір сөздің жұрнағын С.Сейфуллин өзінің 1931 жылғы «Қазақтың ескі әдебиет нүсқалары» жинағында келтіреді. Өзінің көңілінен шықпаған Жәнібектің кейбір қылықтарын Асан ата батыл сынап отырған. Ел басшысы - ханға лайық істермен шүғылданудың орнына Жәнібектің той-думан, аңшылық, саяттарын қызықтап, бейқам жүргенін бетіне басқан. Ешкімге зиянсыз аққудай құс төресін жыртқыш құладынға ілдірмек болған әрекетін жөнсіздік нышаны ретінде сынайды. Ол аққудай ару құсты орынсыз зәбірлеу панасыз ару жанды аяусыз қызықтаумен тең әділетсіздік деп танытады:
Көлге шекер төктірдің?
Шекерге аққу бөктірдің.
Аққу көлдің көркі еді,
Көлдегі сұлу ерке еді.
Аққу құс - ару, төре еді,
Ару мен қорды айырмай,
Құладынға қуды жем қылдың.
Мал үшін өзінің туған қарындасын да аямай, Қаныбеттей сұлуды өз теңіне бермей, Тастемірдей жетесіз бай ұлына қосқанына наразылық білдіреді. Жырау ханның бұл сияқты әділетсіздігін бетіне басады. Бұрын бермек боп уәделескен Айсылдың ұлы Әмет деген ер жігітке бермей, малды аямай айдап берген байдың қор ұлына қосып, екі сөйлеп, әділет жолдан тайғанын ханға лайықсыз қылық деп сөгеді. Бұл жолдардағы аққу - аяулы ару жас, құладын озбыр күш өкілі боп көрінеді. Көлдегі аққу мен Қаныбет сұлу тағдырлас. Хан аққуды қалай жыртқышқа жемтік етсе, Қаныбет сұлуды да өз теңіне қоспай Тастемірдей қор адамға сатады. Бұл сияқты жолсыздықтарды Асан ұнатпай-ды.
Хан өтірік айтар ма?
Хан жарлығы қайтар ма?
Әз Жәнібектей хан ием,
Әуелгі сөзін ұмытып,
Айсылдың ер Әметі тұрғанда...
Тастемірдей байдың жаман ұлына
Қаныбеттей сұлуды қосар ма?!
Жоғарыда келтірілген аққу мен құладын құстар әрекетін жырау кейінгі шумақтағы Әметтей әдемі жігітке істегсн қиянатына ұштастырады. Осының бәрі ханнан әділет қана күткен жыраудың, керісінше, қиянатшылық көріп түңілуін көрсетеді.
С. Сейфуллин жариялаған Асан сөздерінің негізгі идеясы ханды әділет іске бастап, өзімшілдіктен, қиянаттан сақтандыру сияқты. Озбырлыққа, әділетсіздікке жол бермей, әлсізді демеп, аруды жебеп жүрсе дегісі бар. Асылы, жырау хан боп таққа ие болған адам өз басы мүддесінен ел мақсатын жоғары ұстай білуге тиіс. Жоқты сылтау етіп сауық-серуен сап, ойына не келсе соны жасап, босқа көкудің орны жоқ. Хан алдында ел тағдыры бірінші орында тұрса керек.
Ал жыраудың өз басы халқы үшін жаны бір тыныштық көрмегенін әрдайым ескертеді. Еліне жайлы қоныс іздеу, оның қауіпсіздігін ойлау – Асан өмірінің мұраты сияқты.
Алты атанға қос артып,
Алты жыл қоныс қарадым,
Қырында деп қызығы,
Ойында деп табаны,
Нуында деп ықтыны,
Суында деп балығы,
Бұл жерді өзім қаладым...
Айтқанымды сірә тындамай,
Кеңілімді жаман қалдырдың...,-деуіне қарағанда, Жәнібектің саясатын жырау қолдай бермеген. Оған әрдайым сын көзімен қарап, ел мүддесін көздеп, ақыл беріп отырған.
Асан сөздері шыққан басқа да әдеби шығармаларда да үздік-жұлық кездесе береді. Мысалы, 1925 жылы шыққан „Таң" журналының 4-санында (60-бет) Асанның „Мен айтпасам білмейсің" деп басталатын бір толғауынан үзінді басылды. Сол журналдың 2-санында ол туралы халық аңыздары да жарияланды.
Профессор Б. Кенжебаев өзінің 1942 жылы жазған мақаласында, Асан қайғыны халықтың ойдан шығарған қиял жемісі деушілер пікіріне қарсы шығып, „Асан қайғы тарихта болған адам, болғанда, Жәнібек ханның тұсында жасаған, соның ақыны, ақылгөйі болған сияқты"-дейді. Осы пікірлерін айта келіп зерттеуші Асанның Жәнібекке айтқан толғауларына жоғары баға береді.
М. И. Фетисов өзінің „Россия мен Қазақстанның әдеби байланыстары" (1956) деген кітабында Жәнібек ханға Россиямен достасуды ұсынған осы Асан еді,-дейді. Бірақ дұрысы ол Жәнібек емес, XVI ғасыр ханы Тәуекел. „Дала уалаятында" 1897 жылы жарияланған Асан туралы аңызға сүйенген зерттеуші Асанды халық мұңын жырлап өткен дана жырау болды деп орынды бағалады.
Тарихшылардың қай-қайсысы болса да Асан қайғының өмірде болған адам екеніне еш күмән келтірмейді. Олардың кейбіреуі Асанды ұлы ойшыл десе, екіншісі қазақ поэзиясының бастаушысы, дана ақылшы, жырау деп көрсетеді.
Мысалы, тарихшы М. Вяткин халық аңызына сүйене отырып, „Асан қайғы Жәнібек ханның тұсында жасаған қазақ поэзиясының бастаушысы, оның өлеңдерінде ақсүйек төрелерді әшкерелейтін, оларға қарсы сарынның кездесуі таңданарлық",-дейді. Академик Ә. Марғұланның пікірінше, „Асанқайғы - белгілі ойшыл және әз Жәнібек ханның тұстасы...
Тарихта шын болған жырау екенін „Қазақ ССР тарихы" да ескертеді. Халық аңыздарын талдай келіп, Асанның өмірде болған шешен адам екенін атап көрсетеді. Және қара халықтың да, төбелдей төре тобының да аузына ілініп, олардың баршасына мәлім шешен кейбір адамдар үшін шипалы сөз иесі, қасиетті ата, даңқты жырау бол танылғаны айтылған. Халық қамқоры Асанның аты делінеді „Қазақ ССР тарихында" - қазақ даласына, қалың жұртқа мәлім. Дағдыда ақындар өзінің жырларын Асанның атымен бастайды... Оны ханның сенімді адамы етіп көрсеткен. Асан есімінің ұзақ жылдар бойына ел есінде сақталуының өзі, оның халық арасында беделі өтімді ділмар болғанына шүбә туғызбайды. Оны тек ақындар ғана емес, бүкіл халық аңыз еткен. Әрбір қоғамдық топ кейін Асан есімін өз мақсаттары үшін пайдалануға тырысқан.
Асан Жәнібек ханның тұсында әбден қарт болса да, өмір сүрген, көп жасаған адам. Ал Жәнібек - ноғайлыдан бөлініп, өз алдына дербес қазақ хандығын құрған алғашқы хандардың бірі. Қазақ хандығын нығайту мақсатында қарулы қол, қаһарлы батыр ертіп, күшпен билік еткен адам. Асан қайғы туралы деректер мен халық әңгімелерінің бәрі де Асанды осы жас хандықтың мұңын мұңдап, сол хандыққа қараған қазақ елінің жоғын жоқтаған жырау ретінде көрсетеді.
«Тарихта болған адамдар ішінде,-деп жазды академик М.Әуезов, - өмір сорабы, іс-еңбегі халықтың нағыз ертегісі болып, тек сол қалыпта ғана ой-жадында сақталған адамның бірі осы Асан қайғы». Асанның дәл қай жылы туып, қай жылы өлгендігі, өмір жолы туралы анық дерек әзір қолға түспесе де, жоғарыда келтірілген жорамалдарға сүйенуге әбден болады. Халық өлеңдерінің бірінде Асанның арғы атасы, шыққан тегі көрсетіледі:
Асанның асыл түбі ноғай деймін,
Үлкендердің айтуы солай деймін.
Бұл сөзге анық-қанық емес едім,
Естігенім, тақсыр-ау, солай деймін.
Тегінде ноғай, қазақ - түбіміз бір,
Орманбет хан ордадан шыққан күнде,
Асан ата қайғырып айтыпты жыр.
Бұл өлеңнің мазмұны да жоғарыда келтірілген пікірлерге қарсы емес, қайта соны нығайта түседі. Бұл жырда да Асан - қазақтың ноғайлы тайпасынан шыққан, ол Жәнібектен бұрын болған хандардың бірі Орманбетті де көріп, оған жыр-ақыл айтып өткен қария. Олай болса, Асан жасаған кез – XIV-ХV ғасырдың іші. Асанның кейінгі ұрпақтары XX ғасырға дейін қазіргі Қостанай облысы, Ор өзенінің бойын мекендеген.
Асан қайғының атымен байланысты жер аттары бұл төңіректе, Торғайда, Ырғыз бойында өте көп. Тегінде, Асан қазақ даласының көп жерін аралап, оның кең өлкесін түтел біліп, сын айтқан кісі болғандықтан оның аты барлық қазақ жеріне тегіс тараған. Қазіргі Ақтөбе облысының жерінде «Асан Ата» есімінде ескі бейіт бар. Оны халық Асан кайғының моласы деп қатты құрмет етеді. Бірақ ол мола анық осы Асан қайғынікі ме, әлде басқа біреудікі ме - мұның өзі әлі анықталмаған мәселе. Сол жерде Асанның баласы Абат батырдың да моласы бар. Ол анық. Абаттың моласы қазіргі Ақтөбе облысы Қобда бойында. Халық Абат өлімін Еділ-Жайықтан Қаратауға қарай бет алып көшіп келе жатқан сапарында, қарақұрт шағып, кенет қайтыс болған, -деп аңыздайды. Ал кейбір аңыздарда, Асан қазақ қауымының сол кезде астана орны болған Ұлытауда қайтыс болады.
Біздіңше, Асан - заманының ойшыл, шешен биі, Жәнібек тұсында өмір сүріп, сарай маңындағы ақылшы-ақсақал жыраулардың бірі болған. Ерте заманның Жиренше шешен сияқты ақыл иесі биі. Шамасы, ол 1330 жылы туып, 1450 жылы өлген. Бұлардың тағдырлары мен халық арасындағы беделдері де біріне-бірі ұқсас. Сондықтан Асан, Жиренше туралы халық аңыздары да сарындас келеді.
Асанның „Жәнібекке айтқаны" деп аталып жүрген толғауларында негізінен мемлекеттік, елдік мәселелер, қоғамдық ойлар қозғалып, халық пен хан арасындағы қарым-қатынас сөз болады. Бұған қарағанда Асан жай ақыннан гөрі әлеуметтік сыры терең, ойлы толғаулар тудырған жырауға ұқсайды.
Қоғамдық сын тұрғысында жыр толғап, өзінің жіті көзін қиырға, алысты болжауға тіккен, күнделікті қоғам өмірі жайында сезіп-түйгендерінен өзінше тұжырым жасаған ойшыл. Қазақ тарихын жақсы білген Ш. Уәлихановтың пікірлері де Асанның осындай ақыл иесі, өз кезінің қоғам қайраткері болғанын дәлелдейді.
Асан атымен айтылып, халық арасына тараған нақыл сөздер (афоризмдер) мен толғау-жырлар қазақ халқының орта ғасырдағы тарихи-қоғамдық, рухани тілегімен байланысты.
Мінезі жаман адамға,
Енді қайтып жуыспа.
Тәуір көрер кісіңмен,
Жалған айтып суыспа.
Ашу-дұшпан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің,
Түбі терең, қуысқа...
Асан - халқына жақсы қоныс іздеуші қамқор және елінің сол күнгі халі мен келешегін толғаған ақылгөй жырау. Сондықтан да Асан атынан айтылатын сөздер мен нақылдар біреуден біреуге тарап, жатталып, ел аузында берік сақталып, бізге жеткен.
www.РЕФЕРАТ.kz Қазақша рефераттар сайты

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет